Жаңалықтар

“АҚМЕШIТ” ҮҢГIРI

ашық дереккөзі

“АҚМЕШIТ” ҮҢГIРI

Оңтүстiк облысының тұрғындары оны киелi мекенге санайды 

Созылып кербез жатқан қазақтың Ұлы даласының табиғаты қандай бай болса, ол небiр аңыз бен шежiреге, адам таңғаларлық таңғажайып кереметтерге де толы. Сондай бiр кереметi мол өңiрдiң бiрi — қазыналы Қаратау аймағы. Бұл аймақты көпшiлiк: "тектiлер мекенi", "киелi мекен" деп орынды атайды. Өйткенi бұл өңiр тұнып тұрған тарих. Бiр ғана Оңтүстiк Қазақстан облысының Бәйдiбек ауданынының өңiрiнде Бәйдiбек баба, Сары бәйбiше, ел аналары Домалақ пен Зерiп ана және олардың бiрнеше ұрпағы мәңгiлiк тыныштық құшағында жатқанын, олардың бастарына әсем кесенелер тұрғызылғанын құлағы түрiк көпшiлiк жақсы бiледi. Оларға баратын даңғыл жол жылдың төрт мезгiлiнде де суыған емес: қысы-жазы ағылып келiп, баба мен аналардың рухтарына құран бағыштап, зиярат етiп жүрген көпшiлiктi көруге болады.

Сол аймақта (негiзiнен Жамбыл мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарында) мекен еткен, бүл күндерi бiр дарақтан тараған бұтақтай өсiп-өнген Ұлы жүздiң Сүлгетай руының негiзiн қалаған бабасы "Ақмолда әулие бейiтi табылыпты" деген жағымды жылы хабар бiздi елең еткiзiп, сол өңiрге жетеледi. …Шымкенттен шығып, оңтүстiк-шығыс бағытта Бәйдiбек ауданының орталығы Шаянға барар тас жолмен жүйткiп келемiз. Күздiң қоңыр шуақты ауа-райы, таудан ескен жiбектей қоңыр самал жел бойыңды сергiтiп, көңiлiңдi жадырата түседi. Моп-момақан жатқан белестер мен тау беткейлерiнде тынымсыз тiршiлiк нышаны бiлiнедi. Егiндiктерде күздiк жұмыстары қызу жүрiп жатса, далаларда қора-қора мал жайылып жатыр. Күнде құлағымызға құйып, көпшiлiктiң үрейiн туғызып жатқан әлемдiк дағдарыс бұл өңiрдi айналып өткендей. Елдiң аманшылығы, халқымыздың торықпағаны көңiлге жылу құяды. — Бұл өңiрде адамзат қолдан әдейi жасап қойғандай табиғаттың тылсым сыр бүккен таңғажайыптарын мол кездестiресiз, — деп тыныштықты бұзып, бiздi сөзге тартқан қасымызда серiк болып келе жатқан шымкенттiк дәрiгер-ғалым, хирург, профессор Оңласбек Құдайбергенұлы Құлакеев. — Анау алдымыздағы Қаратаудың бойындағы шатқалдарына кiрiп кетсеңiз небiр кереметтiң куәсi боласыз. Онда мөп-мөлдiр тау бұлақтары мен өзендер, ағаштардың, өсiмдiктердiң нешебiр түрлерiн кездестiресiз. Жабайы өскен алма, өрiк, жаңғақ ағаштары да ұшырасады. Тiптi, басқа өңiрде жабайы өспейтiн жүзiм де бар. Бұл өңiр аң мен құсқа да бай. Тамашалап жүре берсеңiз түрлi таңғаларлық көрiнiстi ұшыратасыз. Алдымызда жолдың оң қанатында көрiнген Нұрила, яғни Домалақ ана кесенесi. Атбасымызды сонда бұралық", — деп ол ұсыныс жасады. Аппақ түстi мәрмәрмен қапталған Нұрила ананың еңселi кесенесi, расында, менмұндалап алыстан көз тартады. Бiраз жылдан берi қамқорлыққа алынғаны бiлiнiп-ақ тұр, құныттап көкжелекке көмкерiлген аумағы бiраз жердi алып жатыр. Көпшiлiктiң қолдауымен жан-жағы жақында қайта реттелiп, жолдарға табиғи қызыл тас плиталар төселiптi, ағаштар мен гүлзарларды суғаратын түтiкшелер тартылып, түнде жарық беретiн шамдар жаңартылыпты. Анамызға бағыштап құран оқылғаннан кейiн шырақшы Қуаныш Оспанов қарияны сөзге тарттық. Ол Домалақ ананың тарихы жайлы қысқаша мәлiмет бере келе: — Бiздерге жеткен аңызға сенсек, Бәйдiбек бабамыз дүниеден өткен соң, жалғыз ұлымен қалған Нұрила апамыз қайын iнiсi Шақшамға: "Маған әмеңгерлiк салтымен үйленсең, қазақтың жерiне бөтен жау басып кiре алмайтындай ұрпағың көп болады" — деп, елдiң ертеңiн ойлап, жердiң бiрлiгiне алаңдайды. Бiрақ, тарихтан белгiлi, Шақшам жеңгесiнiң бұл сөзiне құлақ аспай, оған қосылмайды. Егер қасиеттi ананың сөзiн қайнысы жықпай, отау тiккенде, елдiң қанаты кеңейiп, бұл күндерi бiр дүйiм ел болатынымызға күмән жоқ. Қазiрдiң өзiнде Бәйдiбек бабадан тараған Дулат, Албан, Суан, Ысты, Шапырашты, Ошақты, Сарыүйсiн тайпасы Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын мекендеп, өсiп-өнiп отыр. Бәйдiбек баба мен оның әйелдерi жайлы мәлiметтердi сонау ертеректе осы өңiрде болып, зерттеу жүргiзген белгiлi этнограф-саяхатшы Николай Аристов пен қазақтан шыққан алғашқы үлкен ғалым Шоқан Уәлихановтың еңбектерiнен ұшыратасыз. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүрi бойынша Домалақ анаға деген құрмет пен сүйiспеншiлiк көбеймесе, азайған емес. Одан өрбiген ұрпақтары Нұрила ананың ерекше қасиеттерiн жыр қылып, тiптi аңызға айналдырып жiбердi. Бүгiндерi тектi Ана есiмiн бүкiл Алаш, тiптi түркi әлемi жақсы бiледi, ерекше құрметтейдi. Онысы орынды болар. "Ей, кемеңгер, түзу ұста тiзгiндi, Ұмытып кетпе, ойлан шыққан тегiңдi", — деп дана аталарымыз бекер айтпаған болар". Байжансайға баратын тас жол бойындағы бiрнеше белдерден асып, Кеңестөбе аулынан шығаберiстегi жол жиегiнде "Ақмолда әулие" деген көрсеткiштi көзiмiз шалды. Даланың топырақты ирелең жолына түсiп 10 шақырымдай жер жүрдiк. Алдымызда көзге еленiп, көрiне бермейтiн шағын тау сiлемi — күнге күйген тасты дөңдер кездестi. — Анау қырда көрiнген шағын үй – шырақшының үйi. Одан берi, сайда — бiз iздеп келе жатқан Ақмолда әулиенiң мекенi Ақмешiт үңгiрi, — дедi профессор Оңласбек Құдайбергенұлы алдымызда мұнарлап көрiнген үйдi көрсетiп. — Маңғыстаудағы әйгiлi Бекет ата мешiтi кершiк ақ тас арасынан қолдан қазылған десек, бұл мешiт табиғаттың адамдарға берген керемет таңғажайып сыйы, оны табиғаттың "қолымен" жасалынған дап-дайын тұрған зәулiм мешiт десең де болады. Қазiр оған көздерiңiз жетедi.., — деп Оңқаң бiздi тiптi ынтықтыра түстi. "Оңтүстiк Қазақстан" облыстық қоғамдық-саяси газетiнiң тiлшiсi Лаура Тастанбекова "Тарихтың сыры, табиғаттың нұры — Ақмешiт" деген мақаласында Қаратаудың шатқалындағы үңгiр жайлы былай деп егжей-тегжей жазыпты: "…Бiрлiк, Кеңестөбе елдi мекендерi аумағында орналасқан үңгiр кiмдi де болса таңырқатпай қоймайды. Күн сүйiп, қурауға айналған, ұшқан құс пен көгерген талы жоқ, топырақты жазық даладағы бұл жер Тәңiрдiң тартқан сыйындай… Себебi, бiз айтқан табиғат таңғажайыптарының бәрi осы ұядай ғана үңгiрде тiршiлiк етедi. Дегенмен, сырт көзге шағын көрiнгенiмен, Ақмешiттiң iшi кең. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ертеде жаугершiлiк заманда Есiркеп Қойгелдi батыр Ұлы Бөген мен Бала Бөген өңiрiнде он мыңнан астам қол жинап, қалмаққа қарсы соғыспақ болады. Сонда аяқастынан нөсер жаңбыр жауып, жауынгерлер таң намазын үңгiр iшiнде оқыпты. Олар әулиелi мекеннiң кереметтiгiне таңданып, бұл жерге өздiгiнше ат қоймақ болады. Кейбiреулер "Есiркеп", "Қойгелдi" деп атау керектiгiн айтады. Бiрақ, бұған қарсы болған батыр қасиеттi мекеннiң атауына лайықсыз болсам, киесi кешпес деп ойлап: — Үңгiрдiң iшi кең, тастары қандай аппақ болса, өзi де сондай нұрлы. Он мыңнан астам сарбазға пана болып, таң алдында бәрiмiз сәждеге бас қойған жер асты мешiтi екен. Ендеше, бұл жер Ақмешiт деп аталсын, — дептi. Бұл кезде жауынгерлердiң аттары үңгiрдiң алдында байлаулы тұрған. Әулиелi мекеннiң кереметi, осыншама жылқыны қалмақтардың көзiнен жасырып қалған деседi. Сөйтiп, желе жортып бара жатқан жауға тұтқиылдан соқтыққан сарбаздар шайқаста қалмақтарды жеңедi. Ал, қаншама адамның қаны судай төгiлген жер Қызылқақ деп аталыпты. Қазiргi кезде Ақмешiт үңгiрiне апарар жол бойынан қара қошқылданып жатқан қызылқоңыр топырақтарды әр жерден көруге болады". Тау беткейiндегi үңгiр алдындағы шамалы жер тегiстелiп, бiрнеше орындықтар орнатылыпты. Адам бойындай қызыл гранит тасқа "Ақмолда әулие" деген жазу өзiне көңiл аудартады. Бұл тасты 2006 жылы халық емшiсi Ермек Мырзакелдiұлы орнатыпты. Үңгiрдiң "аузы" 30 х 25 метрдей, сырттан қараған адамға тереңдiгiне көз жетпейдi. "Биссимиллә" деп арнайы жасалған үш бұрылымды темiр баспалдақтармен тау жынысының тереңдiгiне сүңгiп кеттiк. Үңгiрге түсiп бара жатып, оның iшiнде жап-жасыл жапырақты, биiк өскен ондаған тұт ағаштарын көрiп таңғалмау мүмкiн емес, нағыз ғажапқа тап болдық. "Япырау, төңiрегiнде бiр тал өспеген тау беткейiндегi үңгiрде қалайша, қайдан жасыл ағаштар көктеп тұр" деген ой келедi ерiксiз.Үңгiр iшiне күн сәулесi мол түсiп, қабырғалардағы ақ тастарға шағылысып жап-жарық болып тұр. Ауасы жанға жайлы, қоңыр салқын. Әр жерден қарлығаштар мен басқа да құстардың шықылықтағаны, ұяларынан көлбей ұшып, сыртқа еркiн кiрiп-шығып жүргенiн байқадық. Үңгiрдiң iшiнен жоғары қарағанда аспан кеңiстiгi бойтұмар пiшiндес, киiз үй шаңырағы сияқты болып көрiнедi екен. Үңгiрдiң ұзындығы 250 метрге жуық, енi 70 метр, биiктiгi 35-40 метрдей болады-ау, сiрә. Әр жерден әртүрлi көлемдi тастар үйiндiсi көзге шалынады. Бiрнеше жерге орындықтар орнатылып, келушiлердiң үңгiрдi тамашалап, тыныстап, бiр мезгiл тiзе бүгуiне жағдай жасалыныпты. Әулие үңгiрдiң шырақшысы Асқар Рүстембекұлының мәлiметi бойынша, бұдан он бес-жиырма шақты жыл бұрын үңгiр iшiндегi ағаштар базбiр себептермен (осы төңiректегi ауылдардың балалары мұнда анда-санда соғып, жемiс-жидек теретiнi бар екен) үңгiрде өртенiп кеткен. Қазiргi көктеп, көздiң жауын алып тұрған талдар — тұт ағаштары сол ағаштардың тамырынан өсiп-өнiптi. Үңгiрдегi қураған талдарды сыртқа шығарып, тазалау жұмыстарын шырақшы өзiнiң балалары және немерелерiмен бiрге атқарады. Ал, тастардың арасынан су тамшылап, ұя салған құстардың мекенiн өз көзiмен көрген әрбiр жан жәннаттың бағы осы екен деп ойлары күмәнсiз. Мұндағы құс саңғырығының қоры құстардың ғасырлар бойы мекендеп келе жатқанын байқатады. Ия, Жаратушы мен табиғаттың шеберлiгiнде шек бар ма, сiрә?! Үңгiрдiң шырақшысы А.Рүстембекұлының бұл жерге құмарлығы бала кезден, яғни өткен ғасырдың 40-шы жылдары басталыпты. Әкесi есекке мiнгестiрiп, осында әкелетiнi, отырып ұзақ құран оқитыны есiнде. Үңгiр iшiндегi бүлдiргендердi жеп өскен ауыл-аймақтағы балалар киелi мекеннiң тылсым сырына терең үңiле бермейтiн. Айтушыларға сенсек, ол кезде үңгiр iшi бұдан да кең болыпты, ал жылдар өте келе таулар да шөгiп бара жатқанға ұқсайды. — Бұл жердi ауыл қариялары ертеден-ақ, “жерасты мешiтi” деп айтатын. Аңыз бойынша, ертеде Ақмолда деген әулие кiсi қақпа тастың арасынан кiрiп-шығып жүрген. Жанында айдаһар мен диюы болған деседi. Жәндiктер ешкiмге тиiспесе де, олардың атының өзiнен қорыққан халық жиылып келiп, әулиеге: "Егер айдаһар мен диюды байламасаң, сен өмiрден өткен соң ешкiмге бой бермейдi" дейдi. Сонда Ақмолда оларға жәндiктердi байлайтынын, бiрақ бұл оның өмiрiн қысқартатынын айтыпты. Сөйтiп,әулие ата көптiң тiлегiмен айдаһар мен диюды бұл өңiрден аластапты, — деп сөзiн жалғастырды Асқар қария. — Ақмолда ата дүниеден озар алдында өзiнiң сүйегiн осы Ақмешiт үңгiрiне жерлеудi аманат етiптi. Әулиенiң бейiтi осы үңгiрде. Қазiргi кезде бұл жер бiр перзентке зар болып жүргендерге Жартушының қолдауымен қуаныш сыйлайды. Ауылда Әжiпбай деген кiсiнiң алпыс жасқа келгенше перзентi болмады. Осында ата-бабалар рухына құран бағыштап, Тәңiр тiлеуiн бергеннен кейiн бiр қыз сүйiп, тоқсан бiр жасында дүниеден озды, — дейдi шырақшы. Халықтың аузындағы аңызға сенсек, мұнда бұрынырақта Арыстанбаб, Сайрам ата кесенелерiне дейiн апаратын жерасты жолы болған көрiнедi. Көпшiлiк арасында әулиелi мекен туралы "шаршағанға дем беретiн, ұл сұрағанға – ұл, қыз сұрағанға – қыз беретiн қасиеттi жер" деген сөз бар. Киелi мекенге перзент көрмеген ерлi-зайыптылар, көзi ауырғандар түнеп, мiнәжат етедi. Зиярат етiп келушiлер арнайы дайындалған орында ата-бабалар рухына арнап құран бағыштайды. Ал, үңгiр тастары арасындағы орынтаққа шыққан адамдардың қызметi жоғарылайды деген сенiм де жоқ емес. Бұрын келушiлер төмен қарай арқанмен жасалған сатыдан түсетiн болған, сөйтiп, ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Ақмешiттегi Ақмолда әулиенiң басына ескерткiш белгi қойылып, 25-30 адамдық үй-жай салынған. Ал, былтыр кәсiпкер азамат Эдик Болатбековтың демеушiлiгiмен түсiп-шығуға қолайлы темiр баспалдақ орнатылыпты. Соңғы жылдары елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен, әсiресе, көктем, жаз, күз мезгiлдерiнде адамдар мұнда көп келедi. 2005 жылы шыққан Оңтүстiк Қазақстан энциклопедиясына енген деректерде Ақмешiт үңгiрiнiң туристiк маңызы бар екенi даусыз… Ақмолда ата – Қаратау өңiрiнде емшiлiгiмен елге танымал болған аруақты кiсi болғаны тарихтан белгiлi. Ауырған, дiмкәс жандарды әртүрлi шөптермен, өсiмдiктердiң тамырымен, табиғаттың таза өнiмдерiмен, сүлiкпен емдейдi екен. Келiндерi сыйлап алғашқы жылдары "Сүлiк салатын ата", "Сүлiк ата" дей келе, бiрте-бiрте Сүлгетай әулие атанып кетiптi. Оның екi әйелiнен 8 ұл (Құжығыр, Есеншора, Байтығай, Төртсары, Боқмұрын, Есеншора, Шелек, Көзтамғалы) дүниеге келiп, олардан тараған ұрпақ бұл күндерi Қаратау өңiрiнде бiр дүйiм ел болып өсiп-өнiптi. Қазiргi кезде Сүлгетай атадан тараған мыңдаған ұрпақ негiзiнен Жамбыл мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарында, көршi жатқан Өзбекстанда тұрып жатыр. Жолымыз түсiп тау шатқалында орын тепкен Бәйдiбек аулындағы Бәйдiбек бабаға арналған кесене мен Қос ана белгiсi бар Зерiп ана мен келiнi Сыландыға арналған киелi жерде де болдық. Қос ана ескерткiшiнде Бәйдiбек әулетiнiң келiндерiнiң есiмдерi тасқа қашалып жазылған екен. Олар — Қарашаш, Жұпар, Сыланды, Тәуекелбибi, Бибiфатима. — Бұл өңiр тектiлер мекенi, тұнып тұрған тарих, аңызға толы киелi аймақ. Домалақ ана Сыланды келiнiне "Ағарып алдыма түспесең де, қарайып соңымнан қалма" — деп бата берiптi. Сол Сыланды шешемiзден Ысты, Шапырашты, Ошақты ұрпақтары тарап, бүгiнде бiр қауым ел болып отыр. Домалақ ана туралы ел арасында аңызға айналған нешебiр керемет сөздер бар. Жарықтық, анамыздың аузы дуалы болған ғой. Берген батасы мiрдiң оғындай орындалады екен, — деп тереңнен сыр шерттi Қос ана кесенесiнiң шырақшысы Күмiскүл апай Қожамқұлқызы. — Саналы, иманды, қолы ашық, жаны жайсаң азаматтарға үлкен рахмет. Аталар мен аналар рухын қолдап, әрдайым қолұшын берiп отырады. Өткен жылы абзал азамат Серiк Үмбетов зиярат етiп келушiлер үшiн демалып, ас-су iшетiн арнайы үй тұрғызып бердi. Тәубе, игiлiктi iсiмен елге танылып жүрген азаматтар ел iшiнде баршылық… "Ақмешiт" үңгiрiн барып көрiп, табиғаттың шеберлiгiне, кереметтiлiгiне таң болдық. Табиғат-анада көпшiлiк бiлмейтiн әлi де талай жұмбақ, сырға толы дүние мол екенiне көзiмiз жеттi. Бұл киелi де қазыналы Каратау өңiрiндегi адам таңғаларлық, ғажайып табиғаттың айта жүрер орын-мекенi екенiне еш дау жоқ. Алдағы кезде белгiлi қаржылы азаматтар сол жұмбаққа толы үңгiрдiң төңiрегiн, iшiн, оған баратын жолды ретке келтiрiп, туристiк жоспарға енгiзсе қуанарлық iс болар едi деген тәттi қиял санамызды қытықтайды. Бәйдiбек бабаға, Қос анаға, Домалақ анаға ниет етiп барған көпшiлiк мiндеттi түрде сандаған жылдардан берi ел аузында жүрген Ақмолда әулиеге де атбасын бұрып, табиғаттың ерекше шеберлiгiмен жасалынған үңгiрiн тамашалап, қызықтар едi, көпшiлiк айта жүрер едi (ретке келтiрiлсе ол Қара теңiз жағасындағы Жаңа Афон, Киевтегi жер асты үнгiрлерiнен оның несi кем?!). Ой таразысынан өткiзiп, бiздiң бұл ұсынысымызды белгiлi азаматтар қолдап, қолға алса көпшiлiк үшiн аса бiр игiлiктi iс болар едi-ау деген оймен киелi мекеннен аттандық. Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор