Жаңалықтар

Жәния ӘУБӘКIРОВА: ӨЗГЕ ТУЫНДЫЛАР ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

Жәния ӘУБӘКIРОВА: ӨЗГЕ ТУЫНДЫЛАР ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАМЕН БӘСЕКЕЛЕСЕ АЛМАЙДЫ

Өткен жылдың аяғында маңызы жағынан да көлемi жағынан да ауқымды жоба iске асырылды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттiк симфониялық оркестрi АҚШ-тың ең iрi "IMG Artists" концерттiк агенттiгiнiң шақыруымен, Американың 5 iрi қаласында концерт қойды. Концерт Лос-Анжелестiң Голливуд орталығында, Калифорния университетiнiң Беркли, Бостондағы Технологиялық институт, Массачусетс концерт залдарында, Вашингтондағы Кеннеди-орталығында, АҚШ-тың ең белгiлi концерт залы Нью-Иорктегi Карнеги-холлда өттi.

Концерт Бiлiм және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрлiктерi, Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң қолдауымен ұйымдастырылды. Сондай-ақ, концерттiң бас демеушiсi көп жылдардан берi iрi қайырымдылық шараларымен аты шыққан Chevron компаниясы болды.

Осыған орай, бiз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкiровамен тiлдесудi жөн көрген едiк.

— Жәния Яхияқызы, сiздер ұйымдастырған сапарға дайындық барысы қалай жүргiзiлдi?

— Бұл жобаға дайындық бiр жыл бойы жүргiзiлдi. Дегенмен, оның алға қойған мақсаты мен ауқымына қарағанда, бұл өте қысқа мерзiм. Бүгiнгi таңда бүкiл әлем үшiн жағдайдың мәз емес екенi белгiлi. Әсiресе, ең iрi және бай елдердiң өзiнде мәдениеттiң жұтаңдыққа ұшырап тұрғаны айқын. Сондықтан, мұндай iрi жобаны атқарып шығудың оңай болмағаны өзiнен-өзi түсiнiктi.

Сапар барысында мен Шанхай балетiнiң солисткасының сұхбатын естiдiм. Ол олардың белгiлi труппасы қаржы дағдарысына орай, АҚШ-қа гастрольдiк сапармен келе алмағандығын айтты. Ол кезде бiз Американың батысынан шығысына жол тартып бара жатқан едiк.

Әдетте бiз салыстыруға дайын тұратын ТМД елдерiнiң консерваториялары түгiлi, әлемнiң iрi деңгейдегi консерваториялары да бiздiң соңғы кезде жасап жатқан iсiмiздi жоспарлай алмай отыр. Концерттен кейiн бiздi құттықтауға келген американдық тыңдаушылар бiздiң елдiң жас таланттарының, студенттердiң әлемнiң ең жақсы залдарында концерт қою мүмкiндiгiне ие болғандығына баса назар аударып жатты.

Бiздiң жоба мемлекет тарапынан да, меценаттар тарапынан да қолдау тапты. Осы сәттi пайдаланып, бiздiң жобаларымызды көптеген жылдар бойы қолдап келген Chevron компаниясының бұл жолы да үнсiз қала алмағанын айтқым келедi. Жалпы, соңғы жылдары ұлттық және халықаралық компаниялар бiзге тек қана қаржылық көмек көрсетiп қоймайды, олар бiздiң жобаны дайындау процесiне де белсене атсалысады. Компания мен оның филиалы қызметкерлерi бiздi концерттерде моральдық тұрғыдан қолдайды, бiздiң бағдарламаларға мүдделiлiк танытады, алыс сапарларға ақ тiлектерiмен шығарып салады. Сан-Францискодағы Chevron компаниясының бас кеңсесiнiң қызметкерлерi бiздiң концертiмiздi Беркли залында күттi. Концерттен соң, олар таңданыстарын жасыра алған жоқ.

Әлемнiң жаһандануға бет бұрғандығы бiздiң интернеттегi жарнамамыздан-ақ байқалып тұр. АҚШ-қа сапар алдындағы интернет жарнаманың арқасында бiз бүкiл әлемдегi меломандардың алдында бiр сәтте танымал болып шыға келдiк. Бiздi қолдаған хаттар мен тiлек сөздер жан-жақтан ағылды. Осының арқасында бейнематериалдарымызды белгiлi порталдарға қоя алдық.

— Құрама Штаттардың қауымы қалай қарсы алды?

— Бүгiн Америкада өткен турненi еске ала отырып, оны еуропалықтардың қалай қарсы алғанымен салыстырамыз. Еуропа тыңдаушысы мен Америка жұртшылығы бiр-бiрiнен кәдiмгiдей өзгешеленедi екен. Еуропа қатаң дәстүрлер мен тәртiпке бағынған ел ғой. Мәселен, әр бөлiмнiң арасында шапалақ соғу, Еуропада шығарманы толығымен қабылдауға кесiрiн тигiзедi деп есептелiнедi. Америкада шығарма тыңдаушылардың көңiлiнен шықса жиi қол соғады екен. Еуропада тыңдаушы қауым бiраз уақыт шапалақ соғып отырады, сосын тұрады. Американдықтар бiрден орындарынан көтерiлiп, қол соғады. Бiрақ, Еуропадағыдай шапалақ соғу 15-20 минутқа созылмайды. Бiздiң концерттерiмiзде зал үнемi лық толып отырды.

— Қазақстан музыкасы әлемге қаншалықты танымал, тыңдармандар оған қалай баға бередi?

— Қазақтың ұлттық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармаларын жұртшылық сүйiп тыңдады. Бiздiң концерттерiмiзде әлемдiк классика да, қазақтың дәстүрлi ұлттық музыкасы да бар. Соңғы жылдары көзiмiз жеткен бiр нәрсе — шетел тыңдаушылары қазақтың халықтық шығармаларына ерекше ден қояды. Өзге туындылар ұлттық музыкамен бәсекелесе алмайды. Американдық тыңдаушылардың "Тұран" фольклорлы-этнографиялық ансамблiн тыңдағаннан кейiнгi көңiл-күйiн айтып жеткiзу қиын. Дегенмен, бiз бұл гастрольдың қорытындысын әлi сарапқа салып үлгере алмай жатырмыз. Бiз концерт қойған барлық қаладан көптеген рецензиялар келiп жеттi. Соған орай жақында осы гастрольдiк сапарды қорытындылап, сараптан өткiземiз деген ойдамын. Бұл рецензиялардың көбi – "Тұран" ұлт аспаптар ансамблiне деген таңданыстарын жасыра алмапты. Ал, Ақтоты Райымқұлованың "Жәмила" атты симфониялық поэмасы көрермендердi қазақтың ұлттық аспаптарын симфониялық оркестрмен өзара үндестiре бiлгендiгiмен ерекше баураған екен.

— Қазақ өнерпаздарының классикалық шығармаларды орындау деңгейiне қалай баға бердi?

— Әрине, классикалық музыканттар үшiн жағдай өте қиын. Өйткенi, музыка өнерi күн сайын өзгерiп, жаңарып, жанданып отыратын өнер. Ол күн сайын жанрлардың араласуын, өзара үндесуiн және мазмұнның қысқаруын талап етедi. Кейде форманы өзгерту арқылы, ұлы шығармалардың терең мағынасынан айрылып қаламыз. Менiң концерттiк бағдарламамда Сергей Рахманиновтың оркестр мен фортепианоға арналған Екiншi концертiм АҚШ-та және бүкiл әлемде өте бiр ерекшелiкпен қабылданады. Ал, Еуропада мен бұдан гөрi күрделi шығармаларды орындаймын.

Американың барлық концерттiк залдарында жақсы акустика болды. Аспабыңнан шыққан үн өзiңе қайта оралғанда, ойнау да жеңiл болады. Дегенмен, залға арнаған эмоцияңның да өзiңе қайта оралғаны маңызды. Америкалық тыңдарман эмоцияға тым берiлгiш. Рахманиновтың концертiнен кейiн кейбiр тыңдаушылардың ағыл-тегiл жылап отырғаны асыра сiлтегендiк дер едiм. Бiздiң гастрольдiк сапарымыздың басы-қасында болған "Қазақстан" телеарнасының операторлары дәл осы сәттi түсiрiп алыпты.

— Iрi ұжымдарды айтпағанда, жекелеген әншiлердiң гастрольдiк сапарына деген дайындықтың өзi үлкен қажырды, орасан еңбектi талап етедi. Сiз елдегi iрi оқу орнының ректорысыз, әрi айтулы музыкантсыз. Болашақтағы жоспарларыңыз қалай?

— Әрине, бұл екi саланы бiр-бiрiнен бөлiп қарауға болмайды. Мен оқу орнының жетекшiсi ретiнде студенттердi тәрбиелей отырып, олармен серiктес ретiнде бiрге музыкалық аспаптарда ойнаймын. Демек, бiздiң мақсатымыз бiр. Бұған дейiн менiң концертiм өткен әлемдiк өнер сахналарында — бүгiн менiң студенттерiм өнер көрсетiп жүр. Елдiң симфониялық мәдениетiнiң деңгейi өсiп келедi. Бұл жаһандық мақсат. Соңғы бес жылда бiздiң оркестрiмiз әлемнiң iрi және танымал сахналарында өнер көрсетiп, жауапты iстер атқарды. Оның нәтижесiн шығарып, қорытынды жасай бастайтын кез келдi.

Бiрiншiден, оқу процесi мен тәжiрибесiнiң сапасы артып, белсендiлiк пайда болды. Шетелдерге сапарымыз студенттердi шабыттандырып, ерiк-жiгерiн арттыра түседi. Осы жылдары бiз еркiн ойлы музыканттарды тәрбиелеп шығардық.

Мәселен, шетелдiк дирижерлермен жұмыс жасау жас таланттардың осы бiр кенже қалған мамандықта өз таланттарын ашуына үлкен мүмкiндiк туғызды. Бүгiнде консерваторияның шығармашылық ұжымдарын осы оқу орнының жас түлектерi басқарады. Бұл да соңғы жылдардың жемiсi. Америкаға жол тартқан симфониялық оркестрдi 21 жасар Қанат Омаров бастап барды. Венецияда өткен хор ұжымдарының халықаралық конкурсынан 27 жасар Ян Рудковский алтын медаль әкелдi. Түркияның Стамбул, Анкара секiлдi 8 қаласында өткен концерттердi дирижер Айтқали Жайыммен бiрге Арман Жүдебаев өткiздi. Консерваторияда буын алмасу процесi жүрiп жатыр. Жастар өздерiнiң аға буын ұстаздарының iсiн жалғастыра алатындығын көрсетуде.

Бiздiң шетелдiк гастрольдерiмiздi теледидарға түсiру iсiне көп қажыр-қайратымызды жұмсауға тура келдi. Бiрақ, бұл жастардың өнерiн Қазақстанда насихаттауға көмегiн тигiзедi. Бiздiң әр концертiмiзден кейiн әлемдiк баспасөздiң ерекше iлтипатына бөленiп жаттық. Бiз жайында ағылшындық Independent, немiстiң Berliner Morgen Post, американдық New York Times, International Herald Tribune, The Washington Post газеттерi ерекше толғаныспен жазды.

— Болашақтағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңiз?

— Биылғы жыл да бiз үшiн аса бiр қауырт жыл болайын деп тұр. Бiздiң консерватория ұжымы мен жекелеген әншiлердiң және өзiмнiң жеке концерттерiме қатысты жоспарларым жеткiлiктi.

Есенгүл Кәпқызы