Жаңалықтар

ҰЛБИКЕ АҚЫН ӨМIРIНЕН БIРЕР СЫР

ашық дереккөзі

ҰЛБИКЕ АҚЫН ӨМIРIНЕН БIРЕР СЫР

Қазақтың бiртуар ақын қызы — Ұлбике ақынның өмiр жолы мен туған жерi туралы кейбiр зерттеулерде әртүрлi жазылып келедi. Сондықтан да ел аузында айтылып жүрген әңгiмелер және ақынның айтыстарын талдау арқылы Ұлбике ақынның туған жерiн нақтылай түсу қажеттiгi туындауда. Бiрiншiден, ақын өлеңдерiнен оның өмiр сүрген жерлерiн, сол заман бейнесiн айқын аңғаруға болады.

Сыр мен қырда бiрдей өскен Күдерi және оның iнiсi Таспақожа Көшек ұлымен Ошақты Ұлбикенiң айтысы ХIХ ғасырдың 70-жылдарында-ақ белгiлi болып, ел iшiне кең тараған. Алғаш рет шығыстанушы ғалым В.В.Радловтың ел аузынан жинаған ("Образцы народной литературы тюркских племен" СПБ, 1870, 33-38 беттер) – "Түркi тайпалары халық әдебиетiнiң үлгiлерi" атты 1870 жылғы кiтабында жарияланған. Ұлбике мен Күдерiнiң бұл айтысы әзiлмен басталып, қайымдасу арқылы дами түседi. Айтыс сөздерiнен Сыр елiндегi ағалы-iнiлi екi қожамен айтысы Ұлбикенiң есейген шағында өткенiнен хабардар болуға болады. Күдерi мен Ұлбикенiң айтысын В.В.Радловтан басқа Ә.Диваев, Ж.Шайқысламұлы, М.Ж.Көпеев, Ә.Қайнарбаев, басқа да әдеби мұраларды жинаушылар академиядағы қорға жинап, өткiзген. Кейбiр зерттеушiлердiң жазбаларында Ұлбике Жанкелдi қызының Сырда туғаны жазылса, кейбiрiнде басқаша жазылып жүр. Осынау екiжақты пiкiрлер көпшiлiк оқырмандарды шатастырады. Дегенмен, кеңес заманы кезiндегi зерттеушi-ғалымдар Ұлбике ақынның Сырда туғанын бiрауыздан жазады. Бiз бұл тұрғыда, өз жорамалымыз бойынша, ақиық ақын қыздың қазiргi Қызылорда облысы, бұрынғы Тереңөзек ауданының, Қараөзек өзенi маңында туғандығын айтпақпыз. Ұлбике мен Күдерi айтысы бiрден басталмаған. Ең алдымен көршi қожалар ауылындағы Ұлбикемен құрдас Таспаның ат суарып тұрып, өлең айтқанынан басталады. Қыздан жеңiлiс тапқан iнiсiн қолдаған Күдерi осылайша Ұлбике қызбен айтысады. Сыр елiндегi кешегi, бүгiнгi ауылдардың (рулардың) орналасу жағдайын сараптай қарасақ, XVII-XVIII ғасырларда қазiргi Шiркейлi өңiрiнде негiзiнен қожалар, Қараөзек өзеншесi бойында негiзiнен Орта және бен Ұлы жүз рулары тұрған. Ұлы жүзге қарасты: Қаңлы, Қарақойлы, Ошақты, Жалайыр, Орта жүздiң: Арғын, Тарақты, Найман рулары қоныстанған. Қазiр де солардан жалғасқан ұрпақтар тұрып жатыр. Олар бұл өңiрге сол "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" тұсында келiп орнықса керек. Мұрағаттағы бiр деректе осылай жазылыпты. Сырдария өзенiнiң оң жағалауында Ұлы жүздер, сол жағалауында қожалар тұрған. "Ауылы – аралас, қойы – қоралас" болғандықтан жастары шамалас қыз бен жiгiттiң кездесiп, әзiлдесуi, содан барып қыз бен жiгiттiң айтысы басталғаны анық. Ұлбике Жанкелдiқызының туған жерiн одан әрi нақтыласақ, бұрынғы Тереңөзек ауданының О.Мәлiбаев, С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов атындағы ауылдарында ошақтының үш баласынан тараған ұрпақтар орналасқан, бұрынғы №6, №7 ауылдар, қазiргi Шiркейлi мен Қоғалыкөл ауылдарында тiкелей Күдерi қожа ұрпақтары тұрады. Демек, ошақтылар Сыр бойында ертеден-ақ тұратынын байқаймыз және ошақтының үш баласының да ұрпақтарының өкiлдерi Тереңөзек аумағында тұрып жатыр. "Айтыс" кiтаптарында Күдерi мен Ұлбике айтысы 1942,1965,1988 жылдары жарияланды. Кейiнгi жылдарда Ұлбике ақын жайлы М.Жолдасбеков, С.Дәуiтов, Ә.Шынбатыров, К.Ахметова, М.Төлепберген, тағы басқалар мақалалар жазып, "Ұлбике" атты жеке жинақ та шықты. Күдерi қожаның жауап айтысының бiрiнде: "…Екi құзғын ұшқан жерi Едiл, Жайық, Қазақта ақын бар ма, бiзге лайық? Кiшкентайдан бiрге өскен әй, Ұлбике, Сенен өлең тiлеймiн қолым жайып", – деуiнде үлкен мән бар және Ұлбикенiң өзiмен бiрге өскенiн тайға таңба басқандай етiп жазған. Бұл өлең жолдары әртүрлi жазылып келедi. Екiншiден, Күдерi қожаның тiкелей ұрпағы болып табылатын көрнектi ақын Әбiраш Жәмiшұлының Ұлбике ақынның 165 жылдығында "Жүрмес пе ем ақын әже ұрпағы боп" атты толғауында: "…Қайтейiн қайран көңiл iңкәрi көп, Сүрiнбей қатар шапқан тұлпары жоқ. Ұлбике Сыр бойынан кетпегенде. Жүрмес пе ем ақын әже ұрпағы боп!" – деуi арқылы Ұлбикенiң Сырдан көшкендiгiнен хабар бередi. Жоғарыдағы Күдерi қожаның өлеңiне Ұлбике былайша жауап қайтарыпты: "…Төменнен жетi көшiп, өрге келдiк, Жетi әулие сырласқан жерге келдiк. Келмегiрдiң елiне қайдан келдiк, Дiннен шыққан Қожасы елге келдiк". Ақын бұл өлеңiнде басқа өңiрге келгенiн анық бiлдiрген. Сонымен Ұлбике ақын шамамен 1824-25 жылдары Сыр өзенi бойындағы Тереңөзек-Қараөзек маңында туып, 1849 жылы Жамбыл облысындағы Талас жерiнде қайтыс болған. Ұлбикемен алғаш айтысқан Таспа қожа 1825 жылы қазiргi Шiркейлi ауылында туса, оның ағасы Күдерiқожа 1820 жылы "Шiркейлiде" туып, 1858 жылы Арқа жерiнде қайтыс болады. Ал Күдерiқожа Көшекұлын Көкшетауда туды деп жазғыштар табылатыны өкiнiштi. Күдерi мен Ұлбикенiң аталған айтыстары түгелдей, толық жиналды деуге болмас. Жоғарыдағы кiтаптарға енбей қалған жырлармен қатар Ұлбикенiң 7 қожамен, оның iшiнде Мәделi қожамен айтысы бұл жинақтарда кездеспейдi. Сондай-ақ әзiл-қалжыңға толы бiрнеше айтыстары тағы бар. Күдерi мен Ұлбикенiң көршiлес ауылда тұрғанын мына өлеңдерiнде байқауға болады. Бiрде Күдерi киiктiң ешкiсiн атып алып келе жатса, Ұлбике есiк алдында күбi пiсiп тұрса керек. Күдерiнi көрiп, сөзден тосу мақсатында Ұлбике: "…Жылқының мiнесiң-ау, бестiсiне Жiгiттiң сөз айтайын естiсiне. Қожаға адамзаттан қыз бұйырмай, Киiктiң қосылдың ба ешкiсiне". Сонда Күдерi қожа: "…Егiннiң қырманы көп, қызылдаған, Жаз болса, сона, шыбын ызыңдаған. Қожамен киiк алған, бiр түнесең, Тумас пе балаң жүйрiк, дызылдаған". Осындағы сона, шыбын жәндiктердiң Сыр бойында көп болатынын ескерсек, екi ақын жазғы жайлауда кездесiп, айтысқаны аңғарылады. Ұлбикенiң ақындығын ұштаған Жанкелдi мен анасы Жаңыл болғанға ұқсайды. Бұл пiкiрлерiмiздi ақын өлеңдерi де айғақтай түседi. Өзбекстанда тұратын бiр бауырымыз қарақалпақ Жанкел мен Ұлбике айтысына енбеген бiраз айтыстарын 1964-1965 жылдары академияға жолдаған екен, бiрақ бұлар кейiнгi кiтаптарға енбеген. Ал "Ұлбике мен жетi қожа айтысы" деген атпен белгiлi өлең де баспа бетiн көрмеген. Жалпы Ұлбике ақынның салиқалы да салмақты өлеңдерiнен басқа жас кезiндегi қысқа айтыстары, әзiл-өлеңдерi барлығын да оқырмандарға хабардар етпекпiн. Ұлбике ақынның сөз өнерi Күдерi қожа айтысында айқын көрiнiс бередi. Олар: ел-жұрт, туған жер, дiн, ислам хақында, ата-тектерi туралы айта келiп, жүйрiк ат, қыран бүркiт, құмай тазыны жырларына арқау еткен. Күдерiқожа бiр айтысында: "…Ұлбике-ау, таусылмайтын сен бiр сұрақ, Сарқылмас сағасы арна мен бiр бұлақ. Әлеумет риза болса бiз де риза, Кешпейтiн сөздерiң жоқ, Ләйлiм шырақ", – деп Ұлбике ақынның шын бағасын берсе, Таспа қожа: "…Ошақты қыз сұрақтан ерiнбедi, Көкке өрлеген не деген керiм едi! Аспандағы топ жұлдыз Үркер деген, Шаңырақтан қаңтарда көрiнедi", — дейдi. Ұлбике: "Қара ешкiнi саусам да ақ шығады, Киiм тiксем өзiме шақ шығады. Шақпақ тасты қолға алып соғыстырсам, Қалай ғана жарқылдап шоқ шығады?", – деп әлемнiң жаратылысы, қоршаған орта жайлы сұрақ-сауалдарын әдемi өлең жолдарымен өрбiтедi. Жалпы Ұлбике төкпе ақын, табанда суырып сөз айтатын ақын болған, жасынан өлең шығарған. Оны мына өлең жолдары аңғартып-ақ тұр. "…Әудем жермен әуелi үнiмдi аштым, Он екiмде өлеңмен тiлiмдi аштым. Он үшiмде өзiмдей бозбаламен, Жұмбақ айтып өлеңмен жағаластым". Ұлбике өлеңдi, өнердi түсiнбеген отағасы Бойтанның қолынан қаза болады. Шарықтап қанат қағатын кезiнде толып, толысқан шағында өнерiмен бiрге өмiрден ерте кеттi. Ұлбике ақынның айтыстары қазақ айтыс өнерiндегi ең бiр жауһар, әсем айтыс үлгiсi екенiн ұмытпауға тиiспiз.   Тынышбек ДАЙРАБАЙ