ТYРIКТЕР БАТЫСТАН БАС ТАРТА МА?
ТYРIКТЕР БАТЫСТАН БАС ТАРТА МА?
Еуропалық одақ есiгiнен телмiрткелi елу жылға жақындаған Түркия ұзақмерзiмдiк серiктестiк бағытын Ресейге қарай өзгерттi. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Мәскеудiң көмегi арқылы батыстық нарықтағы үлесiн арттыруды көздейтiн Анкараның жақын күндерi Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелiкке өтуге ұсыныс бiлдiруi де ғажап емес.
РЕСЕЙ ПАЙДАДАН ҚАҒЫЛМАУДЫ КӨЗДЕЙДI
Кейiнгi кездерi түрiктер мен орыстар серiктестiк мәселесiнде бiр-бiрiне қамшы салдырмай келедi. Жыл басында Медведев және Путинмен кездескен түрiк премьерi Ердоған екi мемлекет арасындағы саяси, экономикалық қарым-қатынастардың жақындай түсуiне ықпал етiп, соның нәтижесiнде, 2010 жылдың қаңтарынан бастап, Түркия Ресеймен арадағы газ тасымалына қатысты келiсiмдерiн қайта жаңғыртты. Былтыр Анкара "Оңтүстiк ағын" газ құбырының жобасына қатысуға келiсiмiн берсе, Мәскеу "Самсун-Жейхан" мұнай құбырының құрылысына атсалысуға көндi. "Самсун-Жейханға" орыстардың "Роснефть", "Транснефть", "Совкомфлоты", итальяндардың Eni, түрiктердiң Чалык компанияларымен бiрге Қазақстан да қатысуы тиiс. Бұған дейiн бiр емес, бiрнеше рет бас тартқан жобаға Ресейдiң аяқ астынан қызығушылық танытуы тегiн емес. Еуропалық нарыққа бағытталған "Оңтүстiк ағын" Украинаны айналып өтетiндiктен, оның астарында экономикалық мүддеден гөрi саяси мүдде басым. Стратегиялық серiктестерi саналатын Брюссель мен Вашингтонның қаһарына iлiгудi қаламайтын Анкара болса, Мәскеудi АҚШ пен Батыстың үкiлеген үмiтi әрi "Оңтүстiк ағынның" басты бәсекелесi — орталықазиялық газды Түркия арқылы Еуропаға жеткiзетiн Nabucco газ құбыры жобасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақыруда. Негiзi орыстар Nabucco-ға қатысуға кетары емес. Бiрақ оның өтеуiне бiлдiрiлуi тиiс тиiмдi ұсынысты күтiп, әлiптiң артын бағып отыр. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Кремльдiң газ қоры екi құбырды бiрдей толтыруға жеткiлiксiз. Бiрақ егер Мәскеу қаласа, Nabucco құбырын түркiмен мен әзiрбайжанның арзан газымен толтыра алады. Ұтатын — тағы да Ресей. Өйткенi, орталықазиялық энергоқорлардың арқасында iшкi нарығын қамтамасыз етедi, әрi арзан шикiзатты Батысқа үстеме бағамен қымбатқа сатады.
Бүгiнгi таңда Кремль үшiн әлемдiк саясатқа ықпал етуге мүмкiндiк беретiн аса маңызды екi жоба бар — "Оңтүстiк ағын" мен "Солтүстiк ағын". Босфор мен Дарденелл бұғаздарындағы мұнай қорын батыстық нарыққа жөнелтетiн "Самсун-Жейхан" құбырының құрылысы 2007 жылы басталған, ал пайдалануға 2011 жылы берiлуi тиiс. Сонымен қатар Анкара "Көгiлдiр ағын" құбырын Түркияға дейiн созуға орыстарға қолқа салуда. Ресейдегi Газ одағының басшысы С.Чижов: "Түрiктер бiзден алған газды Еуропаға қымбатқа қайта сатуды көздейдi. Оның үстiне, "Көгiлдiр ағын" жобасына Анкарамен ара қатынасы қиындаған Израиль де қатысуы тиiс… Геосаяси ахуалы күрделi Таяу Шығыс жаңсақтықты кешiрмейдi. Ол аз десеңiз, Nabuccoға Иранның газын тарту жоспарлануда. Мұндайда кесiмдi пiкiр айту артық. Бiрақ Ресей қулық пен ақылды пайдалана отырып, келiсiмге келуге және түрiктердiң энергетика саласына тиесiлi жекешелендiру жобаларынан үлес алуға ұмтылуы қажет", — дейдi. Ресейдiң Түркиядағы мұнай өңдеу зауыты құрылысын салуға құлшынып отыруы да тегiн емес.
ТҮРIКТЕР ТЕЛЬ-АВИВКЕ НЕГЕ АШУЛАНДЫ?
Батыс пен АҚШ Түркиямен тығыз қарым-қатынас жасауға Израильден ығады. Жуырда израильдiк парламент — Кнессетке баяндама жасаған израильдiк барлау қызметi Түркияны "Батыстан терiс айналып, радикалдық исламға бет бұрды" деп айыптады. Екi ел арасындағы дипломатиялық қатынастар бұған дейiн де ушығып тұрған болатын. 2008 жылы Израильдiң Газа секторындағы палестиналықтарға қарсы соғыс ашуы Анкараның Тель-Авивке деген наразылығын тудырды. Оның үстiне, жыл басында Түркияда түсiрiлген израильдiк әскерлердiң палестиналық балаларды ұрып-соққаны туралы телесериалға наразылық бiлдiру мақсатында, Түркияның Израильдегi төтенше және өкiлеттi елшiсi Оғыз Челиккөлмен кездескен Израиль Сыртқы iстер министрi Дэнни Аялон жүздесу барысында елшiнi өзi отырған орындықтан әлдеқайда төмен орындыққа отырғызуы Түркия мен Израиль арасындағы дипломатиялық дауға әкеп соқты. Түркия премьерi Ердоғаннан ресми түрде кешiрiм сұраған Тель-Авивке жанжалды өртке ұластырмас үшiн Израиль Қорғаныс министрi Эхуд Баракты Түркияға аттандырды. Барак Анкарадан елiне оралысымен, Израильдегi газеттер мен журналдар, сайттар мен теле және радиоарналарда жарияланған материалдарда Түркияның Израиль көмегiн пайдалана отырып, еуропалық пен американдық нарықтағы үлесiн арттыруға тырысатынын, алайда, Еуроодақ тарапынан жылы қабақ танытылмағасын, радикалдық бағытқа ойыстап бара жатқаны айтылды. Кейiнгi кездерi Дамаск пен Анкара арасындағы қатынастардың жақсарғанын да еврей басылымдары Түркияның Израильден алыстай бастағанының белгiсi ретiнде сараптауда: "Түркия мен Сирия визалық режимнiң күшiн жойды. 1990 жылы түрiктер сириялықтарды қас дұшпаны деп бiлетiн. Ол кезде Сирия Израиль мен Түркияның ортақ жауы едi. Бiрақ қазiр түрiктер Израильдiң көмегiне бұрынғыдай мұқтаж емес". Барлау қызметiнiң Кнессетке жолдаған хабарын терiске шығарған Түркия Сыртқы iстер министрлiгi өздерiне тағылған "радикалдық ислам" туралы айыптың негiзсiз екенiн және израильдiк БАҚ өкiлдерiнiң екi ел арасына жиi от салуға тырысатынын көлденең тартты. Қашанда еврейлердiң ауанына төңкерiлуге бейiм АҚШ пен Батыстың бүгiнде Түркияға деген көзқарасы салқын. Қырық жылдан астам уақыт бойы Түркияны Еуроодақтың есiгiнде телмiрткен Брюссель Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпiр — Түркияны ұйымға мүшелiкке қабылдауға әзiр құлшынып отырған жоқ. Бiрнеше рет саяси-экономикалық мүддесiне қайшы келетiн жайттарда Брюссель мен Вашингтоннан қолдау таба алмаған Анкара қазiр екi серiктесiне де тоң-терiс.
"КӨЗДIҢ ҚҰРТЫ" — ҚҰБЫРЛАР
Анкараның Мәскеуге бүйрек бұра бастауына Еуроодақтың алаңдауы — заңдылық. Алайда, түрiктер тұтынатын мұнай мен газдың үштен екiсi Ресейден жеткiзiлетiнiн ескерсек, стратегиялық серiктестiкке ұмтылған Анкараның басты мақсатын оңай аңғарамыз. Кейбiр сарапшылар Түркияның Ресейге деген тәуелдiлiгiнiң арта түскенiн көлденең тартқандарымен, орыстардың түрiктерге деген тәуелдiлiгi де тым жоғары екенiн ұмытпаған жөн. Өйткенi, Кремль Батысқа бастайтын саяси және экономикалық жоспарларын Анкараның қатысуынсыз жүзеге асыра алмайды, дұрысы, тым қиынға түседi. Мәселен, кәрi құрлықтың "жарғақ құлағын жастыққа тигiзбей" жүрген "Оңтүстiк ағын" жобасын алсақ, Қара теңiздiң түбi арқылы тартылатын бұл құбыр Еуропаға Түркия жерi арқылы өткiзiлуi тиiс. Ресей энергоқор тасымалымен бiрге түрiктер елiндегi атом электр стансасына байланысты келiсiмдерден құр қалмауды көздейдi. Түркияның ең iрi энергетикалық компаниясы "Tupras" пен ең iрi мұнай-химиялық "Petkim" компаниясын жекешелендiруге қатысты жарияланған тендердiң түрiктер тарапынан кейiнге шегерiлуi Мәскеудiң наразылығын тудырды. Көптеген жылдан берi Түркияны қару сатып алуға көндiре алмауы да Кремльдiң көңiлiне кiрбiң ұялатары анық. Ал Анкара болса, Кипр мәселесiнде Ресейдiң қолдауына ие бола алмады.
ТҮРКИЯҒА ШЫҰ ТИIМДI
Кейбiр сарапшылардың пiкiрiнше, Түркия жақын күндерi Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болуға ұсыныс бiлдiруi мүмкiн. Өйткенi, дәл қазiр түрiктер үшiн ШЫҰ тиiмдi әрi аталған ұйым мен оның серiктестерi мен жақтастары арасындағы белсендiлiк бәсеңсiген емес. Мәселен, жуырда Иран президентi Махмуд Ахмаденижадтың Ашхабадқа жасаған iссапары барысында Довлетабат — Серахс — Хангеран газ құбырының ашылу салтанаты өттi. Осының арқасында Иран Түркiменстаннан жыл сайын 8-20 млрд. текше метр газ алмақ. Ирандықтар сонымен қатар жыл сайын Әзiрбайжаннан 5 млрд. текше метр "көгiлдiр отын" тасымалдауға да мүдделi. Тегеранға жылы шырай танытқан Ашхабад бұрынғыдай Кремльге жалтақтамайды. Бүгiнде Иранға бағыттаған құбырмен бiрге 2008 жылы iске қосылған Түркiменстан — Өзбекстан — Қазақстан — Қытай газ құбыры тағы бар. Түркiмендердiң белсендiлiгiн ұнатпаған Мәскеу бастапқыда бұлқан-талқан ашуланғанмен, кейiн сабасына түсуге мәжбүр болды. Өйткенi, Каспий түбiндегi энергетикалық қорларға деген қызығушылық тек Қытай тарапынан ғана емес, АҚШ пен Батыс тарапынан да бар. Екi бәсекелесiне қарағанда, Қытаймен серiктес болу Ресейге әлдеқайда тиiмдi. Әрi 2010 жылы газға деген сұраныс — 150 млрд. текше метрге, ал 2020 жылы 280 млрд. текше метрге дейiн өседi деп болжанып отырған аспанасты елiне Мәскеу энергоқорын қымбат бағаға сатуға мүмкiндiк алмақ. Әзiрге орыстар үшiн батыстық нарықты бағындыруға Түркияның маңызы зор.
Ал түрiктер болса, ШЫҰ арқасында қордаланып қалған қиындықтарын шешiп алуға мүмкiндiк алады. Мысалы, күнi бүгiнге дейiн оннан астам жиын өткiзген Баку мен Анкара газ бағасын келiсе алмай отыр. Келесi басқосу ақпан айына жоспарланды. Былтырға дейiн 1000 текше метрдi 120 долларға сатқан әзiрбайжандар үстiмiздегi жылдан бастап, 399 долларға дейiн өсiрудi көздейдi. Бiрақ бұл бағаға түрiктердiң келiсе қоюы екiталай. Әзiрбайжан газын Түркия арқылы тасымалдау мәселесiнiң ұзаққа созылуы, түрiктердiң Анкара мен Ереван арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтiруге, Ресеймен серiктес болуға тырысуы Бакудiң басқа балама жолдарды iздеуiне түрткi болды. Сол себептi, Әзiрбайжан шығысында — Иранға, батысында — Ресей арқылы еуропалық нарыққа, солтүстiгiнде Ресейге газ жеткiзудi қолға алды. Оның үстiне, Қап тауының етегi мен Орта Азияға дейiн созылатын "Оңтүстiк ағыннан" әзiрбайжандардың да үмiтi бар. Бакуге есе жiберiп алмау мақсатында, Анкара Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүшелiкке өтуге шешiм қабылдауы мүмкiн. Бұл бiр жағынан, Брюссельдiң Түркияны Еуроодақ құрамына алу мәселесiн жеделдетуiне ықпал етуi де ғажап емес.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ