ОРАЗАҚЫН АСҚАР
ОРАЗАҚЫН АСҚАР
Ол кiсiнi үнемi «Баспалар үйiнен» көремiн. Қарапайым, ақкөңiл, сыпайы. «Құмырсқаның iзiн кесiп өтпейтiннiң» нағыз өзi. Кiм-кiмге болса да аманы да, иманы да ерекше. Ауылда жүргенде, дидарласып, сөйлессек дейтiн ақын-жазушымыз көп едi… Әттең, көбiсiнен көрген бетте жиренiп қалдық. Бiрақ, бiздiң санамызда өз биiгiнде қалған ағалар да аз емес. Соның бiрi – осы Оразақын Асқар аға. «Ел-шежiре» қоғамдық қорының арнайы тапсырысымен үйiне сұхбаттасуға барғанда, жаны нәзiк, рухы биiк, адамгершiлiктiң әдiл қағидаларынан аттамаған Ақынды көрiп қуандым.
– Оразақын аға, ел сiздi «Мұқағалитанушы» дейдi. Сiз Мұқағали ағамыздың жанында жүрдiңiз. Ол кiсi туралы айтарыңыз көп болғандықтан, естелiктердi жер-жерде жиi айтып жүресiз. Жалпы Мақатаевпен қалай танысып едiңiз? – Мен Мұқағалидан бұрын оның өлеңiн танығанмын.Үрiмжi қаласындағы «Ұлттар институтының» тiл-әдебиет факультетiнде оқып жүргенiмде, барлық мемлекетке тарайтын әдеби басылымға Мұқағалидың бiр топ өлеңдерi шықты. Бейтаныс ақын, бұрын-соңды әдебиеттен атын оқыған емеспiн. Өлеңдерiнiң қатты ұнағаны соншалық, жаттап та алдым. Бiрi махаббат, бiрi ата-ана, бiрi табиғат туралы екен. Алғаш рет Мұхаметқали Мақатаев деген атпен шыққан. Мұхаметқали – Мұқағалидың азан шақырып қойған аты. Кейiннен атамекенге оралдық. Мен Қазақ мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiне оқуға түстiм. Нарынқол жақта шешемнiң туыстары бар болатын. Шешем сол нағашыларымның қолында едi. Атамекенге оралысымен оқуға түсiп кеткендiктен, нағашыларымның ауылына баруға да қол тимедi. Бiрде Мұқағалидың ауылы нағашыларымның ауыл жағына жақын екенiн естiдiм. Содан, Алматыдан бара жатқанда бiрiншi Мұқағалидың, ары қарай нағашыларымның ауылына баруды жоспарлап жолға шықтым. Не керек, Мұқаң тұратын ауылға да келiп жеттiм. Елден: «Мұқағали деген ақынның үйi қайсы?» деп сұраймын. «Мұғалiм Мұқағалидың үйi – әне» деп жол сiлтегендер болды. Ол кезде Мұқағали ауылда мектепте сабақ беретiн мұғалiм. Әлгi жол көрсетушiлердiң айтуы бойынша, бiр үйдiң есiгiнiң алдына келдiм. Аулада қапсағай денелi iрi жiгiт ағаш жарып жатыр екен. Амандасып: «Мұқағалидың үйi осы ма?» дедiм. «Иә, келiңiз, төрлетiңiз» деп, әлгi жiгiт үйге кiргiздi. Жайғасқан соң, «Мұқағалидың өзi қайда екен?» деп сұрадым. Менi үйге кiргiзген жiгiт: «Иә, не болды? Мұқағали мен боламын» дедi. Қайтадан орнымнан тұрып, құшақтасып сәлемдестiм. Барлық жағдайымды айтып түсiндiрдiм: нағашылар жағымнан шешемдi iздеп бара жатқанымды, өзiмнiң атамекенге ендi ғана келгендiгiмдi, студент екендiгiмдi, бәрiн қалдырмай, түгел баяндап бердiм. Жақсы әңгiмелестiк. Сөз арасында өзiнiң өлеңдерiн жатқа оқып бердiм. Риза болып: «Әй, Лашын, қайдасың? Мына жiгiт Қытайдан келген екен. Менiң өлеңдерiмдi жатқа бiледi өзi» деп мәре-сәре болды. Iшкi бөлмеден, аққұбаша, ұзын бойлы, Мұқағалиға бойы жетеқабыл келiншек шықты. Менi олар қонақасы берiп, ерекше күттi. Мұқағали екеумiз кезектесiп өлең оқыдық. Сөйтiп отырғанда, қас қарайып, түн болып кеттi. Мен: «Рұқсат болса, қайтайын. Атамекенге келгелi берi анамды әлi көргенiм жоқ» деп айттым. «Қонып кет. Жетi қараңғыда қайда бармақсың? Екi ауылдың арасына автобус бiр-ақ мезгiл қатынайды» деп бiраз үгiттедi. Бiрақ, бәрiбiр мен кететiн болып шештiм. Сонда Мұқаң тысқа шығып кеттi. Сәлден соң артынан шықсам, шанаға ат жегiп қойыпты. Шана мен атқа ауылдың бiр баласын қосып жiберетiн шығар деп ойласам, атты өзi айдады. Түнделетiп нағашымның ауылына бардық. Келсек, шешем аздап сырқаттанып, ыстығы көтерiлiп жатыр екен. Мұқағалимен менiң шешем бiр рудан. Менен бұрын Мұқағали: «Ой, тәте, ауырып қалыпсыз ғой» деп бәйек болды. Маған: «Мен тәтемдi өзiммен бiрге алып кетемiн. Бұл ауылда дәрiгер жоқ» дедi. Шешем: «Қарағым, менiң дәрiм келдi. Баламды көрiп, иiскеп, құшақтағасын жазылып кетемiн» деп, рахметiн айтып, бармады. Сонымен, Мұқағали үйiне қайтып кеткен. Бiр кезде сатыр-сұтыр, ит үрген дыбыстар шықты. Есiктi ашып қарасақ, Мұқағали тұр. Жанында ақ халат киген дәрiгерi бар. Мен Мұқағалидың адамгершiлiгiне риза боламын. Танымайтын, өзге жұрттан келген менi бауырына тартып, әлгiндей жақсылық жасау кез келгеннiң қолынан келмейдi ғой. Мiне, бұл нағыз ақынға тән адамдық. Мен бiлетiн Мұқағали осындай едi… – Иә, сiздiң осы бiр үзiк сырыңыздың өзiнен-ақ, қазақтың Мұқағалиының қандай болғанын аңғаруға болады. Ақиық ақын ағамыз туралы айта берсек, сөз таусылмайды ғой. Ал сiздiң ата-бабаңыз атамекеннен қалай алыстап кетiп жүр? Жалпы атамекеннен алыста жатса да, Қытай, Моңғолия жерiнен келiп жатқан қандастарымыз қазақы қаймағы бұзылмаған, шетiнен өнерлi, кiл мықтылар екенiн мойындауымыз керек. Тiптi, салт-дәстүрдi, тiлдi атамекенде қалғандардан да жақсы сақтаған. Сонда ол жақтағы идеология қандай едi? – Менiң әкелерiм отызыншы жылдары коллективтендiру кезiнде барған ол жаққа. Мен 1935 жылы сонда туылғанмын. Елге жиырма жасымда, 1955 жылы оралдым. Санасақ, жарты ғасырдан асып кетiптi. Менiң туған өлкем – Шыңжаң. Шыңжаңды қазақшаласақ, Жаңа жер жеген мағына бередi. Кеңес үкiметi мен Қытай империясы қазақтың жерiн бөлiске салған жоқ па? Сонда Шыңжаңды Қытай өзiне қосып алған, негiзi ол қазақ жерi. Сондықтан да ол жердi қытайлар Шыңжаң (Жаңа жер) деп атады. Шыңжаңмен бiрге бiраз халық та Қытайға өтiп кеткен. Мысалы, Қызай, Қаракерей, Сарыкерей деген елдер сол Шыңжаң өлкесiнiң тұрғылықты халқы. Мен осы жаққа өткенге дейiн Шыңжаңда қытайлар өте аз болды. Қалада ғана сауда-саттықпен айналысатын қытайлар кездесетiн. Ауылды жерде тек қазақтар мен ұйғырлар ғана тұратын. Сосын ол жақта әр жақтан ауып барған орыстар, татарлар, өзбектер, қырғыздар да кезiгетiн. 1949 жылы Қытайдың коммунистiк партиясы жеңiске жеткеннен соң, қытайлар Шыңжаң өлкесiнде көбейе бастады. Негiзiнде Қытайда қазақтар мен ұйғырлар тұратын үш облыс бiрiгiп, 1944 жылы елдегi аз қытайды iшкi қытайға қуып тастап, Түркiстан автономиялы мемлекетiн құрған. Ол мемлекет 1949 жылға дейiн өмiр сүрген. Ол мемлекеттi құрып жүрген 21 азаматты арнайы ұшақ апатын жасап, қырып тастаған. Басшысы ұйғыр Мұхамеджан Қасыми, қырғыз Ысқақбек, қазақ Дәлелхан деген азаматтар саяси жүйенiң құрбаны болып кеткен. Осыдан кейiн-ақ, қытайлар Шыңжаң өлкесiнде қаптап кеттi. Бiз ол жерден кеткенге дейiн қазақтар Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағыдай» өмiр сүрдi. Қыста қыстауға, жазда жайлауға көшiп отыратынбыз. Бесiк жырын тыңдап өстiк. Айтыс деген қазiргiдей сiздер көрiп жүргендегiдей емес едi. Онда екi-екi жұптан, төрт адам бiрден айтысатын. Олар бiр-бiр шумақпен қайым айтыс жасайтын. Бүкiл ел, халық болып, бәрi айтысатын. Бұдан артық симфония, оркестр жоқ шығар… Менiң әке-шешем де осындай айтыстардан қалмайтын кiсiлер болған. Әкем домбырамен «Алпамыс», «Қобыланды» жырларын жатқа айтатын. Уызымыздан қазақ ауыз әдебиетiне, салт-дәстүрiне жарып өскен ұрпақпыз бiз. – Аға, сiздiң бала арманыңыз қандай едi? Сiздi жақсы суретшi, қазақтың ою-өрнегiн қиыстырушы екен деп те естiп едiк… – Мектепте қабырға газетiн шығаратын суретшiсi болғанмын. Суретке қарап өлең жазып жүрiп, ақын болып кеттiм. Қазiр көптеген сыншылар менi «өлеңiне қарап, сурет салуға болады» дейдi. Мүмкiн, мен суретке қарап өлең жазатын шығармын. Екеуi де менiң шығармашылығымда бiр-бiрiне ұштасып, бiрiн-бiрi толықтырып тұрады. – Тырнақалды туындыңызды қай кезде жазып едiңiз? – Он бес жасымда «Жаңа жол» дейтiн Құлжа қаласынан шығатын газетке жарияланды. Одан кейiн үстiн-үстiне газет-журналдарға шыға бастадым. 1955 жылы ғана «Жұлдыз» журналына өлеңдерiм басылды. Ол кезде «Жұлдызға» екiнiң бiрi шыға бермейтiн. 1956 жылы оқуға түстiм. Оқуға түспей тұрғанда, он өлеңiм жастардың «Қос жүрек» топтамасына ендi. Осылай әдебиетке аяқ басқан мен Мұқағали (Мақатаев), Еркiн (Iбiтанов), Тұманбай (Молдағалиев), Қадыр (Мырзалиев) секiлдi достарыммен де жақын араласып кеттiм. Кiлең мықты ақындардың ортасына топ ете түстiм ғой. Хамит Ерғалиевтi мен жақсы көрдiм, ол да менi құрметтей бiлдi. – Хамит ағамыздың жанында көп жүрдiңiз. Қазiр ол кiсiлердiң көзiн көргендер де бiртiндеп сиреп барады арамыздан. Өмiрдiң заңы ғой. Дегенмен, «Қайран, Хамаға» деп еске алатын сәттерiңiз де жиi болып тұратын шығар… – Хамит Ерғалиевтiң өлеңдерiн де Құлжада жүргенде жаттап өскенмiн. Мен әдебиеттi насихаттау бюросында қызмет iстедiм. Сонда ақын-жазушыларды ауылға бастап баратынмын. Хамит Ерғалиевтармен бiрге ауыл-аймақты аралайтынбыз. Негiзi адамдар қалада жүргенде, кiмнiң кiм екенiн бiле бермейдi. Ақын-жазушылар бiрiн-бiрi сапарда таниды. Хамит ағамен де жақын араластығымыз солай басталды. Оның «Бiздiң ауылдың қызы» дейтiн поэмасы ерекше әсер қалдырған маған. Ол кiсiнiң тоқсан жылдығын өткiзу үшiн Атырауға да барғанмын. «Сен жоқ жерде жоқ қой мүлде бұл жалын, Сен деп туған ақыныңның бiл жанын. Өзiң болып жүрегiмнiң жауабы – Шықшы, кәне, жұрт алдына Гүлжаным,» – дейдi. Хамағаңның сол Гүлжаны (Ерғалиева) әлi халықтың алдында жүр газет шығарып. Кей кезде қарама-қайшылыққа барып қалады. Бiрақ, өзiндiк пiкiрi бар, ел-жұртқа танылған қыз. Мұқағалидың төрт томдығын баспаға мен дайындап бердiм. Қазiр қайтадан екiншi рет бастырылып жатыр. Мұқағалимен ауылда да, қалада да бiрге болдым ғой. Ол бақилық болғаннан кейiн, ауылға Мұқағалисыз бардым. Сонда: «Өзiңдi сағынғанын байқап елдiң, Аулыңа «Саржайлауды» айта келдiм. Аралап алтын бесiк Қарасазды, Кездердi бiрге өткiзген қайта көрдiм. Өлеңнiң жүргенiнде көгiн барлап, Тастады-ау тым ертерек өлiм қармақ. Ажалды босағаңа бөгеп қойып, Боратып өлең жаздым өмiрге арнап. Жерiңде мөлдiр, ерке бұлақ қанша, Соларды солқылдатып жылатқанша, Ақ көңiл, албырт ақын жылда келiп, Жағаңда жараспас па, жыр ақтарса? Құлпырып көп өсетiн қырыңда гүл, Гүлдермен емес пе едi, сырың да бiр. Сыйындай сыршыл жомарт жүрегiңнiң, Әр қолға гүлдей тарап, жырың да жүр. Жерiңде көк тiреген көп едi шың, Сол шыңға қарап өскен өренiсiң. Сол шыңдар қатарында тұрғандайсың, Өзiң де бiр шың болып өлең үшiн. Ұлы едiң осынау кең байтақ елдiң, Бiрi едiң жаны дархан жайсаң ердiң. «Қайда деп Мұқағали?» сұрағанға, Өлмейтiн өлеңiңдi айта бердiм,» – деген өлең туып едi. Мұқағали турасында естелiк айтуға көп жерге шақырады. Сондықтан, Мұқаңның 80 жылдық мерейтойына байланысты жеке өзiм ол туралы кiтап жазып, шығарсам деген ойдамын. Жаңа сiзге Мұқағалимен алғаш танысуым турасында ғана әңгiме қозғадым. Ал кiтабымда айтылатын әңгiме көп… – Аға, «Балауса» баспасы «Әлем балалар әдебиетiнiң» 50 томдығын шығаруда. Соның iшiнде сiздiң бiраз аудармаларыңыз да бар. Жалпы сiздi бiз ақын ғана емес, аудармашылық қырыңыздан да жақсы бiлемiз. Басқа-басқа балалар әдебиетiн аударғанда, «теп-тегiс, жұмыр келсiн айналасы» (Абай) деген қағида басты назарда тұруы керек сияқты. Сiздiңше, қалай? – Аудармада аудармашы өзi аударатын тiлдi жетiк бiлсе, қанекей?! Мен өзiм түрiк тектес халықтар тiлдерiнiң бiразын жақсы меңгергем. Мысалы, ұйғыр, татар, өзбек, қырғыз (қырғыз тiлi – өзiмiздiң тiл), қарашай, балхар тiлдерiн бiлемiн. – Оны қалай үйренiп жүрсiз? – Бiзге Мұхтар Әуезов сабақ бердi. Ол кiсi күнделiктi сабағымен қоса, бiзге мынадай тапсырма бердi: «Осы бес жыл оқыған кездерiңiзде ең аз дегенде, бес жүз кiтап оқыңдар. Сосын түрiк тектес халықтардың әдебиетiн өз тiлiнде оқыңдар. Оқи берсеңдер, үйренiп кетесiңдер» дедi. Мен осылайша, Ұлы Мұқаңның арқасында тiл үйрендiм және оқыған әдебиеттерiмнiң iшiнен ұнағандарын қазақшаладым. «Балауса» баспасынан сiз айтқан серия бойынша, «Әлем елдерiнiң халықтық» жырларына ден қойып, аудармалар жасадым. Оның себебi, мен қазақтың қара өлеңдерiн жинастырғанмын. Сондықтан, «бауырлас елдердiң қара өлеңдерi қандай болады екен?» деген сұрақ менi қызықтырды. Нәтижесiнде, қазақ балалары елу елдiң халықтық жырларымен таныс болды. – Әрбiр iсiңiзде мұқияттылық байқалады. Сiздi көргенде, «Қалайша ерiнбей еңбектенуге болады?» деген аңғал сұрақ тұрады санамызда… – Қалқам, еңбектенбесең болмайды ғой. Бiр қызығы – мен шығармашылықпен таңертеңгiсiн ғана айналысамын. Түнде ертерек ұйқыға жатып, таңертеңгiсiн 5-те оянамын. Сосын 8-ге дейiн жазамын. Қалған уақытта күнделiктi жұмыстарымды атқарамын. Ал аударманы жұмыс уақытында аудара беремiн. – Күнделiк жазасыз ба? – Жақсы ойларымды қағазға күнделiк ретiнде түсiремiн. – Ақын ретiнде сiздей сұлулыққа ғашық адам жоқ шығар… Гүлдi сұлулық символы деймiз. Сiз сол гүлдердiң 300-ден астамына қазақша атау берiп, оларға жеке-жеке өлең арнапсыз. Архив қорыңызда сан алуан гүлдiң суреттерi және бар екен… – Бала күнiмнен сұлулыққа ғашық болдым, әдемiлiктi жақсы көремiн. Мысалы, кiшкентайымда үйге әдемi қыздар келсе, шашын өрiп бередi екенмiн. Ал реңсiз болса, маңына жуымайтын болыппын, шешемнiң айтуынша. Сонда, бәрi айтады екен: «Балаң қыздың қылықтарын жасайды» деп. Ертеректе «Жалын» баспасынан кiтабым шығатын болды. Редакторы – Күләш Ахметова. Сол кiтабымның iшiнде гүлге байланысты 3-4 өлең бар екен. Маған Күләш: «Немене, қызға ұқсап гүлге өлең арнай бергенсiз?» дейдi. Мен бiрiншiден, екi қызым гүл сияқты нәзiк болсын деп, гүлдiң суреттерiн жинадым. Екiншiден, қазақтың тiлiне байланысты гүл атауларын қазақшаладым. Немесе бiзде гүлдiң аты жоқ, әйтеуiр, сары гүл, қызыл гүл, ақ гүл, көк гүл дейтiн ғана гүлдер бар. Ал қазақтың қыздарының есiмiне қарап отырсаңыз көбiсi гүлге байланысты. Қазақтың даласының бәрi гүлге оранған. Олай болса, «неге қазақ гүлге ат қоймаған?» деп ойладым. Шын мәнiнде, бұрын әр гүлдiң атауы болған, кейiннен ғой ұмытылып кеткенi. Батырлар жырындағы қыздардың есiмдерi гүлдiң аты. Мысалы, «Алпамыстағы» Гүлбаршын гүлдiң атауы, яғни, ел айтып жүрген гладиос. «Алпамысты» VII ғасырда Қорқыт жазған екен «Әл-памыс» деп. Жетiншi ғасыр осыдан үш мың жыл бұрын. Үш мың жыл бұрын қазақ қызының атын гүлдiң атауымен атаған. Демек, бiзде әрбiр гүлдiң аты бар деген сөз бұл. Шыңғысханның әйелiнiң аты – Бөрте. Бөрте де гүл. Ол бәрiмiзге таныс, ерте көктемде тал боп өсетiн – сирень. Көбiне түсi ақшыл сия көк келедi. Қазақта «бөрте лақ» деген де сөз бар. Бөрте лақтың да түсi сондай. Қазақтың гүл атауларын бiзден алып пайдаланып жүргендер де бар. Мәселен, жапырағы екiге айрылып тұратын қанат гүлiн, орыстар «канатик» деп айтып жүр. Қарап отырсақ, орыста «канатик» деген сөздiң мағынасы жоқ. «Бархытцы» деген түктi гүл бар. Ол қазақтың барқыт гүлi, матаның атауынан шыққан. Сондай-ақ, Абай өлеңдерiнен көптеген гүл атауларын кезiктiруге болады. – Аға, гүлдiң суреттерiмен қоса, қаламсап жинау да – сiздiң хоббиiңiз екенiн жақсы бiлемiз. Бұл хоббидi қай уақытта бастадыңыз? – Мен өзiм жазу жазған қаламдарымды тастаған емеспiн. Өйткенi, ол шығармашылықтағы менiң ең жақын жолдасым болды. Оны қалай қиып лақтырып тастауға болады? Осылай қимастық сезiммен жинала бердi қаламдар. Ол туралы журналистер жазды. Бiр күнi Қадыр досым телефон шалып: «Әй, сен бай екенсiң ғой, мың қойың бар. Менiң 200 қойым бар едi. Соны келiп айдап кет» дейдi. Мiне, осылай, достарым да, таныстарым да маған тек қалам сыйлайтын болды. Әркiм әртүрлi нәрсе жинайды. Қазақта «тентек шоқпар жинайды» деген мақал бар. Бiрақ, ендi бiз қалам жинаймыз. Бiздiң қаруымыз ғой қалам деген. – Әне-мiне дегенше, қазақтың үш бiрдей азулы ақыны – Қадыр аға, Тұманбай аға және сiз 75 жылдық мерейтойларыңызды тойлағалы отырсыздар. Нағыз ақсақалдың жасы. Қалай сезiнудесiздер, жетпiстiң бесеуiн? Қалжыңдарыңыз әлi жарасып тұратын шығар… – Иә, шекарадан аспайтын сыпайы қалжыңдарымызды әлi айтамыз. Бiр-бiрiмiзге шыққан кiтаптарымызды үнемi сыйлап тұрамыз. Қадыр мен Тұманбайдың барлық кiтабы бар менде. Тұманбайдың бiр қасиетi – қолтаңбаны ылғи өлеңдетiп жазып бередi. Мысалы, мұнда: «Қатар шапқан жүйрiгiм, Қатар жанған жұлдызым. Табиғаттың бұйрығын, Орындаумен күн ұзын – Өлең жаза беремiз, Суығанша денемiз. Желiп бiраз байқадық, Жеткенiнше өремiз. Тiрi болсақ әлi де, Сан бәйгеден келемiз. Бойдағының бәрiн де, Туған елге беремiз. Шалқып тұрса жас шабыт – Шал боламыз неге бiз? Тұманбай. Өзiңнiң Тұмекең» деп 1998 жылдың 30-наурызында кiтабына қолтаңба жазып берген екен. – Аға, бауырларыңыз, отбасыңыз жөнiнде де бiле жүрсек… – Менiң шешем 13 құрсақ көтерген. Соның үшiншiсi мен. Бiрақ, мен жалғызбын, ал қалғандары шешек ауруынан қайтыс болған. Өзiмнiң бiр ұл, екi қызым бар. Кештеу үйлендiм, отыз жасымда. Өйткенi, бiр аяулы ағам: «Қазақстанға барып, ерте үйленiп қойып жүрме. Ақын бол, өз-өзiңдi қалыптастырып ал. Сосын көре жатарсың» деген. Менiң санама сол сөз әбден сiңiп, сүр бойдақ болғанда Ажар апаңа қолымыз жеттi. – Жеке кiтапхана қорыңыздағы кiтаптың мол екенi көрiнiп тұр. Қандай жанрдағы кiтаптарды құмарта жинайсыз? – Санын санап көрмеппiн. Бiр қабырғаға иiн тiресiп тұрған мына кiтаптар менiң төртiншi рет жинаған кiтапхана қорым. Денi поэзия кiтаптары. Мен классиктердi де, әдебиетке тәй-тәйлап келе жатқан жастарды да қадағалап оқып отырамын. Бiр сөзбен айтқанда: «Жасты оқимын – Жалынды, уытты ма деп. Шалды оқимын – Қаптың түбiн қақты ма деп. Оқимын мен сыналған ақынды да, Қолайына әдiл сын жақты ма деп.» – Қазiргi кезде сiздi нендей ой мазалайды? – Менi ең бастысы шығармашылығым мазалайды. Сосын соңғы кезде адамдар бiр-бiрiнiң, не нәрсенiң болса да, қара жағын көретiн болды. Ең бiрiншiден, бейбiт елде өмiр сүремiз, қазақша ойлайтын, сөйлейтiн жастарымыз бар. Әлеуметтiк жағынан келер болсақ, қаладағыларда бар жиһаз, техника ауылдағыларда да бар. Мұндай жақсы өмiр қазақта қашан болып едi? «Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген осы емес пе?! Шетте қаңғып жүрген қазақ жоқ, керiсiнше, бiздiң елден нәпақасын тауып жүргендер қаншама? Осы күнге ынсаппен тәубе деу керек. Жадыра НАРМАХАНОВА