Жаңалықтар

“АЛТАЙ – АЛТЫН БЕСIК, АТАЖҰРТ”

ашық дереккөзі

“АЛТАЙ – АЛТЫН БЕСIК, АТАЖҰРТ”

Жуырда Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кiтапханада Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнектi жазушысы Әлiбек Асқаровтың "АЛТАЙ-алтын бесiк, атажұрт" атты тарихи-танымдық тұрғыдағы әрi сафари жанрында жазылған кiтабының көпшiлiк оқырманға таныстырылымы болып өттi.

Қазақ оқырманы үшiн жанры бөлек бұл шығарманың безендiрiлуi мен басылуы да сапалы, әлемдiк кiтап шығару стандарттарына сай. Қоғамымыздың руханиятына қосылған бұл айрықша туындыға қатысты пiкiр бөлiсу үшiн халқымыздың әдебиетi мен мәдениетiнiң танымал тұлғалары, қоғам және мемлекет қайраткерлерi, депутаттар келдi. Жаңа кiтап бiр-бiрiмен сабақтас, бiрiн-бiрi толықтыратын "Көккөл", "Шындығатай", "Мұзтау", "Шабанбай" секiлдi төрт толғау-эсседен тұрады.

Ә. Асқаровтың әр шығармасынан тау тұлғасы, Алтайдың асқақ та ажарлы келбетi көркем көрiнiс тауып, тамылжи суреттелiп жүргенiн оқырман жақсы бiледi. Ал мына тың дүниеде ол тiптi айқындалып, айшықтала түскен. Әр бетiн парақтаған сайын құдды бiр құз-шатқалдың қойнауы мен қара орманды қолаттарға енiп бара жатқандай белгiсiз бiр күш билеп, тылсым құдiрет өзiне тарта бередi. Тауда бәрi өзгеше, бәрi басқаша.

"Таудағыдай еш жерде күн шықпайды, Түн болмайды еш жерде таудағыдай" – деп, Мұқағали да жырлап өткен. Табиғаттың тек тауға ғана тән өзгешелiгiн көру, сезiну, түйсiну де адам баласының жаратылысты танып-бiлуi, өзiн сол жұмбақ әлемнiң бiр бөлшегi ретiнде тұтастықта сезiнуiнен туындаса керек. Әлiбек Асқаровтың жаңа туындысы қазақ жазушыларының бұған дейiнгi шығармаларынан жанры, тәсiлi, стилi жағынан оқшауланады. Мұнда ойдан, қиялдан қосылған еш нәрсе жоқ, бәрi де көзбен көрген, көңiлмен түйсiнiп, жүрекпен сезiнген, тамшыдай қоспасыз шынайы туындылар. Қаламгердiң туған жер мен өскен елге деген перзенттiк парызын терең сезiнуден, тауға, топыраққа, өткенге деген сағыныштан туған жан тебiренiстi толғаулары.

Осының бәрiне Алтайдың әр белiнен асқан сайын, әр құз шатқалына енген сайын көзi жетiп, жазушы өзiмен бiрге оқырманды да қасиеттi Жер-Анаға табындырып отырады. Бүгiнде әлем шулап жатқан Берел қорымы, Пазырық қорғаны, Шiлiктi ғаламаты, айта берсең толып жатыр, Алтай жарықтық қойнына нелер бiр ғажайып сырды бүгiп жатқаны ақиқат.

"Көңiлiм сенген соңғы жылдарғы бiр шындық – Мұзтаудың қадiрiне бiздiң қазақ әлi күнге жете қоймапты" деп бастайды жазушы "Мұзтау" толғауын. “Әй, енжар мiнездi қазекем-ай, ненiң қадiрiне жетiп едi! Төбесiн көргенiне ғана мәз. Шындығында ары-берi сұрастырып көрсе, күншiлiктен көз салып, айшылықтан малданып жүргендерi болмаса, бiздiң ағайын арнайы iздеп Мұзтауға ғұмыры бармапты ғой. Мұзтау – Алтай тауларының ең биiк нүктесi, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қақтаған күмiсше жарқыраған ерекше шың. Мұзтаудың басы мен етегi мәңгi қар, алуан түрлi мұздықтар. Мұзтау жайында ел арасында нелер бiр аңыздар мен әңгiмелер көп”.

Автордың Алтайға деген алабөтен құштарлығынан оның табиғатты көру, түйсiнуi де ешкiмге ұқсамайды. Өйткенi, Ә.Асқаров жазушы ғана емес, кәсiби суретшi де. Туған табиғатты, ел мен жердi шексiз құштарлықпен сүйiп жазғандықтан да небiр шұрайлы тiркестер мен шырайлы суреттер оқырманның көңiлiнен шығып, сүйсiндiрiп отырады.

Талантты қаламгердiң бұл туындысы – тәуелсiз мемлекетiмiздiң елжанды азаматының, ешкiмге ұқсамайтын сыршыл жазушының ел мен жер туралы жан толғанысы. "АЛТАЙ-алтын бесiк, ата жұрт" – бұл бүгiнгiдей ауылға бет түзеген заманда туған елiн қастер тұтатын кiм-кiмнiң де iзгi сезiмiн оятатын, азаматтық намысын қозғайтын, жүрек отымен жазылған шымыр шығарма.

«Түркiстан-ақпарат»