Жаңалықтар

"ҚЫЛҚОБЫЗҒА АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯ"

ашық дереккөзі

"ҚЫЛҚОБЫЗҒА АРНАЛҒАН ХРЕСТОМАТИЯ"

Қылқобыз туралы жаңа кiтап жарық көрдi. Бұл кiтаптың өзге кiтаптан ерекшелiгi, музыка мектептерiнiң оқушыларына арналғандығында болса керек. Қылқобызға арналып алғаш рет жазылып отырған хрестоматия үш кiтаптан тұратын жинақтар топтамасы. "Қылқобызға арналған хрестоматия" — сол топтаманың екiншi кiтабы.

Музыка мектептерiнiң түлектерi үшiн арнайы жазылған кiтаптың авторы — белгiлi қылқобызшы, Күләш Байсейiтова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының ұстазы Әбдiманап Жұмабекұлы. Осы уақытқа дейiн қылқобызға арнайы жазылған ешқандай оқулық-хрестоматия болмағандықтан, музыка мектептерi мен колледждердiң оқушылары керектi ноталарды әр жерлерден iздеп әуреге түсiп жүретiн. Оны iздеп тапқан күнде де, ол қылқобыз сияқты аспаптың диапазонына лайықтап түсiрiлмегендiктен, бiресе октава жоғары шығып, бiресе төмен түсiп, әйтеуiр қиындықпен ойнайтын. Бiрақ одан шығарма дiттеген деңгейден шықпайтын, мазмұны жете ашылмайтын едi. Ал, бұл хрестоматияның оқушыларды жоғарыдағыдай кедергiлерден құтқаратынына сенiмiмiз мол.

Кiтаптың мазмұны бай, онда оқушының жан-жақты пайдалануына қажеттi шығармалар молынан қамтылған, санына сапасы сай екен. Олардың көбiсi қазақ халқының өз туындылары, яғни халық композиторларының әндерi мен күйлерi, қазақстандық композиторлардың шығармалары. Сонымен қатар, оқу құралының мүмкiндiк өрiсiн кеңейте түсу мақсатында шетел композиторлары шығармаларының қылқобызға лайықтылары орынды сұрыпталып алынған. Қысқасы, жинаққа енген дүниелер үлкен талғампаздықпен iрiктелiп, сәттi құрастырылған.

Әдбiманап Жұмабекұлының хрестоматиялар жинағы республика көлемiндегi музыка мектептерi мен колледждерiнiң қылқобызшылары үшiн негiзгi оқу құралы болады, әрi оны жоғарғы оқу орындарының студенттерi де кеңiнен пайдалануына болады.

Махаббат Әдiлханқызы