Жаңалықтар

ҚОНАЕВТЫҢ ӨЗБЕКСТАНҒА САПАРЫ

ашық дереккөзі

ҚОНАЕВТЫҢ ӨЗБЕКСТАНҒА САПАРЫ

Алтыншы қараша. Бiр мың тоғыз жүз тоқсан екiншi жыл. Таңғы сағат жетi жарым кезiнде Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облысының шекарасында мәртебелi мейман Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевты қарсы алу әзiрлiгi жүрiп жатты. Ел ардагерлерi Сыпақұл Малдыбеков, Iлебай Мұсабаев, әкiм Бегiм Серiков, Пердебай Тәңiрбергенов, ақын Бөрiбай Оразымбетов және т.б. осында. Сәлден соң бұларға Ташкенттегi Шымкент облысының өкiлi Қаражан Әбiләзiмов, "Азан" қозғалысының жетекшiсi Бибiгүл Ахметова қосылды.

Ташкенттегi кездесу туралы газеттер жазған. Қонаевтанушы Серiк Әбдiрайымұлы тiлшiлер Д.Қонаевтың сұрақтарға жауаптарын қалай жариялады екен деп сұрастырып жатыр. Себебi, тiшiлер тарапынан бiрқатар құйтұрқы сұрақтар қойылып, Димекең аса ұқыптылықпен жауап берген едi.

Жызақ қаласындағы облыстық М.Раджаби атындағы музыкалық драма театрының маңдайшасына: "Шараф Рашидов – халық жүрегiнде" деп жазылған. Шараф Рашидовтың 75 жылдығына арналған салтанатқа көршi республикалардың басшылары да келген.

Қазақша киiз үйлердi Сұлтан Сегiзбаев атындағы совхоз және бiрқатар аудан мекемелерi тiгiптi. Мырзашөл ауылының киiз үйлерiнен ән-күй, думан, шалқыған көңiл лебi байқалады. Мырзашөлдiң үлкен-кiшiсi түгел – тайлы-тұяғына дейiн осында.

Шараф Рашидов ескерткiшi ақ жамылғымен ораулы тұр. Халық көңiлiндей ақ жамылғы ашылар сәтiн күтуде.

“Құл Қожа Ахмет, тағат қыл,

Өмiрiң бiлмен неше жыл”, — деп өзбекше ән айтылып жатыр.

Қонаев келiп Шарафтың әйелiмен амандасты, ұл, қыздарын көрдi.

— Басынан аяғына дейiн болайын деп келдiм, досыма, — дедi Димекең.

— Рахмет, — дедi Хурсанай апа. Ұлы Илхом, қызы Сайера да ризашылықтарын бiлдiрдi. Жызақтың әкiмi Еркiн Тұрсынов сөздi жалғастырып жатыр.

Ескерткiш ашылды. Ғафуров, Мұхиддинов, Қонаев үшеуi гүл қойды.

— Осындай да күндер болады екен-ау, ака, — деп Хурсонай көзiне жас алды. Оны Худайбердиев келiп жұбатты.

…Юнус Раджаби атындағы театрда Шараф Рашидовты еске алу салтанаты басталды. Зал салтанатқа қатынасушыларға лық толған екен. Жиынды ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы И.Х.Жорабеков ашты.

Баяндама үшiн сөздi республика Президентi И.Каримовқа бердi.

Ол кiсiнiң негiзгi тоқталған мәселесi — Республиканы ширек ғасыр басқарған белгiлi партия және мемлекет қайраткерi Ш.Рашидовқа және бүкiл өзбек халқына нақақтан жала жабылып, "Мақта iсi" деген атаумен Мәскеудiң қыспағына түскенi, әдiлетсiздiк туралы болды. "Сол кездегi Мәскеуден келген" "десанттардың" мақсаты — жергiлiктi жердегi Ш.Рашидовқа қарсы адамдардың қолдауымен, барлық Өзбекстанда жасалған жақсы өрлеу кезеңдерiн жоққа шығару, түрлi жалалар жабу, халықтың ар-ожданын қаралау едi. Сол себептi, Жызақтың орталығындағы екi рет Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған Ш.Рашидовқа орнатылған бюсттi алып тастауы, көмiлген мәйiтiн қайта жерлеуi сияқты адамгершiлiкке, пендешiлiк шеңберiне сыймайтын сорақылықтар болды. Республикада жаппай тергеу, тiнту, абақтыға жабу, басшылардың барлығын жанұяларымен қоса тiнту, қорлау, азаптау кезеңi болды. Мiне, бүгiн осы мәселенi бiздер, республикамыз егемендiгiн алған соң қайта қарап, әдiлеттiк пен ұлтымыздың ар-намысын қорғап, орынсыз қаралағандарды ақтап, абыройын өз орнына қоюға қаулы жасадық.

Бұл мәселенi елiмiздiң ең ұлы азаматы Ш.Рашидовтан бастап отырмыз. Ол кiсiнiң барлық жақсылықтары, атақ-шендерi қалпына келтiрiледi. Сол үшiн жиналдық. Онан соң басқа кiсiлердiң мәселелерiн Жоғары Кеңестiң арнайы комиссиясы қарап, Жоғары сотқа енгiзедi”.

Жұрт ду қол шапалақтап, орындарынан тұрып қолдап, қуаттады. Онан соң, бiрiншi болып Д.А.Қонаев сөз сөйледi.

— Рашидовты ақтау — өзбек халқын ақтау, — дей келiп, — Шараф өткiр, бағытын анық ұстанған, өзбек халқын керемет сүйетiн асыл адам едi. Бұқарада алтын кендерiн ашу және Маржанбұлақ кенiшi туралы Ш.Рашидов Саяси бюроға мәселе қойды. Бюро қабылдамады. Оңаша бiр сәтте бұл кен мен кенiштiң мәнiн маған түсiндiрдi. Мен келесi бюрода қабылдаттым. Кейiн Рашидов та Лениндiк сыйлыққа ие болды.

Қонаевтың сөзiне дән риза болған жұрт тiк тұрып қол шапалақтады. Шарафты жамандағандардың кейбiреулерi осы театр залында отыр едi. Олардың мазасы кетiп, құты қашты. Бұл туралы "Правда Востока" (7.11.92) газетi жазды.

— Не күндердi көрмедiк, не қорлықты бастан кешiрмедiк. Үйiмiздi тартып алды, бала-шағамызбен қуғынға түсiрдi. Кеселге ұшырадық. Жұрттың бетiне қарай алмай қалдық. Осындай да ауыр күндер болады екен-ау, — деп жылады Хурсунай апа.— Қазiр мен емес, менiң жүрегiм сөйлеп тұр.

Залдағы көп адам бiрге жылады. Сыпақұл Малдыбеков те көзiн сүртiп отырды. Күйеуiн Хурсанай апа: “Шараф ака” дейдi екен.

Түрiкменстаннан М.Гапуров, Тәжiкстаннан И.Саматов, тағы басқалар сөйлеп, қолдап қуаттап, рахметтерiн жаудырды.

– Каримов баяндамасының мазмұнын сараптап, өткенге ой салсақ, — дейдi Бегiм Серiков. — Менiң алған әсерiм арықта ағып жатқан суды керi қарай ағызғандай болды. Себебi, 7-8 жылдан бастап, Мәскеу қоғамының пiкiрi, тiптi сол залда отырған басшылардың бiразы Рашидовтың Өзбекстандағы басшылық, қайраткерлiк қызметтерiнiң тек көлеңке жақтарын iздеп, оны түрлi басылымдарда әсiрелеп, бояуын қойылтып жазған едi. Мен өзiм 1984 жылғы маусымда өткен, КОКП ОК-нiң хатшысы К.Лигачев қатысқан, Өзбекстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетiнiң ХVI пленумында өз құлағыммен естiген сөздер естен шығарлықтай емес едi.

"Ш.Рашидов жан-жағындағылардың барлығын гипноздап қойған, айлакерлiк жасаған", "шарафрашидовщина" деген сөздер бiрiншi рет айтылған-ды сонда.

Бұл Пленум айтыс-тартысқа айналып, көзделген мақсатқа жету екiталай болып қалған кезде, залдың артқы жағынан бұрынғы Министрлер Кеңесiнiң төрағасы қызметiн атқарып келген Н.Ж.Худойбердиев трибунаға шығып, өз пiкiрiн былай айтты да:

"Құрметтi жолдастар, егер бiз ел боламыз десек, халыққа қызмет етемiз десек — бiрiгейiк!" Бүгiнгi дау-дамайды басқа уақытқа, басқа залға қалдырайық. Бүгiн мына алдымызға тартылып отырған баяндаманы саяси-экономикалық тұрғыдан терең көрiп шығып, жақсартайық. Орталық Комитеттi, оның басшыларын сайлап алайық. Жаңадан жұмыс бастайық, сол үшiн келiңдер, бiрiгейiк!" — деп ұран тастады. Залдағы дау, айғай-шу су сепкендей басылып қалды. Жиналыс өз бағдарламасымен, әрi қарай жүргiзiлдi де, тиiстi қаулылар қабылданды.

ХХI съезде И.Б.Усманходжаев жасаған баяндамада, сөзге шыққан делегаттар, әсiресе Рашидовтың ең сенiмдi қызметтестерi Орталық Комитеттiң, оның басшыларының жұмыстарын бүтiндей қаралап шықты. Бұл жерде Мәскеудiң тiкелей ұр да жық нұсқауы, тапсырмалары айқын көрiнiп тұрды.

Онан соңғы тiршiлiктер көпшiлiкке белгiлi "Мақта iсiнiң" айналасында болды. Москвалық тергеушiлер Т.Гдлян, А.Ивановтар бүкiл Өзбекстанды дүрлiктiрдi, әсiресе жоғарғы сатыдағы басшыларға қатты шүйлiктi. Орталық Комитет хатшылары, Министрлер Кеңесi басшылары, облыстық партия комитеттерiнiң бiрiншi хатшылары, көптеген аудан, шаруашылық басшылары тергеуге түсiп, сергелдең болды, абақтыға жабылды. Барлығы болып 25 мыңға жуық үлкендi-кiшiлi басшыларға айып тағылды, бүкiл Өзбекстан халқына үлкен қара дақ түстi.

Ш.Рашидовты ақтау осы қара дақтан бүкiл өзбек халқын ақтаудың алғашқы батыл қадамы едi. Бүкiл iс-шара халық үшiн өте жағымды, қолдау табатын әрекет болатын. И.Каримовтың Президенттiк дәуiрiнiң басында жасаған ерлiгi, батылдығы, бiржақтылығы, халқының алдында үлкен абыройға кенелттi.

Әрине, бұл ел басына түскен ауыртпалық науқан Ш.Рашидовтың туып-өскен жерi — Жызақты да шарпып өткен-дi. Ол кiсiге жақын деген сылтаумен Жызақ облыстық партия комитетiнiң хатшысы абақтыға жабылды. Облыстық Iшкi iстер басқармасының бастығы генерал кенеттен көз жұмды. Жызақ қалалық комитетiнiң бiрiншi хатшысы, облыстық халықтық бақылау комитетiнiң төрағасы, Кәсiподақ комитетiнiң төрағасы партиялық жазасын алып, қызметтерiнен кеттi. Оңдаған аудан, шаруашылық басшылары, мақта тазалау зауыттарының директорлары, орта буындағы қызметкерлерге дейiн жауапқа тартылды.

Мырзашөл ауданының мақта зауытын, шаруашылықтарын Т.Гдлян тобының екi тергеушiсi алты ай жатып тексердi. Бiрақ iлiнетiн iлмек таба алмай, сарсаң болды. Ақырында топшылап айып қойды, Иiржар зауытының бiраз басшыларын, адал кiсiлердi жауапқа тартпақ болып, құжат түздi. Сотқа барған кезде ол құжаттардың дәлелсiздiгi анықталып, алты ай жүрген жүрiстерi, жасаған жаласы жоққа шығып, жеңiл-желпi жазамен көпшiлiгi қатарға қайта қосылды. Бұл жағдайды көп кiсiлер түсiне алмай,"Неге бұлар аман қалды?" деп таңырқап, тiптi көре алмағандары да болды.

Осындай ақтау жиынынан соң, көтерiңкi көңiл күйiмен Елбасы И.А.Каримовтың қатысуымен берiлетiн қонағасына келдiк.

Димекең басшылардың бұл игiлiктi жұмысын өте жоғары бағалап, тост көтердi. Президенттiң батылдығын, Тәуелсiздiктiң кереметiн халық, әрбiр адам сезiнiп отырғандығын, көптiң алғысын алатын тарихи шешiм екендiгiн баса-баса айтты. И.Каримов орнынан тұрып, Димекеңдi құшақтап сүйiп, шынаяқтарын соғыстырып, дән риза екендiгiн сездiрдi. Сол жерде дүйсенбi күнi сағат 10.00.-де резиденциясында күтетiндiгiн де айтқан екен. Белгiлi қайраткердiң мерейтойы осылайша жақсы аяқталды. Кешке Президент И.Каримов қонақасы бердi.

Димекең оған көрсеткен құрметiне алғыс айтты. Бүкiл жұрттың бәрi орындарынан тұрып, қол соқты. "Бустон" рестораны — тарихи орынға бiр сәтте-ақ айналды. Қаладағы мейманхана, музей-мұражай, театр бәрi орналасқан алаң — халық думанына айналып, театрда үлкен концерт болды…

Жетiншi қараша, 1992 жыл. Қазақстандық делегацияны кәдiмгi тарихи орын — Самарқанға жол сапарға алып шықтық. Облыстың шекарасында әкiмнiң орынбасары А.Нуруллаев күтiп алды. Тарихи жәдiгерлiгi мол қаламен танысу Ұлықбектiң обсерваториясынан басталды.

Осы жерде күтiп тұрған экскурсовод бiрден тарихты айтып, ғарыш әлемiндегi жұлдыздарды зерттеудегi Ұлықбектiң ғылыми жетiстiктерiнiң дүние жүзiнде сол уақытта теңдесi болмағанын тұжырымдады.

Онан соң "Шахи Зинда" қабырстанына бардық. Мұнда Димекеңнiң көңiл қойғаны Халифа Саиид Аббас Ұлы Әзiрет Құсамның қабырына зиярат ету болды. Әзiрет Құсам — ағасы Аббастың ұлы. Оның анасы Хорис қызы пайғамбардың әйелi болған Маймунаның сiңлiсi. Әзiрет Аббастың төрт ұлы болған, бәрi де мұсылманшылықты енгiзу жолында күрескен:

1. Фазл мазары — Шам уәлаятындағы Ярмұқ деген жерде;

2. Абдулло — Мекке маңындағы Тоиф уалаятында;

3. Убайдулло мазары — Мәдинеде;

4. Құсам мазары — Самарқанда.

Әйгiлi миссионер Құсамның Самарқан халқына мұсылманшылықты мойындату мақсатына Араб елiнен келiп жасаған жорықтары Димекеңе тарихтан мәлiм екен. Сол жорықтардың бiрiнде шейт болған соң, бұл жердегi халық қайтадан пұтқа табына бастаған. Осыдан кейiнiрек Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбардың сәлемiмен, асаба Құтайба жетi ай қырғын соғыспен мұсылмандықты мойындатқан. Жергiлiктi молдалар осы қабырдың басында Құран оқыды, бiз өз ниеттерiмiздi бiлдiрдiк.

Имам Мұхамед ибн Исмаил Бухарий — "Сахехи Бухарий" кiтабының құрастырушысы. Бұл кiтапта бiр мың алты жүз хадис қағидалары жинақталған. Қасиеттi Құраннан кейiнгi мұсылмандардың, Ислам дiнiнiң ережелерi (ғибадат) және құқықтарының негiздерi жазылған. Қожа Исмаил Бухарий Самарқаннан 16 шақырым жердегi Хартанак қыстағында 869 жылы жерленген.

Қазiр ол кiсiнiң мақпарасы қайта құрылып, жаңартылған. Дүниежүзi мұсылмандары зиярат ететiн киелi орын болып қалыптасты.

"Гур эмир" тимуридтер династиясының мавзолейiн Әмiр Темiр көзiнiң тiрi кезiнде Мухамад Сұлтанның медресесiн көруге барған кезде сол медресенiң күнбатар жағынан өзiнiң қабыры үшiн мәрмәр және көк тастардан биiк күмбез орнатқызған. Осы күмбездiң терiстiгiнен кең ауласы бар медресе салдырған. Өзi салдырған күмбезге алғашқы етiп ең жақсы көретiн, қиын кезде жәрдем берген Саиид Борананың қабырын жайғастырады. Оның "аяқ жағына менi көмесiңдер" деп аманат айтқан. 1405 жылы ақпанда Ә.Темiр 300 мың атты әскерiмен Қытайды жаулап алу үшiн жорыққа шығады. Отырар маңында науқастанып, Түркiстанның бегi Келдiбектiң үйiне қонады да, сол жерде қаза болады. Бес күн алып жүрiп, оның мүрдесiн Самарқанға жеткiзедi. Өзiнiң орнатып кеткен кесенесiне тас сандықтың iшiне салып жерлейдi. Қазiр Сұлтан Шахрух мырза, Мироншох, Мухамад Сұлтан және мырза Ұлықбектердiң қабыр тастары бiр күмбездiң астында жатыр. Олардың рухтарына арнап Құран оқылып, бата жасалды.

Самарқанның туристерден бос болмайтын тарихи жерi — Регистан алаңы. Мұнда зәулiмдiгiмен, Орта ғасыр сәулетшiлерiнiң құрылыстағы өнерiнiң шыңын байқататын үш бiрдей медресе бар. Олардың алдыңғы қақпалары бiр-бiрiне қаратылып орналастырылғандықтан, ортасынан алаң пайда болған. Мiне, осы алаң — Регистан.

Шердор медресесi Ұлықбек медресесiнiң қарама-қарсы, күн-шығыс жағында. Бұл медересенi 1628 жылы Жалаңтөс Бахадур құрдырған. Медресе Самарқандтағы ең көрiктi ескерткiш, оның биiктiгi қиялға сыймайды, үлкендiгi көздi алады, бiр алып таудай әсер қалдырады. Оның қақпасының жанына екi арыстанның (шер) суретi салынған, одан жоғарырақ арыстандардың басына нұр сәуле шашып тұрған күн, екi шетiне екi зәулiм күмбездер, әр күмбездiң ең төбесiне гүлшоқтардың суретi салынған.

Тiлләқары жәми мешiтi "Ұлықбек және Шердор" медресесiнiң терiстiк жанында құрылған. Қала халқы қазiрге дейiн осы мешiтте жиылып намаз оқиды екен. Бұл медресенi де Шердордан он жыл кейiн Жалаңтөс Бахадур салдырған.

“Жалаңтөс Бахадур деген кiм болған?” деген сұраққа жауап беретiн болсақ, ол кiсi жас кезiнде Бұхара хандығында қызмет еткен. Кейiнiрек жиырма жылдың маңында Иномкулихонның тұсында Самарқанның Бегi болған. Қазақтың Кiшi жүзiнiң Алшын атасының ұрпағы. Жалаңтөстiң қабыры Самарқаннан 8 шақырым жердегi Дағбит қыстағында, Махдулли Әзiмнiң аяқ жағында жатыр.

Бұл тарихи ескерткiштердi көзiмен көрiп, құлағымен анық деректердi естiген қазақстандық қонақтар таң қалды. Таңдайын қағып, рухтары бiр көтерiлiп қалғандай болды.

Өзбек тарихшылары Жалаңтөстiң ұрпағы қазаққа тiрелетiндiгiн, оның оңдаған жылдар Самарқанды шапқыншылықтан қорғағанын ашық айқын жазғысы келе бермейдi. Тек айтатыны — "алшын ұрпағынан едi" деп қысқа қайырады да қояды. Жалаңтөстiң құрдырған зәулiм екi бiрдей медреселерi Самарқанды сәулеттендiрiп, Регистан алаңын әсемдiкке көз тоймайтын етiп аспанмен таластырып тұрғанда, бұл тарихи деректiң көзi тұрғанда несiне тарынады екен. Шығыс тарихшыларының бiр сөзi бар — "Тарихты алдағанмен, халықты алдай алмайсың", — деген.

Бүкiл түркi халқының рухани бабасы атанған Әзiрет Сұлтан Қожа Ахмет Иассауи мақпарасын құрдырған Әмiр Темiр екендiгi ашық айқын жазылып та, айтылып та жүр ғой. Тарихи шындықтар өз орындарын алатын кез келдi.

Осылай жүргенiмiзде түскi мерзiм ауа бастағанын бiлмей қалыппыз. Түс кезiнде Самарқанд облысының бiрiншi басшысы Полат Әбдiрахманов өз саябағында Димекең бастаған делегацияны қабылдап ас-су бердi, шапан жапты, сувенирлер табыс еттi.

Онан соң, Елдардың досы Тахир Яхяевтың үйiне қонақ болып бiр-екi сағат отырып, кейiнiрек Жызаққа қайтып келдiк.

— Қонаевтың көңiл-күйi көтерiңкi, жеңiл әзiлден де құралақан емес екен. Халық риза болды, — дедi Мырзашөл ауданының әкiмi Бегiм Серiков.

Өзбекстан басшылары Қонаевпен бiрге Мырзашөл ауданы тiккен бес киiз үйге кiрiп, дәм татты.

Қонаевқа арналып жеке киiз үй тiгiлген. Дастарқанда Димекең алдына тартқан басты Нұриддин Акрамович Мұхиддиновқа бердi. Ол сөз сөйлеп, өзбектiң Үргiтте тiгiлген шапанын Қонаевтың иығына жапты. Түркiменстанның бұрынғы партия жетекшiсi Мұхамедназар Ғафуров Димекеңе қарап:

— Москвада да бiздi аға боп ертiп жүретiн едiңiз. Мұнда да соңыңыздан ерiп жүрмiз, Аға! — дедi.

Осы көрiнiстердi түсiрген бейнетаспа туралы Бегiм Серiков:

— Мен бейнетаспаны Димекеңе көрсете алмай қапыда қалдым. Қыркүйекте Алматыға барам деп ем. Тамызда Димекең дүниеден қайтты, — деп өкiндi.

Қонаев мұражайға арналған жылы лебiзiн журналист Серiк Әбдiрайымовке қазақша айтып, "Тiлек кiтабына" жаздырды да, өзi қолын қойды.

Бегiм Серiков Қонаевтың Өзбекстанға арнайы шақыруымен барған сол сапары туралы естелiгiн былай өрбiттi.

* * *

Сегiзiншi қараша, 1992 жыл. Қонаев Самарқан сапарынан оралып, Мырзашөл ауданына Гагарин қаласына келдi. Мұнда кезiнде Д.Қонаев барған Шымқорған совхозынан Саттар Шахабаев, қажы Iлияс бабай Омаров, Еңбек Ерi Қынабек Үкiбаев қарсы алушылардың алдыңғы сапында жүрдi.

Қонаев Саттар Шахабаевтан:

— Болсынай Дауылбаева өмiрде бар ма?— деп сұрады Қонаев

— Әзiмхан бар,— деп екiншi Еңбек Ерiн айтты Шахабаев.

Димекең оны да жақсы бiледi екен.

— Сәлем айт менен, — дедi.

Күзетте тұрған милиционер Амантай Исаев "Салтанат" фирмасы тiккен шапанды және ақбозатты жетелеп әкеле жатқандарды қоршаған топтан ерекшелей тiзгiн тартты.

Тыңгерлер сарайы алдында аудандық мәдениет бөлiмi бастығы Көбей Самұратов пен әуенгер Жұмахансерi Достанов ұлттық киiм киген қыз, боз баладан құралған оркестрден қазақтың халық әндерiн өзбек жерiнде бiраз шалқытты. Шертпе күйдiң шеберi, атақты домбырашы Шағдар Ақылбеков Қаратау шертпелерi мен Ақбала күйлерiн орындап бола бере, айтыс ақындары Бөрiбай Оразымбетов пен Темiрхан Әлiханов Димаш атасына арнап құттықтау өлеңдi, жырды төгiп-төгiп жiбердi…

Бегiм Серiков үйiнде дастарқан жаюлы. Димекең алдына келген бастың құлақтарын екi кесiп берiп, өзi де дәмiн татып, сосын Iлияс қажыға ұсынды. Ол Қынабек Үкiбаевқа бердi. Сосын бас етi туралып, бәрi де ауыз тидi, Қонаев ұстаған бастан сарқыт жемегендер қалмады.

Оңтүстiктiң шартарабынан көп мейман келдi. Дастарқандағы отырысты Бекен Тоқсанбаев басқарып, меймандарға кезегiмен, ретiмен сөз берiп отырды.

Қонаев адамдардың бәрiн ыстық құшағына алып, "Құдай тағы кездесуге жазсын" деп қоштасты. Ауыл адамдары, Мырзашөл ауданы түгел шығарып салғандай болды. Шығарып салушылар Димекеңдi ортаға алып, суретке түстi.

Бүгiнгi қоғамдық өзгерiстердi жiтi қадағалайтын. Қоғамдық өзгерiстi қолдайтындығын халықаралық қор құру арқылы бiлдiрдi. Қазiр Қонаев қорының елiмiздiң көптеген облыстарында, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Қарақалпақстанда, Германияда бөлiмшелерi жұмыс iстейдi. Қазiр Түркияда, Ресейде, Түрiкменстанда, Әзiрбайжанда, Монғолияда бөлiмшелерi ашылу қарсаңында.

Димекең Бұқара мен Хорезмге де шақырылған едi, оған бара алмайтын болған соң — Ядгаров Дамир Самековичке (Бұқара әкiмi), Жұманиязов Маркске (Хорезм әкiмi) өз кiтабына қолтаңба жазып қалдырды. "Кейiн барам" дедi. Кейiндеу Ташкенттегi республика жоғарғы кеңесiнiң кезектi сессиясында аманат кiтаптарды екi азаматтарға Бегiм Серiков апарып бердi.

Өзбекстандағы халықаралық Д.А.Қонаев қорының президентi жалақы алмай iстейтiн Қарсыбай Тажиддинов оның болашағын былай елестетедi.

— Қоғамдық негiздегi, қордың болашағын өрiсiн қалай кеңiтiп отырғанынан-ақ Д.Қонаевқа деген ел құрметiн аңғаруға болады. Басты мақсат-тәуелсiз елiмiздiң iргесiн нығайтуға қолдан келгенше атсалысу. Димаш Ахметұлының өсиеттерiн орындап, аманаттарына адал болу.

Қазiр жыл сайын жер-жерде Димекеңдi еске алу күндерi өткiзiлiп жатыр. Мұндай игi шаралар алдағы уақытта да Жызақ, Ташкент, Сырдария, Мырзашөл өңiрлерiнде жалғаса түседi және мұны жыл сайын тамыз айында өткiзу дәстүрге айналдырылған. Бұған қоса мынаны айтар едiм: Димекеңнiң басына құлпытас орнатылды, деректi фильм экранға шықты, қазақ және өзбек тiлiнде естелiк кiтаптары Өзбекстанда да құрастырылып жатыр. Орысша — "От Сталина до Горбачева", қазақша — "Ақиқаттан аттауға болмайды" деген кiтаптары жарық көрген екен, ол Өзбекстан қазақтары үшiн табылмай тұр.

Барлық газеттерде жарияланып, радио және теледидар арқылы берiлген ардагерлердiң "Ұрпақтар үндестiгi" деген атпен Димекеңдi еске алу күнiн өткiзу туралы үндеуiне халық үлкен қолдау көрсетiп отыр.

Мырзашөлдiк азаматтарымыз "Әруақ риза болмай, тiрi байымайды" дегендi ұмытпай, әлi де елiне қадiрi асқан дана қарттың рухын көтерер игi, қосымша шараларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

Димекең — елдегi экономикалық дағдарысты көрiп, қалыптасып отырған әлеуметтiк жағдайдан хабардар болған елағасы ғой. Мына тығырықтан шығар жолды айта алды. Бұған жарық көрген, оқырмандар сүйiспеншiлiгiне бөленген "Ақиқаттан аттауға болмайды" деген кiтабында толық жауап бередi. Ол кiсi: "Бiрiншiден, үрейден аулақ болайық. Сенiм жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтiн iс емес. Жұмыла көтерейiк. Екiншiден, тату үйге тақсырет жуымайды. Бiрлiгiңе ие бол. Үшiншiден, өзiңе жақсылық тiлесең, өзгеге жамандық қылма!" деген тiлек үстiнде дүниеден озған едi. Мiне, бүгiн оған да бiрнеше жылдар өттi. Есiмi, еңбегi ғасырлардан-ғасырларға жалғасатынына сенемiз. Иманы жолдас болсын!

* * *

Дiнмұхаммед Қонаевтың Ташкент, Самарқан, Жызақ, Мырзашөл сапарлары, Президент Каримов айтқан сөздер, Рашидов әйелiнiң сөздерiн, өзбектердiң Қонаевқа алғыстарын бiрде-бiр қазақ газеттерi жазбады. Ал өзбек газеттерi хабарлама күйiнде бердi. Демек, бiз алғашқы кеңiнен баяндаушы санатынанбыз. Димекеңмен сегiз күн сапарлас болған Серiк аға Әбдiрайымұлы әсерiн жазып үлгере алмай кеттi…

Мылтықбай ЕРIМБЕТОВ, Жазушылар одағының мүшесi