Жаңалықтар

БҮГIНГI ӘНДЕ ҰЛТТЫҚ РЕҢК БАР МА?

ашық дереккөзі

БҮГIНГI ӘНДЕ ҰЛТТЫҚ РЕҢК БАР МА?

Ұлтты, елдi, туған жердi сүю — адам баласына құрсақта жатқанда-ақ даритын қасиет. Ананың адал ақ сүтi, балаға берiлер оң тәрбие патриоттық сезiмдi одан әрi нығайта түспек. Эстетикалық талғамды арттырып, адам жанын ерекше сезiмге бөлейтiн әннiң де адамзатты тәрбиелеудегi маңызы ұшан-теңiз. Қазақ даласына ән боп келген Жаяу Мұса, Ақан серi, Мұхиттың шығармашылығына кезiнде талайлар тамсанып, таңдай қағыпты. Шын тәнтi болғандықтан, "Қазақтың отаншылдық жiгерiне толы халық музыкасының ешкiмге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай, қазақ әнiн тыңдағанда күллi дала көз алдыңнан өткендей болады" деп француз жазушысы Ромен Роллан ұлттық әнiмiздi асқақтатып бағалаған.

Халық әндерi мен халық композиторларының әндерiнде кең байтақ қазақ даласының жұпар исi аңқып, қазақ елiнiң тұрмыс-тiршiлiгi тұтас бейнеленген. Ол ол ма, өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы көптеген әннiң құдiреттiлiгiн айтсаңызшы! Жақында теледидардан "Сағындырған әндер-ай" атты ән кешi көрсетiлдi. Ретро әндер тiзбегi орындалған аталмыш концертте қазақ әндерiнiң нағыз жауһар үлгiлерi шырқалды. Нағыз әнге шөлiркеген жұртшылық серпiлiп, рахаттанды. Жалпы ән рухтандырады, ләззат сыйлайды, ынтықтырады. Әр заманның өз әнi, өз талғамы болатыны жасырын емес. Қазақ қазiр де әнге, даусын созған әншiге кенде емес. Өкiнiштiсi сол, бүгiнде шоу-бизнес деп, той-бизнес деп жеңiл әнге құмар боп алдық. Табиғаттың саясынан, алдамшы, жауапсыз махаббаттың аясынан шыға алмай жүр бүгiнгi ән. Рэп дедiк, поп дедiк, рок дедiк, әйтеуiр Батыстан соққан желдi өзiмiзге таңып, әннiң қадiрiн, құдiреттiлiгiн құрттық. Әндерiмiз "Аппақ гүлдер, шоқ гүлдер, ақ қайың", "сүйдiм, күйдiм, жаздым, жаңылдымнан" арыға аса алмай отыр. Талғамымыз әуенi жеңiл, мәтiнi мәнсiз әнге ауды. Абай айтқан "Құлақтан кiрiп, бойды алар әсем әнге" зәру боп жүрмiз. Тағы да Абайға жүгiнсек, дана бабамыз "Әннiң де естiсi бар, есерi бар" деген едi. Ал бүгiнгi әннiң естiсiнен, есерi көп. Жас ұрпақты тәрбиелеудегi әннiң рөлi ерекше екенi айтпаса да түсiнiктi. Себебi, жас ұрпақ ән тыңдап өседi, әнге түсiрiлген бейнебаянды көрiп тәрбие, тағылым алады. Ең сорақысы, бүгiнгi әндi 60-70 жылдардағы әнмен салыстыру қиын. Нағыз қазақ әнi сонау 70-жылдары шырқалып қойған ба деп қынжыласың кейде. Себебi, сол замандағы көптеген әндердiң әуенi де, сөзi де санада сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп келедi. Ал бүгiнгi кейбiр әндi тыңдасаң, сол мезетте санадан бiржола өшедi. Бүгiнгi әннiң көбi ұрпақты қиратып, санасын улап отырған сияқты. Әуенi былай тұрсын, сөзiнiң ненi меңзейтiнi де түсiнiксiз. Ортаңқол әншiлер де қазiр жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейiп барады. Бiр қалжыңқой досым: "16 миллион халқы бар елiмiзге, 16 әншi де жетедi" деген едi. Қазiргi жастардың батыстық музыкаға әуес екенiн ескерсек, әншiнiң көп болғаны жақсы, әрине. Неге? Себебi, жас ұрпақ жат әуенге елiктегенше өз қандасына елiктесiн. Бiрақ, сол сансыз көп әншiлерiмiз халыққа сапалы ән сыйласа игi. Талантты сатып ала алмайтынымыз даусыз. Дей тұрғанмен, бүгiнгi шоу-бизнес деп аталатын әлем талантты да сатып алып, мәнсiз әндi жаудырып жатыр. Шоу-бизнес демекшi, бизнестiң өз заңы бар. Ән жаздырдың ба, бейнеклип түсiрдiң бе, онда жұмсалған ақшаны ақтай бiл. Бұл жерде той-бизнес көмекке келедi. Тойға барған әншi секеңдеген биге арналған есер ән айтып, ақшасын алып, мәз болса, тойдағы қауым үшiн әннiң тәрбиелiк мәнiнiң түкке де қажетi жоқ. Бұл күнде "Күлтөбенiң басында күнде жиын". Күз маусымы келе қалса болды, көше бойы концерттердiң жарнамасына толады. Сансыз жарнамадан тiптi көз сүрiнедi. Ана әншiнiң шығармашылық кешi, "жылдың үздiк әнi", "махаббат туралы үздiк ән", "жұлдызды аялдама", "жұлдызбен жүздесу", әйтеуiр өңшең "жұлдыздарды" жинаған толассыз концерт. Республика сарайында күнде думан, күнде кеш. Халық рухани байып, ләззат алу үшiн концерттерге барады-ау. Алайда "думандатқан" кештен соң демалып емес, керiсiнше шаршап, шалдығып шығады. Себебi, теледидардан үздiксiз бейнебаянымен берiлетiн ән сол кеште фонаграммамен тағы шырқалады. Ең қызығы, бүгiнгi кеште шырқалған әндi, тыңдарман қауым ертеңгi кеште қайтадан тыңдайды. Осыдан кейiн ән тыңдарманды жалықтырмай көрсiн. Бұл жоғарыда атап өткен шоу-бизнесiңiздiң жемiсi.

Соңғы жылдардағы қазақ әндерiнiң солғын тартуының себебi неде? Тыңдарманның талғамы өзгердi ме, әлде әндi шығарған композитор мен сөзiн жазған ақын, орындайтын әншiнiң талғамы өзгердi ме? Жалпы бүгiнгi қазақ әуенi жас ұрпақты тәрбиелеп, оның өн-бойына ұлтжандылықты дарыта ала ма? Гәп осында…

Майра Iлиясова, әншi:

– Жалпы бiзде, өкiнiшке қарай, арзанқол әндер көбейiп барады. Дегенмен, олардың iшiнде өскелең ұрпаққа тәрбие берерлiктей әндер де бар. Дәстүрлi әндер, патриоттық әндер сиректеу жазылып, сиректеу көрсетiледi теледидардан. Мәселен, өзiмнiң бағдарламаларыма келер болсақ, бүгiнде "Сағындырған әндер-ай", "Жан анам" сияқты концерттердi ұйымдастырып жүрмiз. Қазiргi кезде дәстүрлi әндердi ұрпаққа жеткiзу мақсатында "Алтын домбыра" атты үлкен жобаға дайындық үстiндемiз. Тек қана жастарға арналған ретро-әндер мен бүгiнгi әндердi де көрсетер, танытар тағы бiр жобаны қолға алу ойда бар. Жасалған осы жұмыстардың бәрi менiңше, ұрпақты тәрбиелеуде үлкен маңызға ие болып отыр.

Ал ендi жас композиторларға келер болсақ, бiрқатар композиторлар баршылық. Мәселен, Арман Дүйсенов, Арман Бексұлтан, Бауыржан Есебаев сынды композиторлар бар. Кейiнгi кезде патриоттық әндер жазып, танылып жүрген Естай Әлiкеевтi де атауға болады. Осы жас композиторлардың әндерi жаман емес деп ойлаймын. Қазiрде жастар осы композиторлардың әндерiн сүйсiнiп айтып жүр. Сондықтан қазiргi әндер ұрпақты тәрбиелей алмайды деп айта алмаймын. Өкiнiшке қарай, бүгiн айтылып, ертең ұмытылатын әндер де көбейiп кеттi. Бүгiн өзi әншi, өзi композитор, өзi өңдеушi, өзi ақын боп кеткен әншiлер де жетерлiк. Мұндай әншiлердiң көптеген әндерi сәттi шықпайды. Сол себептi, ақын өз жұмысын, композитор өз жұмысын бiлу керек деп ойлаймын. Кейiнгi кезде халықтың бүгiнгi әндерге риза болмайтынының бiр себебi, бүгiнгi әншiлер әндi сапасыз өңдейдi. Әншiлерiмiз сапасыз он әннiң орнына сапалы бiр-екi ән жазса, құба-құп болар едi. Ал жалпы қазiр жастар айтам десе, Құдайға шүкiр, жақсы әндер бар.

Кеңес Дүйсекеев, композитор:

– Қазiргi әндердiң барлығы ұрпақты тәрбиелей алмайды деуге болмас. Бiрақ әндердiң көбiсi, Батысқа елiктеудiң арқасында қазақ әнi деп айтуға келмейтiн дүниелер. Бiздiң әншiлердiң қазiргi ауруы – сахнаға шығып алып, әуенi баяу әндерге билеп тұрып алады. Мысалы, кешегi "Сағындырған әндер-ай" ән кешiнде қырғыздың әншiсi тамаша әнiн орындап шықты. Әр әннiң өзiнiң мағынасы болады, сол әндерге сәйкес қимыл жасау керек қой. Бiздiң әндерiмiздiң көбiсi тым таяздап кеткен, басынан аяғына дейiн махаббат, көбiне орындалмай қалған махаббат па, әйтеуiр бiр жатқан трагедия. Әншiлерiмiз жеңiлтек бiр дүниелердi айтады. Шынына келгенде, баяғы кездердей ұрпақты тәрбиелейтiн әндер бiрен-саран. Бұл жөнiнен әншiнi де, қазiргi кезде өздiгiнен ән шығарып, композитор атанып жүргендердi де кiнәлау керек. Мұндай композиторлар бiр-екi ән жазады да, өздерiн композитормыз деп көкiрегiн кередi. Орыстың ұлы композиторы Чайковскийдiң: "Нағыз композиторлық қасиет жүре келе пайда болмайды, ол ана сүтiмен берiледi" деген сөзi бар. Композиторлық Құдайдың берген қасиетi. Бiр-екi ән шығарып, композитормын деудiң керегi жоқ. Мұндай әндер ұрпақты ешқашан тәрбиелей алмайды.

Ержан Байтiлес, журналист, "Ана тiлi" газетiнiң бас

редакторының орынбасары:

– Өзi сөзiн жазып, өзi әнiн шығарып, өзi орындайтын "әмбебап" әншiлер көбейiп тұрған мына заманда ән ұрпақты тәрбиелеп жатыр деп айтудың өзi қиын. Сонан кейiн бүгiнгi әндердiң көбi махаббатқа құралған. Бәрi ғашық. Бәрi сүйгенiне жете алмаған мұңлық. Оның үстiне сол "ғашықтық" әндердiң көбiнде "жаным" деген сөзден көп сөз жоқ. Барлығы да бiр-бiр адамға "жанын" байлап, жiбере салған сияқты. Рухы биiк, айтса, адам көңiлi толатын әндердiң аздығы байқалады. Содан келiп арзанқол әндер хитқа айналып, халық жүрегiнен орын алып жатады. Мысалы, Ерболаттың "Мен қазақпын", "Бiздiң жiгiттер" сияқты әндерi. Ерболат стилi жаңа заман талабына сай. Кей кездерi намысты жанып жатады. Бiрақ оның әндерiнде бәрiбiр қазақы нақыш, қазақы өрнек, қазақы реңк жоқ. Ол бәрiбiр бiзге сырттан келгенiн танытып тұрады.

"Бүкiл қазақ даласы ән салып тұрғандай". Бұл Затаевичтiң сөзi. Әрине қазақта небiр ақын, небiр композитор, небiр күмiс көмей әншi бар. Олардың шабытына шабыт қосар жазира даламыз бен ауасы аңқыған табиғатымыз бар. Өкiнiштiсi, құлақтың құрыш майын қандыратын ән жоқ. Ән – тебiренiс, ән – толғаныс, ән – тәрбие. Кезiнде немiстердiң бойына фашизмдi сiңiрген Адольф Гитлер әндi екiге бөлген екен. Бiрi – ұлтты тәрбиелейтiн ән болса, екiншiсi – қиратқыш ән. Қиратқыш әндi күн ұзаққа бере берсе ұлттың санасы уланады екен. Бiз бүгiнде ұлтты тәрбиелейтiн әннен гөрi, қиратқыш әндi жас ұрпақтың бойына дарытып жүрген сияқтымыз. Олай дейтiнiмiз, бүгiнгi әннiң өн-бойында ұлттық рух жоқ. Әйтеуiр дабыра әуен, бақырауық ән бар. Ал ұлттық рух болмаған жерде тәрбие туралы айту қисынсыз болар. Ендеше, әншi қауымның құлақтарына алтын сырға, әнге тек халықты секеңдетiп билетудiң құралы ретiнде емес, ұлтты тәрбиелеп, ұрпақтың бойындағы рухты оятар ұлы дүние деп қараған абзал.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ