Жаңалықтар

ӨЛЕҢ-ӨМIР ӨЛМЕЙДI НЕМЕСЕ КӨҢIЛХАТ

ашық дереккөзі

ӨЛЕҢ-ӨМIР ӨЛМЕЙДI НЕМЕСЕ КӨҢIЛХАТ

"Қалу енна-лиллаһи ражиғун,

Дүниеден ұшып кеттi бiр ақ тұйғын.

Алтын тұғыр үстiнде сайрап тұрған,

Гауһар жуған қыран едi жал-құйрығын.

Қазаға сабырлық қыл ел-жұрты —

Еш пенде тоқтата алмас Хақ бұйрығын…"

"Абақтың ақылы" саналған Моми би (Жұртбайұлы) қайтыс болғанда алаштың асқақ ақыны Әсет Найманбай қалың керейге осылай көңiл айтқан екен. Сол ұлы бидiң ұрпағы, өлеңмен көтерген отауын жарты ғасыр бойы жырмен жасаулап, музаның үлкен ордасына айналдырған ақын, менiң замандасым Кәп Құмарұлы қайтыс болғанын естiгенде Әсеттiң сол жоқтауы мен тоқтауын тағы бiр оқыдым.

Ақыл мен ақын егiз ұғым. Бiрi – елiн ақылмен баққан жалшы болса, екiншiсi – қалың жұртын өлеңмен жебеген жаршы.

Өлеңi өзiнен бұрын елге жеткен Кәп Құмарұлы болатын. Балалығын Ар Алтайдың күн бетiнде (Қытайда) қалдырып, азаматтығын Ұлы таудың терiскейiнде (Моңғолияда) қалыптастырған, аңсары Атамекенге ауған әуенiнен мұң естiлiп, сыр суыртпақталып, арман аңғарылатын. Ненi айтса да сұлу айтатын. Ол тұста өлеңге өзек бола бiлмейтiн ел еркiндiгi, ұлт тұтастығы, тәуелсiз тiршiлiк дейтiн армандарды шумақтарға шым-шымдап енгiзiп, мысқалдап сiңiрiп, тұспалдап аңғартатын. Сырттай бiлетiн сол сыршыл ақынды маған жете танытқан бiр оқиға болды.

Кеңестiк кеңiстiкте 80-жылдардың соңын ала пайда болған сәл жылылық қазаққа қайта әкелген "Ақындар айтысын" әп-сәтте халықаралық биiкке бiрақ көтерiп жiбердi. 1989 жылы қара күзде, алыс-жақын шетелдердегi қазақтардың бәрiнен өкiл келген "Халықаралық айтыс" Республика сарайында үш күнге ұласты. Сол айтысқа бiздiң шақыруымызбен, Моңғолиядан Егеухан Мұқамадиқызы мен Қабжәлел Сахари қатысты. Бiр ғажабы, айтыс шымылдығы Моңғолиядағы қазақ ақыны Кәкейдiң құттықтауымен ашылды да, сахнаға Егеухан мен Қызылордалық Әбдiкерiм Манапов шақырылды.

"Армысың, айналайын, асыл елiм,

Алыстан аңсап, мiне, келiп жеттiм.

Ақ Орда, ата-ана, ұлы халқым,

Алдыңа келiн болып сәлем бердiм!"

Ақ жiбек орамалды оң қолымен алға ұсынып, сол қолымен тiзесiне қойып, ақ көйлектiң етегi жайылып, алтын жақты кимешек-шылауыштың төбесiндегi тегенедей үкi төңкерiлiп, сәлем еттi. Дуылдаған дабыр, сытырлаған шапалақтар кең сарайды керiп кеттi.

"Жиналған талай елдiң саңылағы,

Өнерлi өрге жүзген танылады.

Сүйiмбай, Жамбыл, Сара, Бiржан тектес

Саңлақтың Қазақстан шаңырағы…"

Шумақ сайын шапалақ. Жұрт тынады да тыңдайды, тыңдайды да тебiренедi, сүйiнедi, шиыршық атады, ширайды…

Айтыстың екiншi күнi. Егеуханға әрiптес болып, тұла бойы тұтап тұрған өлең, асқақ үндi аса сезiмтал, жарық дүниенi жанарымен емес, жүрегiмен көретiн, мұңшыл ақын, оралдық Қатимолда Бердiғалиев шықты. Бұл айтысты тыңдамасаң, тiлмен жеткiзе алмайсың.

Соңғы сөздердiң мәнерi мынадай:

Қатимолда:

"Айта алмай қалып барам сол мұрамды,

Баяғы Қасым айтқан мол мұрамды.

Жеңеше, қайыныңнан белгi болсын,

Мен Сiзге сыйлап кеттiм домбырамды.

Бардағы елiңiзге ойнатып бер,

Халқыңның әуен-үнiн сайратып бер.

Ендiгi кездескенде домбырамды,

Жеңеше, ортекедей ойнатып кел."

Егеуханның жалғыз мiнi домбыраны қоса алмайды екен. Сыпайы ақын оны бетiне баспай, үкiлi домбырасын сыйға тартумен тұспалдайды.

Қабжәлел Сахари мен Жадыра Құтжанованың айтысында жастық жалын да, ақындық алым да, сөз ұстау, сезiм сабақтау да, сырласу да болды.

Жадыраның:

"Көздерiң елiм-ай деп талды ма екен,

Сағыныш жүректердi шалды ма екен.

Бiр кезде баға жетпес асылдардың,"

Суырылып суыртпағы қалды ма екен!" — дегенi газеттердiң айдарына айналып кеттi. Кейiнiрек "Шалқар" газетi осы айдармен Егеуханның "Қадiрi қара шанақ" атты әдемi толғауын жариялады. Сол Егеуханның Моңғолиядан дамылсыз өлең жолдап жататын Кәп Құмарұлының Құдай қосқан қосағы екенiн сонда бiлдiм.

1994 жыл. Ерлi-зайыпты ақындар "Шалқардың" шаңырағына келдi. Құшақтасып қауыштық. Тұрпаты менен сәл кесектеу сияқты. Келбетiнде ақсақалдық әлпет бар. "Қарағым" деген жылы сөздi жиi айтады екен. "Қарақ, қарақ" деп қаусыра берген соң, жасын сұрастық. Менен үш ай кiшi болып шықты.

— Ендi бiз қарақ емес, сiз қарақсыз, — дедiм әзiлдеп. Жайраңдап күлiсiп, жұғысып кеттiк. Бiржолата көшiп келiптi. Есенгүлi бiзде жұмыс iстейтiн едi. Дәулеткерейi Алматыда оқиды екен. Газеттiң кезектi санының бiр бетiн Кәкендi таныстыруға арнадық. Содан сәл кейiн "Өлең дарыған әулет" деген тақырыпта, ерлi-зайыпты екеуiнiң және үш ақын баласының өлеңдерiнен айқарма бет бердiк.

Былтыр күзде Семейдiң Шар алқабындағы шуаққа шомылып жатқан бiр жотада Керей Жәнiбек батырға, сәулет өнерiнiң үздiк үлгiсiмен ескерткiш қойылды. Батыр бабасының басына көршi ауданда тұратын Кәп келген шығар, Кәп келсе, өлеңмен бiр сый ап келген шығар деп iздедiм. Ауырып қалыпты. Содан, оқыса, бәлкiм, бiр селт етуге септiгi тиер, әйтпесе, көңiлiн сұрағаным болар деп:

"Қадiрлi, Егеухан, Кәп, "қарақтарым",

Қол тисе мұны да бiр парақтағын.

Тағдыры мен тарихын өр елiнiң,

Әзiрше осы болды таратқаным.

Жалғасын сендер жазып тастағанша,

Аман-есен сақтасын жаратқаным!"

— деген қолтаңба түсiрiп, "Әттең, Алтай, Марқакөл" деген кiтабымды берiп жiбердiм.

Сiрә, оқи алмаған болар. Тiлегiм қабыл болмады деп, Тәңiрге тәбдiл айтуға хақым жоқ. Жазмыш солай. Тән өлдi, жан жоғарылап кеттi. Ақынның жаны өлең. Ол – өлмейтiн өмiр. Егеухан өлеңнен қалған жоқ. Есенгүл — ақын, жазушы, публицист, сарабдал сарапшы. Дәулеткерей — даулескер ақын. Солардың көкiрегiнен ұшқан әр шумақ марқұмның рухына дұға болып дарып, сауап болып жазыла берсiн!

Уахап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ, жазушы