Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТIК ТАПСЫРЫС МӘСЕЛЕЛЕРI ТАЛҚЫЛАНДЫ

ашық дереккөзі

ӘЛЕУМЕТТIК ТАПСЫРЫС МӘСЕЛЕЛЕРI ТАЛҚЫЛАНДЫ

Кеше Мәдениет және ақпарат министрлiгi 2009 жылғы 23-желтоқсанда «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс мәселелерi жөнiндегi кейбiр заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң жобасын әзiрлеу жөнiндегi жұмыс тобының бiрiншi отырысын өткiздi.

Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева жиынға қатысушы комиссия мүшелерiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс жүйесiн жетiлдiру жөнiндегi министрлiктiң жұмысымен таныстырды.

Аталмыш шаралар негiзiнде биылғы жылы бiрнеше жоба жүзеге асырылған едi. Сол жобалардың негiзiнде атқарылған жұмыстарды қадағалау мақсатында monitoring.academy.kz. сайты арнайы құрылды. Осы сайт арқылы кез келген жоба жөнiнде ақпарат алып, танысуға мүмкiндiгiңiз бар.

Сонымен қатар, 2005 жылы қабылданған декларативтiк мазмұндағы 10 баптан тұратын «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» Заңға өзгертулер енгiзудi талап ететiн мәселелер де бар. Айтқандай, соңғы кезде елде азаматтық қоғамның белсендiлiгi белең алды. Азаматтық қоғамның белсендiлiгi мәселелерi IV Азаматтық форумның басты тақырыптарының бiрi ретiнде қарастырылған болатын. Бұл форумда «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты жүзеге асырудың барлық институттары мен механизмдерi «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс туралы» бiр заңмен реттелуi тиiс» деген болатын ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаев.

Министрлiкке үш жылдық бюджетке өтудi ескере отырып, жобаларды ұзақмерзiмдi қаржыландыру мүмкiндiгiн қарастыру, мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс құралдарына екi рет салық салуды алып тастау, «әлеуметтiк жауапты бизнес» түсiнiгiн заңнамалық тұрғыдан бекiту жұмыстары тапсырылды.

Қазiргi уақытта министрлiк тарапынан «Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгертулер мен толықтыруларды енгiзу туралы» Заң жобасын дайындау бойынша Тұжырымдама әзiрледi. Жауапты хатшы бұл жұмыстарды атқаруға барлық жағдайлар жасалатындығын атап өттi.

Заң жобасын ҚР Парламентiне енгiзу мерзiмi 2010 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.

А.ОСПАНБАЙ