Жаңалықтар

КҮРДЕЛI УАҚЫТТЫҢ КҮРМЕУI

ашық дереккөзі

КҮРДЕЛI УАҚЫТТЫҢ КҮРМЕУI

Жазушы Сәбит Досановтың шығармашылығы туралы бiрер сөз 

Алпысыншы жылдары сөзстанды шулатып, өнер әлемiн дулатып, қазақ әдебиетiне кiлең бiр жанкештi жас қаламгерлер келдi. Олардың өкшесiн басып, өкпесiн қысып iле-шала келген тағы бiр тың толқын әдебиет айдынын дауылдай сапырып, кемелiнен асырып жiбердi. Сол қуатты толқынның арасында өзiндiк өрнегiмен, өнiктi еңбегiмен көрiнген Сәбит Досанов та бар едi. Алайда сын сойылы одан көп тиген жазушыны өз басым бұрын-соңды көрген емен. Әрине, сабақ алар, ақыл салар әдiл сын болса бiрсәрi ғой, ондайдан тiптi жан пида. Ал әлгi байбаламның бәрi дерлiк бас жарып көз шығаратын дойыр сын, содыр сын болатын. Сондай солақай сындардың көрiгiн қыздырып, отына май құйып жүргендер оның ал дегенiнен-ақ өздерiнен бiр мойын озық кеткенiн көре алмай, жүрегiн қызғаныштың тарғыл мысығы тырнаған әрiптес замандастары едi негiзiнен.

Оның сөз өнерi туралы бiр толғауында келтiрген "Әдебиет — ардың iсi" деген қисынды ұстап алып, жерден жетi қоян тапқандай-ақ "бұл бәрiмiзге дәрiс оқып, тәлiм берген атақты әдебиетшi ғалымның төл туындысы едi, соған жиендiк жасап өз ойы етiп ұсынып, әдеби ұрлыққа да барды" деп кезiнде байбайлап шыға келгендер де кездескен. Олар оның орыста атамзаманнан бар "Литература — дело чести" деген қағидасының қазақша баламасы екенiн, озық ой ортақ игiлiк екенiн қаперге де қыстырған жоқ. Әйтеуiр таптым желеу, жаптым жала, жақтым күйе деп етектен бiр тартып, тiлерсектен бiр тiстеп қалу болатын бар баққандары. Iшiне қасық айналмайтын күншiл өңездердiң көкiрегiн удай жалап жатқан шамасы тұлпарды тайынан, жүйрiктi шаңынан танитын көзi қарақты ағалардың әу бастан-ақ қаламын сенiмдi сiлтеп, қадамын батыл бастаған Сәбиттiң тырнақалды туындыларына бiлдiрген жылы лебiздерi болса керек. Шынында да, оның алғашқы деректi әңгiмелерi мен очерктерiнiң жинағы "Қайырлы таңға" Сейiтжан Омаров алғысөз жазған-ды. Одан кейiнгi "Алтын күрек әнi", "Соны iздер" сынды кiтаптарымен танысып, өмiрдiң өзiнен ойып алынған оқиғаларды баяндап, заңғар бiтiмдi замандастарының жаңа шыққан шығармаларын тыңғылықты талдап, байыпты баға беруiне разы болған Сәбең, кәдiмгi Сәбит Мұқановтың өзi оның көркем прозаға басы-гүлдi ден қойған "Қыран қалғымайды" атты хикаяттар кiтабына сәт-сапар тiледi. Досанов "Аруана" хикаясында "Аналық түйе мен оның ботасын адамнан бетер етiп сипаттайды", — деп жазды ұлы жазушы. — Тiлсiз түйенiң туған мекенiне деген сағынышы мен балажандығын сипаттағанда Сәбит оқырмандарының сана-сезiмiн толғандырып, кейде көзiне жас алғандай халге жеткiзедi. Кейбiр сәттерде жақсы ақындар деңгейiне көтерiлген автор қазақ тiлiнiң қайдағы бiр тәттi балын тамызады. Жалпы алғанда, алғашқы адымын очерктермен бастаған Сәбит Досанов мына хикаясында суреткерлiктiң даңғыл жолына түсiп үлгергенiн байқатады. Одан әрi С. Досановтың жазушылық бетiн айқындап, қаламгерлiк қарымын танытқан романдар желiсi түзiлдi. Алдымен "Тау жолы", "Екiншi өмiр" романдары дүниеге келiп тұсауы кесiлiсiмен-ақ тiлектес оқырмандарын тапты. Қазақ жырының қас тұлпары, кешегi Ұлы Отан соғысының қанды қасап қырғынында от пен өрттi кешiп келген, тағдыры қиын да күрделi Қасым Аманжоловтың аяулы да аянышты өмiрiн өзек еткен романын әдебиетiмiздiң әдiл төрешiсi болған сарабдал сыншы, академик Мұхамеджан Қаратаев, шын таланттың қайсысын болсын туыс тұтатын ақылман аға Әзiлхан Нұршайықов, сырлы сөздiң зергерi, сырбаз жазушы Сайын Мұратбеков жоғары бағалап, ақжолтай туындылар қатарына қосты. Ұзамай екi романның екеуi де, "Аруана" мен "Дүние жалған" хикаяттары орыс, өзбек, қырғыз және басқа туысқан халықтар тiлдерiне аударылды. Бiрқыдыру әңгiмелерi немiс, француз тiлдерiне тәржiмаланып, аты әлемге әйгiлi әдебиетшiлердiң iлтипатына ие болды. Сол сол-ақ екен, солақай сын сойылын сайлап шыға келдi. Бәрiн де Сәбиттiң өзi қолдан жасап жүр, кiтаптарын да шетте өзi бастырып, өзi аудартып, өзi таратып абырой-атақты да, мақтау-мадақты да астыртын ұйымдастырады деп соқты. Сонда шығармаларының жарық көруi үшiн қай жазушы өзi жүрмей, шалжиып үйiнде жатып алады екен?! Баз-бiр баспагер немесе бас редактор "жаңа шығарма жазған екенсiз, басып шығара қояйық" деп қаламгердiң өзiнен қалап алыпты дегендi естiгенiңiз бар ма? Жазғанының жариялануына әлiмсақтан берi жазушының өзi ынталы болмаушы ма едi. Сол үшiн оған кiнә артуға бола ма? Жазу столынан қозғалтпай, бар қам-қаракетiн өзi атқаратын хатшы ұстауға қазiр қай қаламгердiң шамасы жетiп жатыр. Сондықтан жазғанының жарық көруiне жан-тәнiн салып өзi жүгiредi деп Сәбиттi шикi еттi етудiң не жөнi бар. Атасы Ұлы Сәбит сипаттағандай, еңсегей бойлы, iрi денелi, қазақы дөңгелек жүздi, қоңыр өңдi, жоғарғы ернiне шашына ұқсаған қара мұрт жаңа ғана тебiндеп келе жатқан бота тiрсек бозбала бiздiң алдымызға да сан талай келген жазғандарын алып. — Шабыт қанатында шалқып отырып кейде сөздi шашып-төгiп қолданатынымды, кейде тiл безеп кететiнiмдi сеземiн. Сондай тұстарына қалам тигiзiп, мұртын басып берсеңiз, алғыстан басқа айтарым жоқ, — деп ағынан жарылатын ол дәйiм. Өз мiнiн өзi бiлiп, туындысын, тағдырын аманат етiп отырған автордың бетiн қандай сарашы қайтарсын. Оның өнер адамдарының шығармашылық шырайын айшықтап, көркем бейнесiн сомдаған талай туындысын астаналық облыс газетiнiң, республикалық басылымдардың тiзгiнiн ұстап тұрғанымда бөгетсiз-ақ басқанмын. Жалпы, Сәбит жұлдызды жiгiт. Бiр көргеннен-ақ iшi-бауырыңа кiрiп, баурап алатын қасиетi бар: көп оқиды, көп бiледi, сондықтан ауызекi әңгiмелерiнiң өзi әсерлi келедi. Соның әсерiне елiгiп, демнiң арасында қалай шүйiркелесiп кететiнiңдi де аңғармай қаласың. Бұл екiнiң бiрiнен кездесе бермейтiн қабылет, қабылет қана емес-ау, тәңiр сыйлаған қасиет. Қазақы ұғымда мұны кiсi ала бiлу дейдi. Кiсi ала бiлген жiгiттiң жұртқа жаға бiлетiнi бесенеден белгiлi. О заман да, бұ заман, жұртқа жаққаны үшiн бiлдей бiр жазушылар ұйымының ең басты басылымы жазушыны жыл басынан бастап он екi ай бойы сойыл сынның нысанасынан түсiрмей, төпелеп көз аштырмағанын кiм көрген. "Қазақ әдебиетi" газетi Сәбит Досановқа бiр жылы дәл солай жасады. Ақыр аяғында оны жылдың ең басты халтурщигi деп шығарды. Жүйкесi жұқа, сүйегi борқы, тегi жасық, жiгерi осал бiреу болса мұндай қорлыққа шыдамай өзiне-өзi қол жұмсауы да кәдiк қой. Бiрақ төзiмi темiрдей мықты, тумысынан отты да тектi Сәбит бұралқы сөзге мойын да бұрмай, көлденең сөздi құлаққа да iлмей, соққан сайын соқталанып, сынаған сайын қарыс сүйем өсiп, саржелiсiнен танбай еңбектенiп, әдебиеттiң бар жанрында жемiстi жұмыс атқарып, төрт аяғы тең жорға екенiн танытумен болды. Орыстың "халтурщик" деген сөзi қазақша ойдан-қырдан құрап, жүрдiм-бардым жасайтын, мiндетiн қалай болса солай атқаратын шалағай яғни шалапай адам деген мағынаны бiдiредi. Бiр қызығы, қазақ әрiптестерi "шалағай" деп жыл он екi ай қыр соңынан қалмаған сол Сәбит келесi жылы М. А. Шолохов атындағы халықаралық әдеби сыйлыққа ие болып айды аспанға бiрақ шығарды. Қастарының бармағын шайнатып, достарының бөркiн аспанға лақтыртқан жазушының осынау атағы лайықты оның өз шығармашылығына ғана емес, өркенi өсiп жаңа өрiстерге шыққан иiсi қазақ әдебиетiне берiлген жоғары баға едi. Қазақ қаламгерлерiнiң арасынан жарып шығып, атағы жер жаратын бұл сыйлыққа ие болды дегенде, аталарымыздың "Әдiлдiк түбi орыста қалады" деген даналық сөзiне сүйсiнiп, төбемiз көкке жеткендей қуанғанымызды жасырып қайтемiз. Шұрайлы шығармалары орысшаға аударылып, орыс оқырмандарының игiлiгiне айналған жерлесiмiздiң бұл мәртебелi атағы орыс әдебиетi үшiн де оның озық үлгiлерiнен өнеге алып көсегесi көгерген қазақ әдебиетi үшiн де, айтулы оқиға болғаны даусыз. Тек өлеңмен ғана жүрекке жететiн ойлар болады деп орыс әдебиетiнiң атасы Лев Толстой атап айтқандай, Сәбиттiң кейбiр ұрымтал ойларын ортаға саларда жырға қол артатыны бар. Тезге тартып түзетуден, көзге шұқып мұқатуы басым. Дойыр сыннан теперiштi көп көрген ол сол кезде: “Дұшпандарым дарынымды күндейдi, Сәл сүрiнсем жабылады, жүндейдi. Сол соққылар шынықтырып, шымыр ғып Күрескер ғып шыңдайтынын бiлмейдi. Менi бiреу от емес, ол күл дейдi, Ендi бiреу аспандағы күн дейдi. Таланттардың тарихтағы орынын Уақыттың өзi айтарын бiлмейдi”, — деп жазған едi. Таланттың әдiл таразысы уақыт екенiне еш талас болмаса керек. Мiне, Сәбит шығармашылығының нақты бағасын уақыттың өзi бере бастады. Көркем сында да, өлең-жырда да бағын сынап, бiраз дүниелер берген ол әдебиеттiң күрделi де кiнәмшiл жанры — драматургияға да бiрсыпыра еңбек сiңiрдi. Кеңес дәуiрiнiң зобалаң жылдарын дөп басып, кейбiр келеңсiздiктерiн батыл ашып көрсеткен "Дауыл", "Ертең бюро" тәрiздi пъессаларының алды М. О. Әуезов атындағы академиялық драма театрынан бастау алып, облыстық театрлардың бiрталайын аралап түстi. Тiптi көршi Қырғызстан, Өзбекстан көрермендерiнiң де кәдесiне асып, көзайымына айналды. Оның көптеген радио пьессалары Қазақ радиосының алтын қорына алынды. Дарынды драматург екенiн соңғы туындысы "Тозақ шеңберi" драмасы тағы да айқын танытты. Аталмыш шығарма өзгеге ұқсамайтын өзiндiк түр-тұрпатымен, ойының айқындығымен, пiкiрiнiң сонылығымен шиеленiстi сәттердi автордың айшықтап бере бiлуiмен дараланады. Не жайында жазса да ойын iрiкпей ашық айтатын, болашақ жөнiнде батыл болжамдар жасай бiлетiн Сәбит Досановтың соңғы он жылдың бағдарында жазып бiтiрген төрт томнан тұратын "Жиырмасыншы ғасыр" атты роман-эпопеясы ендi жалғыз қазақ әдебиетiнде ғана емес, жалпы әлем әдебиетiндегi келелi құбылыс болғалы тұр. Оның бұдан жетi жыл бұрын Мәскеудiң "Советский писатель" баспасынан танымал тәржiман Юрий Антроповтың аудармасымен жарық көрген алғашқы кiтабы-ақ әдеби қауымды елең еткiзген едi. Оған алғысөз жазған Лениндiк сыйлықтың лауреаты, Социалистiк Еңбек Ерi Михаил Алексеев романды сонда-ақ әдебиеттегi келелi құбылыс деп бағалаған-ды. Келесi 2004 жылы Мәскеудегi Жазушылар одақтарының халықаралық қауымдастығы "Жиырмасыншы ғасыр" романы бойынша арнаулы конференция өткiзiп, онда атақты сыншы, академик, М. Горький атындағы Әлемдiк әдебиет институтының ректоры Ф. Кузнецов баяндама жасап: "Жиырмасыншы ғасыр" романы Қазақстан мен Ресей үшiн үлкен оқиға. Осы туынды арқылы қазақ әдебиетiнiң жалпыресейлiк, түптiң-түбiнде әлемдiк деңгейге көтерiлетiнiне өз басым кәмiл сенемiн" деп өте биiк баға бердi. Конференцияға қатысқан орыс көркем ойының көрнектi өкiлдерi Егор Исаев, Валентин Осипов, Олег Шестинский сияқты сөз зергерлерiмен қатар белорус Алесь Кожедуб, өзбек Насыр Фазылов, тәжiк Шафқат Ниязи, армян Глан Онанян да қазақ қаламгерiнiң жаңа шығармасын аса жоғары бағалады. Жасыратыны жоқ, "Жиырмасыншы ғасыр" атты роман жазуға кiрiстiм дегенде тұтас жүз жылдықтың оқиғаларын бiр шығармаға қалай сыйғызады, тарихи хроника тәрiздi бiрдеңе болар деп алғаш күмәнданған едiм. Жоқ, қателескен екем, күмәнiм бекер болып шықты. Автор Нұрдәулет бай мен оның ұрпақтары Ерасыл мен Қаратайдың бастан кешiрген, өздерi тiкелей араласып, ат салысқан iрi-iрi оқиғалар арқылы қазақтың ұлы даласында соңғы бiр ғасырда болған ұлылы-кiшiлi өзгерiстердi, жаңа қоғам құру жолындағы өрiстер мен еңiстердi, жетiстiктер мен кемiстiктердi кестелi тiлмен көркем бейнелеп бередi. Оқығаны да, тоқығаны да көп көзi ашық, заман ауанын жiтi зерделейтiн, айналасындағыларға мейiрiм нұрын шашып тұратын Нұрдәулет бай мен қазақ қыздары арасынан суырылып шығып сол ғасырдың басында-ақ сонау Сорбонна университетiн бiтiрген, сырт сұлулығына ақыл-ой байлығы сай келетiн оқымысты Айжан арудың бейнелерi әдебиетiмiзде бұрын-соңды ұшыраспаған мүлде жаңа мүсiндер, тың тұлғалар. Ой өрiсi, пайым-парасаты деңгейлес, көзқарасы ұқса бiр-бiрiне iңкәр осы екi тұлғаның қосылуына тасбауыр тағдыр тасбөгет құрған ғашықтық хикаялары да тағылымды. Сәбиттiң кейiпкер кескiнiн сомдаудағы, табиғат көрiнiстерiн кестелеудегi , адамның жан сезiмiн, көңiл-күйiн суреттеудегi кемелiне келiп, шыңдалған шеберлiгi туралы кейiнгi кезде әдеби сынымыздың ақсақалы, академик ағамыз Серiк Қирабаев, әдебиеттегi жалт еткен жаңалықты қалт жiбермей қырандай шолып отыратын ақылманымыз Әзiлхан Нұршайықов, қаламдастарының, қадамдастарының шығармаларына қашанда әдiл баға беретiн Оразбек Сәрсенбаев терең талдап, жақсы-ақ жазды. Оларға қосып— аларым болмаса да, өз тарапымнан мына бiр жайды атап айтар едiм. Сәбит Досанов осы бiр кесек туындысында тарихи тұлғалар мен әдеби кейiпкерлердi мидай араластырып, алмакезек алмастырып, оларды ел өмiрiндегi қадау-қадау оқиғаларға қатар атсалғыза отырып, халқымыздың бiр ғасыр бойындағы тарихының тұтас көркем шежiресiн жасап бердi. Ұлы даланың заңғар аспанында шарықтап жүрiп қыран жанарынан ештеңенi қағас жiбермейтiн Ақтас бүркiтке әсте тоқталмай кетуге болмайды. Ол жазушының қиял құсы iспеттi төрт кiтапқа да тиек болып тартылған. Автордың өзi сияқты ұлан даланың, ұлы таулардың төл перзентi ол да атамекенiнде болып жатқан жағымды-жағымсыз жаңалықтарға енжар қарай алмайды. Дарқан даланың түп иесi — қазақтар оның жанына өте-мөте жақын болатын. Соларды сағынып самғай ұшып келе жатқан ол жасыл жайлаудың белiн қайыстырған мыңғырған малды, тау мен тасқа секiрген аңды, суда жүзген аққу мен қазды, өзен бойын жағалай тiгiлген ақшаңқан үйлi ауылды көремiн деп дәмеленген. "Баяғыда мен көрген Құсұя сұлулығы жанарыңды суыратын жерұйық едi ғой, — деп ойлайды Ақтас бүркiт. — Ал мынау жанасқанның бәрiн түпсiз тереңiне тартып әкетер қара ұйық қой. Жалдаманың мөлдiр суы лайланып, жағасы жалаңаштанып қалыпты. Аман тоғайының ақ қайыңдары оталған. Жер бетiнен жойылуға айналған. Аман тоғайымен бiрге оның таңмен таласа сайрайтын әншi құстары да жоғалыпты. Жау-жүрек жолбарыстың өзi тұрсын, iзi де жоқ. Ол жортатын нар қамысты өрт жалмапты. Баяғы көкжал арғымақтардың орнына мына жұрт бүгiнде есек мiнiп жүр. Ақбоз үйлi ауылдың орнын асығыс қазылған жеркепелер мен шикi кiрпiштен қалай болса солай қалай салған аласа үйлер басыпты. Қой орнында қорсылдап шошқа жатыр… Осы ма едi мен аңсаған Құсұя?! Шыққыр көзiм, ненi көрдiң сен бүгiн?.." Қазақ қырына қара қарғадай қаптап келген қара шекпендiлердiң, одан кейiн тың игеремiз деп топырлаған әртектi тобырлардың арзан астық өндiрiп, олжаға батуды ғана ойлап, құйқалы жерiмiздiң құнарлы топырағын қарс-қарс айырып, қу тақыр, қара ұйыққа айналдырып, малға да, жанға да пайдасыз етiп тастағанын автор бақайшақтап баяндап жатпай, Ақбас бүркiттiң ойымен түйiп, әп-әдемi бере қойған. Бұны табылған тәсiл, жазушының өзiне ғана тән жаңалығы демеске және болмайды. Демек, Сәбит Досановты Ресей әдебиетi академиясының толық мүшелiгiне қабылдарда Академияның үйлестiрушi президентi көзiқарақты қаламгер Владимир Мирновтың оны "аса көрнектi сөз зергерi" атап, "Жиырмасыншы ғасыр" романы эпикалық кең ауқымды туынды, ол оқырмандар алдына қазақ халқының жарқын көрiнiстерге лық толы байтақ тарихын жайып салады. Бұл қазақ халқы өмiрiнiң энциклопедиясы деп бағалауы тiптi де тегiн емес. "Баланың жiлiк алмақ мiнезiнен, жiгiтiнiң жұртқа жақпақ қылығынан" деген бар ғой. Кiсiмсiп тұрмайтын, кiшiпейiл де қарапайым Сәбиттен кез келгенмен әудемде тiл табысып, әпсәтте жұғысып кететiн қасиеттi тәңiрiм аямаған сияқты. Кiрпияз қос Ғабеңнiң опы баласындай көрiп еркелетуi, Iлияс пен Тәкеннiң туған iнiсiндей көрiп, бауырға тартуы, Әнуар мен серi Сәкеннiң сыйлас, сырлас дос тұтуы да осы қасиетiнен шығар. Бiр олар ғана емес, өзi жиi баратын, кiтаптары жиi басылатын Мәскеуде танысып, бауыр басып, достасып кеткен басқа да аға әрiптестерi қаншама едi. — Тағдыр менiң маңдайыма ұлтқа бөлiнбейтiн ұлылардың бiразымен дәмдес-тұздас, iнi-дос болу бақытын жазды, — дейдi. Сәбиттiң өзi. Тiрiсiнде сыйласқан сол аға-достарым Мұстай Кәрiм, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, Михаил Алексеев, Петр Проскурин, Камил Яшин, Мирзо Тұрсын-заде, Давид Кугультинов… Бүгiнде арамызда жоқ. Қандай ғажайып жандар, ерекше адамдар едi-ау олар. Сөздерi де, өздерi де iрi-тiн. Өнерде ғана емес, өмiрде де өзгеше сондай сом тұлғалармен танысып, табысқаным, бiрге жүрiп-тұрғаным, әңгiме-дүкен құрғаным қандай қуаныш, бақыт болса, олардан айырылу сондай қайғы-қасiрет. Ұлтқа бөлiнбейтiн ұлылыар азайып барады. Соның соңы өзiме Шолохов атындағы халықаралық сыйлықты тапсырған Сергей Михалков едi. Ендi ол да жоқ. Азаматтық үнi айқын естiлiп, елдi аузына қарата бастаған, шешен сөйлеп, көсем ой айта алатын осынау алғыр қаламгердi көргенде есiме жетпiсiншi жылдардың басындағы бiр қайғылы оқиға түседi. Өскеменнен ұшып келiп Алматы әуежайына қонарда апатқа ұшыраған ұшақтағы сексен жолаушы опат болған едi. Солармен бiрге ұшып келген Сәбит Құдай қағып аз-мұз жарақатпен аман қалған-ды. Орыс отаршылдарына қарсы алғаш елдi көтерген Қасым төренiң сайып қыран ұлдары бастаған алпыс аптал азаматты өзбек ханы қулық қып қонаққа шақырып, зұлымдықпен қырып салғанда Алла сақтап аман қалған кәдiмгi Хан Кене бастаған ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң бас сардары Ағыбай батыр сияқты. Әуежайда опат болғандардың арасында кете барса бүгiнде дарынын сан саққа жүгiртiп сынайтын да, даңқын аспанға көтерiп сыйлайтын да Досанов болмас едi. Бәлкiм, жаратқанның өзi жар болып, оны туған әдебиетiмiздiң туын көтерiсiп, абыройын асқақтатсын деп аман қалдырған шығар. Сәбиттiң сол игi үмiттiң үдесiнен шыққаны сөзсiз. "Арма да талма, осы шабысыңнан танба", деймiз оған.   Сарбас АҚТАЕВ, жазушы