Жаңалықтар

ӨЗГЕНIҢ ӨНЕРIН ҚАШАНҒЫ НАСИХАТТАЙМЫЗ?

ашық дереккөзі

ӨЗГЕНIҢ ӨНЕРIН ҚАШАНҒЫ НАСИХАТТАЙМЫЗ?

Бiздiң бала кезiмiзде, бұдан 40-50 жылдай бұрын, бiздiң ауылдарға қазақ өнерiнiң талай майталмандары келiп спектакльдер көрсетiп, сонымен бiрге әндер салып, елдi бiр думандатып кетушi едi.

Солардан менiң есiмде қалғандары: Ж.Елебеков, М.Ержанов, Р.Есiмжанова, К.Сакиева, Р.Бағланова, Ж.Омарова. Одан бергiлерi Н.Тiлендиев, А.Қоразбаев, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнiсова, тағы басқалар. Алғашқы аталған адамдар қырман басында, дала қостарында өнер көрсеттi. Одан кейiнгi аталғандар бұдан 18-20 жыл бұрын концертпен келгендер. Ал бүгiнгi күнде бiздiң ауылдарда өнер адамдарын мүлде көрмейтiн болдық, ауыл тұрғай, үлкен қалаларға концертпен келуден бас тартатын болды. Оған дәлел Р.Рымбаеваның Павлодар қаласына екi күндiк концерттiк сапармен келiп, екiншi күнгi концертi өткiзiлмеуi, М.Жүнiсованың Астана қаласындағы концертiнен бас тартуы. "Менi шақырыңдар" деп телеарнадан жар салуын қалай түсiнуге болады? Осы жағдайдың бәрi қаржыға байланысты екенi түсiнiктi емес пе? Солай екен деп ауылды мүлде естен шығаруға бола ма? Бiз тұратын елдi мекендерде екi-ақ — "Хабар" және "Қазақстан" телеарнасының бағдарламаларын көре аламыз, басқа арналар бағдарламасын бiздiң антенналар ұстамайды. Ал жұрттың негiзгi көретiндерi — Ресей телеарналарының бағдарламалары. Сондықтан бiздiң жастар орыс және шетел әртiстерiн жақсы таниды. Бiздiң облыста орыс телеарнасы мен баспасөзiнiң басымдығы өте зор. Осы басымдықты төмендету үшiн ел басшылары, Парламент еш шара қолдана алмай ма?

Менiң түсiнiгiмше, мемлекеттiк тiлдi игерудiң алғышарттары мыналар: бiрiншiден, жалпы бiлiм беретiн мектептерден бастап барлық деңгейдегi оқу орындарындағы мемлекеттiк тiлдiң оқытылуы ерекше бақылауда болуы керек. Екiншiден, мемлекеттiк және де басқа жауапты қызметке қабылданатын адамдар толықтай қазақ тiлiнен сынақтан өтуi керек. Қазақ тiлiн толық игерген басқа ұлт өкiлдерiн жауапты қызметке көбiрек тарту керек. Ол үшiн этностық топтардағы қазақ тiлiн үйрену үйiрмелерiнiң жұмысы тұрақты түрде бақылануы керек. Сол сияқты, ана тiлiн мойындамайтын ұлт жастары арасында үгiт-насихат жұмысы жүргiзiлуi керек. Барлық деңгейдегi басшы қызметтегi адамдар тiл жанашырлары болып, бұл iсте биiк талап қоюлары керек.

Осы аталған талаптар iске аспаса, қазақ тiлiн үйренуге, игеруге, Бунаков айтқандай, тағы да елу жыл керек шығар. Әлде орыс тiлiне қамқорлық жасап, Захаров сұраған "Орыс үйiн" ашып беремiз бе?

Бiз "Таңшолпан" бағдарламасын күн сайын қараймыз, көпшiлiкке ұнайды, жақсы бағдарлама. Бұл бағдарлама үш сағатқа созылады, бiрақ кейбiр көрсетiлiмдердi сағат сайын қайталайды. Осы бағдарламаның бiр сағатын кемiтiп, ауыл көрермендерi үшiн күн сайын екi мезгiл 25-30 минуттық концерт көрсетiлгенiн қалар едiк. Бағдарламасында халық әндерi, халық және осы заманғы композиторлар әндерi болса, сол сияқты өмiрден өткен өнер адамдарының творчествосынан көрсетiлiм берiлiп тұрса, артық болмас едi. Сонда ғана қазақ өнерiнiң жұлдыздары да кең танымал болар едi. Ақындар мен композиторлар, тағы сол сияқты басқа да өнер адамдарының кештерiнiң телеарналардан көрсетiлуi көңiл қуантады, ал сол концерттердiң жалпы эфирде берiлуiнiң кешеуiлдетiлуi өкiнiштi. Жекелеген әншiлердiң екi сағаттық концертi елдi жалықтыратын сияқты.

Жуықта Шәмшi Қалдаяқов кешiнiң концертi телеарнадан көрсетiлдi. Бұл концерт жөнiнде көптеген сындар айтылды. Сол сынға менiң де қосарым бар. Бұл концерттi Ш.Қалдаяқовтың 2008 жылғы кешiндегi концерттiң көшiрмесi деуге болады. Өйткенi, сол былтырғы әншiлер сол әндерiмен биылғы сахнаға да шықты. Нелiктен биылғы кешке басқа әншiлер шақырылмаған немесе осы әншiлер басқа әндер орындамаған?

Бұл күндерi Қанат, Айгүл Құдайбергеновтер бастаған, Қыдырәлi мен Қарақат қостаған жанұялық дуэттер көбейiп келедi. Бұл — көпшiлiкке ұнаған, құптарлық, өте қуанарлық iс деп ойлаймын.

Халықтың төл өнерi — ақындар айтысын өткiзу не себептi тоқтап қалды? Республика көлемiнде айтыс өткiзу қиын болса, неге алдымен аймақтық турнир (мысалы, Шығыс, Оңтүстiк, Батыс, Арқа) өткiзiп, әрбiр аймақтан екi-үш жеңiмпазды таңдап алып, сонан соң жеңген ақындардың айтысын Астанада немесе Алматыда өткiзбеске? Айтыс жүлдегерлерiне автомобиль тiкпей-ақ, жүлденi ақшалай (бес, үш, екi, бiр мың доллар) тағайындаса болмай ма? Ал жарысқа қатысқан басқа айтыскерлерге құнды заттай (теледидар, тоңазытқыш, т.б.) сыйлықтар беруге болмай ма? Сонда айтыс ақындары (үш, бес,..) "автомобиль жеңiп алдым", — деген мақтан сөзден аулақ болар едi.

Ерғалиев Қ. зейнеткер

Павлодар облысы, Ақтоғай ауылы