Жаңалықтар

ТОНАУШЫЛАР ТҮК ҚОЯР ЕМЕС

ашық дереккөзі

ТОНАУШЫЛАР ТҮК ҚОЯР ЕМЕС

Гаитиде күшi жетi жарым баллдық жойқын жер сiлкiнiсi салдарынан жүздеген адамдар қаза тапты. Тағы мыңнан астам тұрғын iз-түссiз жоғалғандар санатында. Әзiрге қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты санын ешкiм бiлмейдi. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, шамамен 70 мың адам жер дүмпуiнiң құрбанына айналып, 3 миллионға жуық тұрғын жапа шектi. Бiрнеше рет қайталанған күштi жер сiлкiнiсiнiң кiндiгi ел астанасы – Порт-о-Пренс қаласынан 16 шақырым жерде тiркелген.

Қуаты 7,5 баллдық зiлзаладан қаладағы көптеген тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар жермен-жексен болып, қирандылардың астында мыңдаған адамдар қалды. Әлеуметтiк маңызы бар ғимараттардың қирауына байланысты жапа шеккен адамдарға көмек көрсету қиынға соғып отыр. Арнайы техника мен құтқарушылардың тапшылығына байланысты көп жерлерде құтқару жұмыстары мен алғашқы медициналық көмектi қала тұрғындарының өздерi ұйымдастыруда. Апаттан кейiнгi қарақшылық әрекеттердiң белең алуы онсыз да естерiн жия алмай жатқан тұрғындарға жығылған үстiне жұдырық болып барады. Бiрақ әзiрге қаскөйлермен күресуге тәртiп сақшыларының да жағдайы жоқ.

Гаити Iшкi iстер министрi Марио Андресоль: "Қазiр әлеуметтiк маңызы бар ғимараттардың жағдайын көремiн. Зардап шеккен адамдарға көмек көрсететiн орталық құру керек. Ұры-қарының мәселесiмен кейiнiрек айналысамыз. Барлық күштер үйiндiлердi аршуға жұмылдырылуда", – деп мәлiмдедi.

Қала көшелерiнде үйiндi-үйiндi мәйiттер көп. Қаза тапқандардың дәл саны әлi күнге белгiсiз. Тiптi, оларды жерлеуге мамандар жетiспеуде. Қапырық ыстық құтқарушылардың жұмысына қолбайлау болса, зiлзаладан аман қалғандар жақындары мен туыстарын iздеп, өз беттерiмен өлiктердi қопарып әлек. Өмiр мен өлiммен арпалысқан уақытта қарақшылық жасап, тонаушылықпен айналысатындардың санында шек жоқ. Жазықсыз әруақтарды басып-жаншыған қаскүнемдер байғұс қандастарының күнәсiн арқалап жатқандығын сезбейтiн сияқты. Ақырзаманның көрiнiсiндей болған Гаитидегi қайғылы жағдай қоғамның азғындап, қатыгезденiп бара жатқандығын аңғартпай ма? Ұзақ уақытқа созылған Ирактағы қақтығыс кезiнде де Араб-Джабурдағы аяусыз қантөгiс тұсында қарақшылардың әрекетi жан адамды селт еткiзбегенi де есте. Жүрек көзiнде титтей де жанашырлық сезiмi қалмаған мұндай қаскүнем тонаушылар адамдықтан бiржола кеткендiгiн көрсетiп едi. Ендi мiне, Гаитидегi жойқын апатта да қоғамның ең бейшара тобының жортып жүргендiгi көзге ұрып тұрды. Зiлзаладан зардап шеккен Гаити халқы халықаралық көмек күтiп отырған шақта, ел астанасы Порт-о-Пренс қаласында талап-тонаушылық, талқандау әрекеттерi күшейдi. Халықаралық Қызыл крест комитетi бiр апта бұрын орын алған қуатты жерсiлкiнiсiнен зардап шеккен гаитилiктердiң шарасыздықтан торығуы күшейе түскен соң, елде қақтығыстар мен жаппай тонаушылық белең алғанын ескертуде. Ал, бұған дейiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының осы елдегi қоймасы тоналды деген мәлiмет түскен едi.

Бүгiнге дейiн әлем елдерi мен халықаралық ұйымдар Гаитиде 400 миллион доллар көлемiнде жәрдем жасады. Кей елдер мен жеке тұлғалар миллиондаған долларды ақшалай көмек ретiнде жiберген. Оның iшiнде Қазақстан мемлекетi де гуманитарлық көмек берiп, қолұшын созды.

Қазiр ел астанасы Порт-о-Пренс сыртқы әлеммен байланыссыз қалып отыр. Қалада жарық жоқ. Кей жерлерде тiптi, ауыз су жетiспей жатыр. Билiк өкiлдерiнiң айтуынша, алдағы күндерi апатты аймақта инфекция тарауы мүмкiн. Шет елден келген әскерилер мен құтқарушылар жаралылардың бiр бөлiгiн көршi Доминикан Республикасына, Флорида штатының Лаудердэйл және Майами жағалауларына көшiруде. Жергiлiктi билiк елде төтенше жағдай жариялап, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады. Алғашқылардың бiрi болып, Гаитиге құтқарушылар тобы мен 48 тонна арнайы техниканы АҚШ пен Венесуэла жiбердi. Елдегi барлық байланыс жүйесiнiң қатты зақымдануынан шалғайдағы аудандармен хабарласып, жапа шеккендердiң нақты санын анықтау мүмкiн болмай отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ