МЕНIҢ ЖАНЫМ ӘМАНДА САРСАҢКЕСЕК
МЕНIҢ ЖАНЫМ ӘМАНДА САРСАҢКЕСЕК
Қоғамдағы әрбiр адамның бойындағы өршiл намыс, асқақ рухсыз жалпы ұлттық патриотизм туралы сөз қозғаудың өзi жаңсақтық. Рухы мықтылар ғана өзiнiң туған жерi, өскен Отанын шын сүйе алады. Керiсiнше, бойында ұлттық патриотизм ұшқыны жоқ кiсiнiң рухы асқақ бола алмайтыны бесенеден белгiлi.
Оқырмандарымыздың назарына ұсынылып отырған авторлардың шығармалары ұлттық намысымыз бен қайталанбас болмысымыздың асқақтығын өрнектеген өлеңдер деп есептеймiз.
Есенғали РАУШАНОВ
…қазақтықта менiмен бiрге жүрдi.. ол "Бабырнама"
Арғымақ ару аттар жалында
Жел ұйықтайды бұл түнде.
Кешегi кескектi ерлер барында,
Ол ұйқы он бұзылар едi бiр күнде,
Ал айташым, айтар болсаң,
сол ерлердi айт, iркiлме.
Әзiр сарай кезiнде
Әркiмнiң де сыйы бар,
Оңнан, солдан құйылар.
Жалпы сөздi жалқы етiп,
қарайған қараорманың тәрк етiп,
Қазақ шығып көрдiң бе?..
Қазақ шыққан кезiңде
Қасыңда болған азамат,
Әне, соны «пiрiм» дегiн сыйынар.
Некесiз туған замана
Тұз құйғанда жараға,
Жарақты әскер жасанып,
Қанша рет қазақ шықтың қасарып,
Қара өлең, жаным сенен садаға.
Тосын да тосын, тосынның
Тобын жарып өте алмай,
Тоқырау судай тосылдың.
Әзiз сұңқар басыңмен
Тобанаяқ топ қарғаға қосылдың.
Ал айташым, айт сонда
Қазақ екенiңе күмәнданып көрдiң бе?
Көрсең, мен сенiң досыңмын.
Мен, мен десiн, мен десiн,
Мен демесе ерге сын.
Ақ шырағы сөнгесiн,
Қазақ өлсе — көмiлер,
Көмiлмесе, иманы хаққа аманат,
Қазақтығың өлмесiн.
* * *
Тағы бiр күндi ұзатып салдым.
Жарық дүние…
Жаз…
Жайлау —
Жырақ қалып.
Отқа түстi ол байғұс құлап барып.
Жанып жатыр
Әнеки күн денесi
Мәжусидiң табыты сияқтанып.
Жанып, жанып өшедi.
Күл қалады,
Жел үстiне күлдей боп түн қонады.
Түн қонады тауға да, қырға дағы,
Терек терек қалпымен ырғалады,
Шиқан бет Ай толады, нұрланады,
Менiң жаным нелiктен мұңданады.
Мұңданады, қан жылап тұрады iшiм,
Өлдi мiне бiр Күнiм — бiр арысым.
Күлге айналды мүбәрак денесi оның,
Мен де бiр күн күл болам, ұғамысың.
Сыңғырлайды, күледi құртқа — бұлақ.
Саққұлақ тау тiгедi сыртқа құлақ.
Күздi кешiп келемiн жынды адамдай,
Сау адамдай көрiнем сыртқа бiрақ.
Қалбай ӘБДIРАХМАН,
Ақтау қаласы
ҚАЗАҒЫҢДЫ САҒЫНАСЫҢ!..
Ойлама өз ұлтыңнан қашамын деп,
Кеңiрек басқа есiктi ашамын деп.
Гүлденген баққа кiрiп, таққа мiнiп,
Аяқты еркiнiрек басамын деп.
Онда сен соқпағыңнан жаңыласың,
Жаңылсаң… қазағыңды сағынасың!…
Өзгеру қиын емес… Өзгересiң!
Өзгермей қалғандарды ез көресiң.
Ат мiнiп шалқып жүрiп, балқып жүрiп,
Тағы бiр қиындыққа кез келесiң —
Отырған столыңнан қағыласың,
Сол кезде қазағыңды сағынасың!..
Бiреудiң қазанына таңыласың,
Бiреудiң Құдайына табынасың.
Ол Құдай қорғашалап өз үмбетiн,
Қазақ… деп саған бұрса әзiл бетiн,
Сиынар Құдай таппай тарынасың,
Сол кезде… қазағыңды сағынасың!..
Есiкке мөлтеңдейсiң ашқан шақта-ақ,
Тұрасың бiреу кiрсе жасқаншақтап.
Орныңнан бiреу төмен ығыс, десе,
Кетедi көздерiңнен жас моншақтап!..
Үндеме-е-й, айтқанына бағынасың,
Сол кезде… Қазағыңды сағынасың!..
Тiрлiкте ит те болсаң күн көресiң,
Бiреудiң жаласаң да бiрдеңесiн.
Мәңгi емес тақ та, бақ та, денсаулық та,
Әйтеуiр, қазағыңа бiр келесiң!..
Сатқын деген атаққа таңыласың,
Дос па деп дұшпаныңа жарыласың.
Сол кезде… қазағыңды сағынасың.
ҚАЗАҚТАР НЕГЕ КӨШЕДI?!.
Қазақтар неге көшедi,
Туылған жерден кешегi?!.
Иелеп жатыр басқалар,
Қаңырап қалған көшенi…
"Көшпелi халық — бұ халық!"..
Жүргелi қашан шұбалып.
Мұңайысады қасқалар,
Жүктерiн жолға шығарып.
Артында әне Аралы,
Туылған жерi, маралы.
Көшпейдi неге басқалар,
Қазақтар көшiп барады?!
Бұл жерде кәнi азат кiм!
Бiзге де керек ғажап күн!
Том-том боп қалың кiтабы,
Шығуы керек қазақтың!
Қазағым: «өнiп-өс!», дейдi,
Ешкiмнiң жолын кеспейдi,
«Қазақ» деп көзге түртпесең,
Қазағым менiң көшпейдi!..
Отына көндiм тозақтың,
Көремiз мұнда мазақ кiм?!
Көштi деп оны қуанбай,
Көзiне қара қазақтың.
Қазақтар неге көшедi,
Қалбайлар неге өшедi?!
Түюлi әне тұмарға,
Туылған жердiң кесегi…
Сейiтжаппар ӘЙКЕНҰЛЫ,еңбек ардагерi
МАҚТАНЫШЫМ ЕЛIМ МЕН ЖЕРIМ
Қамшының сабындай қысқа жол,
Шексiздiктiң белгiсiз нүктесi.
Бiлсең де сол, бiлмесең де сол
Белгiсiздi жамылған ғылым күртесi.
Әлемнiң қара құрдымы.
Бәрiмiздi жұтып,
Жаңқалап жiлiктеп,
Бойдағы қара пейiлден
Аулақта ұстар ұрпақты.
Қозғалып жүрiп,
Барлық терiс қылықты жұқтырып,
Қайтадан оң мен солын
Айқасқа түсер тықсырып.
Солтүстiк пен оңтүстiк,
Шығысың мен батысың,
Төрге де тартар үрдiсiң
Далаға қарай жөңкiлер.
Шығыстың қиыр орманын шарлап,
Батыстың өндiрiстiк
бақшасына басын тығып,
Үрдiс те шыққан жоғалар.
Жерде бiздiң тұрақ бар,
Құраққа аунап жетiлдiк.
Тiршiлiк бiткен тұрақтар
Елде түлеп бекiдiк.
Өмiрдiң сынап жүрiсi
Бөктеруге алдырмас.
Күнге қарап жүгiргенде
Көзiң қарықты,
Түнгi сарынмен жорытқанда
Жол қараңғыланды.
Бәрiнен бұрын есiң шығып,
Абдырап босқа қалмадың.
Жеңсең де, жеңiлсең де,
Өз елiңе өкпелемей
Өз талантыңды шыңдадың.
Ат жалын тартып мiндiң де
Әкең үйiнде тақымын қысты,
Күн салып қарады шешең де.
Елiңнiң еңiреткен ерлерiн
Есiңе алып,
Сен де қиындыққа бетпе-бет
Қалып, тұрдың жанып.
Заң атаулы бiрiн-бiрi қамшылап,
Адамзатты жатқан жоқ па аршып ап.
Жалаңаш дене көз алдыңда қалтырап,
Құр сезiмге тұншығады малшылап.
О, туған жер —
Суларың тартылып,
Тауларың шөгiп,
Аңдарың азайып қалса да,
Сен мәңгiлiк тұғырсың.
Бәрiн қалпына келтiрер
Ұрпаққа бiткен ғұмырсың.
Ат-жалын тартып мiнiп,
Жарғақ құлақ жастыққа тимей
Жiгерлене жүгiрдiк.
Көкке самғап,
Кетiп барады қыраным.
Атадан қалған алтын тақ,
Өз үйiңнiң төрi болар жамағат.
Ызақорлық ашуыңды салқындат
Ұшпағыңның басы болар қанағат.
Әсел САЛЫҚ
ЖАҢЫЛМАС ПА ЕКЕМ ЖҮРIСТЕН
Алқынған жүрек, айтылмай тiлек, кеудеде жатып тұншығып,
Көздегi жасым көңiлде тұнып, барады жаным қысылып.
Үнсiздiк билеп бойымды, алып сезiм де оны жеңе алмай
Қалар ма үнсiз беймаза күндер, өзiнен-өзi сыр бұғып.
Жасырын көздер қиыла қарап бiрiне-бiрi түйiскен,
Тәттi де сол сәт жанар мен жанар қадалып ұзақ сүйiскен.
Бұлдырап сағым барады елтiп, соңына ертiп ерiксiз
Iлестiм оған, барамын кетiп жаңылмас па екем жүрiстен.
Алқынған жүрек, алаңсыз ойлар, тартылыс-тартыс арнасы,
Сергелдең сезiм серпiлер емес, сағыныш тапқан панасы.
Жүрекке әмiр жүрген бе шiркiн, көзге iлмей көңiл көздерi
Iздейдi әйтеуiр, кiм бiлсiн-кiмдi үзiлген үмiт шарасы.
ТЕРЕЗЕМЕ ТҮН КЕЛЕДI
Тереземе түн келедi есiгiмдi ұрғылап,
Әйнегiмде ағыл-тегiл ару-жаңбыр тұр жылап.
Жұбатуға мұңлы түндi келмей қойды-ау дәрменiм
Ақ перденiң ар жағында сыр-мұңы бiр сырлы бақ.
Көз алдыма елестейдi сенiң нұрлы келбетiң,
Сол келбетiң шарпып өттi жүрегiм боп жер бетiн.
Мұңлы үмiттi демеу еттiм құлазыған көңiлге
Тереземдей жылап тұрған жүрек жетiм, мен жетiм.
Тереземе түн келгенде теңселемiн тербелiп,
Жүрегiмде мұңлы ойларым жатар налып шер болып.
Жаңбыр болып жабырқаумен жалғыз қалған жаныма
Сонда сен кеп, шуақ төкшi мен болып.
Бақытбек БӘМIШҰЛЫ
ОРАЛУ
Жаратқан ием жар болып,
Оралсаң аман сапардан.
Еңкейген белi бүгiлiп,
Қарсы алып тұрса ата-анаң.
Қосылған сүйiп ғашығың,
Ағызып жасын жасырын.
Жұрт көзiнен қаймығып,
Амандасса ақырын.
Тосырқап қалып, нақ танып,
Бал-бұл жанып шаттанып.
Мойныңнан түсiп, тiзеңдi
Құлының жатса жастанып.
Ақ жусан иiсi бұрқырап,
Ағайын-жұртың шұрқырап,
Елiң-жерiң дiн аман,
Алдыңнан шашса нұр шуақ.
Жалғанда мынау тар мекен,
Бұдан зор бақыт бар ма екен?!