Жаңалықтар

ОЙЫН БИЗНЕСIНIҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ТОЛАСТАР ЕМЕС...

ашық дереккөзі

ОЙЫН БИЗНЕСIНIҢ ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ ТОЛАСТАР ЕМЕС...

Өткен жылы Қазақстанда заңсыз ойын бизнесiнен түскен қаржы 135 миллион 400 мың теңгеге жетiптi. Бұл дегенiңiз, 2008 жылғы көрсеткiштен асып түскенi былай тұрсын, тiптi екi еселенген пайда. Керiсiнше, бұл уақта елiмiздiң басты қалаларында тосқауыл қойылған құмар ойындар бизнесiнiң әлсiреуi тиiс едi. Бiрақ… Естерiңiзде болса, 2007 жылы күшiне енген "Ойын бизнесi туралы" заң жобасының 11 тарауына сәйкес ойынханалар мен казиноларға рұқсат етiлген аймақтар Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Щучинск елдi мекенi деп бекiтiлген болатын. Десе де бұл ауқымды жерлер тақияға тарлық көрсетсе керек.

"Құмар ойындарының зияндығы, ойынханалар мен казинолардың адамды қарусыз матайтыны" жайында сан рет жазылып, сан рет айтылды. Қарапайым халық құмар ойындардың құрдымға апарарына көз жеткiзгендей болған. Осыған дейiн уланған сананың да, уақыттың да бетi берi қарар кез жеткен секiлдi едi. Әлбетте, қоғамда түрлi өзгерiстер болды. Ал өзгерiстiң ең негiзгiсi – дағдарыс. Бiрақ, бұл тоқырау да ойыншының қалтасын қағуға шамасы келмеген сияқты.

Көзiңдi жұма қарасаң да қала көшелерiнен жыпырлаған ойынханаларды көресiң. Құдды бiр ойын бизнесiне тыйым салынбағандай. Бәз баяғы қалпынша әркiм кiрiп-шығып жүретiн есiгi ашық ғимаратқа айналған. Қаржы полициясының берген мағлұматында соңғы бiр жылдың iшiнде ойын бизнесiне қатысты 26 қылмыстық iс көтерiлген. Бұлардың 17-сi сотқа жiберiлiптi. Бұған да шүкiр. 2008 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткiш 54%-ға артқан. Халықтың бәрi жеңiл ақша табуға ығысып кеткен бе дерсiң. Бұл пайыздық көрсеткiшкер құқық қорғау органдарының жүргiзген тексерiстерi нәтижесiнде айқындалып отыр. Мәселен, 2009 жылы 256 жер асты ойынханасы әшкереленген. Қайта бұдан алдыңғы жылдары ойын бизнесiне деген құмарлық аз сияқты едi. Мұны айтып отырған себебiмiз, соңғы жылдың көрсеткiшi алдыңғы жылдармен салыстырғанда 88 пайызға жоғарылаған. Тексерiс нәтижесiнде 25 миллион теңге, 1669 ойын автоматы, 39 рулетка және 28 ойын столдары тәркiлендi. Дегенмен де, бұл тексерiс ойынханалардың санын азайта алмады. Ойынхана иелерi құзырлы органдардың қимылынан қорықпайтын мiнез танытып үлгерген. Бұл жасырын жайт емес. Халық арасында ойынханалардың көпшiлiгi шенеунiктердiң меншiгi деген қауесет ақиқат па дерсiң?

Байқасақ бұл жағдай басқаның да басын қатырып жүрсе керек. Жыл қорытындысының нәтижесiнде Ресейдегi заңсыз құмар ойындар бизнесi бойынша 625 қылмыстық iс қозғалған. Ағымдағы жылдың 1 шiлдесiнен бастап ойынхана iсiне тыйым салынған екен. Соған қарамастан құмар ойындарды тиiмдi де табысты бизнес көзiне айналдырған қалталы азаматтар мұндай iстi тастай салмасы анық. Жоғарыда қабылданған заң бойынша Ресейде тұрақты төрт мекемеден басқа жерлерде ойынхана ашу қылмыстық iс болып табылады. Рұқсат берiлген төрт мекеме тотализаторлар, яғни ипподром, лоторея және спорттық покер ойналатын орындар.

Ал бiзде ойынханалардың көпшiлiгi Қапшағай қаласына орналасып болды. Америкалық Лас-Вегасқа айналып бара жатқан қалада түрлi ойынхана ғимараттарынан көз сүрiнедi. Алайда, осы қала аумағын қанағат тұтпаған ұсақ-түйек ойын залдары Алматының түкпiр-түкпiрiнен, тiптi қала орталықтарынан ашылып жатыр. Расында, ойынға құмар азаматтардың көпшiлiгi қалада ғой. Әйтсе де қоғамның осы бiр келеңсiздiгiн тыюға шаманың әлде жiгердiң жетпегенi ме? Бiр ғана мысал, Ж.Сайын-Төлеби-З.Қабдолов көшелерi арасында бақандай 5 ойынхана орналасқан. Шағын зерттеу жүргiзiп, солардың бiрiне енгенiмiзде ойын шартының мынадан басталатынын бiлдiк. Ойынға ену үшiн ұтыс қаржылай емес, жүлделермен төленедi. Мәселен, ұялы телефондар, төлем карталары түрiнде қойылған. Егер сiз сенiмдi ойыншы ретiнде таныла алсаңыз онда ақшамен де ойнау мүмкiндiгi туады. Мiне, осындай жымысқы әдiспен ашылған ойынханалар ұтыстың ақшалай емес екендiгiн алға тартып қала бойынша жаппай ашылып жатыр. Ал қалада мұндай орындар қанша екенi тек қалалық IIД-не ғана белгiлi. Кейде Азиялық ойын орталығына Қапшағай емес, Алматы айналып бара ма деген қауiп туындайды.

Өткен жылы қала әкiмi А.Есiмов "Алматы" телеарнасына сұхбат берген едi. Мiне, осы жерде қойылған көп сұрақтың бiрiнде де ойынхана мәселесi қозғалды. Қарапайым халық заңмен тыйым салынған мекемелердiң қалада қайта қаптап келе жатқанын билiктiң неге көрмейтiнiн алға тартты. Бұл орайда Ахметжан Есiмов ойын бизнесiнiң жуық арада толықтай шешiлетiнiн жеткiздi:

– Президенттiң арнайы шешiмi бойынша Қазақстандағы ойын бизнесiнiң орындалуы бiздiң заңдарымыздағы кейбiр ережелермен айқындалған. Онда жоғарыдағы екi қаладан басқа жерлерде ойын бизнесiн құруға тыйым салынған. Бiр ескеретiнi, ақшалай сыйақы бере алмайтын ойын автоматтарының жұмыс iстеуiне тыйым салған жоқ. Алайда ол автоматтар басқа да бағалы заттар бере алады. Ойыншы ұтысын сол сәтте-ақ ақшаға айырбастай алады. Осыған байланысты бiз де қарап отырғанымыз жоқ. Соңғы жылдың өзiнде қаладағы бiрнеше жасырын жұмыс iстеген казиноларды құрықтадық. Бiрақ соған қарамастан бұл мәселенiң заңдылық жағын жетiлдiрмесе болмайды. Осы орайда өткен жылдың жазында бiз Үкiметке ұсыныспен шықтық. Үкiмет бiздiң бастамамызды қолдады. Кез келген ұтысқа тек ақшалай ғана емес, сонымен қатар заттай жүлделер беруге де тыйым салынатын болды. Ол заң жобасы қазiр Парламент Сенатында қаралып жатыр.

Олай болса, болашақта Алматы қаласында ойын залдарының көлеңкесiнiң де болмайтынына сенелiк. Алайда, ойын бизнесiнен ақша түсiрiп отырғандар тағы бiр сылтау табары таң емес.

Ақниет ОСПАНБАЙ