Жаңалықтар

ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

ашық дереккөзі

ДЕРТ ДЕНДЕП БАРАДЫ

Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының шешiмi бойынша, 1998 жылы әр жылдың 1-желтоқсаны Дүниежүзiлiк ЖҚТБ-ға (СПИД) қарсы күрес күнi ретiнде жарияланды. Бүгiнде iндетке шалдыққандар саны күн санап артып келедi. Қазақстанда ВИЧ/СПИД ретiнде тiркелгендер саны – 13 310 адам. Ал шындықтан тұратын бейресми деректiң қанша екенi бiр Аллаға ғана аян…

ҚР Денсаулық сақтау министрiнiң орынбасары Тамара Вощенкова үстiмiздегi жылдың 1-желтоқсанында Дүниежүзiлiк ЖҚТБ-ға қарсы күрес күнiне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстандағы барлық аяғы ауыр әйелдердi ағзада ВИЧ-инфекция (адам ағзасындағы иммун тапшылығы вирусы) бар, жоғын анықтайтын арнайы тексерулерден өтуге кеңес бердi: «Мұның себебi, егер әйелдiң дертке шалдыққаны дер кезiнде анықталса, бастапқы емдеу шараларын қолдана отырып, сәбидiң денi сау боп туылуына жағдай жасаймыз. 2009 жылдың алғашқы 11 айының қорытындысына сәйкес, аналары ВИЧ-инфекциясына шалдыққан 318 бала дүниеге келдi. Олардың тек 17-сiнен ғана ВИЧ-инфекция табылды». Вощенкованың айтуынша, 17 нәрестенiң ауру боп туылуы вирустың анадан балаға жұқпауын қамтамасыз ететiн ережелердiң сақталмауынан.

Бүгiнде бүкiл әлемге қауiп төндiрген, әсiресе, жастар арасында кеңiнен таралып бара жатқан ауыр дертпен күреске қазақ жастары да белсене кiрiскен. Үстiмiздегi жылдың 6 желтоқсанында ҚазҰУ-дiң Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Мен өзiмдi ВИЧ-тен қалай қорғау керектiгiн бiлемiн – ал сен ше?» деген Жастар марафонының жабылу салтанаты өттi. 10-қарашадан басталған бiрайлық бұл шараны Халықаралық PSI ұйымы «ӨРЛЕУ» әлеуметтiк жобасының шеңберiнде ұйымдастырыпты. Қаржылық қолдау көрсеткен – «Chevron» компаниясы. «Chevron» компаниясының Қазақстандағы өкiлдiгiнде қоғаммен байланыс жөнiндегi үйлестiрушiсi Гүлжан Смағұлова БҰҰ деректерiне сәйкес, жыл сайын Жер шарының 33 миллион тұрғыны СПИД-ке шалдығатынын, олардың 2 миллионы жыл сайын осы ауыр дерттен көз жұматынын, ажал құшқандардың 300 мыңға жуығы сәбилер екенiн көлденең тарта келе, iндетпен күрес және оның алдын алу мәселесiнде адамзат бiрiгiп күресуге бел шеше кiрiсуi керектiгiн айтты: «Өкiнiшке қарай, мұндай келеңсiз жайт, қайғылы оқиға Қазақстанды сырт айналып өтпедi. Шымкентте қаншама сәбидiң ВИЧ-тi жұқтырғанын бәрiңiз жақсы бiлесiздер. Бiздiң бүгiнгi басқосуымыз ауруды таратпау үшiн келешекте не iстеу қажеттiгiн ақылдасу, кеңесуге арналса керек. Ең маңыздысы, ВИЧ-тiң СПИД-ке ұласып кетпеуiн қадағалау. «Chevron» компаниясы жастардың ВИЧ-тен қалай сақтануды бiлуiн қамтамасыз ету жолында бiрнеше жылдан берi UNICEF пен ағзадағы иммундық тапшылық дертiне шалдыққандардың Қазақстандық ассоциациясымен бiрге әрекет етiп келедi». Сондай-ақ, шараны өткiзуге атсалысқандар арасында Алматы қаласының әкiмдiгi, ағзадағы иммундық тапшылық дертiне шалдыққандардың Қазақстандық ассоциациясы, UNAIDS, UNESCO, UNDP, SOS ерiктiлер командасы да бар. Жастар марафонының басты мақсаты – Алматы қаласындағы жастар қозғалысының өкiлдерiн тарта отырып, Орталық Азиядағы ВИЧ/СПИД дертiнiң алдын алатын шараларды кеңiнен насихаттау. Аталған шара барысында PSI мектеп оқушылары мен жастардың ВИЧ/СПИД туралы қаншалықты хабардар екендiгiн анықтау және жастар арасындағы ерiктiлер қозғалыстарының белсендiлiгiн арттыру мақсатында бiрнеше байқау жариялапты. Марафонды қортындылау кезiнде СПИД-ке қарсы күрестi жүргiзушiлердi қолдауға ниет бiлдiрген отандық эстрада әншiлерi – Бейбiт Қорған, Талғат Жорабаев, «Перцы» тобымен бiрге КТК (КВН) Жоғары лигасының командалары өнер көрсеттi.

Қазақстандағы ВИЧ-ке қатысты қазiргi жағдай жыл сайын iндеттiң 20-25 пайыз өсiп отырғанын көрсетедi. ҚР ВИЧ/СПИД-ке қарсы күрес және оның алдын алу орталығы таратқан мәлiметтерге сүйенсек, бүгiнде елiмiзде 13 310 адам ВИЧ-ке шалдыққандар тiзiмiнде тұр. Бұл – ресми дерек. Өкiнiшке қарай, бейресми деректердiң бiрнеше есеге артық болатыны белгiлi. Оның үстiне, қазiр ағзадағы иммундық тапшылық ауруы, яғни, ВИЧ 30 жасқа дейiнгi жастар арасында кеңiнен тарап келе жатқан көрiнедi. Алматы қалалық ҚЖТБ-ға қарсы күрес орталығының жетекшiсi Марат Төкеевтiң айтуынша, ауру Қазақстан бойынша Алматы қаласы, Павлодар, Қарағанды облыстарында кең тараған. Алматының алғашқы тiзiмде тұруы, елiмiздегi iрi мегаполис саналатын бұл қалаға сырттан келетiндердiң көптiгiнен. Мысалы, аурулардың үштен бiрi – өзге облыстардың тұрғындары, алыс және жақын шет елдердiң азаматтары. Кейiнгi кездерi халықтың ВИЧ/СПИД туралы деректердi бiлуге, одан сақтануға деген белсендiлiгi артып келедi. Бiрақ оны қанағат тұтып, қол қусырып қарап отыруға әсте болмайды, әрине. Ауру жайлы ақпаратқа қанық адамдар неғұрлым көп болса, дерт соғұрлым аз тарайды. Сондай-ақ, аурулардың азаматтық құқығын сақтау жолында да бiраз тер төгу қажет. Марат Сансызбайұлының мәлiмдеуiнше, 13 310 адамның 45 пайызы – 20-29 жастағылар және дертке шалдыққандардың 70 пайызына жуығы жұмыссыз жүргендер. Оның iшiнде, нашақорлар, жезөкшелер, еңбек мигранттары, түрмеге қамалғандар. Олардың 68,5 пайызы есiрткiнi бiр инемен қабылдаудың кесiрiнен опық жесе, 23,2 пайызы – жыныстық жолмен жарға жығылғандар. Дәрiгерлер қауымы кейiнгi кезде иммун тапшылығы вирусын төсек арқылы жұқтыратындар саны өсiп келе жатқанына алаңдайды. Бұл «ауруын жасырған өледiнiң» кебiн кигендер мен ВИЧ/СПИД туралы жөндi хабардар болмағандардың арасында көптеп кездесетiнi анық. Отандық мамандар жыныстық жолмен берiлетiн сан аурудың жезөкшелер арасында ғана емес, кейбiр үлгiлi отбасылар арасында да жиi кездесетiнiн көлденең тартады. Өкiнiшке қарай, әсiресе, орталықтардан шалғай жатқан жерлерде, ауылдарда ВИЧ/СПИД тексеруiнен өз еркiмен өтуге құлшынатындар аз. Ал кез келген жас – келешек әке мен шеше екенiн ескерсек, бұл iндет – ұлттың қауiпсiздiгiне төнген қатер.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ