ҚАРАДОМАЛАҚ БАЛА ҺӘМ "АЛТЫН АЛҚА"
ҚАРАДОМАЛАҚ БАЛА ҺӘМ "АЛТЫН АЛҚА"
Қазақстанда демографиялық ахуал оңалмай тұр
Баланың былдырлаған тiлiн естiп, тәттi қылығын тамашалағаннан асқан бақыт жоқ шығар бұл фәниде. "Өмiрдiң бiр қызығы бала деген…" деп, Абай атамыз айтпақшы, адам баласы бұл жалғанда бала үшiн, баланың ертеңгi болашағының жарқын болуы үшiн өмiр сүредi екен. Ал, негiзгi басты байлығы — халқына, нақтырақ айтқанда, өмiр есiгiн ашқан әрбiр нәрестеге үкiмет қандай көмек берiп жатыр, осы жағына тоқталайықшы.
Иә, «ұлан-ғайыр жерiмiзге бес Франция сыйып кетедi» деп мақтанып жатамыз. "Ол ол ма, жерасты, жерүстi байлығымыз қаншама! Тiптi, бiзде Менделеев кестесiндегi химиялық элементтердiң бәрi бар" деп ауыз толтырып айтқанда жан салмаймыз. Солайы солай ғой. Бiрақ та қазақтың бағына бiткен осы екi байлығына бүгiнде бүкiл әлем халқы көз тiге бастаған сияқты. Кең жазиралы даланың бос жатпасы үшiн қазақ халқының саны керек! Ол үшiн нақты көмек, нақты болжам қажет. Осыдан 4-5 жыл бұрын демограф-ғалымдар қазақтың санын 20 миллионға жеткiзу керек деп дабыл қақты. Кейбiрi бұл көрсеткiшке 2015 жылы қол жеткiземiз десе, ендiгiсi 2020 жылы, әрi кетсе 2025 жылы табан тiреп қаламыз деген болжам жасады. Әрине, "Жақсы сөз – жарым ырыс". Бiрақ та мына түрiмiзбен бiзге бұл жорамалдың ауылы алыс көрiнедi. Көңiлге бiр медет болғаны, былтырғы санақта қазақ санының 67 пайызға жеткендiгi. Бұған әлбетте, көрпесiне қарай көсiлетiн Үкiметтiң ана мен балаға қал-қадiрiнше көмек берiп жатқандығы бiршама септiгiн тигiзсе керек. Алайда, бүгiнгi күнi ана мен балаға жасалып отырған қамқорлыққа көңiл тоя ма?
Ел үкiметi демографияға дүмпу жасайтын айтарлықтай жаңалық енгiзбесе де, жәрдемақы жағын жылдан-жылға еселеп келедi. Қазiр өмiрге қанша бала әкелсең, төленетiн жәрдемақы да соншалықты өсiп отырмақ. Айталық, нәресте дүниеге келгенде төленетiн бiр реттiк жөргекпұл 35 мың теңгенiң айналасында болса, ендi өмiр есiгiн ашқан төртiншi балаға берiлетiн ақшаның көлемi 30-дан 50 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн көбейдi. Яғни, 70 мың теңгенiң шамасында. Бiр жасқа дейiн баланы бағуға төленетiн айлық жәрдемақы көлемi де бiршама артты. Бiрақ та бала дүниеге келгенде мемлекеттiң беретiн бiр реттiк жөргекақының және бала күтуiне 1 жасқа дейiнгi берiлетiн көмектiң көлемiн ұлғайтып, бала күту үшiн берiлетiн демалыс мерзiмiн 1,5 жасқа дейiн созсақ, құба-құп емес пе? Бұл жәрдемақы көп пе, аз ба? Әрине, көп емес. Бүгiнде баланы бағып-қағу, балабақшаға беру, оқыту шығыны бұдан екi есе асып түседi. Алайда "Әр баланың несiбесi бар" дегендi құлаққа құйып өскен қазақ отбасы осының өзiн мiсе тұтып, өмiрге ұрпақ әкелiп жатса да, бәрiбiр Үкiметтен көмек күтетiнi сөзсiз. Әсiлiнде, қазақтың санын 67 пайызға жеткiзуге атсалысқан қаланың емес, қоңыр ауылдың аналары екенiн мойындау керек. Бiр қуаныштысы, қазiр 35 жастағы кейбiр аналардың кемiнде 5-6 баласы бар. Әдейi ауылға атбасын бұрып, осындай батыр аналармен шүйiркелесе қалсаңыз, әуелi бiр Құдайдың несiбесiне, екiншi Үкiметтiң жәрдемақысына арқа сүйейтiндiгiн жасырмайды. Ал егер билiк ана мен балаға жағдайды бұдан да әрi жақсарта түссе, онда қазақтың саны әлгiндегi демографтардың жасаған болжамына да жетiп қалатын күн де туар, кiм бiлсiн?!
Қазiр демографияға байланысты түрлi бағдарлама бар. Бiрақ оның iшiнде нақты жұмыс iстеп жатқаны жоқтың қасы. Мысалы, жаңадан қабылданған ҚР демографиялық саясаты және отбасын нығайтудың 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының да мақсаты — елiмiздегi бала туу көрсеткiшiн арттырып, халықтың өлiм деңгейiн азайту және салауатты өмiрдi ұзарту. Өйткенi, соңғы жылдары Қазақстандағы демографиялық жағдай күрт нашарлап кеткен. Тiптi, кей өңiрде ана мен бала өлiмi жиi орын алуда. Өткен жылдың қаңтары мен қыркүйегiнiң арасында туылған балалардың саны 2008 жылы дәл осы аралықта туылған балалардың санынан 1339-ға кем екен. Сонымен қатар, ерлi-зайыптылар арасындағы ажырасулар да күрт көбейiп, некесiз туған балалардың саны артқан. Мәселен, елiмiзде 500 мың бала жалғызiлiктi аналардың отбасында тәрбиеленiп жатыр. Осы өзектi мәселелердi шешу үшiн аталмыш тұжырымдамада елiмiздегi демографиялық жағдайды жақсартуға байланысты атқарылуы тиiс iс-шаралардың нақты жолдары қарастырылыпты. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова аталған тұжырымдама жоспарға сәйкес дамитын болса, бiраз жетiстiктерге қол жеткiзуге болатынын айтады. "Жаңа концепцияның жақсы нәтижелерi көп болады деп күтiлуде. Атап айтсақ, болашақта үш немесе одан да көп балалары бар отбасылар санын арттырып, 2020 жылға қарай ана өлiмiн 100 мың адамға шаққанда 15-ке дейiн (2008 жылы бұл көрсеткiш 33,7 болған) және бала өлiмiн 1000-ға шаққанда 12-ге дейiн азайту көзделген. Жобада сонымен қатар отбасылық жәрдемақыны арттыру, Қазақстандағы мүмкiндiгi шектеулi жандардың мәртебесiн халықаралық стандартқа сәйкестендiру, мүгедектердiң тең мүмкiндiкке ие болуын қамтамасыз ету және қандастарымызды елге қайтару бағдарламасын дамыту арқылы көшi-қон өсiмiн қолдау жағы да бар. Жобадағы өзектi мәселелердi шешу және республикадағы демографиялық жағдайды жақсарту үшiн шығындарды арттыру көзделiп отыр. Оның iшiнде баласы бар отбасыларға мемлекеттiк қолдау көрсету, тұрғындардың денсаулығын бақылауға алу және көшi-қон жүйесiн реттеу басты назарға алынбақ" дейдi министр. Жасыратыны жоқ, бұл дәл бүгiнгi күнге арналған тұжырымдама екен. Бiрақ қағаз жүзiнде қалып қоймағаны абзал деймiз де.
2010 жылдан "Мемлекеттiк наградалар туралы" Заңға "Алтын алқа" және "Күмiс алқа" үшiн қойылатын талаптар да өзгертiлiп, ендi "Алтын алқа" бұрынғыша он емес, жетi бала туған аналарға, "Күмiс алқа" бұрынғыша сегiз емес, алты бала тапқан аналарға берiлетiн болады. Әрине, мұның өзi аналарға деген үлкен көмек, демографияға серпiлiс жасауға бағытталған даңғыл жол. Жаңа жыл табалдырықтан аттағаны сол екен, халқының саны жағынан басымдыққа ие Оңтүстiк өңiрдiң батыр аналары алтын, күмiс алқаға құжаттарын жинап-терiп, тиiстi орынға өткiзiп жатқанға ұқсайды. Мiне, бұл "Қызым, саған айтам, келiнiм, сен тыңда" демекшi, өнегелi қыз-келiншектерге үлгi болатын сауапты iс емес пе?!
ОРЫСТЫҢ "АНА КАПИТАЛЫ" БIЗГЕ ДЕ КЕРЕК-АУ…
Ресей үкiметi тұрғындардың маскүнемдiк пен нашақорлықтан көптеп көз жұмып жатқанына алаңдаулы. Денi сау ана ғана денi сау ұрпақ әкелетiнi бесенеден белгiлi. Жергiлiктi ұлттың саны жыл санап құрып бара жатқандықтан да, алып көршi арнайы "Ана капиталы" мемлекеттiк бағдарламасын қабылдаған едi. Жұмыс iстегенiне үш жылға таяған бағдарлама расында да халық санының өсуiне әжептәуiр өз септiгiн тигiзген сияқты. Бағдарлама күшiне енген алғашқы кезде ана капиталы 250 мың рубль болса, 2009 жылы 299 мың 715 рубльден 313 мың рубльге көбейдi, ал 2010 жылдан бастап тағы да 343 мың 379 рубльге өсiп отыр. Оған екiншi, үшiншi немесе төртiншi, бесiншi, одан кейiнгi баласын өмiрге әкелген кез келген отбасы құжат тапсыра алады. Бiр айта кетерлiгi, ана капиталындағы ақша жыл сайынғы инфляцияның өсiп кетуiмен есептелiнедi. Яғни, ақша инфляцияға жұтылып кетпейдi деген сөз. Бұл қаражатқа баласы үш жасқа толғанда ие болатын отбасы тұрғын үйiн жақсартуға, баласын оқытуға мүмкiндiгi бар. Бұл мақсатқа 2009 жылға бөлiнген 26,3 миллиард қаржының 3,3 миллиард рублi жұмсалған. Статистикалық көрсеткiшке көз жүгiртсек, бүгiнде кемiнде 62 мың ресейлiк отбасы ана капиталындағы қаржымен ипотекалық несиесiн өтеп үлгерiптi. Ал, тағы бiр жаңа мүмкiндiк – 2010 жылдан бастап ана капиталы арқылы тек ипотекалық несиенi ғана жауып қоймай, баспана салуға және жаңа пәтер сатып алуға болады екен. Сондай-ақ, Премьер-министр В.Путин халықпен болған кездесуде ана капиталын пайдаланудың тiзiмiн кеңейтуге болатынын айтып, тiптi, жақын арада мұндағы қаржыны баланың ем-домына жұмсауды қарастыратынын жеткiздi. Бұдан бөлек ана капиталынан кез келген мақсатқа 12 мың рубль көлемiндегi бiр реттiк төлемақы беру үрдiсi әлi жалғасын табуда. Бұл аз десеңiз, Ресей жыл соңына таман бала туу санын арттырудың жаңа жобасын қолға алды. Мәселен, үкiмет бiрiншi, екiншi баласы бар отбасының үшiншi, төртiншi баласын өмiрге әкелуiне мұрындық болуы үшiн екiжақты арнайы келiсiмшарт жасауына тура келдi. Нәтижесiнде Мемлекеттiк думаның ана мен баланы қорғау мәселесi жөнiндегi комитет қабылдаған бағдарламаға сәйкес, мемлекет үшiншi, төртiншi баланы асырауды өз мойнына алады. Ол үшiн өмiрге бала әкелуге қабiлеттi отбасының төрт құбыласы түгел әрi денсаулығы сыр бермеуi тиiс. Анаға да, мемлекетке де денi сау ұрпақ керек. Отбасының басты мiндетi – үшiншi не төртiншi балаға өмiр сыйлап, тәрбиелеу болса, қалған материалдық шығынның бәрi мемлекеттiң құзыретiндегi шаруа. Алайда, екi жақ келiсiмшартқа алдын-ала отырғанмен, бұл жоба iске тек үшiншi бала өмiрге келгенде ғана аса алады. Ресейлiк ақпарат көздерiнiң хабарлауынша, Ресей федерациясы "Ана капиталы", "Денсаулық" ұлттық жобалары арқылы жергiлiктi тұрғындардың өлiм көрсеткiшiн екi есеге азайтып, өмiр сүру ұзақтығын 2 жарым жылға көбейтiптi. Мұндай жақсы нәтижеге жету жолында мемлекет әуелi iшiмдiк пен темекiден аулақ болуға күш салып жатқанын айта кету керек.
Шынында да, бiзде де осы сынды бағдарламалар қабылдап, жас отбасыға демеу ретiнде қаражат бөлсек, қазақтың саны әлдеқашан көбейер ме едi?! Бүгiнде қанша жас отбасы некеге тұрып, шаңырақ көтерсе, соның көпшiлiгi пәтер жалдап жүр. Тапқан-таянғаны қарақан бастары мен пәтерақысын төлеуден аспай жатқанда, бала сүю мәселесi кейiнге ысырыла бермек. Әуелi баспаналы болайық, баланы сосын-ақ өмiрге әкелемiз деп жүрiп, айрылысып кететiндер де жеткiлiктi. Сондықтан да жас отбасыға мемлекет тарапынан көмектiң ауадай қажеттiгi сезiлгенi қашан. Керек болса, "2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заң жобасын талқылау барысында депутаттар "Нұр Отан" партиясының сайлау алдында "Көп бала туған жас отбасылардың тұрғын үй несиесiн жабуына көмектесемiз" деген уәдесiн орындауға қаржының нелiктен бөлiнбегендiгiн бетке басқан болатын. Сол кезде Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильянов: "Көп бала тапқан отбасының үйiнiң несиесiн жауып берудiң өзi үлкен көмек. Жас отбасыны, мемлекеттiк қызметкерлер мен ауылдағы қарапайым халықты қолдамасақ, оны жүзеге асыра алмасақ, "Нұр Отан" ХДП-ның бағдарламасына несiне жаздық", — деп ашына айтып едi. Алайда, бұл сөздi ешбiр Үкiмет мүшесi елемеген болуы керек, тiптi, қайта ауызға алынған да жоқ. Әсiлi, өз ұлтының болашағына, өркениетi мен мәдениетiне, тұтас халықтың тағдырына алаңдайтын мемлекеттердiң ешбiрi ана мен баланың өмiрiнен асқан қасиеттi құндылық бар деп есептемейдi. Басты ұлттық байлық — томпаңдаған қарадомалақтарымыз. Солардың жағдайын жасау Қазақстанның кезек күттiрмейтiн мiндетi. Сонда ғана демографияның тамырына қан жүгiрiп, әрбiр шаңырақта баланың былдырлаған тәттi даусы жыл сайын естiле берер едi, естiле берер едi. Ал, мемлекеттiң жәрдемақысын алуға лайықты аналар бұл көмектен қағыс қалып жүрген жоқ па, екен?
Гүлмира, 5 баланың анасы:
— Аягөздiң тұрғынымын. Құдайға шүкiр, бес баланы өмiрге әкелдiм. Көпбалалы анамын. Бiрақ өзiм де, күйеуiм де жұмыс iстемесем де, «тым болмаса бiреудiң сиырын сауып, кiрiн жусаң да, айына 1-2 мың табатын шығарсың» деп, ал күйеуiмдi отбасының асыраушысы деп ай сайынғы табысына — 13 мың теңге жазып қояды. Сонда айналып келгенде, ай сайынғы кiрiс көзiн 60 мың теңге деп есептейдi де, қолымызға 8 мың теңге бередi. Бұл көпбалалы отбасыға беретiн жәрдемақысы. Ал, 18 жасқа толмаған бес баламның әрқайсысына 1280 теңгеден 6 мың теңгедей аламын. Бәрiн қосқанда, ай сайын қолға тиетiнi — 14 мың теңге. Бұл балаларымның тамағы, киiм-кешегiнен артылмайды. Әсiресе, сабаққа барар кезде оқу-құралдарына, киiмiне жетпей жатады да, бiрiнiң ескiсiн екiншiсi киюiне тура келедi. Шынын айтқанда, осы ақшаға өмiр сүрiп жатырмыз. Жұмыс жоқ. Күйеуiм бiр жұмысқа орналасса, артынша қысқартуға ұшырайды. Ендi жаңа жылдан бастап жәрдемақы аздап өседi дегендi естiп, қуанып жатырмыз.
Назым, 3 баланың анасы:
— Алматы қаласында тұрып жатырмыз. Осы уақытқа дейiн ешбiр жәрдемақы алып көрмедiм. Тiптi, әрi-берi сандалып, құжат жинап өткiзсең де, отағасының табысын отбасы мүшелерiне шаққанда, "Сiз, жәрдемақы ала алмайсыз!" деп шығарып салады. Алғашқы үш баламды өмiрге әкелгенде, осы жағдайды бастан өткердiм. Тiптi, құжат рәсiмдейтiн мамандар "Бар-жоғы 1500 теңге үшiн не қыласыз сандалып?" дегенде, қатты намысқа булықтым. Ал, негiзiнде күйеуiмнiң табысы көп емес. Әйтеуiр, отбасын бiреуден кейiн, бiреуден iлгерi асырауға ғана жетедi. Құдай қаласа, жақында төртiншi нәрестемдi жарық дүниеге әкелемiн. Естуiмше, 4 балалы ата-ана көпбалалы отбасы қатарына жатады екен. Алайда, жәрдемақы алу мәселесi бұл жолы қалай болатынын кiм бiледi?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ