Жаңалықтар

ДОСЫҢ БОЛСА ҚАСЫҢДА...

ашық дереккөзі

ДОСЫҢ БОЛСА ҚАСЫҢДА...

Басына көп ретте кiнәлау бұлты үйiрiлiп жүргенде, алып-ұшқан көңiл-күйдiң әсерi торлаған мазасыз уақытта дос пейiлдi адамның қасынан табылуы үлкен медет, тiрек болса керек. Сондай жан – Б. Майлин болып шықты. Iлияс Жансүгiров Мәскеуден келгеннен достық ниеттерi жарасқан олар өмiрiнiң ақырына дейiн ажыраспады. С. Сейфуллинмен де түсiнiсiп қана қоймай, дос болып кеттi. Үшеуi басы қосылып, көшеге шыға қалса, айналаға сән бергендей көрiнедi екен.

Қазақстанның байтақ даласының үш өңiрiнен түлеп ұшқан С. Сейфуллин, Б. Майлин, I. Жансүгiров үшеуiнiң бiр-бiрiмен табысуы, оның соңы қимас сыйластыққа, одан әрi араларынан қыл өтпейтiн достыққа айналуы адам қызығарлық, үлгi етерлiк ерекше құбылыс. Сәкен атақты Ұлытау жағынан болса, Бейiмбет Қостанайдың сары даласынан, ал Iлияс жер жәннаты Жетiсудан едi. Үшеуi де әртүрлi мiнездiң, әртүрлi қасиеттiң адамдары. Соны бiлгендей, Иса Байзақов: «Сен – Тобылдың өзенiсiң, Сәкен – арқаның асауы, Iлияс – Қоңтажының шыңындағы жартасы» деген ғой бiрде Б. Майлинге. Ендi бұлардың бiрiне-бiрi қай жағынан болсын жақындасуына, аралары достық қарым-қатынасқа ұласуының басты себебi не дегенге оралайық. Жоғарыда Iлияс Жансүгiровтiң өмiрiн бiраз қамтып өттiк. Сондай-ақ С. Сейфуллин мен Б. Майлиндi де таныстыра кетудi артық санамадық. Достар өмiрiн бәрi бiле бермеуi мүмкiн. Сондықтан қайталанған жерлерi бар екенiн жасырмаймын. Ол бiлмегендер бiлсiн дегендiк. Сәкен Сейфуллин Жезқазған өңiрiнiң Ағадыр жерiнен. Орта шаруа отбасында дүниеге келген. Оқуға талпынған ол Омбыдағы мұғалiмдер семинариясында оқып, оны бiтiрiп шығады. Одан соң Ақмола уезiнде, Нұра өзенiнiң бойындағы Бұғылы елiнде жаңа ашылған, ауылдық мектепке бала оқытуға тағайындалады. Оқу басталғанша, ауыл шаруашылығы бойынша жүргiзiлген санақ iсiне қатысады. Көп елдi-жердi аралайды, халықтың жүдеу-жадау тұрмысын көредi, 1916 жылдың үрейлi дабылын да, патша отрядтары мен жандайшаптарының ел-жұртты қорқытып-үркiтуiн, зорлық-зомбылығын да, оқ атып жазықсыз адамдарды қырғынға ұшыратқанын да, Керенский уақытша үкiметiнiң тұрақсыз заманын да көрдi. Осының бәрi оның төңкерiсшiлер қатарына қосылып, Ақмолада совдеп құруға қатысуына әкелдi. Совдеп күшпен таратылғаннан кейiн Колчактың атышулы атаманы Анненковтың «азап вагонында» өлiм мен өмiр арпалысын басынан кештi. Ақыры Омбы лагерiнен ретiн тауып қашып шығады да, Павлодар жерлерiн, Бетпақдаланы басып Түркiстанға бет алады. Төңкерiс жолына түскен ол Республика комиссарлар кеңесiнiң төрағасы қызметiне дейiн жетедi. Әрi жаңа шыға бастаған «Еңбекшi қазақ» газетiнiң редакторы жұмысын қатар атқарады. Сонда ол әлi отызға да келмеген жас едi. Сәкеннiң «Еңбекшi қазақ» газетiнiң хатшылық қызметiне Бейiмбеттi шақыратыны да осы тұс. Оның қаламының желi бар екенiн сол кезде азын-аулақ басылымдарда жарияланып жүрген өлеңдерiнен, мақалаларынан байқаса керек, сiрә. Сәкеннiң оны сонау Қостанайдан Орынборға шақыртып алуының мәнi неде? Достық көңiлмен солай iстедi деуге әлi ерте. Өйткенi, Бейiмбеттiң атын, журналистiгiн, ақындығын бiлгенi болмаса, оның қандай адам екенiн, достыққа берiктiгiн, адамгершiлiк қасиеттерiн жақсы бiлдi десек, ол ұшқарылық болар едi. Алайда сенгенiне шүбә жоқ. Сәкеннiң сенiмiнен шыққан, «Еңбекшi казақтың» бар жұмысын үйiрiп алып кеткен Б. Майлин бұл уақытқа дейiн бiраз дәурендi басынан өткерген болатын. Қостанай жақтың Дамбар болысына қарасты (қазiргi Таран ауданы) Ақтөбе деген ауылда, Тобыл өзенiне жақын жерде дүниеге келген ол әке-шешеден ерте айырылып, жетiмдiк көрiп, қабырғасы қатпай жатып байдың малын бағады. Әйтсе де әжесi мен жақын ағайындарының арқасында оқуға талпынып, Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесiнде жарым-жартылай ғана оқи алады. Денсаулығы көтермей, елiне кетiп, онда мұғалiмдiк қызмет атқарып жүредi. Алашорда басшылары әскер құрғанда шамалы уақыт соның сапында болады. Дегенмен ағартушылық iсiне бет бұрып, абырой-беделi арта түседi. Нәтижесiнде губерниялық оқу бөлiмiнiң Дамбар болысы бойынша инспекторы болды, бiр жылғы болыс сайлауында болыстың орынбасары болып сайланды, Қостанай уездiк халық ағарту бөлiмiнiң бастығы, болыстық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметтерiн атқарады. Осындай әр алуан iстерде жүрсе де, Бейiмбет қолынан қаламын тастамай, там-тұмдап болса да жазып отырады. Олары өткен XX ғасырдың оныншы жылдарының екiншi жартысында «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Ұран», «Бiрлiк туы», «Қазақ мұңы», «Жас азамат» газеттерiнде, «Айқап», «Абай» журналдарында басылып тұрады. Сәкеннiң соларды оқып жүргенiне күмән жоқ. Осыдан барып ағарту саласының өркендеуiне күш салып жүрген Бейiмбеттi өзiмен бiрге жұмыс iстеуге Сәкеннiң шақыртып алуын өмiрiнiң де, еңбек жолының да жаңа кезеңiнiң басы болды деген жөн. Айтқандай-ақ, Б. Майлин редакция жұмысының бәрiн өз қолына алып, тiптi редакторлықты да игерiп әкетедi. Ресми редактор С. Сейфуллин болғанмен, үкiмет iсiнен қол үзе алмайтын ол бар билiктi Бейiмбетке сенiп бердi деуге негiз бар. Өзiне де, Сәкенге де сөз келтiрмей, дақ түсiрмей жүрген Бейiмбетпен екеуiнiң арасында әуелгi кездегi сыйластық бара-бара достық қарым-қатынасқа ұласады. Билiк дәрежесi жоғары, асау мiнездi, бiр қарағанда тәкаппар адам сияқты көрiнетiн Сәкен де, мәдениет, әдебиет өркен жая бастаған орталыққа келiп, жазғыштығымен, қарапайым, мейiрбан, жомарттық қасиеттерiмен үлкен беделге ие болған Бейiмбет те бiр-бiрiн құрметтей бiлдi. Өмiрлерiнiң ақырына дейiн түс шайысып, сөзге келiп, қырғиқабақ болған емес, достық көңiлдерiне кiр келтiрiп, ат құйрығын кесiскен емес. Небiр кеңiрдектен алып, аяқтан шалып, мұқатып, кекетiп жататын айтыс-тартыстарда да бiр-бiрiне айбат шегiп, айдар тағып кiнәласуға барған жоқ. Достық пейiлдi көздiң қарашығындай сақтай бiлдi. Олардың қатарына Iлияс Жансүгiров кейiнiрек келiп қосылды. Журналистика институтын бiтiрiп келгеннен кейiн өндiрте өлең жазып, көп көрiне бастайды. Сол жылы (1928) «Еңбекшi қазақ» газетiне әдеби қызметкер болып қабылданған Iлияс ақындығының күш-қуатын айқын аңғартады. Көп кешiкпей-ақ Бейiмбетпен қоян-қолтық араласып, достасып та кетедi. Ал Сәкенмен достасудың сәтi бұл тұста келе қоймайды. Олар кейiн ұғынысады. Оған жиырмасыншы жылдардағы әдебиет төңiрегiндегi пiкiр таласы, жөн-жосықсыз айтыс та салқынын тигiзген сияқты. Әу баста С. Сейфуллин қатты сынға алынып жүрген едi. Бара-бара Б. Майлин де, I. Жансүгiров те одан сырт қалмады. Сәкеннiң қосағында Iлияс пен Бейiмбеттi де сынаушылар табылды. Осының барлығы Сәкен мен Iлиястың арасына салқындық туғызып келдi, асау мiнездi, тәкаппарлау көрiнетiн Сәкен мен «осқырынып, оқшау» жүретiн Iлиястың достық жарасымда болуы екiталай едi. Дегенмен олар бiр-бiрiнiң шығармашылық қарымдарын бағалай бiлген. Ал Бейiмбет сырттай бiлдiрмесе де, газет бетiнде екеуiн не құптап, не даттап жатпаса да, iштей өзiне жақын тартқанына шүбә келтiре алмаймыз. Оларға дос көңiлмен күйзеле қарады. Бiр таңғаларлық нәрсе, бұл кезде Бейiмбеттiң көңiлi Iлиясқа ерекше едi. Екеуi қатты араласып кеттi. Достықтары берiктенiп, күшейе түстi. Бiр-бiрiне үлкен сенiммен қарады. Соның дәлелi, 1928-1930 жылдарда ел аралап жүрген кездерiнде Б. Майлиннiң Iлиясқа жазып тұрған хаттары. 1937 жылы Iлияс пен Бейiмбет қамауға алынғаннан кейiн Фатима анда апарып, мында апарып жүрiп, аман сақтап қалған Iлиястың кiтаптарының, қолжазбаларының iшiнде Бейiмбеттiң хаттары да бар екен. Солардың он сегiзi бiздiң қолымызда. Кейбiрi араб, кейбiрi латын әрпiмен жазылған. Ол хаттар жөнiнде жеке әңгiме етiлетiн болады. Бара-бара шығармашылық жақсы мүмкiншiлiк туды. Ендi үшеуiнiң арасындағы достық берiк орнауға еш бөгет жоқ сияқты. Расында да олар жұбын жазбайтын жағдай орнады. Сәкен мен Iлиястың арасын қыл арқан тартып ажыратпақ болса да ешкiмнiң шама-шарқы келмейтiн дережеге жетедi. Бiр-бiрiнiң үйлерiнде, Бейiмбеттiкiнде кездесiп, жаңа шығармаларын талқыласып, рухани және азаматтық ниеттестiктерiн ешбiр қылаусыз бiлдiрiп жүредi. Ақтарыла, ақжарқын қалжыңдасып отырулары да бөлек. Сөйте тұра бiр-бiрiн қатты бағалаған. Сәкен мен Iлиястың ғана емес, сол кездегi өнер адамдарының көпшiлiгiнiң шұрқырасып кездесетiн жерi – Бейiмбеттiң үйi. Ол кезде жазушылардың сиясы кеппеген жаңа шығармаларын оқып, бiрлесе талқылау салт болған көрiнедi. 1933 жылы Бейiмбет Майлин «Майдан» атты пьесасын жазып шықты. Соның талқылануы жөнiнде С. Қожамқұлов былай еске алады: «Ноябрь айының бiр күнi театрдан бiздi Жазушылар одағына шақырды. Барсақ, Сәкен, Iлияс, Мұхаң, Молдағали Жолдыбаев, Бейiмбет отыр екен. Бiзден Жұмат Шанин болды. Сол жерде «Майдан» пьесасы оқылды. Бейiмбет әр персонаждың характерiне салып, жылдам оқып шықты. Пiкiр айтысуға келгенде алдымен Сәкен Сейфуллин сөйледi: – Бiзде жазушылар бап тiлейдi. Бейiмбет болса, қайда жүрсе де жаза бередi, ел аралап келсе, портфелi қампиып, буаз болып келедi, ендi мiне, сол портфель толғатып едi, пьеса туып отыр!.. – деп қуаныш бiлдiрiп, әрi қарай персонаждарға тоқталды. Мұхаң ол кезде бiздiң театрда әдебиет бөлiмiн басқаратын. Ол кiсi пьесаны бұрын оқып шыққан екен, талдауы тiптi толық болды. Сөзiнiң соңында былай дедi: «Осы пьесада 26 персонаж бар, әрқайсысы бiр-бiрiне ұқсамайды, ұлылы-кiшiлi демей, Бейiмбет ер адамының сөзiн даралап отырған, ел iшiнде жүрiп әдейi жазып алған сияқты, типаж, образ жасау жөнiнде Бейiмбет бiздiң Гоголiмiз ғой». «Майдан» пьесасы Iлиясқа да ұнады. «Нағыз өмiрден туған шығарма, – деп бағалай келiп, – ендiгi мiндет театрда, келiстiрiп қоя алса, келiстi шығарма келдi дүниеге», – дедi». (Би аға. Естелiктер жинағы. (1991 ж., 112 б.) Сол пьеса соңғы кезге дейiн театр сахнасынан түспей келгенi мәлiм. Кейде талқылау кезiнде зiлсiз қалжың да қосып жiбередi екен олар. 1937 жылғы жаздың бiр күнi Бейiмбеттiң тағы бiр жаңа романы «Қызыл жалау» Iлиястың кабинетiнде талқыланады. Оған қатысушылар Сәкен мен Ғабит, барлығы төртеу. Оқылғанда Сәкен қызығып, мұқият тыңдап отырыпты. Болғаннан кейiн ол: – Жақсы екен, Би ағасы, өкiрткен екенсiң, Би сақал… Той қылатын роман. Тек соңғы төрт-бес бетiн бере тұршы… Былжырлау аяқтағансың ба, қалай… – деп бiрден байлам жасап, қолжазбаның соңғы беттерiн сұрап алады. «Өзiм де дүдемал едiм» дей бергенде, Iлияс та қарап отырмай: «Дәл керек кезiнде қатының шай қайнатып бермеген ғой? Бiздiң үйге келе қойсаң еттi!» – деп әзiлдейдi. Роман мақұлданады сол жерде. Бiрақ, амал қанша, шығарманың кейбiр тараулары жарияланғаны болмаса, толық нұсқасы құртылып, кiтап болып шығып үлгермедi. Үшеуiнiң арасында орнаған қарым-қатынасты Ғ. Мүсiрепов былай түйiндеген: «Жақсы шығарма жақындастыра түскен сияқты. Бiрге қуанар, бiрге қайғырар жаңа қауым осылай болу керек те. Күндеу де жоқ, енжарлық та жоқ, кең көңiл, дос көңiл, қанат бiтiрер көңiл». (Сонда, 17 б.) Ғабеңнiң бұл сөзiне айғақ боларлық деректер мол табылады. Б. Майлиннiң: «Өлең жазса, Iлияс жазсын», ал I. Жансүгiровтың: «Проза жазса, Бейiмбет жазсын» дегендерi бүгiнгi бiздерге де жеттi. Бейiмбет: «Өлең жазуды мен қойдым, жаза бiлетiн адамы Iлиясқа тапсырдым» – деп айтыпты деген сөз де құлағымызға жеттi. Ал Iлияс 1934 жылы өткен Қазақстан кеңес жазушыларының тұңғыш съезiнде негiзгi баяндама жасағанда «Жазғанының көптiгi мен көркемдiгiнен де алда келедi» деп Бейiмбеттiң мәртебесiн көтере баршаға әйгiледi. Олардың әр жанрдағы өздерiнiң күшiн дұрыс байқауы, бiлуi ғана емес, бiр-бiрiне қызғанбай, бақталастыққа бармаған таза көңiлдiң белгiсi ол. Бейiмбеттiң жиырма- жылдық шығармашылығы аталып өткенде, кейбiреулер көре алмаушылықпен оның өңiн айналдырып, бар пәленi жапсырып жатқанда, Сәкен мен Iлияс әдеби еңбекке арналған тұңғыш мереке деп қарап, алабөтен қуанышта болған. Ал С. Сейфуллиннiң 1936 жылы 20 жылдық әдебиеттегi еңбегi тойланғанда, олардың да төбелерi көкке екi елi жетпегендей күй кешкен. Бейiмбет осыған орай ағынан жарылып «Сәкен» деген хатын жазды. Бiрден «Көркем сөз шеберi боп 20 жыл енбек сiңiрген тойыңды шын жүректен құттықтаймын!» деп жазды. Iлиястың Сәкенге деген шын ниетiн төмендегiден байқаймыз. 1936 жылы, мамыр айында Мәскеуде қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң он күндiгi өттi де Жамбыл мен С. Сейфуллин Еңбек Қызыл ту орденiмен марапатталды. Сәкеннiң шығармашылығына 20 жыл толып жатты. Жұртшылық оның осы салтанатты сәттерiне аса құрмет көрсетiп жатқанда I. Жансүгiров достық көңiлiн бiлдiрмей қала алмады. Б. Майлин «Сәкенге» деген мақаласын арнағанда, Iлияс «Тұлпарға» деген өлеңiн арнап, жыр шумақтарынан шашу шашты. «Шырқа, шырқа, көкке өрле, Қыран, «Қызыл сұңқарым!» Қуанамын бәйгеңе, Тарпаң «Асау тұлпарым!» деп желпiне бастаған он бiр шумақты өлеңiн «Жырламасқа теңiздей, Қуаныштың шегi жоқ. Ардақталған өзiңдей, Қазақта ақын тегi жоқ», – деп аяқтайды. Не деген ғаламат, ақ ниет, ақжарма сөз. Шынайы достықтың жұпар исi аңқып, қанды қыздырып желпiндiретiн сөз. Үшеуiнiң достығы жөнiнде, қадыр-қасиеттерi туралы аз жазылған жоқ. Соның бiрi – Қалжан Тұңғышбаевтың естелiк мақаласы. 80 жылдықтарына орай жазғанда ол Қарағанды мемлекеттiк университетiнiң доцентi екен. Мақаласын «Жарық жұлдыздар» деп атап «Лениншiл жас» газетiнiң 1974 жылғы 24-мамырдағы санына жариялатыпты. Әсерленiп ризалықпен оқып едiм, кiтабыма кiргiзудi артық санамадым. Оқырман сен де көңiл қойып көр. «Жарық жұлдыздар. Заманы мен жасы да, тұтынған жолы мен тұшынған еңбегi де таң алдындағы жарық жұлдыздай алай-түлей қиын-қыстақ дәуiрлерде жас қазақ совет әдебиетiнiң негiзiн салған үш бiрдей ақын-жазушы бар едi. Мұның бiрi – саңлақ Iлияс Жансүгiров, екiншiсi – даңғыл Сәкен Сейфуллин, үшiншiсi – майталман Бейiмбет Майлин болатын. Олар бәрi бiр жылда туған құрдас, араларынан қыл өтпейтiн дос, әрi өмiрге көзқарастары бiр жерден шығып, бiр үнмен ұштасып жататын сырлас та майдандас жандар едi. Бұл үш сабазды ең алғашқы рет 1929 жылы осы күнгi ҚазПИ-дiң үлкен жиналыс залында көрдiм. Дәл осы залда жас қазақ совет әдебиетiнiң кешегiсi мен болашағы жайында сол кездегi алашорда қалдықтарымен қызу талас-тартыс жиналыс болып жатқан. Сол жиналыста осы үшеуiнiң жарыссөзде келтiрген дәлелдерi, айтқан ұсыныстары, көздеген нысанасы дәлдеп атқан оқтай үнемi бiр жерден шығып, бiр ғана салаға құйылып жатқаны дәл бүгiндей есiмде… Осы үш дос пен құрдастың қалам ұстап, көркем шығарма жаза бастауы да жедел және бiрiнен-бiрi қарасын үзбестей қоян-қолтық болатын. Мысалы, қостанайлық Бейiмбет «Шұғаның белгiсiн» 1912 жылы, бұрынғы ақмолалық Сәкен «Өткен күндерiн» 1914 жылы, бұрынғы жетiсулық Iлияс «Тiлегiн» 1917 жылдары бастырғаны жұртшылыққа мәлiм. Сонда бұлардың алды он сегiз, соңы он төрт-ақ жыл қоғамдық қызмет атқара жүрiп, «Күй», «Күйшi», «Дала», «Гималай», «Жолдастар», «Құлагер», «Кек», «Мәйек», «Жалбыр», «Тар жол, тайғақ кешу», «Қызыл сұңқар», «Советстан», «Аққудың айырылуы», «Жемiстер», «Қызыл ат», «Көкшетау», «Қарабұқа», «Жер қазғандар», «Майдан», «Сарыала тон», «Мырқымбай», «Азамат Азаматович», «Рәзия қыз», «Қанжар», «Раушан коммунист» тәрiздi кесек шығармалардан бастап әрқайсысы сегiз-тоғыз томдық дәмдi де құнды еңбектерiн еңбекшi елiне ескерткiш етiп қалдырғаны тағы да аян… Бұл үшеуiнiң сыртқы тұлғаларында және мiнез-құлқында да бiраз ұқсастықтар бар тәрiздi едi. Мұны мөлшермен жобалап айтқанымызда: Iлияс – ортадан жоғары бойлы, кең жауырынды, шалқақ төстi, жазық маңдайлы, қошқар мұрынды, балуан төстi, кең танау, қой көздi, шықшыты шығыңқы, қызыл шырайлы сырлы да сырбаз жiгiт едi. Аузы ауыр, алыстан ойлап, кеңiнен толғайтын, талғамы күштi; асып-саспайтын бiр маңғаз едi. Сәкен – сұңғақ бойлы, жазық маңдай, қияқ мұртты, қара қасты, қыр мұрынды, аққұба келген, бидай өңдi, қара көздi, қыпша белi тiп-тiк болып сәндi жүретiн, сегiз қырлы, бiр сырлы жiгiттiң жампозы. Бұл да ой толғамы кесек те кербез, үстi-басына кiршiк, тал бойына мiн түсiрмейтiн серi де сал кiсi едi. Бейiмбет – орта бойлы, бүкiштеу, бадырақ көздi, таңқы танау, шот маңдай, қалың ерiндi, қара бұжырлау кiсi. Ол аз сөйлеп, көп ойлайтын, ойы өрiстi, кiсi көңiлiн жықпайтын көңiлi жұмсақ қырмызы, қызыл шырайлы, жiбек мiнездi адам едi. Үшеуi де европалықтарша сәндi киiнушi едi. Келiстiрiп қайырып, шаш өсiрiп, көбiнесе, қатырма жағалы ақ көйлекке қара галстук байлайтын. Сәкен ғана қолына бiрде шатыр, бiрде әдемi таяқ ұстайтын. Бұлар карта ойнамайтын, қымыздан басқа ешбiр iшiмдiк iшпейтiн, шылым да шекпейтiн. Және солар өзара өсек-өтiрiк, айтыс-тартыс, күншiлдiк дегендi, яки бiрiн-бiрi қағытып, мұқатып жәбiрлеудi, немесе ру-руға бөлiнiп, өз жерлестерiн жақтау дегендi мүлдем бiлмейтiн. Осы үш дос, құрдастың үшеуi де тосын көрген көзбен сырттай тон пiшкен кiсiге сұсты да тәкаппар, суық та қатыгез жандар сияқты болып көрiнетiн. Ал ендi бұлармен жанаса кетiп, сөйлесе қалған болсаңыз ол ойыңыздан көп кешiкпей-ақ айныр едiңiз. Себебi ол үшеуi де еңбек еткен адамды қадiр тұтып жан сезiмiн ақтара сырласып: сол адамға достық кеңес, туыстық ақыл, дұрыс бағыт беруi елден ерекше болатын. Сол үшеуiнiң достық та құрдастық салтында бiр жағымды қасиеттер бар сияқты едi. Бастас та, қызметтес те бола жүре бiр-бiрiн қатты сыйлап, аса iлтипат тұтатын. Сыртқы жауға бiрiн-бiрi айбат етiп, досқа мақтан етушi едi. Үш өрен кiмге не туралы айтса да және кiмге сүйсiнiп, кiмге күйiнсе де тұп-тура сол адамның тура көзiне айтатын… Сәкен педагог әрi үлкен эстет, аса тапқыр психолог және сол тұстағы жастарға зор ақылшы да болатын. Кейде әдейiлеп лекциясының соңынан бес-алты минут уақыт қалдыратын. Өзiнiң не басқа бiреудiң әлдебiр қызықты оқиғасын баяндап, шаршаңқырап қалған студенттердi ойда жоқ жерден күлдiрiп, әрi тосыннан ойландырушы едi. Жiгiттер, «Адамгершiлiк» атты асылды қадiрлеп ұстаңдар, жарқырап жанған жетi жұлдыздың бiрi Әбiлқасым Фирдауси сол бiр заманның өзiнде-ақ: «Алтын, алтын алтынсың, Алтынсыз өмiр салқынсың. Тiлегi алтын адамнан Қандай жамандық артылсын» – деп, қайталап отыратын… Ендi бiр күнi қоңырау соғылуына он минуттай қалған мезгiл едi. Дәрiстi баяулап оқып тұрған Сәкен кiлт тоқтай қалды да, аппақ тiстерiн көрсете қарқылдап тұрып өзiнен өзi рахаттанып күлдi. Бiз қысылып әрi аң-таң болып абыржып қалдық… Соны сезе қалған Сәкен: – Жiгiттер мен қыздар жалығып та, шаршап та қалған екен. Әнебiр мүйiстегiлер қалғып кетiп отыр. Мына бiр арттағылар өзара қалжыңға бет бұрды. Ана қара көз қарындасым елден ерекше бiр қызықты қиялға түсiп кетiптi, – дедi де: «Тыныс керек кейде жанға, Кейде жанға ән керек. Сыр шертуге анда-санда, Сырласарлық жан керек. Әр адамның iшкi сыры, Берiк қойма сақталған. Сол қойманың бар түкпiрiн Достың досы ақтарған…» – деп сорғалатып тастап: – Ал мен кеттiм. Осы өлең соңын столға отырып барып тиянақтаймын, – деп кiтаптары мен дәптерлерiн асығыс-үсiгiс жинап алып, алды-артына қарамай басын бiр изеп аудиториядан шыға жөнелдi». Содан берi де бiраз жылдардың жүзi өтiптi. Iлекең де, Сәкен, Бейiмбет аға да қазiр 80 жасты толтырып, ортамызда алшысынан түсiп жараса отырар едi-ау. Қос қанаты суылдап зеңгiр аспанға әуелеп көтерiлген сайын ол шалар жер көлемi де, қалықтаған кұсты тамашалар, қызықтар қауым да көбейе түсер едi. Әбден толысқан әдебиетiмiз бен өскен өнерiмiздiң шаңырағын көтерген үш ақсақалымыздың даңқы мен аты жаңа жазираларға қадам басса, үш дос, үш сұңқар биiктен биiктерге қарай қатар самғай көтерiлiп барады екен ғой. Түсiнiк берiп, «алай дептi, былай дептi» деу қажетсiз. Өзi көрген, сөздерiн естiген, мiнездерiн, жүрiс-тұрысын есiне сақтаған адамның ақжарма көңiлi ғой бұл. Мұндай естелiктер көп-ақ. Үшеуiнiң басқаларды қызықтырған достығы мәңгi болды, өздерiмен бiрге ала кеттi.   Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ