Жаңалықтар

УКРАИНА: КЕЛЕСI ПРЕЗИДЕНТ КIМ? ЯНУКОВИЧ ПЕ, ТИМОШЕНКО МА?

ашық дереккөзі

УКРАИНА: КЕЛЕСI ПРЕЗИДЕНТ КIМ? ЯНУКОВИЧ ПЕ, ТИМОШЕНКО МА?

17-қаңтарда Украинада президент сайлауының алғашқы кезеңi болып өттi. Әзiрге қара үзiп алда келе жатқан Виктор Янукович пен Юлия Тимошенко. Украинаның қазiргi президентi Виктор Ющенко алғашқы бестiкке ене алмаған.

Аймақтар партиясының лидерi Виктор Янукович әзiрге электораттың 34 пайыз дауысына ие болса, қазiргi премьер Юлия Тимошенко 20 пайыз дауысқа қол жеткiзген. Ал, Виктор Ющенко бар болғаны – 5,33 пайыз дауысты қанағат тұтып отыр. Украина президенттiгiнен он адам үмiткер болғаны белгiлi. Демек, бейбiт төңкерiс нәтижесiнде ел тiзгiнiн қолға алған Виктор Ющенкодан украиналық электораттың көңiлi қалып отырғаны байқалады.

Бастысы – Украина сайлаушылары өткен 2005 жылғы сайлауда ұлттық саяси курс ұстаушыларға басымдық берген болса, бұл жолы экономикалық, әлеуметтiк мәселелердi ту етiп ұстап отыр. Виктор Янукович дамудың ресейлiк курсын ұстанатындықтан Украина сайлаушыларының көңiлiне жақпаған, ал Ющенко Украинада қос тiлдiлiктiң болуы мүмкiн емес екендiгiн кесiп айтқан болатын. Ол дамудың украиналық жолын ұсынды. Бұғаудан ендi ғана босаған Украина үшiн дамудың тәуелсiз жолы, Еуропаға иек арту қызықтырақ көрiнгенi рас. Бiрақ, Еуропа Украинаны сол үшiн маңдайынан сипай қойған жоқ. Әрине, Еуро одақтың Украина мен Грузия үшiн жасап отырған жеңiлдiктерi мол-ақ, алайда, посткеңестiк елдер үшiн НАТО мен Еуроодаққа мүше болу мәселесi таяу арада шешiмiн таппайтыны айқын болған. Еуропаның Украинаны бiрден қолдап әкетпегенi ондағы электораттың көңiл-күйiне де әсер еткен болуы ықтимал. Қалай дегенмен де, төрт жылдық президенттiкте Ющенко демократияның батыстық үлгiлерiн (мәселен, парламенттiк басқару) Украина қоғамына енгiзiп, орыс тiлiнiң аясын барынша тарылтып, мемлекеттiк тiлдiң саяси мәртебесiн арттырғанымен, қос бүйiрден қысқан экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын нақты айқындап бере алмады.

Сонымен қатар, кезiнде Ющенконың ашық жақтасы болған және оның президент болуына ықпал еткен тұлға Тимошенко екеуiнiң арасындағы текетiрес, Ресеймен арадағы газ дауын шешу мәселесiндегi өзара келiспеушiлiк Украина қоғамын әуре-сарсаңға салғаны рас. Украина ТМД-дан ат құйрығын үзiп кетпесе де, БЭК-тi жасақтау, Кедендiк одақ, Ұжымдық қауiпсiздiк аясында құрылған жедел әрекет ету ұжымдық күшi секiлдi интеграциялардың барлығынан бас тартып отыр. Осы уақыт аралығында Ресей Украинамен дипломатиялық қарым-қатынасын үзген жоқ. Бiрақ, талай текетiрестi бастан өткiзгенi белгiлi. Тiптi, Ресей президентi Медведев Ющенко президент болып тұрған кезде Украинаға барудан бас тартатынын мәлiмдеп хат та жазған болатын. Бәлкiм, көршiмен арадағы алауыздық та оның рейтингiсiне белгiлi дәрежеде керi ықпалын тигiзген болар.

Батыс саясаткерлерi Ющенконың келесi кезеңде президент бола алмайтындығын әлдеқашан-ақ мәлiм еткен едi. Бiз өткен күзде Германияда болған сапарымызда немiс саясаткерлерiнен Украина жайындағы пiкiрiн бiлуге талпындық. Сол кезде Ресей президентiнiң Украина президентiне жазған хатына орай өз ойларын бiлдiрген Бундестаг мүшелерi немесе Германияның Федеративтiк сыртқы iстер министрлiгiнiң қызметкерлерi "Ющенко Украинаның келесi президентi бола алмайтындығы анық, сондықтан да Медведев асығыстық жасады" деген ой бiлдiрген болатын.

Сонымен Украинадағы президент сайлауының алғашқы кезеңi өз мәресiне жеттi. Дауыс қорытындыларын есептеу және нақты нәтижесiн шығару үшiн Украинаның орталық сайлау комиссиясы бiр апта уақыт қажет екенiн айтады. Дегенмен, алдын ала жүргiзiлген зерттеулер мен болжамдар бойынша екi үмiткердiң мәре сызығына жеткенi мәлiм болып отыр. Олардың есiмiн жоғарыда атап өттiк. Ендiгi тартыс осы екi үмiткердiң арасында өтпек.

Украина сарапшылары қазiргi басым дауысқа ие Януковичтiң мүмкiндiгiн жоғары бағалағанымен, Тимошенконың одан қалыспауы мүмкiн деген болжамдар айтуда. Қырым мәселесiнде олардың автономиялық мәртебесiн сақтауға және орыс тiлiн екiншi мемлекеттiк тiл етуге уәде берген Януковичтiң жұлдызы Севастополь өңiрiнде жоғары болса, украиналық дамудың ұлттық жолын таңдаған және орыс тiлiнiң мемлекеттiк дәрежеге ие болуына жан тәнiмен қарсы Тимошенконы Ющенконың электораты қолдап кетуi әбден мүмкiн. Сарапшылар екiншi кезеңге өте алмаған үмiткерлердiң сайлаушылары өз дауыстарын Тимошенкоға бередi деген сенiмде. Қазiр Янукович пен Тимошенко арасындағы дауыс алшақтығы 11 пайызға жетiп жығылады. Егер, екiншi кезеңге өте алмаған өзге үмiткерлердiң сайлаушылары Тимошенконы қолдап кететiн болса, жеңiс Тимошенко жағында болуы да әбден мүмкiн.

Президенттiкке үмiткерлер Янукович пен Ющенконы өзара келiсiмге келiп, "егер Янукович президент тағына отырар болса, Ющенко премьер болады" деген жасырын келiсiм-шартты жария еткен едi. Бiрақ, сарапшылар Янукович президент болғанымен, премьер министрдi Рада сайлайтындықтан бұның мүмкiн емес екендiгiн айтады. Янукович сондай-ақ, Тимошенконы да премьер ету ойында жоқ екенiн мәлiм еткен. "Екi рет премьер креслосына жайғасқан Тимошенко қолынан басқару iсiнiң келмейтiндiгiн көрсетiп бердi" деген өз сөзiнде. Демек, бүгiнгi президент Ющенконың алдағы тағдыры да беймәлiм.

Есенгүл Кәпқызы