Жаңалықтар

АТАЖҰРТТЫ АҢСАП ЖҮРЕР БIР ӘНШI

ашық дереккөзі

АТАЖҰРТТЫ АҢСАП ЖҮРЕР БIР ӘНШI

Қытай жерiнде ән салып жүрген Қажымұрат деген қандасымыз бар

Әншi Қажымұрат Шешенқұлұлы — 1983 жылы 27 ақпанда Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. Өзiнiң әншiлiк, сазгерлiк талантымен Қытайдағы екi миллионға жуық қазақ жұртшылығының жүрегiнен жол тауып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленiп жүр. Оның "Сенi ғана", "Мақпалжан", "Бүлдiрген қыз" қатарлы әндерi Қазақстандағы "Аршын", "Алаш" топтары және танымал әншi Тоқтар Серiковтың орындауында халқымыз арасында кең таралуда…

– Жас әншiлердiң көбi танымал бола бастағаннан-ақ "жұлдыз" ауруымен ауырушы едi. Ал, сiз ше?

— Мен көп балалы қарапайым малшы отбасында дүниеге келдiм. Әке-шешем де өте қарапайым адамдар. Содан болар, мен де қарапайымдылықты, кiшiпейiлдiлiктi ұнатамын. Мен иниститут құшағында жүргенде "Сенi ғана", "Жылама, жаным" деген атпен екi ән альбомым жарық көрдi. Оның үстiне ән жинақтарым халықтың үлкен сұранысына ие болып, қайта-қайта басылып таралып жатты. Бiрақ, мен "жұлдыз" болдым деп кеудемдi көтерген емеспiн.

— Көптеген әншiлер: "клип түсiргеннен кейiн ғана халыққа танымал болдық" дейдi. Сiз де бейнесаз түсiргеннен кейiн танымал болдыңыз ба?

— Әркiм әртүрлi жолмен танылады ғой. Мен әбден танымал болғаннан кейiн ғана бiрнеше әндерiме бейнесаз түсiрттiм. Ал одан бұрын бейнесазсыз да Қытайдағы қандастарымыз менi танып үлгерген. Бүгiнгi таңда, әсiресе, жас әншiлер арасында "алдымен клип түсiртiп теледидар арқылы ғана халыққа танымал болуға болады" деген жаңсақ пiкiр бар. Бұл дұрыс емес. Нағыз таланты бар адамның бейнесазсыз да халыққа кең танымал болуына болады. Ал, клип — әндерiң кең таралып, шалғай жерлердегi жанкүйерлерiң бейнеңдi көруге құмарта бастаған кезде ғана керек деп ойлаймын.

— Балалық шағыңыз қалай өттi?

— Бiз — сегiз ағайындымыз. Мен үйдiң кенжесiмiн. Қазақтың кенже баланы қақпай-соқпай еркелетiп өсiретiн дәстүрi менi де айналып өтпедi. Бала күнiмнен ерке әрi тентек болып ержеттiм. Алдыңғы аға-әпкелерiмнiң арқасында үй жұмысына да көп араласып кетпедiм. Жұмыс десе жалтарып, ойын-сауық, спорттық ойындар десе iшкен асымды жерге қоятынмын. Сол әуестiк алғашқы мектеп табалдырығынан бастап-ақ менiң өнер жолын таңдауыма түрткi болды.

– Өнердегi алғашқы ұстазыңыз есiңiзде ме?

— Әрине, есiмде. Менiң атам Әбдiғали Батырбайұлы деген кiсi жыр-дастандар жазатын ақын әрi ұзақ қиссаларды жатқа айтатын қиссагер кiсi болған едi. Ол кiсiнi дүйiм жұрт өте сүйiп тыңдайтын. Ал, нағашыларым да өнерден құралақан емес едi. Мен атам мен нағашыларымның көмегiмен домбыра тартуды үйренiп, өзiмше ән айтып жүрдiм. Алғашқы ұстазым мiне, осы кiсiлер. Ал, кейiн келе мектепте музыкадан сабақ беретiн апайларым менi ән айтуға бейiмдеп, өнер жолын тереңiрек түсiндiрiп, кейiн жоғарғы оқу орнына түсуiме жағдай жасады.

— Тұңғыш тырнақалды туындыңыз?

— Мен орта мектеп құшағында оқып жүрген кезiмде "Сенi ғана" деген әндi жазып орындап жүрдiм. Бұл менiң сазгерлiк жолымдағы ең алғашқы тырнақалды туындым болатын. Мен алғаш рет өнер сахнасына осы әнiммен келдiм және осы әнiммен Қытайдағы екi миллионнан астам қаракөз қандастарымыздың арасында кең танымал болдым. Тұңғыш баланың ата-анасына ыстық болатыны сияқты "Сенi ғана" атты әнiм маған өте ыстық. Менiң бiраз әндерiмдi Қазақстан өнерпаздары орындап жүр. Солардың iшiнде ең алғашқы болып орындалған да осы "Сенi ғана" атты әнiм.

2003 жылы Үрiмжi қаласындағы Шынжаң Педагогика университетiнiң музыка факультетiне оқуға түстiм. Бұл менiң бала күннен бергi арманым едi. Осы оқу орынына түсуiм менiң өнер жолыма елеулi өзгерiс әкелдi. Олай дейтiнiм, оқу орнына түскеннен кейiн, ендiгi жерде маған кәсiби музыкант ретiнде үлкен жауапкершiлiк жүктелдi. Өнерге деген көзқарасым әжептәуiр кеңейдi. Бұрын айтып жүрген әндерiмдi жаңадан өңдеп халық алдына кәсiби деңгейде шыға бастадым. Осыдан кейiн-ақ менiң әндерiм жұрт жүрегiнен тез жол тауып, танымалдығымды арттыра түстi. Мен сол өнер ордасын 2008 жылы "музыка теориясы" мамандығы бойынша тамамдадым.

— Атамекенге жиi келiп тұрасыз ба?

— Бұл менiң Қазақстанға екiншi рет келуiм. Наурыз айында келiп "Ән мен әншi" телебағдарламасының концертiне және бiрнеше кештерге қатысып қайтқанмын. Бұл жолы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының қолдауымен өтетiн "Отаным — жаным, Ана тiлiм — арым" атты халықаралық жыр мүшәйрасының концерттiк кешiне қауымдастықтың шақыртуымен келiп отырмын. Әндерiм Қазақстанда да өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленiп жатыр. Өнер адамына ыстық ықыластан өзге не керек. Сапарымның сәтi түссе жиi келiп тұрғым келедi.

— Бұл жолы iс сапармен келiпсiз. Алдағы уақытта Атамекенге бiр жолата ат басын бұру ойыңызда бар ма?

— Мен бала күнiмнен әйгiлi Сұлтан Бейбарыстың: "Өзге елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол" деген сөзiн жүрегiмнiң түкпiрiнде жаттап өстiм. Бұл жүрiсiм де жайдан-жай жүрген сергелдең сапар емес. "Масаның басылуына, арқардың қасынуы сай" дегендей, iс сапарды сылтауратып, қоныс шалып жүрген жайым да жоқ емес. Әлемнiң қырықтан астам елiне бытырай қоныстанған қандастарымыздың қалған уақытта атамекенге оралып, туған елдiң туын көтеретiн кезi келдi деп ойлаймын. Алла қаласа, менiң де атажұртқа оралар шағым алыс емес.

— Сазгерлiк — тума талант. Ал, iзденiс шығармашылдыққа қаншалықты ықпал етедi?

— Дұрыс айтасыз, сазгерлiк — тума талант. Кез келген адамға табиғат жаратылысынан эстетикалық сезiм, шығармашылдық түйсiк бермесе, мың жерден iзденiс арқылы ол сазгер бола алмайды. Бiр сөзбен айтқанда, бекер әурешiлiк болады. Ал табиғатынан сезiмтал жаралған жандар талантым бар едi деп бекер тайраңдап алтын уақытын аяқ асты етер болса, ол да талант иесiнiң құрып, жоғалуына жол бередi. Мысалы, өз басымды айтар болсам, бала күнiмнен туған жерiмнiң әсем табиғаты қатты әсер еттi. Тау қапталын көмкерген аққайыңдардың жапырағының сылдыры, мөлдiр суының сыңғыры құлағымда ерiксiз саз болып ойнап, кеудемдi бiр нәрсе керiп тұратын. Кейде бекерден-бекер құлазып, ал кейде өзiмнен өзiм шаттанып жүретiнмiн. Бiр әнiмдi дүниеге әкелгеннен кейiн ғана сәл тыншитынмын. Қарап тұрсам, сол сезiмдер маған табиғат сыйлаған сазгерлiк талант екен ғой. Кейiн келе музыкалық iзденiсiм қосылғанда жұртқа жағымды шығарма болып пiсiп жетiлдi.

— Шығармаларыңыздың бiрден жұрттың жүрегiн жаулауының тағы қандай сырларын айтар едiңiз?

— Әр шығармамның өзiнiң шығу тарихы бар. Әр шығармам шын сезiмнiң тереңiнен қайнап шыққан. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетедi емес пе, бұл да халыққа тез таралуының бiр себебi болар. Ал ендi бiр себебi мен бала күнiмнен қазақтың халық әндерiн орындап өстiм. Демек, менiң құлағым халық сарынына қаныққан. Шығармаларым эстрада жанрында болса да халықтық сарын басым деген сөз. Сонымен қатар, әндерiмнiң алғашқы орындаушысы өзiм болып келемiн. Өз шығармамның қыр-сырына қанық болғандықтан, қалайда, халық талабынан шығарлық деңгейге жеткiзiп орындай алдым деп ойлаймын.

— Сiздiң шығармашылық қорыңызда қанша ән бар?

— Шығармашылық қорым тым қомақты емес. Дегенмен де, өзiмнiң жас деңгейiммен салыстырғанда "тәуба" дерлiк. Анығырақ айтар болсам, қазiрге дейiн 60-қа жуық ән жазыппын. Соның iшiнде 30-дан астам әнiмнiң мәтiнiн өзiм жаздым.

— Сазгерлер арасында "Алдымен ән сөзi дүниеге келуi, сосын барып саз пайда болуы керек. Ал, сөзден бұрын саздың дүниеге келуi дұрыс емес" дейтiн пiкiр бар. Сiз бұл пiкiрмен келiсесiз бе?

— Алдымен ән сөзi дүниеге келуi керек деп шегеленiп, қатып қалған заңдылық жоқ. Шынымды айтсам, "сөзден бұрын саздың дүниеге келуi дұрыс емес" деген пiкiрмен толық келiспеймiн. Әрине, кей тексттiң сазға сұранып тұратыны шындық. Бiрақ та, келiп қалған әннiң алдымен сазын жазып алып, артынан сол саздың сарынымен неге сөзiн жазбасқа? Мәселен, менiң "Бүлдiрген қыз" деген әнiмнiң алдымен сазы дүниеге келдi. Сосын барып, Бекзат Тоқанұлы деген жiгiтке сөзiн жаздырдым. Бәрiбiр, сол әнiм де алдымен сөзiн жазған әндерiм қатарлы танымал болды. Сол үшiн, бұндай пiкiрлермен қиял шеңберiн шектеп тастауға болмайды деп ойлаймын. Алла ненi нәсiп етсе, соған қанағат қыла бiлу керек.

— Сiз бүгiнгi эстрада жұлдыздарынан кiмдердi сүйiп тыңдайсыз?

— Әрбiр әншiнiң өзiнiң дауыс мәнерi, өзiне тән орындау шеберлiгi болуы керек. Кейiнгi қазақ эстрадасында, әсiресе, Қазақстандағы қазақ эстрадасында бiрiнiң айту мәнерiн бiрi қайталайтын жайттар жиi белең алып барады. Көбiнесе, шетелдiң музыкаларын тыңдаймын. Қазақстан эстрада жұлдыздарынан "Мұзарт" тобының ән орындау шеберлiктерiне сүйiнемiн. Қазақ эстрадасын көп тыңдамайтын себебiм, өзiме тән дауыс мәнерiмдi жоғалтып алудан қорқамын. Әншi үшiн бiреуге елiктеп айтудан үлкен қиянат, ұятты iс жоқ деп ойлаймын. Әсiресе, эстрада жанрында өзiнiң қолтаңбасы жоқ әншi ешуақытта алысқа бара алмайды.

— Әншiлiк, сазгерлiктен тыс тағы қандай қырларыңыз бар?

— "Жiгiтке жетi өнер аз, жетпiс өнер көп емес" дейдi ғой. Мен мектеп құшағында жүрген кезiмде сурет салуға қатты құмар болдым. Нәтижем де жаман емес, аймақ, облыс дәрежелi марапаттарға қол жеткiздiм. Сонымен қатар спорттың әр саласында да өзiндiк жетiстiктерiм болды.

— Алдағы уақыттың еншiсiнде тағы қандай жоспарларыңыз бар?

— "Армансыз адам — қанатсыз құс" дейдi ғой. Арманымды түгел айтсам бүгiн таусыла қоймас.

Ең басты менiң арманым — қара шалдың Қажымұраты емес, жалпы халықтың Қажымұраты болу…

— Аңсаған арманыңызға жетiп, халықтың құрметiне бөлене берiңiз. Сұхбатыңызға рахмет!

Тұрсынбек КЕШУБАЙҰЛЫ