Жаңалықтар

ТАБАНДЫ ҰСТАЗ, ТАЛМАС ТӘРБИЕШI

ашық дереккөзі

ТАБАНДЫ ҰСТАЗ, ТАЛМАС ТӘРБИЕШI

Профессор Намазалы Омашев туралы сөз

Ұлттық журналистика ұстындарының бiрегейi, ұлағатты ұстаз, көрнектi ғалым, бiлiктi ұйымдастырушы, қаламы қарымды публицист, сөз өнерiнiң жанашыры, сонымен бiрге өнердiң өзге де түрлерiнен "бар таласым" деп, биiктердi бағындырып жүрген сегiз қырлы, бiр сырлы Намазалы аға Омашұлы өмiрi мен шығармашылығы туралы сыр шерту маған әрi жеңiл, әрi қиын.

Жеңiл дейтiнiм – ширек ғасырдан аса уақыт қасында iзбасары болып iлесiп келе жатқандықтан бар саналы өмiр бел-белестерi көз алдымда сайрап тұр. Ал қиын соғатыны – бар көрген-түйгенiмдi қамшы өргендей әдемi өрнектеп, тұлға талантын, шығармашылық шеберлiк қырларын толық ашып айта аламын ба деген кеудемдегi күдiктi жеңуiммен байланысты.

Әңгiмешiл ағаның балалық шақтан өрбiтiп құйқылжыта баяндайтын өмiрлiк хикаяларға толы есте сақтағандарын тыңдау – бiр бақыт. Сондай қызығы мен шыжығы қатар өрiлiп, көркем кестеленетiн өмiр баяндарынан ұққаным – бозбала шағы адам өмiрiнiң жастық кезiне тән бар сән-салтанатымен өткен…

Намазалы Омашұлын қалың елi қазағы, әуелi, журналистиканың майталман маманы деп танып, осы сала көсегесiн көгертуге қосқан ерен еңбегiн құрмет тұтады. Ол рас та. Өмiрлiк кредосы – журналистика екендiгiн айқындайтын "Өмiрлiк бақытымды журналистикадан таптым" деген көңiл төрiнен орын тапқан лебiзiн кейiнгi буын журналистер қанатты сөзге айналдырып, iлiп әкеткенi тегiн емес: "Журналистика қазiр бағы жанып тұрған мамандық, бұл салаға сiңiрген еңбек бiрнеше есе боп қайтады. Бiздiң ерекшелiгiмiз де, құдiреттiлiгiмiз де, қиыншылығымыз да сонда. Өйткенi журналистiң жетiстiгiн де, кемшiлiгiн де, халық бiледi" (Омашев Н. Ақпарат әлемi. 1-том. – Алматы: Қазығұрт, 2006, 85-бет), – деген өмiрлiк бай тәжiрибеден түйген құнды ойы сөзiмiзге жан бiтiрерi хақ.

Журналистикадағы алғашқы қадамы Қазақ радиосы тiлшiсi қызметiнен басталғаны тағдыр сыйы дерсiз. Өйткенi өткен ғасырдың жетпiсiншi-сексенiншi жылдары Қазақ радиосы ұлт руханиятының Алтын Ордасы болғанын кейiнгi жас бiлмеуi мүмкiн, ал алдыңғы буын ағалар мен апалар ұмыта қоймағанына бәс тiгемiз. Ұлттық радионың бағы жанған кез де – сол тұс. Тыңдарман құлақ құрышын қандырар бағдарламаларды, концерттер мен радио қойылымдарды електен өткiзiп барып аудиторияға ұсынатын талғамы биiк көркемдiк кеңесi, кәнiгi журналистер қауымы, өзiнiң дербес оркестрi, режиссерлер мен әртiстер ұжымы бар радио жұмысы жанданбағанда қайтсiн. Қазiргi жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай жаңадан ашылып жатқан радиоларда осы талғам жетiспейдi десек, қателiкке бой алдырған болмаспыз. Оның, әрине, объективтi және субъективтi себептерi бар. Ол – жеке әңгiме арқауы.

Университет қабырғасынан жаңа ұшып шыққан жас түлектiң осындай аты аңыз Қазақ радиосына журналистiк жұмысқа шақырылуы да тегiн емес-тi. Атақты журфактың 1974 жылғы түлектерiнiң ешқайсысы да осал болмағанын өмiр дәлелдеумен келедi. Бiр курстан бес бiрдей ғылым докторы, профессорлардың шығуы, Жүрсiн Ерман, Несiпбек Айтов сынды аттары алты алашқа мәлiм ақындар мен Жанболат Аупбаевтай қаламы ұшқыр, ойы жүйрiк журналистер мен публицистердiң топжаруы сирек құбылыс. Мiне, осындай атағынан ат үркетiн топтың серкесi (староста) болу о бастан-ақ табанының бүрi болғандығынан сыр тарқатады.

Қазақ радиосы шығармашылық шыңдау мектебi болғаны айтпаса да түсiнiктi. Радионың құдiреттiлiгiн, оның ақпарат таратудағы ұшқырлығы мен аудитория сана-сезiмiне әсер етудегi айрықша қасиеттерiн теория жүзiнде ғана емес, тәжiрибе бойынша көз жеткiзе дәлелдi дәйектеуi сол жылдар еншiсiнде екенiн iшiмiз сезедi.

Талантты жастың күн құрғатпай эфир арқылы аудиториямен қауышқан радиоочерктерi мен радиофельетондары тыңдарман құлақ құрышын қандырған құнды дүниелер болғанын бүгiнде екiнiң бiрi бiле бермейдi. "Ақпарат әлемi" кiтабына енген "Армысың, арайлы жыр!", "Ырысты мекен өрендерi", "Қару мен қаламды қоса ұстаған", "Көргенi көп көш бастар", "Алтын жұлдызды ана", "Бағы жанған жан", "Ажалды жеңген азамат", "Азамат парызы", "Қауырсын қанат қатайса" т.б. радиоочерктерiн деректi дүниенi көркем шығарма тәрiздi тiлдiк бояуын қанық етiп, сөздi сәулелендiрiп, құлпыртып берудiң үлгiсi дерсiз. Сөзiмiз құрғақ болмауы үшiн радиоочерктерiнен үзiндi келтiрейiк:

"Ақ түн. Ақын көсiле жырға қосатын сүттей аппақ кеш. Көгiлдiр әлем күмiс жұлдызша тағынған, жарық нұр сеуiп тұр.

Көңiл жұлдыздары да сондай. Сенiң жүзiңнен де шуақты қуаныш нұры еседi ғой, мен де шексiз елжiреп шаттанып тұрмын. Тыңдашы, құрбым, менiң жұдырықтай жүрегiм кеудеме сыймай, лүпiлдеп барады. Көкiрекке сусып жылы нұр құйылатын тәрiздi. Сен де осындай күй кешiп тұрсың ба?!

Қандай ғажап, қандай керемет едi мынау сәт, мынау көрiнiс. Шымырлап төгiлген музыка сазы да жаныңды аялы алақанға салып әлдилейтiндей, сол ырғақпен ерiксiз өзiм де толқып барам. Ту-у, дүние шыр айналып, күмiс жауып тұрған секiлдi. Келшi достым, вальстiң сазына iлесiп, дөңгелене билейiк" ( Ақпарат әлемi. 2-том. 206-бет).

"Армысың, арайлы жыл!" осылайша жаңа жылды айрықша қуанышпен қарсы алушы көңiлiнiң "нотасын" дөп басуымен өзiне елiктiрiп, елiтiп әкетсе, "Ырысты мекеннiң өрендерi" табиғат пен адам мiнезi егiз екендiгiн дәл тауып, танытумен тартымды: "Ғасырды куә еткен сары сiңiр сексеуiлi мен өзегiнен шiрiп, құлап түскен дүзгенi де ұзақ мезгiлдiң айғағындай. Бұл өңiрдiң мiнезi де өзге жердiң табиғатына ұқсамайды. Кейде дүние көшiп жатса да сабырлы қалпынан бiр аумайтын салиқалы, мiнезi ауыр жанның табиғатына келедi. Өрши соғатын дауылы бiр көтерiлмесiн, көтерiлсе дүние қара түнекке оранып, қиыршық тас пен құм жауады да тұрады" ( 213-бет).

Ал "Азамат парызындағы" төмендегi суреттеу көркемдiк қуаттылығымен әсерлi: "Аузы ашылып, бар ынта болмысымен көрiнiске құлай көңiлi кетiп, iштей "кенеттен үзiлiп қалмаса екен" деп тәнтi болып тұр. Абай атасы айтқандай, ана бiр өлең шумағы қалай едi… Көкейге келмей күбiрлеп келедi. Ақыры ойға оралғандай болды.

"Қар – аппақ, түлкi – қызыл, бүркiт – қара,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға."

Иә, дәл сол көрiнiс. Қандай әсерлi сурет, өзiне-өзi сенбей тұр. Табиғаттың осындай кереметтерiне бұрын неге зер салып, мән бермеген.

Бұрқап тұрған қар ұшқыны басылып, түлкi орнынан тұрып, дүр сiлкiндi. Одан сайын нарттай құлпырып, күмiске көмiлген қызыл нүкте алауланып бiраз тұрды да, қиырдан асып, ғайып болды. Бiр сәттiк қана сұлулықтың үзiлiп кеткенiне iштей налып тұрғандай" ( 276-бет).

"Теңiздiң дәмi тамшысынан бiлiнедi" дегендей, осы үзiндiлерден-ақ очеркистiң қалам қарымы қуатты екенiн тап басып тануға болады. Радио – ырғалып-жырғалуды, ойланып-толғанып, уақыт оздыруды қаламайтын ақпарат құралы. Аталған радиоочерктер – тез арада жазылып, айналасы екi-үш күнде эфир арқылы жалпақ елге жария болған дүниелер. Демек, бұл арада автордың шалт қимылы шығармашылық қуатымен астасып барып, берекелi iске мұрындық болғанын айтуға тиiстiмiз.

Қаламы жүйрiк, ойы ұшқыр публицистiң радиофельетондары да тақырып алуандығымен, нақты деректерге құрылса да, көркем шығарма секiлдi бояуы қанық жазылуымен, сиқырлы сөз сезiмдердi шымшып оятып, жат пиғылдардан адам бойын аулақ ұстау, қоғамды түрлi кеселдерден арылту туралы кесек ойларымен дараланады. "Ет жегiң келсе, есептеспе", "Май шелпек", "Жорға мiнген жiгiт", "Сүйкеп жатыр", "Жеген ауыз жесiн", "Шұқымаса жүре алмай ма?", "Түрлi-түрлi жегiш бар", "Сен салар да мен салар", "Сауда сақал сипағанша", "Қулар жарысы" т.б. секiлдi аттарының өзi айыптап тұрған радиофельетондары сөзiмiздiң дәнi бар екенiн дөп басып танытады. Қымбат күлкiге құрылған радиофельетондарының өткiр тiлi мен тартымды стилiн айшықтау үшiн "Жеген ауыз жесiн" деген бiр ғана туындысын тұтас сөйлетсек те, оған көзiңiз толық жетедi:

"Шевченко қаласындағы "Закаспийтрансгаз" деген салақұлаш аты бар бiрлестiктiң беделдiмiн деген бастықтары түгi қалмай, тайлы-тұяғымен бiрлестiктiң бастығы Стефановскийдiң кабинетiнде бiр-бiр креслоға қона қалған шақ едi. Араларында Стефановскийдiң өзi, орынбасары Донцов пен осы бiрлестiктiң бас бухгалтерi Мамонтов та бар. Стефановский жағалай қарап алды да, сөйлеп кеттi:

– Ал, жiгiттер, сыртқа дық деген дыбыс шықпасын,

Бiлектi жiгiттерге айтыңдар, есiк жақты мықтасын,

Өзiмiзден басқа ешкiм есiтпесiн,

Өсек деген гуiлдер әлдебiреу есiткесiн.

Мына бiр қызыл-қара ақшаны,

Мықтының өзi алдымызға әкелiп тастады.

Жалғыз жеуге асқазанға сыймай тұр,

"Бергенiне шүкiр" деп бөлiселiк,

Таласқа бармай-ақ, өзара келiселiк.

– Дұрыс, дұрыс! Өте орынды!

– Ал, жiгiттер, мәселен мына басбух Мамонтовты алайық. Жiгiттiң сұлтаны емес пе, ә? Мөр бiзде болса, ақша жағы онда дегендей. Дауыс:

– Беру керек Мамонтовқа бiр жүз сом.

– Рахмет, рахмет, жарандар. Ендi Донцовқа да бiр қараңдар.

– Ал, орынбасарым, саған да бiрдеме беруiмiз керек болар?

– Билiктi өзiңiзге бердiк,

Сыйлықтан дәметiп, алдыңызға келдiк.

Берсең алдық, бермесең қалдық.

Бiздi жақсы бiлесiз ғой,

Салмақты өзiңiзге салдық.

– Дұрыс, дұрыс. Әй, Донцов-ай, қусың ғой. Қанша жесең де сыпайы қалпыңнан аумайсың, өзiңе керек адамды сұлу сөзбен аулайсың. Жаз сол үшiн Донцовқа – 120 сом!

Стефановскийдiң сыралғы досы Ландышко осы кезде атып тұрып, әндете жөнелдi:

– О-һо, асыл туған ағамыз,

Артық қой көптен бағаңыз,

Жаңылмай сiздi табамыз,

Құндыз бөрiк, көк пальто,

Қаракөлден жағамыз.

Жаздырыңыз бiзге де,

Бiр-екi жүз сом, ағамыз.

– Ой, пәлi, жiгiт болсаң осындай бол. Жазыңдар сыйлық деп Ландышкоға – 200 сом.

– Ой, жiгiттер, "мал жиғанның жазығы не" демекшi, менi ұмытып барасыңдар ғой, – деген Стефановскийге Ландышко:

– Жiгiттер, аздап ағат кетiппiз. Алдымен сыйлық басекеңе аталуы керек едi. Сiзге ат басындай алтын тартсақ та көп болмас едi. Қанша жазайық, басеке?

– Түу, жiгiттер-ай, болмадыңдар ғой. Көңiлдерiңе, пейiлдерiңе рақмет! Онда маған да жазыңдар – 200 сом деп. Мамонтов:

– Басеке, бар болғаны 115 сом ғана қалды. Бұл аз ақшаны қай жұмысшыға жеткiземiн.

– Ә, солай ма. Онда қалған 115 сомды өзiңе жақындау екi жұмысшы жiгiтке қақ бөлiп жаза сал. Жұмысшылар алды деген аты болсын. Заты "жеген ауыздың жегенi" жақсы ғой.

Мiне, осылайша бiрлестiктiң бiлiктi басшылары әп-сәтте озаттарға арналған сыйлық ақшаны ту-талақай етiп, үлестiрiп алды. Ал, ендi соңында не болар екен, оны да күтелiк" (Ақпарат әлемi.,397-б.).

Бiр ескерерлiк жай, тiлге тиек етiп отырған очерктер мен фельетондар радиоға арналып даярланған, яғни мәтiндерiнiң тiлi шешендiк өнер талаптарына тән тауып сөйлеу, ұрымтал ой айту тәрiздi көркемдiк қуатын арттырып тұрған ерекшелiктерiмен қоса дыбыс, дауыстар арқылы көмкерiлiп, сазбен әрленiп барып эфирден берiлгенде тiптi құлпырып, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырумен бiрге айрықша әсерлiгiмен жүрек төрiнен орын иемденгенiн қаперге алған жөн.

Радиоочеркпен бiрге радиофельетон секiлдi тәрбиелiк мәнi орасан зор, аудиторияға әсер етушiлiк қуаты күштi жанрлардың қазiргi радиожурналистикада "архаизмге" айналуы ерiксiз қынжылтады. Оның себебiн аталған жанрлар журналистерден шығармашылық iзденiстi, көп еңбектенудi талап ететiндiктен, ал оған қазiргi жастардың құлықсыздығынан iздеген жөн шығар. Iзденiссiз шығармашылық өсу шектелетiнiн ұмытуға болмайды.

Жалпы кез келген ғылыми теория жинақталған тәжiрибенiң жемiсi деу қисынға келедi. Басқаша айтқанда, бай тәжiрибеге ие ғалым ғана теориялық мәселелердi толық игерiп, кең көсiлiп жаза да, айта да алады.

Намазалы Омашұлының отыз жылға таяу уақыт саналы өмiрiн арнаған қазақ журналистикасы ғылымының мәртебесiн биiктетсем деген арманынан туған ғылыми еңбектерiн саралағанда осындай ой туады. Ендеше Қазақ радиосы секiлдi тiрлiгi әрдайым бұрқ-сарқ қайнаған рухани орталықтан аз уақыттың iшiнде бай тәжiрибе жинақтаған талант иесiнiң өмiр арнасын шұғыл өзгертiп, ғылым әлемiне бойлап енуi толық ақталған құтты қадам болды десек, жаңылмаспыз.

Жас ғалымнан ата ғалымға дейiнгi аралықта қаламынан туған "Журналист – жол үстiнде", "Белестер", "Радиожурналистика", "Ақпарат әлемi" (2 том), "Қазақ журналистикасы" (3 том) т.б. кiтаптары мен жүздеген ғылыми мақалалары туралы сөз қозғасақ, шетi де шегi де жоқ, ұшы қиырсыз әлемге дендеп енiп, ұзақ сонар әңгiме бастауға тура келедi. Оған оқырманның алтын уақытын ұрлағымыз жоқ. Көрнектi ғалымның аталған еңбектерiнiң ешқайсысы да атаусыз қалған емес, әрқайсысы дара таныстырылып, кезiнде сөз зергерлерiнiң биiк бағасын алғанын көзiқарақты оқырман жақсы бiледi. Жалғыз ғана айтарымыз, жаңа қалыптасып, даму алдында тұрған қазақ журналистикасы ғылымына әрбiр еңбегi арқылы биiк парасат иесiнiң қосқан үлесi ұшан-теңiз. Осы жөнiнде жүйелi түрде терең де толық зерттеу жүргiзу – болашақ еншiсiндегi шаруа.

Ендi жүректен шыққан сөз толғауымызды "Мәрт" деп атауымыздың сырына тоқталатын сәт туды. Қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiнде "мәрт" этнонимiне: "ер көңiлдi, кеңпейiлдi, батыл, жомарт"– деген анықтама берiлген (Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. – Алматы: Дайк – Пресс, 2008, 587 б.). Бiз бiлетiн Намазалы Омашұлының тұла бойында осы төрт қасиет түгел бар. Ер көңiлдi, кеңпейiлдi, батыл, жомарт. Тура тума талант өмiрi мен шығармашылығына тән мiнездеме.

Аталған сөздiкте мiнездеме этнонимiне: "Жеке адамның өз басына тән қасиеттерiн, қызметiне қатысты мәлiметтердi жан жақты талдап баяндайтын жазбаша сипаттама, құжат" (610-б.), – деген анықтама берiлiптi. Осы жерде кейiпкерiмiзге тән жоғарыдағы қасиеттер жанында жүрiп жақын тану барысында көзiмiз жеткен бар болмысының кiлтi екендiгiн айтуға тиiстiмiз.

Қайрат САҚ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дiң

кафедра меңгерушiсi,ҚР Мәдениет қайраткерi.