Жаңалықтар

АҚБАС ШЫҢДАРЫМЫЗ АЛАСАРЫП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

АҚБАС ШЫҢДАРЫМЫЗ АЛАСАРЫП БАРАДЫ

"Гренландия мұздары ерiсе, мұхит деңгейi 7 метрге көтерiледi" дейдi табиғат қорғаушысы

Жер шарының болашағына қатерлi қауiп төнiп тұр. Алдағы жүзжылдықта адам баласының салғырттығынан жердегi тiршiлiк иелерiнiң жартысы жойылып кетпек. Әлемдiк экологияның өзгеруiне бiрден-бiр себеп — мұздықтардың еруi. Жер шарының екi полюсi де мұздықтарға оранып жатқанымен, табиғаттың бұл тылсымдығы бұзылудың аз-ақ алдында тұр. Қазiр жердiң температурасы жарты градусқа көтерiлдi. Мұны адам сезе алмайды. Әгәрәки, жер температурасы 3 градусқа көтерiлер болса, кейiн шегiнер жол жоқ, нағыз қатер сонда басталмақ.

Қазiр әлем ғалымдары күннiң шамадан тыс жылынуы салдарынан полюстiк мұздардың тез ерiп бара жатқандығын айтумен келедi. Мәселен, Арктиканың мұздықтары еруiн жарты ғасыр бұрын бастаған. Дегенмен, 50-жылдары еру процесi аса қауiп төндiре қойған жоқ. Солтүстiк жартышарда орналасқан Гренландия аралының шығысындағы мұздықтардың жылжу процесi жылдам жүрiп жатыр. Бұл өз кезегiнде Арктика белдеуiнiң ауа райына елеулi өзгерiс әкелдi. Жаһандық жылыну бүкiл планетаға ортақ қауiп болғандықтан дүниежүзi елдерiнiң ғалымдары жиi бас қосып, осы мәселенi шешудiң жолдарын қарастыруда. "Планеталық қатердiң алдын алу, ауаны ластауды тоқтату" атты тақырыпта жақында Дания астанасы Копенгаген қаласында бүкiләлемдiк саммит өтiп, аталмыш саммитке елiмiзден "Табиғат" экологиялық ұйымының басшысы Мэлс Елеусiзов қатысып қайтты. "Мәселенiң ең бастысы — мұздықтардың еру процесiн тоқтату. Бiз үлкен қауiп алдында тұрмыз. Гренландия мұздары ерiп кетсе, мұхит деңгейi 7 метрге көтерiледi, — дейдi Мэлс Елеусiзов. — Мұндай жағдай орын алғанда Мальдив сияқты теңiз деңгейiнен бiр метрге ғана жоғары орналасқан елдер су астында қалары сөзсiз. Ал Антарктика мен Арктика мұздығы ерiсе мұхит суы 60-70 метрге жоғарылайды. Бұл кезде атом бомбасының зардаптары түкке тұрғысыз болып қалады". Егер, осы апат болып жатса жер бетiнiң өсiмдiктер мен жануарлар әлемi түгелдей өзгерiп, су тапшлығынан 3 млрд. адамның өмiрi қыл үстiнде қалады. Сондай-ақ, Арктикадағы Хельхейм мұздығы теңiзге қарай күнiне 25 метр жылжиды екен. Мұздықтардың мұхитқа қарай жылжуы жер бетiндегi су деңгейiне тiкелей әсер ететiнi айтпаса да белгiлi.

Ал оңтүстiк жартышарда бүтiндей мұз құрсанған Антарктида құрлығы жатыр. Мұнда адам баласының тiршiлiк етуi мүмкiн емес. Алайда, дүниежүзi ғалымдары алдағы бiр ғасырдың iшiнде бұл жерде де қала салып, қоныс тебуге болатындығын айтып жүр. Оның себебi бүтiндей мұздықтар құрлықтан бөлiнiп, бiртiндеп мұхиттарға қосылып жатыр. Мiне, осы құрлықтың ең үлкен мұздықтарының бiрi — Вилкинс түбегi. Бұл мұздық 1950 жылы 16 мың шаршы шақырым жердi алып жатқан. Құрлықтан бөлiнген жағдайда оның көлемi Ямайка аралдарымен бiрдей болып қалған. Соңғы жарты ғасырда оңтүстiк құрлықтан 9 алып мұздық бөлiнiп кеткен. Мұздықтардың еру барысында құрлықтан бөлiну салдарынан мұхиттағы су деңгейi жыл санап көтерiлiп келедi. Ендеше, 2100 жылы су деңгейi 1 метрге дейiн көтерiледi. Сол кезде жағалаудағы аймақтарда су тасқындары көбейе түседi және әлем жұртшылығының көпшiлiгi зардап шегедi. Олай болған жағдайда теңiз жағалауында орналасқан Нью-Йорк, Маями, Сидней, Сан-Франциско секiлдi қалалар су астына кетпесiне кiм кепiл?

Жаһандық жылыну – дүниежүзi елдерiнiң басына төнген қатерлi қауiп. Бұл сұрапыл апаттың алғашқы белгiлерi болса керек. Қазақстан кәрi құрлықтың қақ ортасында орналасқан, ендеше бiзге келер ешбiр қатер жоқ деу қате түсiнiк болар едi. Бiздiң елiмiздегi ауа температурасы да бiрте-бiрте көтерiлiп келедi. Онсыз да шөлейттi аймақ баябан шөлге, ал суы мол ылғалды жерлер шөлейтке айнала бастайды. Әйтсе де таулы аймақта орналасқан Алматы қаласына қатер қайдан келедi деген сауал туындайды. Соңғы он жыл шамасында Iле Алатауының солтүстiк беткейiндегi мұздықтардың жартысына жуығы ерiп кеткен. Сондай-ақ, Алатау сiлемдерiнiң жылдам еруiне Арал теңiзiнен ұшып келген тұздар да әсер етiп жатыр. Бұдан былай да мұздықтардың еру процесi бұрынғыдан жылдамдай түспек. Нәтижесiнде, ақ басты Алатаудың сәнiн кiргiзiп тұратын Жетiсу Алатауы жоталарының ұшар басындағы мыңжылдық мұздықтар түгелiмен ерiп кетедi. Ал ХХI ғасырда асқақтаған Алатауымызда адам көзiн сүйсiндiрер мұздық қалмайды. Бұл деректер "2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы" атты мемлекеттiк бағдарламада көрсетiлген. Мың жылдан берi қатталған мұздықтар ерiсе, тау шыңдарының ойыстарында алып көлдер пайда болып, тасқындар көбейедi. Мәселен, 1963 жылы Iле Алатауындағы мұздықтардың еруi салдарынан Есiк көлiнен әлемет сел басталып, етектегi елдiң есiн алған-ды. Бұл оқиғадан кейiн тау басында мұздықтардан пайда болған "Ақкөл" көлi қалды. Ендi мұздықтар ери қалған жағдайда Ақкөлдi арнасынан асырады, өз кезегiнде ол Есiк көлiне тағы бiр сарқуы мүмкiн. Жаһандық жылыну процесiнен Iле Алатауынан бастау алатын өзендердiң суы соңғы жылдары 16%-ға кемiптi.

Қазақстанда су тапшы. Елiмiз шетелден келетiн тұщы су көздерiнiң есебiнен өмiр сүрiп келедi, яғни Қытай, Қырғызстан, Түркiменстаннан келетiн өзен суларын пайдаланамыз. Жалпы алғанда, Қазақстан халқы мұздықтардан бастау алатын өзендердiң суын асқа жаратып отыр, ал елiмiздiң территориясының басым көпшiлiгi шөлейттi зонаға жатады.

Әлде де болса дүниежүзiнiң эколог ғалымдарының бас қатырып жүргенi бiр ғана сауал — жылыну процесiн қалай тоқтату керек. Дегенмен, бұл мәселенiң шешiмi оңай. "Жақында бүкiләлемдiк саммитке барып қайттым. Бұл тек Қазақстанның ғана басындағы проблема емес. Сондықтан оны жер шарының тұрғындары бiрiге отырып шешуi қажет. Бiз мұздықтардың астындағы қара қойтастарды ақ түске боясақ деген ұсыныс айттық. Әрине, бұл еру процесiн азғантай ғана баяулатады. Бұл алапаттың алдын алу үшiн өсiмдiк әлемiн көбейте түсу керек. Мәселен, Алматының ағаштары болмағанда, баяғыда-ақ уланып қалар едiк", — дейдi М.Елеусiзов. Болашақ қауiптiң алдын алуға жанталасқан Швейцарияда қазiр Альпi тауларының мыңжылдық мұздықтарының еру процесiн баяулату үшiн мұз бетiн полиэтилендi жабындымен жаппай қаптап, адам ойына келмейтiн iстердi атқаруда.

Бiз қайтемiз?! Ұшар басындағы ақ қар, көк мұздары жылдам ерiп, күн өткен сайын аласарып бара жатқан мұзарттарымызды аман сақтау үшiн сиқырлы жабындылармен жабамыз ба?

Iрi өндiрiс орындарынан шығатын улы газдардың азаюын әлемдiк деңгейде қадағалау керек. 2020 жылға дейiн ауаны ластайтын парниктi газдардың шамасын 40 пайызға кемiтсе жетiп жатыр. Иә, айтар ауызға оңай болғанымен, өркениет дамыған сайын, Жерананың бауыры ластана бермек.

Ақниет БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ