Жаңалықтар

ТЕМIРЖОЛ ТАРИФI ҚАШАНҒЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ТЕМIРЖОЛ ТАРИФI ҚАШАНҒЫ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Ағымдағы жылдан бастап "Жолаушылар тасымалы" акционерлiк қоғамының басшылығы "Қазақстан темiржолы" көлiктерiмен қатынау бағасын 10 пайызға көтердi. Кезектi қымбатшылық халық қалтасын тағы бiр елiге жұқартпақ. Қымбатшылыққа етi үйрене бастаған қауым бұған да таң қалып, таңдай қаққан жоқ. Себебi дағдарыс алдындағы дәрменсiздiктi әлдеқашан мойындап қойған.

Соңғы бiр жылдың iшiнде халық тұтынатын коммуналдық төлемдер мен азық-түлiк бағасы аспандап кеттi. Ол аздай, қыстың күнi алаңсыз қатынас құралына айналған темiржолмен жүрiп-тұру бағасының қымбаттағаны да халыққа ғана батады.

Бұл мәселенiң дауы өткен жылдан басталып едi. Темiржол қатынасына қажеттi электр энергиясы, отын және басқа да материалдардың қымбаттауы өтiмдi сылтау болды. Тарифтi көтеру арқылы шығынды ақтау мақсатында қолданылған шара жария болмас бұрын Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң қарауына ұсынылған едi. Өз кезегiнде агенттiк темiржолдың шығындарын есептей келе бұл ұсынысты қолдай кеткен. Инфляцияның соңғы жылдары 30 пайызға жеткенiн ескерсек, темiржолдағы баға 2007 жылдан берi бiрде-бiр рет көтерiлмеген көрiнедi. Сондай-ақ акционерлiк қоғам шығынды қысқартудың басқа жолдарын қарастырып көрiптi. Өткен жылы iшкi қажеттiлiктерге қатысты шығындарды өтеу үшiн қысқарту жүргiзген және темiржолдағы менеджмент саласы қызметкерлерiнiң жалақысын бiрнеше пайызға кемiткен болатын

Осы мәселе турасында халықты құлақтандыру үшiн БАҚ өкiлдерiмен өткен брифингте "Жолаушылар тасымалы" акционерлiк қоғамының Қаржы жөнiндегi вице-президентi Бағлан Қапияшева тарифтiң көтерiлу себебiн ашып айтты. "– Аталмыш шара қолданысқа енгiзiлген соң, жолаушылар ең көп жүретiн "Алматы-Астана" бағытындағы пойыздардағы купелiк вагондардың жолақысы 400 теңгеге қымбаттайды. Ал "Алматы-Ақтөбе" бағытындағы купелiк орындардың жолақысы 600 теңгеге артады. Әлбетте, жолаушылар тасымалының шығындары мемлекет тарапынан субсидияланады, "– деп темiржолдың қиын жағдайда екенiн аңғартты. Сонымен қатар, қаяу түскен көңiлдi жұбату үшiн бiздегi тариф бағамы ТМД елдерiмен салыстырғанда 2-2,5 есеге арзан екенiн атап өттi. "Қазақстан темiржолы" ұлттық компаниясының президентi Асқар Мамин өткен жылы жолаушылар вагоны тапшылығын толығымен шешу көзделгенiн айтып қалған едi. Жолаушы тасуға жаңадан шамамен 12 мың вагон қажет екен. Әрине, мұның барлығы бiзге кезектi уәдедей көрiнген. Алайда, осы жоспарды орындау тарифтi көтеру арқылы жүзеге асырылатын сияқты.

Алматы қаласында бiлдей екi вокзал бар. Қымбатшылықтың бастау алған жерi темiржол вокзалы болғандықтан, өз көзiмiзбен көрiп қайтуды жөн санадық. Алайда, бәз баяғы көңiл-күй, ығы-жығы халық. Ала сөмке асынған жолаушылар перронға барар жолда бiрiн-бiрi қағып өтiп жатыр. Қыстың күнi амалсыздан осы көлiк түрiмен қатынауға тура келедi. Темiржол вокзалының билет кассасында тұрған жолаушылардан сұрастыра келе көпшiлiктiң билет бағасының қымбаттайтынын ертеден естiгенiн бiлдiк. Сөйтiп, Павлодар-Алматы бағытында жүретiн пойызды күтiп отырған жолаушыны әңгiмеге тарттық. "Мен Павлодардың тұрғынымын. Бiрақ балаларым Алматыда тұрады. Сондықтан жиi келемiн. Алыс жол болғандықтан, пойызбен қатынаймын. Темiржол билетiнiң бағасы қымбаттап жатыр дейдi. Қолдан келер шара жоқ. Қайткен күнде де балаларым үшiн келiп тұрамын ғой. Өзiм ең төменгi зейнетақыны аламын. Соны жиып-терiп балаларыма келемiн", – дейдi Роза Жолдыбайқызы. Билеттiң қымбаттауына байланысты қойған сұрақтарымызға вокзал басшылығы да қанағаттандырарлық жауап қатпады. Жоғарғы жақтың рұқсатынсыз ешбiр қимылға бармайтын болып шықты.

Қашан да, қандай да болмасын қиындықтың жүгiн қара халық көтередi. Қымбатшылықтың жүгi жеңiл емес екендiгiн жоғарғы жақтағылар жақсы бiледi, бiле тұра салмақ халыққа салынады.

Ақниет ОМАРҒАЗЫ