ШЕКАРАДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢДАР
ШЕКАРАДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢДАР
"МИЛЛИОНЕРДIҢ" МИЛЛИОНЫ ТӘРКIЛЕНДI
Бүгiнде бүкiл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан кешiруде. Дағдарыс салқыны бiздi де айналып өткен жоқ. Дәл қазiргiдей әлемдiк дағдарыс орын алған заманда мемлекет қазынасына құйылатын шекарашылардың қызмет барысында тәркiленген қомақты қаржыларының пайдасы ұшан-теңiз екенi баршаға мәлiм. Бүгiнге дейiн ел шетiнде тұрған Отан сақшыларының қатысуымен қаншама контрабандалық тауарлар мен есiрткi заттары және заңдастырылмаған ақшалар тәркiлендi.
Мiне, жақында тағы сондай үлкен көлемдегi заңдастырылмаған қаржыны Сарыағаштық шекарашылар дер кезiнде қолға түсiрдi. ҰҚК Шекара қызметi "Оңтүстiк" аймақтық басқармасына қарасты "Сарыағаш-темiржол" жеке бақылау-өткiзу пунктiнiң шекарашылары өздерiне тиесiлi мiндеттi атқару барысында "Уфа-Ташкент" бағытында қатынайтын жолаушылар пойызынан келiсiмшарт қызметiнiң аға сержанты Б.Олжабаев және шекара нарядының бақылаушылары Ресей елiнiң азаматын ұстады. Аталмыш азаматты жеке тексеру кезiнде одан заңсыз 5910 АҚШ долларын, 2000 Ресей рублi мен 133 000 өзбек сомын тапты. Жат ел азаматы кеден қызметкерлерiне тапсырылды.
ҚЫРАҒЫЛЫҚ
Жаңа жылдың алғашқы аптасында "Мырзакент" шекара заставасының келiсiмшарт қызметiнiң сержанты Д.Абдықалықов шекара наряды барысында сегiз қазақстандық азаматты құрықтады. Арада бiрнеше сағат өткен соң әрiптесемiз iзiн суытпай тағы да үш өзбекстандық азаматты қолға түсiрiп үлгердi. Әлгi отандастарымыз Қазақстаннан Өзбекстанға өтпекшi болған.
Дәл осындай қырағылықты араға бiраз күн салып аталмыш шекара заставасындағы келiсiмшарт қызметiнiң ефрейторы Қ.Тураев та қайталады. Кеш қарайған апақ-сапақ уақытта қазақстандық төрт азамат шекара аспақ болған жерiнен ұсталды.
Мұндай қырағылықтан "Атакент" шекара заставасының шекарашылары да құр алақан емес екен. Застава бастығы аға лейтенант А.Бақтығайымов бастаған шекара наряды елiмiзден Өзбекстанға жасырын өтпек болған отандасымызды бұғалақтады. Бұл жолы елiмiздiң азаматы заңдастырылмаған 650мың өзбек сомын жасырын алып өтпекке әрекет етiптi.
Ауа райының ыстық – суығына қарамай қызмет атқаратын шекарашылар тәулiктiң кез келген уақытында асқан қырағылық танытып келедi. Әсiресе, Өзбекстан елiнiң шекарасында басбұзарлық жиi байқалатыны белгiлi.
ТЕҢIЗ ҚАРАҚШЫЛАРЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Жыл басында ҚР ҰҚК Шекара қызметi "Жағалау күзетi" аймақтық басқармасына қарасты шекарашылар Ми-8 тiк ұшағымен Каспий теңiзiнен байда типтес жүзу құралын ұстады.
Сол аумақта тұратын жергiлiктi тұрғындардың хабарлауы бойынша шұғыл жеткен шекарашылар төрт бiрдей дағыстандық азаматты ұстады. Мемлекеттiк шекара режимiн бұзған шетелдiк азаматтар өздерiн құтқарушымыз деп таныстырған көрiнедi. Әйтсе де шекарашылар тексеру нәтижесiнде олардың браконьерлiк әрекетпен айналысып жүргенiн анықтады. Балық аулау құралдарын теңiзге лақтырып үлгерген жат елдiктер бұл қулықтарын шекарашыларға байқатпауға тырысып баққан. Алайда, теңiз шекарашылары мұны назардан тыс қалдырмады.
Ж. ЖАБЫРБЕКОВ