Жаңалықтар

САНАҚТЫҢ СЕРГЕЛДЕҢI

ашық дереккөзі

САНАҚТЫҢ СЕРГЕЛДЕҢI

Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Мешiмбаева Түркияда қашып жүр

Былтыр өткен жалпыұлттық халық санағының айналасындағы дау-дамайға әлi нүкте қойылған жоқ. Аз ақша емес, бақандай 1 млрд. 144 млн. теңге бөлiнген санақтың нақты қорытындысын жыл аяғында естуге асыққан жұрттың көңiлi пәсең тартты. Ал, санаққа iлiнбей, санатқа алынбағандар болса, "Бұл санақтың осылай тынатынын әу баста бiлiп едiк" деген ойын жасырмайды.

Сол кездiң өзiнде Статистика агенттiгi төрағасының екi орынбасары Нұрман Баянов пен Бiрлiк Меңдiбаевтар санаққа бөлiнген қаржының 764 миллион теңгеден астамын жымқырған деген айыппен қамауға алынып, бiр шидiң шыққанын сездiрiп едi. Олар мемлекет қаржысына қол салып, олжалы пайдаға оп-оңай батпақ болған. Бiр қызығы, 183 млн. 300 мың теңгенiң құрал-жабдықтарын сатып алып, құжат бойынша 144 млн. 900 мың теңге етiп жаздырған жас басшыларға жол көрсеткен "Киiк" фирмасының құрылтайшысы Серiк Тұржанов та бюджет қаражатын ұрлауға ықпал еткенi үшiн ұсталды. "Сезiктi бұрын секiредi" демекшi, әккi айлакерлердiң қитұрқы амалдары әшкереленiп жатқанда, Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Анар Мешiмбаева да iстiң аңысын аңдап, былтырғы жылдың қазан айында өз еркiмен отставкаға кеткен едi. Ал, жақында Бас прокуратура ақшаның қолды болуына тiкелей қатысы бар Анар Мешiмбаеваға сырттай айып тағып, әрi үстiнен қылмыстық iс қозғап, iздеу жарияланғанын мәлiм еттi.

Сақтық шарасын алдын-ала жоспарлаған Мешiмбаева ханым бәзбiреулер сияқты iзiн жасырып үлгерген сияқты. Ақшаны именбей қалтаға басқан ханымның қай қиырға кеткенi әуелгiде жұмбақ болып едi, бiр-екi күндiкте ғана Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң ресми өкiлi Мұрат Жұманбай Анар Мешiмбаеваның Түркияның Анталья қаласында жасырынып жүргендiгi жөнiнде ақпар таратты. Оның айтуынша, Мешiмбаева ханым өткен жылдың 2-қазанында еңбек демалысын алып, Антальяға ұшып кеткен. Содан берi елге оралмаған. Алайда, өзi жоқтың көзi жоқ деместен, оған қатысты қылмыстық iстiң тергеу амалдарын жүргiзуге елiмiздiң Қаржы полициясы белсене кiрiсiп кеткен.

Сөйтiп, он жылда бiр рет өткiзiлген санақтың соңы былыққа батты. Әу бастағы екпiндерi тау қопарардай болған Статистика агенттiгi мамандары наурыз-сәуiр айында-ақ алғашқы нәтижелерiн долбарлап айтқан едi. Одан соң Парламенттiң қос палатасына келген Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов: "Қазақстанда қазақтар 67 пайызға жеттi. Бұдан былай өзiм бастап қазақша сөйлеуге тырысамын", – деп жұртты бiр серпiлтiп тастаған-ды. Бәрiмiз де "Қазақша сөйлейтiн күннiң туғаны осы шығар" деп iштей ризашылық таныттық. Дегенмен, жалпыұлттық санақтың нақты қорытындысы сараланып, зерделенiп, елге жарияланбай жатып, "Қазақ 67 пайызға жеттi!" деп кесiп айтуға негiз болды ма? Бұл көрсеткiш нендей дерекке сүйенiп алынды? Шын мәнiнде, бiз одан да көп шығармыз!

Неге екенi белгiсiз, 67 пайыз қазақтың бүгiнде екi пайызы iзiм-ғайым болып, 65 пайызға түсiп қалыпты. Мұның астарында қандай саяси ойдың жатқанын бiздiң демограф-ғалымдар да дөп басып айта алмайды. Тағы да нақты санақ нәтижесiне қол жеткiзбей жатып, "Әрине, екi пайыздық ауытқулар болады ғой" деп пайымдаған болжаушылардың да сөзiнде тұздық жоқ. Ал, "Бiз сiздердi жағымды жаңалықпен жылдың аяғында хабардар етемiз" деп әлi күнге күттiрумен келе жатқан Статистика агенттiгi мамандарының аузына құм құйылғаны соншалық, санақтың дұрыс өтпегендiгiн ашық мойындаудан жасқануда. Расында да, жаппай ақша қымқырып, бюджеттiң қаржысын талан-таражға салған санаққа қалай сенiм артуға болады? Олай деуге себеп көп. Санақ кезiнде санақшылардың халық санын тiркеуге келгенде бей-жай қарағандығын газетiмiздiң бетiнде жаздық та, айттық та. Тiптi, кейбiр санаққа iлiнбей қалған тұрғындар редакциямызға телефон соғып, санақтың салғырт өткендiгi жөнiнде өз наразылықтарын бiлдiрдi. Алысқа бармай-ақ, Алматының өзiнде халық есебi дұрыс алынбаса, басқа облыс, аудан, қала жайында ойланудың өзi артық екенiн сол кезде тiлге тиек етiп едiк. Бұл күдiгiмiз санақтың жемқорлардың жемсауытына айналғанын бiлгенде тiптен ұлғая түстi. Басқа басқа, нәзiк жанды лауазым иесiнiң лас iске қолын былғағаны өте өкiнiштi. Бiлiмiн сонау Мәскеуде жетiлдiрiп, талай абыройлы қызметтер атқарған қазақ қызының бұл әрекетi әрбiр билiкте отырған басшыларға үлкен сын әрi сабақ бола түстi. Ал, қолдағы билiктерiн асыра пайдаланған қылмыстылар Нұрман Баянов пен Бiрлiк Меңдiбаевтың және "Киiк" компаниясының басшысы Серiк Тұржановтың қылмыстық iстерi бойынша тергеу жұмыстары аяқталып, жеке қорғаушылардың қарауына берiлдi.

Ал, былық-шылыққа батқан Статистика агенттiгiнiң қазiргi жағдайы мәз емес. Журналистердiң сұрағына жауап берген Статистика агенттiгiнiң жаңа басшысы Әлихан Смайылов даулы мәселеге ұласқан санақтың қорытындысын алдағы аптада жариялайтынын жеткiздi. Оның айтуынша, санақтың толық нәтижесiн шығару үшiн және электронды үкiмет бағдарламасы аясында "Е-статистика" жүйесiн енгiзуге байланысты қосымша 32 миллион теңге қажет. Бұл не деген батпанқұйрық? Сонда 2009 жылдың ақпан айында өткен санаққа бұған дейiн ешқандай да бiр сараптама жүргiзiлмегенi ме?

P.S. Былтыр санаққа көңiлi толмаған кейбiр депутаттар алдағы күзде санақты қайта өткiзуге ұсыныс бiлдiрiп едi. Сол кезде "Дағдарыс жан-жақтан қысқан уақытта қайта-қайта шашылып, шығындалып, санақ өткiзудiң не қажетi бар?" деп те даурыққандар болды. Қалай десек те, бұл санақтың қалай өткенi, қандай нәтиже бергенi әлi күнге көпшiлiктiң күмәнiн сейiлткен жоқ. Ал, Статистика агенттiгiнiң бұрынғы төрайымы Анар Мешiмбаева сонау Түркияда жатып-ақ, өз қолымен жасап кеткен қылмыстық iстердiң ашылып жатқанын iштей сездi ме екен, а?!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ