Жаңалықтар

ШАМЫРҚАНҒАН НАМЫСТАН АСҚАҚ РУХ ОЯНАДЫ

ашық дереккөзі

ШАМЫРҚАНҒАН НАМЫСТАН АСҚАҚ РУХ ОЯНАДЫ

Ақын Қадыр Мырза Әли туралы айтар сөз 

Балалар әдебиетiнде бiршама уақыт өнiмдi де өрiстi жұмыс iстеп, үлкен поэзия есiгiн именбей ашқан кешегi Қадыр Мырзалиевтiң, бүгiнгi Қадыр Мырза Әлидiң алғашқы жыр кiтабы — «Ой орманы». Қазақстанның ұшы-қиыры жоқ кең даласы аудиториясына айналып кеткен ақынның кез келген оқырманынан: «Қадыр Мырза Әлидiң ең басты ерекшелiгi неде?» деп сұрасаңыз, сөз жоқ, олар ешқандай кiдiрiп, күмiлжiместен: «Ой» дер едi.Ой! Ой! Ой! Түбi терең, ауқымы кең, дүмi мықты ұғым. Ия, Қадыр Мырза Әли – ой орманы.

Менiң, дәл қазiр, тағы да тыңнан түрен салған, бiзге бұрын-соңды белгiсiз боп келген жаңа өрiстердi – ендiктер мен бойлықтарды ашқан, әдебиетке тосын мән мен мазмұнды алып келген Алпысыншы Жылдар ойыма оралып тұр. Сол жылдары республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен келген, Үркердей ұйысқан бiр шоғыр талант қалыпты жолмен жүре-жүре әбден ығыры шығып, мүлде қалғып-мүлгiп кеткен рухани әлемiмiздi дүр сiлкiндiрiп жiберiп едi-ау. Әдебиетiмiздiң маңдайына бiр-бiр жұлдыз боп қадалған сол тегеурiндi таланттардың қақ ортасында, сөз жоқ, Қадыр Мырза Әли тұрды. Оның «Ой орманы» баспасөз беттерiнде топ-топ болып жариялана бастағанда бiз әлi елде болатынбыз. Несiн жасырамыз, ол өлеңдер шыққан бойда-ақ, өлi тыныштықта оқыс дауыс естiлгендей жұрттың бәрiн өзiне жалт қаратты. Өзiм куәмiн, елде жүрген жұрттың бәрi де, жасы да, жасамысы да, көптен хабар-ошарсыз кеткен ең бiр етжақын туысын, сүйектес ағайынын көргендей жапа-тармағай бас салды… Сол тұста халық бойында поэзияға деген құштарлықтың оянғанын айта кеткен ләзiм. Сол жылдарды аса бiр iлтипатпен есiне алған Қадекеңнiң мынандай бiр әңгiмесi құлағымда қалыпты. «Мен, өзiң бiлесiң, әдебиеттегi жолымды балалар поэзиясынан бастадым ғой. Мен онда таза, адал жұмыс iстедiм деп бiлем. Мұны бiреу бiледi, бiреу бiлмейдi, сол кезде-ақ мен үлкендерге бағыштаған өлеңдер жазып жүргем-дi. Бiрақ неге екенiн бiлмеймiн , ұзақ уақыт бойы еш жер баспай қойды. Сонда да жазуды бiр пәске де тоқтатқам жоқ. Жұмыс iстей бердiм. Жұмекеннiң бiр жинағы жарық көрiп қойған. Оларды қатты қызығып, құмарта оқығам-ды… Күндердiң күнiнде менiң де өлеңдерiмнiң күнi туып, жолы болды. Баспасөздерде жаппай жариялана бастады… Сонда сен менi не ойлады дейсiң ғой. Жарияланып жатқан бұл өлеңдерге Жұмекен қалай қарар екен деп ойладым. Құдайшылық шыным!» Қадыр ақынның бұл сөздерiнен кейiннен қазақтың ұлы ақыны деңгейiне көтерiлген әрi замандасы, әрi досы Жұмекен Нәжiмеденовке деген құрметпен бiрге, оның бойында үмiт пен күдiктiң де арпалысып жатқанын көремiз. Ақыры күдiк қалды, үмiт озды. Көп ұзамай «Ой орманы» жеке кiтап боп шықты. Ол кiтап шыққан бойда-ақ, қазақ әдебиетiндегi ерек құбылыс болып қабылданды. «Өмiр өзi қуарған Ой дегенiң ну орман. …Жолбарысы шабынған, Жыландары жабылған, Аюлары iз кескен, Арыстан да кездескен… Ой деген де ну орман, Талай бастар қуарған». Ақын «ә» деп үлкен әдебиеттiң биiк табалдырығын аттағаннан-ақ осындай қатерлi де қауiптi өмiрдiң ой орманына енген-дi. Алдында қандай қатер мен қауiптiң күтiп тұрғанын, ол әлем ешуқытта да бойкүйездiктi де, салғырттықты да ешқашан кешiрмейтiнiн әбден бiлiп, бойына бар қайрат күшiн, қажыр-қуатын жинап, бүкiл тағдыры мен ғұмырын кепiлдiкке қойғандай, соған басын тiккендей боп қадам басты… Несiн айтасың, оның ол кезде белдегi бес қаруы да сақадай-сай едi. Қайралған. Пiскен. Жетiлген. Үлкен дайындық мектебiнен, өткен. Төл әдебиетi мен әлем әдебиетiнiң қайнар көздерiнен мейiрi қанғанша сусындап, отқа бiр қақталып, суға бiр түсiп, төс пен балғаға тапталып суарылған-ды. Содан да ол бiрден-ақ әлде бiреулердiң үстiнен түскен жамау-жамау жадағай, әлде кiмдердiң қабағының астында қырық иiлiп, қырық бүгiлiп тұратын жалбақай сөздердiң бәрiн сыпырып, сiлкiп тастап, қынаптан суырылған қылыштай жалт-жұлт еткен немесе адырнаны аңыратып ұшатын қозыжауырын жебедей шымыр да ұшқыр сөздермен жұмыс iстедi. Тосын метафоралар мен метонимия, астарлы аллегориялар мен асқақ гиперболалар, өзгеше образдар мен теңеулер дүниеге келдi. Ең алдымен ақын өзiнiң туған жерiнiң, туған даласының мерейiн көтерiп, мәртебесiн биiктеттi. «Уа, дала! Сен болмасаң гүл шығар ма ед? Ат мiнiп, көкпар тартып құлшынар ма ек! Құдайда храм болса, ойлаймын мен Ол – мына шетсiз-шексiз сен шығар деп. …Уа , далам! Кеңдiгiңе тамсандым көп, Айта алман бәрiн жазып тауса алдым деп. Сен — алып пластинка дөңгеленген Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп». Жаңа сөз, жаңа сурет дегенiңiз осы ғой. Ал жаңа сөз, жаңа сурет ешуақытта көнермейдi. Құлазып жатқан, меңiреу мылқау далаға бiрер жолмен-ақ жан кiргiзiп жiберген. Осы өлеңдi оқып бiткен бойда-ақ, сенiң де пластинка секiлдi дөңгеленген алып дала төсiнде ине құсап ән салып кеткiң келедi. Мұндай сөз-суреттi тек дала стихиясын бар болмыс-бiтiмiмен, бүкiл табиғатымен барынша терең сезiне бiлген адам ғана сала алса керек. Бұл жерде айта кетер бiр нәрсе, егер сенiң сөзбен салған суретiң бостектiлеу, шикiлеу, бiр қайнауы iшiнде болса, онда ол суреттi күнi ертең-ақ бiреуi бiр тартып, екiншiсi екi тартып жұлма-жұлмасын, түте-түтесiн шығарар едi. Ақын бұл суреттi жұла да, түте де алмайтындай етiп тасқа қашап сiңiрiп жiберген. Сондықтан да ол тек Қадыр Мырза Әли ғана салған даланың кескiн-келбетi боп қалады! Ақын сол бiр кезеңдегi өлеңдерiнде туған жер, өскен өлкенiң келiстi көркем бейнесiн көз алдыңа келтiретiн тұтас бiр галереяны дүниеге келтiрдi. «Төрт түлiктiң нанындай төрт бұрыш маялар», «Теңге күн алып ыстық табадағы, Тоң майдай жылжып ерiп бара жатқан», «Ақ сағым ағаштарды көтерiп ап, Аяғын жерге екi елi тигiзбейдi’, «Әр тұста жол күзеткен теректердiң, Шаң басқан жолаушыдай иықтарын», «Жағалай жатқан бұлт түте-түте, Жатқандай киiз басып байтақ аспан»… Тiзсең, тiзiле бередi, тiзiле бередi. Кейде, қыза-қыза келгенде, кей өлеңдерiн, үзiп-жұлмай, тұтастай көшiргiң кеп кетедi. Өйткенi пейзаждық көрмеге келгендей тұнып тұрған сурет, бiрiнен бiрi асып түсетiн, көз жауын алатын теңеулер, тәттi сорғандай таңдайыңды тақылдатып тамсандырар метафоралар мен образдар… Сөйтсек, оқыған жұрттың бәрiн таңғалдырып тәнтi еткен ол суреттер мен теңеулер, ол метафоралар мен образдардың өзi алда жазылар үлкен iстiң увертюрасы, алғышарттары ғана болып шықты. Бiздiң соншалықты құлай жығылып, қол соғып ризашылық бiлдiрген бұл өлеңдерiмiз ұлт бойына қуатты да қайратты биiк рух құйып жiберген өлмес-өшпес ұлы шығарма — «Дала дидарына» дайындық қана екен. Ия, сол жылдары ақынның Далаға деген ұлы махаббатынан туған «Дала дидары» кiтабы қалың қазақтың шетсiз-шексiз сүйiспеншiлiгiне ие болып едi. Ең бастысы, қазақ рухының атойлап оянуына өлшеусiз олжа салып едi! Ол кiтаптағы небiр астарлы ойлар мен адуынды ағысты иiрiмдер қаншама уақыт бойы бұғып, бүгежектеп келген халықты, орман үстiнен дауыл өткендей дүр сiлкiндiрiп, жан дүниесiн астаң-кестең еткендей болып едi. «Қыл бұғаудың жылқыны Қинайтыны рас-ау, Бұғалықта бұлқынып Бебеу қағып тұр асау, — деп басталатын «Асау» өлеңiн қараңызшы. Одан әрi – Жәудiреген нұр көзде Жалтылдайды жас шығып, Қарғып мiндi бiр кезде Қайратына жас жiгiт. …………………………………… Асау арда қызынған Ай, шап келiп, Шап келiп! Екi езуi қызыл қан Тұла бойы ақ көбiк. Келдi басып ақырын, Шықпаған тек жаны бар. Еркiндiктiң қадiрiн Ұққан шығар жануар». Құдай-ау, бұл өлең сонау бiр замандарда ұшы-қиыры жоқ алып кеңiстiктi емiн-еркiн жайлаған, ендi бүгiн азат асаулығынан да, жал-құйрығы желмен желбiреген тарпаңдығынан да айрылып қалған қайран қазақтың тағдыры ғой. Бұл өлеңнен санасында иненiң жасуындай сәулесi бар қазақ алдымен өзiн көредi ғой. Көредi де, мұқалып қалған намысы сол сәтте қайтадан қайралып, қайтадан жасындай жарқылдап, құм басып қалған жiгерi құйындай түтеп шыға келмей ме?! Қадыр Мырза Әли Көне заман көрiнiстерi арқылы мойнына отарлық қамытын киген кешегi кеңес тұсындағы қазақтың рухын осындай астарлы әдiс-тәсiлдермен оятуға күш салып едi. Оның, тiптi «Бесiк жырының» өзiнде қаншама зiл-батпан мұңмен бiрге, айласы таусылған амалсыздық пен шарасы таусылған шарасыздық жатыр десеңiзшi! «Бөлетiндей пәршелеп. Бiз Құдайға не қылдық? Жетiспейтiн нәрсе көп, Соның бiрi — әдiлдiк. Әлди, бөпем, әлди-ай! Ханыңда ес жоқ дейдi, Халық қайтiп сенедi? Шындық болса өтпейдi Қымбат қой ол себебi. Әлди, бөпем, әлди-ай!» Бұл жолдарда көне заманның ғана емес, кешегi күннiң де, бүгiнгi күннiң де сай-сүйектi сырқыратар қасiретi жатыр ғой. Өйткенi бұл қазақ қай уақытта әдiлдiктiң билiк құрып, шындықтың үстемдiк еткенiн көрiп едi? Қай уақытта? Қашан көрсең де кiлең бiр жат жұрттықтар, кiлең бiр көлденең көк аттылар қолындағысын қағып ап, аузындағысын жырып ап, онысымен қоймай, «көке», «жәке» деп тұрсаң да ағаш атқа терiс мiнгiзiп, қит етсе болды қылтадан қиып жiберiп, отырса опақ, тұрса сопақ етiп келе жатқан жоқ па?! Тағы да ол жауыздықтың бәрiн қазаққа қазақтың қолымен жасайды. Сөйтiп қиянат соңынан қиянат, қысастық соңынан қысастық кiредi. Сондықтан да мына өмiр «бiреулерге — кең дала, бiреулерге – түрмедей». Ұлттық рух дегенiңiз «мен, мен» деп кеуденi дүңкiлдетiп соға бергеннен гөрi ең бiр жанды жерiңе, ең бiр осал тұсыңа тиген кезде қурап, кеуiп қалған көдеге от тигендей бұрқ ете түсетiнi сөзсiз. «Төрт түлiк төлiңдi Түгелдей жалмаған. Жұтың да Елiмдi Оята алмаған. Көңiлдi қалаңды Күйедей жалмаған Жауың да Даламды Оята алмаған». Қаперсiз, салғырт халқың үшiн қаның қайнайды, жаның күйзеледi. Мойнын iшiне тыққан, «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген неткен марғаулық бұл. Бiрде iштей егiлiп, ендi бiрде шарт сынардай боп кiжiнiп, қынжыласың. Сол бiр заманда (қазiр де!) eлiң мен далаңның қаншама зорлық пен зомбылықты, қаншама қорлық пен зобалаңды басынан өткiзе тұра, қалың ұйқыдан оянбайтынына, қайрат көрсетпейтiнiне бiр суып, бiр ысисың. Солай бола тұра, осындай жан арпалысынан кейiн, бәрiбiр сенiң тұла бойыңнан намысты рух оянып келе жатады. Ал жан күйзелiсi мен жан арпалысына тамыр сап өскен рух, мақтан мен мадақтан өсiп шыққан рухтан гөрi әлдеқайда баянды, әлдеқайда қуатты. Әрине, ақын әлгi өлеңiн: «Қалғыған қалыпты Қимай ел жатты ғой. Ұйқысы алыптың Қашан да қатты ғой, — деп аяқтап, өзiн де, жұртты да жұбатпақ болады. Ендi қайтсiн?! Бұдан басқа амалы бар ма?! Сөйте тұра ақын — Төгiлген қан мен терiмiз, Туыстың бiз де ерiмiз. Бiлгiңiз келсе қазақты Тегiне тиiп көрiңiз» — деген кезiнде сiздiң күңгiрт жаныңыз от жаққандай жарқырап қоя бередi. Шатырлап сөгiлiп кетердей шамырқанып тұрған намысыңыз бұрынғыдан да қайраттанып, бұрынғыдан да айбаттанып шыға келедi… Шын ақын қай заманды жазса да, ең алдымен ол бүгiндi жазады. Өткен күн арқылы бүгiндi көрсетедi. Ал бүгiннiң ақыны бола бiлген ақын, сөз жоқ, ертеңнiң де ақыны. Қадыр Мырза Әлидiң кеудесiне ұлттық рух о бастан-ақ ұя салған. Қаны да, жаны да ұлт деп сөйлеп тұратын нағыз ұлтшыл ақын. Оның қай кiтабын ашып қалсаңыз да сол ұлттық рух, сол ұлттық болмыс тайға таңба басқандай боп алдыңыздан андыздап шыға келедi. Тағы да ол ұлттық болмысты жадағай, жалаң қарастырмайды. «Ерлiк иiсi шығады ер-тоқымнан, Тарих иiсi шығады шаңырақтан». Әдемi-ақ! Осылай екенiне ешқандай күмәнiңiз қалмайды. Бұл сөздерден кейiн-ақ сiз қандай бiр болмасын көне заттарға өзгеше көзбен қарай бастайсыз. Олай етпеске тiптi де әддiң жоқ. Қарап отырсам, Қадыр Мырза Әли өзi өскен, барынша өнiмдi жұмыс iстеген, қазаққа кесiрi мен кесапатын көп тигiзген кеңес заманына деген ашынған ашу-ызасын, оның зұлым да сұрқия бейнесiн тарихи тақырыптар арқылы қотара қопарып көрсетiптi. Дәл солай етудi мақсат еткендiктен де сен сол өлеңдерден қиян алыста қалған өткен заманды, кешегi кеңес кезеңiн ғана емес, бүгiннiң кескiн-келбетiн де жазбай танисыз. «Куә-тарих мұны анық бiлдiредi. Қалған өмiр олардан тұлдыр едi. Адам болсам дегендер емес Бәрiн Құдай болсам дегендер бүлдiредi». Бұл көне заман бейнесi ме, кешегi кеңес заманының бейнесi ме, жоқ әлде, бүгiнгi заман бейнесi ме? Турасын айтсақ, бәрiнiң де бейнесi. Жинақталған образ. Дәл осы жерде, бiр айта кетер мәселе, бүкiл шығармашылық ғұмыры кеңес заманында өтсе де Қадыр Мырза Әли еш уақта да кеңес заманының, яғни Қазақ Совет әдебиетiнiң ақыны болған емес. Ол үлкен әрiптермен ойып жазылатын Қазақ Ақыны болды. Қайталап айтамыз, ол қазақ ұлтының рухын оятып, оны көтеруге өлшеусiз үлес қосты. Ал рух табиғатын, оның болмыс-бiтiмiн тұтастай танып-бiлу мүмкiн емес. Ол керек десеңiз стихиялық құбылыс. … Осы жерде менiң ойыма жақында ғана телевидениеде болып өткен бiр пiкiрталас түсiп отыр. Тақырыбы — «Қазақ ұлтының рухы оянды ма?» Бiреу олай айтады, бiреу былай айтады. Әрине, бiреуiн қабылдайсың, бiреуiн қабылдай алмайсың. Бiрақ сайып келгенде бәрiнiң ниетi дұрыс. Дей тұрғанмен мен бiр жiгiттiң сөзiне қатты шамданып қалдым. Ол жiгiт рухты ғылыми жүйеге түсiрiп, сол арқылы танып-бiлуiмiз керек деген сияқты қисынсыз сөз айтты. Апыр-ау, рухты қалай ғылыми жүйеге түсiрмексiз. Елi мен жерiн қорғап атқа қонған Қабанбай мен Бөгенбай, Райымбек пен Наурызбай, Кенесары мен Сырым, Исатай мен Махамбеттердiң ерлiк рухтарын қалай түсiндiрiп бермексiң. Тарихын, ерлiкке толы баяндарын айтып беруге болар. Ал рухын қандай анықтамаға сиғызбақсың. Рух-рух! Ол сенiң бойыңа туған жердiң топырағының қызуынан, аптабы мен аязынан, туған елiңнiң мейiрiмi мен қайырымынан, тiптi қатал мiнезiнен, ана сүтiнен, бесiк жырынан, дәстүрi мен салтынан, тәрбиесi мен тәлiмiнен, тағы да басқа, толып жатқан компоненттерден құралады. «Мына жерде рух бар, мына женде рух жоқ» деп қалай түсiндiрiп бере алмақсың. Нақтылы түсiндiрiп беруi қиын абстракталы ұғым бола тұра, ол, сөз жоқ, ең алдымен, халық тағдырынан өсiп шығады. Халық тағдырының ащысын да,тұщысын да, қайғысын да, қуанышын да, қасиетiн де, қасiретiн де, ашу-ызасын да, мейiрiм-қайырымын да… бойына жинаған рух – әруақта асқақ, әруақта биiк! Қадыр Мырза Әли туған халқының бойындағы осындай асыл қасиеттердi болмыс-бiтiмiне барынша молынан жинаған ақын. Айтқанда да, — айызыңды қандырып, — шегедей қағып, қазықтай қадап айтады. Мәселен, ақынның Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңiнен үзiндi оқып көрейiкшi: «Құпия қару асынған Ауруға мұндай көп өкпең. Өрiлдi оның басында Халықтың өзi венок боп. Кеудесiн жаншып тас батқан Көшелер жатты шаңытпай. Тұп-тура тартқан асфальт та Түнерген қара табыттай. Көр болғыр көзге жас алмай, Жас алмай қалар қай кiсi?! Үлкен бе едi қашаннан, Кiшкене жұрттың қайғысы». М. Әуезовты ақырғы сапарға шығарып салып тұрған ақын күйзелiсiмен бiрге, бұл өлеңнiң айтар ойының ауқымы өте кең, аса терең. Шынында байқап, айнала дүниеге ой жүгiртiп қарасаңыз кiшкене жұрттың қайғысы қашанда үлкен ғой. Тiптi айнала дүниенi былай қойып, пайым ой көзiңiзбен қатпар-қатпар боп жатқан өз тарихыңыздың ғана қыртыс-қыртысын ақтарып, арғы астарын аударып көрiңiзшi. Халқыңның бұлтты түндей ауыр қайғысы мен қасiретi, сай-сүйегiңдi сырқыратар тағдыры тiзiлiп тұра қалады. Ақын Мұхтар Әуезов қайғысы арқылы – қазақ басынан өткен сұрапыл кезеңдердi мегзеп отыр. Соны бүкiл тамыр-талшығыңмен, бүкiл болмыс-бiтiмiңмен сезiнесiң де, сен де түндей қабарып, бордай үгiлесiң… Қадыр Мырза Әли шеберлiгiнiң дұрыс мағынасындағы әдiс-айласы да, амалы да көп қырлы, сан түрлi. Бiрде басқа бiр ой айтатындай боп келе жатып, кенет жалт етiп бұрылып кетiп, сен күтпеген мүлде басқа тұстан шыға келсе, ендi бiрде (тағы да күтпеген жерден) жарқ етiп алдыңнан шыға келедi. Осы бiр жерде айтарын қадап тұрып, шегелеп-ақ айтыпты ғой, ендi бұл тақырыпқа қайта оралмайтын шығар десең, жоқ, дәл сол тақырыптың сен ойламаған тосын тұсынан өзгеше бiр соқталы ой табады. Мұхтар Әуезов қазасына арналған өлеңде кiшкене, аз халықтардың қайғысын айтса, ал Расул Ғамзатовқа арнаған өлеңiнде: «сол халықтың перзентi қалай болуы керек деген?» сұраққа тiлiп түскендей етiп кесiмдi жауап бередi. «Осал болса Жырыңа Ел көңiлi толмайды. Аз халықтың ұлына Ұлы болмай болмайды!». Бұл сөздер ат төбелiндей ғана авар ұлтының өкiлi Расул Ғамзатовқа ғана арналған өлең емес, сонымен бiрге бiзге де, әрбiр қазаққа да арналған сөз. Ойланасың. Толғанасың. Өзiңдi бұрынғыдан да әрi берiк, әрi биiк ұстағың келедi. Өз-өзiнен тұлғаң зорайып, ойың ұлғайып бара жатады. Қадыр ақын бiр өлеңiндегi ұтқыр ойды екiншi, үшiншi өлеңдерiнде одан әрi ұштап, одан әрi дамытып, одан әрi таратып сөйлеуге қандай ұста! Масақ қалдырмайды-ау, масақ қалдырмайды. Мәселен, сен , М. Әуезов қазасы мен Р. Ғамзатовқа арнаған өлеңдерiнен кейiн әлгi кiшi, аз халықтар тақырыбы осымен ақи-тақи бiттi деп ойлайсың ғой. Жоқ, бiтпептi. «Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр: Бұлтын оның бұлт демей түбiт дер. Қарап тұрып мынау шырқау шыңдарға Қалай төмен боламыз, ей, жiгiттер! Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр: Тұма-бұлақ дариядан үмiткер. Қарап тұрып мынау түпсiз теңiзге Қалай тайыз боламыз, ей, жiгiттер! Туған жердiң тылсым сырын ұғып көр: Теңiз кешiп, шың басына шығыпты ер. Көре тұра мына ұлы даланы Қалай кiшi боламыз, ей, жiгiттер!». Бұл жолдарды оқығаннан кейiн ендi сенiң жауапкершiлiгiң бұрынғыдан да артып, мiндетiң бұрынғыдан да ауқымдалып кетедi. Өз ұлтының қадiр-қасиетiн, болмыс-табиғатын танып бiлуде, қайғысы мен қасiретiн тереңiнен қопарып қазып көрсетуде, оның мерейi мен мәртебесiн асқақтатуда Қадыр Мырза Әлимен шендесетiн ақын, бар болса да, сирек. Әрине, мен бұл жерде, Абай, Махамбет, Мағжан секiлдi алыптарды айтып отырған жоқпын. Шынын айту керек, өзiмiз куә болған кездегi кеңес заманында да, «бүгiнгi таңда да жұрттың аузына ең көп iлiнетiн ақындар кiмдер?» деген сұрағыңызға үш-төрт ақын аталса, солардың алдымен аталатыны да – Қадыр Мырза Әли. Жиын-тойда сөйлеген адамдар Қадыр Мырза Әлидiң өлеңдерiнен үзiндi оқып, мысал келтiрiп жатады. Дәлiрек айтсақ, ол көзiнiң тiрiсiнде-ақ, аңызға, фольклорға айналған ақын. Өлеңдерiн былай қойғанда, дастарқан басында, сапарларда, алқалы бас қосуларда, кафе-барларда оның айтқан мiрдiң оғындай өткiр сөздерi бүкiл Қазақстанды лезде-ақ кезiп кетедi. Көп жұрт оның ақ дегенiн – алғыстай, қара дегенiн – қарғыстай көредi. …Маңғыстауда жүрген кезiм. Қазақстан Жазушылар одағының сондағы кеңесшiсiмiн. Әдебиеттегi атым да әжептәуiр шығып қалған кез. Баспасөз беттерiнде бiздiң толқын туралы әңгiме айтылып, тiзiм тiзiле қалса, әйтеуiр сол тiзiмнiң iшiнен табылам. Алматыдан алыста жүрген адам үшiн, ол да әжептәуiр демеу… Бiр күнi «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бетiнде Қадыр ағамыздың «Көздiң сәулесi мен сөздiң әуресi» деп аталатын мен туралы жазылған сын мақаласы жарқ ете түстi. Қол жеткiзген жетiстiгiме аз-кем тоқталыпты. Тiптi талантты, дарынды ақын дептi… Ал кемшiлiк жағыма келгенде терiмдi iремей сыпырып сойып салыпты. Менi мұқият оқығандығы сонша, кiтаптарымдағы терминдердiң бiрiн қалдырмай терiп, тiзiп шығыпты. Шынын айту керек, абайсызда қылмыс жасап алғандай, өзiмдi қоярға жер таппай кеттiм. Менiң хал-күйiмдi қойшы… ең қызығына ендi келемiз. Көп ұзамай менi облыстық газеттiң партия ұйымының хатшысы, журналистiк жұмыстың нағыз еңбекторысы, өзiм қатты сыйлайтын (қазiр де сыйлаймын), ақжарқын жан Мұқтасын Суханбердиев шақырып жатыр деген хабар келдi. Мен сол партия ұйымында есепте тұрам. Ол кезде хатшы шақырып жатыр дегендi елеусiз қалдыруға болмайды. Лезде-ақ жетiп бардым. Байқаймын, ағамның қабағы түнерiңкi. Бiр кезде маған көзiнiң астымен сұстана қарап алды да: «Сен осы, Темiрхан, не iстеп жүрсiң?» — дедi. «Не iстеушi ем, тиiстi жұмысымды iстеп жүрмiн». «Мен сенiң ол жұмысыңды айтып отырғам жоқ. «Қазақ әдебиетiнде» жарияланған Қадырдың сен туралы жазған мақаласын оқыдың ба?» «Оқыдым». «Оқысаң, — дедi Мұқтасын ағам одан сайын сұстана түсiп, — келесi партия жиналысында өзiнiң жұмысын жөндеп атқара алмай жүрген сенiң мәселеңдi қараймыз». Мен не дерiмдi бiлмей отырдым да қалдым. Бiрдеңе деп күмiлжiген болып ем, менi бiр тықсырып атына мiнiп алған Мұқаң: «жоқ, солай iстеймiз» деп кесiп тастады. Құдай оңдап, дәл сол кезде бөлмеге «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң Маңғыстаудағы тiлшiсi Саламат Хайдаров ағамыздың кiрiп келмесi бар ма. Ол кiсiге де Мұқаң келесi партия ұйымының жиналысында қандай мәселе қаралатынынын тәптiштеп айтып бердi. Ал, бар болғыр Сәкең Мұқаңа шатынап бiр қарады да шарт кеттi.» Әй, Мұқтасын, сенiң есiң дұрыс пa? Не айтып отырғаныңды бiлемiсiң?! Әдебиетте айтыс-тартыс деген, сынау-мiнеу деген бола бередi. Атамзаманнан бар үрдiс. Қадыр айтса, iнiсi туралы өз пiкiрiн айтты. Ол Темiрханды «халық жауы» деген жоқ қой. Егер ертең бәрiмiздi бүкiл республикаға күлкi етейiн демесең, мұныңды доғар», – дедi. Ендi Мұқтасын ағам көзi жыпылықтап, аңырайып отырып қалды. Ол кезде «Социалистiк Қазақстанның» тiлшiсiнен бәрi де аяғын тартады. Сөйтiп Қадыр ағамның сынынан әбден салым суға кетiп жүрген мен, жығылған үстiне жұдырық дегендей, сол мақаланың «арқасында» партиялық жаза да ала жаздағам. Мен бұл арқылы Қадыр Мырза Әли сөзiнiң халық арасында қаншалықты қадiрлi, қаншалықты беделдi екенiн, оның ықпалы аса зор екенiн көрсету үшiн айтып отырмын. Әрине, Қадыр ағам айтқан сын-ескертпелердiң кей тұстарын мақұлдай қоймаған мен, сол «Қазақ әдебиетiнiң» өзiне қарсы мақала жаздым. Оған дейiн мен бұрын сын мақала жазып көрмеп ем. Мақала жазам деген ойым да жоқ едi. Содан кейiн-ақ мақала соңынан мақала жазыла бастады… Бiр күнi Қадыр ағама. «Сiздiң сын мақалаңыздың арқасында мен сын жанрына қатысып, кiтап шығардым» деп ем, Қадекеңнен сөз қалған ба: «Намысты ақынды мақтағаннан гөрi даттаған дұрыс болады», дегенi. Осымен өткен оқиға хикаясы тәмәм болған-ды. Қадыр Мырза Әли өзiнiң шығармашылық ұзақ жолында жиырмадан астам жыр кiтабын дүниеге келтiрiптi. Шынын айту керек, олардың әрбiрi жарық көрген сайын елеулi оқиғаға айналып отырды. Сондықтан да оның бiрде-бiр жинағы кiтап сөресiнде жатып қалған емес. Өйткенi оның өлеңдерi, ненi арқау етсе де, халық көкейiндегi мұң мен шердi, арман мен үмiттi, тiлек пен ниеттi, бар мен жоқты айтады. Дәл табады, дөп басады. Тiптi ол бұл позициясынан қазақ топырағынан басқа тақырыптарды қаузаса да, қайтпайды. Қайта қазымырлана, өршелене түседi. Мәселен, оның сонау 1232 жылы Оpта Азияда болған халық көтерiлiсiнiң қаһарманы, тәжiк перзентi «Махмуд Тарабидiң елдi ерлiкке шақыруы» туралы өлеңiнен үзiндi оқып көрейiк: «О, халайық, Құзғындар Қаптап ұшқан ұяны ат! Қай жерде де азғындар, Қай жерде де қиянат. Жаны жабы адамға Жеткiзбейдi қиял-ат. Ез көбейген кезiнде Көбейедi қиянат. Ердiң басы жер болса, Жармаспадық кездiкке. Елiң өстiп қор болса Соның бәрi ездiктен. Жабыла атқа қонбаса, Ерiң ер боп оңбайды. Елде ерлiк болмаса, Әдiлдiк те болмайды». Әлiмсақтан белгiлi жайт, рухсыз ел-құлықсыз ел. Ақын ең алдымен соны айтып отыр. Қалай дегенмен де, не нәрсе де, халықтың өз қолында. Халық қаншалықты қажырлы, қайратты болса, қоғам да соншалықты қажырлы болмақ. Бұл – балталасаң бұзылмайтын аксиома. Айтар сөзiн қасқайып айта алатын қажырлы, қайратты қоғам қандай бiр болмасын жүгенсiздiк пен арсыздыққа, алаяқтық пен кiсәпiрлiкке, зорлық пен зомбылыққа,аярлық пен көзбояушылыққа, өтiрiк пен жалғандыққа жол бермейдi. Ездiк, ынжықтық, можантопайлық ендеп алған елде мұның бiреуi де болмайды. Қорлықтан көз ашпайды. Жетектегеннiң жетегiнде, иектегеннiң иегiнiң астында кетедi. Өтiрiкпен өмiр сүредi. Табанға тапталады. Көкпар боп тақымға түседi. Бiреу кеп борбайын айырып, бiреу кеп мойнынан қайырып жатса да, мынауың не деп ыңқ демейдi. Көрiнгенге жем болады. Зорлықтың жуан дойырының, зомбылықтың темiр тағалы тепкiсiнiң астында өмiр сүредi. Ондай елдiң сөзiн ешкiм де сөз деп бiлмейдi, мұңын мұң, қайғысын қайғы деп қабылдамайды. Қысқа күнде қырық иiлiп, қырық бүгiлiп имеңдеп тiршiлiк етiп, итшiлеп өмiр сүредi. Ынжықтық пен ездiктi төзiмдiлiкпен тiптi де шатастырып алуға болмайды. Олар мүлде бiр бiрiмен басы қосылмайтын басқа-басқа категориялар. Ездiк пен ынжықтық әбден етiнен өтiп, сүйегiне жеткен елде, әлгi өлеңде айтылғандай, әдiлдiк болмайды. Ал әдiлдiгiнен айырылып қалған ел мен қоғамда небiр зымиян сұрқиялықтар, небiр жексұрын сұмдықтар орын алады. Ақырында ол ел — бар байлығы мен бар құндылығы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткен байғұс, мiскiн елге айналады. Мiне, бұл өлең бiздi қилы-қилы қалтарыстары көп осындай-осындай ойларға жетелейдi. Сондықтан бiз күрессек – әлдекiм, әлдебiреулермен емес, алдымен өзiмiздiң бойымыздағы ездiк-ынжықтықпен, салғырттық-немкеттiлiкпен күресуiмiз керек. Ол үшiн халықтың қажыр-қайраты қарсы келгендi опырып та жiбере алатындай, жапырып та жiбере алатындай қуатты болуы керек. Не нәрсенi де тайсалмай, тайсақтамай қасқайып тұрып айта бiлу керек. Әрине, «осынымнан опық жеймiн-ау, бiреулерге жақпай қалам-ау», деген iшкi есеппен өмiр сүрсең, онда ол өзiңе-өзiң жасаған опасыздық болып шықпақ. Қадыр ақын «Садриддин Айни немесе жетпiс бес дүре туралы хикая» өлеңiнде бұл туралы да айтып кетiптi. «Көзбен көрiп бұл сұмдықтың барлығын Қара бұлтқа кiрдi ұялып арлы күн. Түте-түте болған Айни арқасы Күпiсiндей ит талаған жарлының! Ақындарға ұстап жүрген қолға алау Мүмкiн емес заман жайлы толғамау. Елдiң қамын жеген адам Ел үшiн Таяқты да жеуге тиiс болған-ау! Қолда бұғау, Кiсен кескен аяқты, Қараңғы елдi өмiр қашан аяпты?! Жетi жүз жыл таяқ жеген Бұхара Көтермедi сол жетпiс бес таяқты. Жендеттердiң талған кезде бiлегi, Ақын жiгер асыл ой боп түледi: Қандай шындық айтқаныңды Келешек Қандай таяқ жегенiңнен бiледi». Құдай-ау, қай заманда шындықты айтқан адам үлде мен бүлдеге оранып, алтын астаудан ас iшiп, керiлiп жатып, кердең-кердең басыпты?! Шындықты айтқан адамның көзi жастан кеппеген, жон арқасынан шыпыртқы кетпеген. Шындықты айту — ауыр. Ең алдымен шындықты айтқан адамға – ауыр. Ол адам бәрiнен шеттетiледi, жаоғары жаққа көз түрткi болады. Күнделiктi сыбағасынан қағылады. Ең болмағанда нәпақасынан айрылып, жұмысынан қуылады. Өздерiңiз байқап отырған шығарсыздар, мен көбiне көп Қадыр ақынның М. Әуезов, Р. Ғамзатов, М. Тараби, С. Айни туралы жазған жырларына көбiрек жүгiнiп отырмын. Оның басты себебi – бұл тұлғалардың қай-қайсысы да өздерiнiң ойлары мен бойларына өз ұлтының рухын барынша молынан жинақтаған тұлғалар. Есiмдерiнiң өзi-ақ рухыңа рух қосып жiбередi. Содан болса керек, Қадыр ақын да оларды жазғанда қынаптан суырылған қылыштай боп жарқылдап кетедi. Мұндай кезде ақынның «Құрманғазы» өлеңiн қалай оқымассың. «Болғаннан соң, Құреке, өзiң кектi Боран толы домбыраң безiлдептi. Жағадан ап сiлкетiн күйлерiңдi, Тартқан бойда, ұйқылы ел көз iлмептi. Атылғандай алқызыл ыршып қаның, Адуын күй — күйiнген, қырсыққаның, Аузын ашып тұрған құл босағада Аңғармапты төрден кеп бiр шыққанын. Күйлерiңдей күйлердiң бар ма асқағы? Ұмытады ел көңiлдi зар басқанын. Сенi тыңдап отырған жасық жiгiт Аңғармапты найзаға жармасқанын. …Қайда жүрсе тiлеген ел саулығын, Қайран елге салушы едi тұсауды кiм?! Заманына жалынан сипатпаған — Ұлылығың – осынау асаулығың!» Мiне, рух күшi! Бiрде құтыра құбылып, бiрде қапыда қалып аһ ұрып, бiрде дауылды күнгi теңiздей сапырылып, ендi бiрде ақтарыла тасып төгiлiп жатқан алапат күй құдiретiнен құлақ кестi құлдың өзiн төрге ұмтылдырып, жаман-жәутiк жасықтың өзiн найзаға жармастырып жiберген жоқ па?! Iрi тұлғалардың болмыс-бiтiмi де, тектi табиғи жаратылысы да, қайрат-қуаты да, қимыл-қарекетi де бiр ғой. Олардың бәрi дерлiк бұл жалған өмiрде қоқан-лоққыны да, құқайды да аз көрмеген. Қуғын-сүргiнде күн кешiп, айдауда жүрген. Атылған. Асылған. Бiздiң тарихымыздың беттерiнiң барлығы дерлiк солардың қанымен жазылған. Қасiреттi беттер… Қадыр Мырза Әли ондай қасiреттi беттердi «Қызыл кiтап» арқылы да қарастырады. Сирек кездесетiн аңдардың неге азайып бара жатқанын олардың iрiлiгiнен iздестiредi. «Құлжа» өлеңiн оқиықшы: «Екi қанат сияқты оған екi өкпе, Желдiң өзi жарамайды жетекке. Қайта-қайта қарайды ол бiрақ та Бiр ғажабы,Биiкке емес — Етекке! …Қалқан қылып сақтық деген сауытты, Қызығын ол тау басынан тауыпты. Биiк үшiн жаратылған жануар Тек төменнен күтедi екен қауiптi!» Өлең бiттi. Бiрақ жаныңды кемiрiп жейтiн, миыңның ұңғыл-шұңғылына дейiн кiретiн ой арқалатып барып бiттi. Елiм деп еңiреп, халқым деп қамығып өткен арыстардың қай-қайсысы да, — қорлықты да, зорлықты да — өзiнен әлдеқайда төмен жүргендерден көрген. Iрiлiктiң алдына қақпан құратындар да, ор қазатындар да, солар-төмендегiлер… Сондай-ақ ақынның кәрi қыран өлiмi туралы жазған өлеңiнiң тәлiмi мен тағлымы қандай десеңiзшi?! Қыран қартайды. Ол ендi тышқан мен тасбақа құсап өле алмайды. Қыранша өлу керек. Шырқау биiкке көтерiлiп ап, өзiн-өзi көк тасқа соғуы керек! «Сабақ алып шежiре көне күннен Бәрiн көздiң өткiзiп елегiнен Қыранша өмiр сүргенiң — Қандай бақыт! Қандай бақыт — Қыранша өле бiлген». Неткен iрiлiк! Неткен тектiлiк! Неткен асқақтық! Неткен ұлылық! Неткен рух! Төмендемей, төменшiктемей iрi өле бiлу де –бақыт. Бұл өлеңдi оқыған адамның бәрi де бiр серпiлiп, бiр сiлкiнiп қалары сөзсiз. Ал ол серпiлу мен сiлкiну үлкен, табанды iрi iстердiң де басы болуы мүмкiн ғой. Бiрақ мына өмiр деген бiрде былай аударылып, бiрде былай төңкерiлiп тұрады емес пе?! Аумалы-төкпелi заман! Сол заманға сай аумалы-төкпелi тағдыр. Кейде iрiлiктiң маңдайына да iрi өле бiлу жазыла бермейдi. Бұған көз жеткiзу үшiн ақынның «Aрыстан» өлеңiне зер салайықшы: «Болмайды онда қарсылас та, Жақтас та. Болмайды онда бәсекелес, Бақтас та! Болат қамшы сияқты анау құйрықпен Бiр қойғанда Бұрқ етедi көк тас та!» Осындай алапат қайрат иесiнiң одан арғы тағдырына көз салыңыз. «Бұл өмiрде бiрақ жұмбақ арқау бар. Бiрте-бiрте шөгедi екен нар таулар. Күшi қайтса, Арыстанды түтiп жер Күшi барда жалбақтаған қорқаулар!» Тағдыр-ай, десеңiзшi! Менiң тап қазiр осы өлеңдi шiренiп сөйлеп, шәниiп отырған бiреулерге арнайы апарып оқытқым келедi-ау, оқытқым келедi… Өздерiңiз байқап отырғандарыңыздай мен бұл мақалада тек Қадыр Мырза Әлидiң ұлттық бiтiм-болмысы туралы, ел мен жер туралы, жалпы азаматтық табиғаты туралы сөз етпек болдым. Бiрақ, амал не, мен оны түгел қамтыдым деп айта алмаймын. Түгел қамту тiптi де мүмкiн емес. Жеке бiр кiтап жазсаң да, оны ақи-тақи игере алмайсың. Таусылмайды. Алып қазына! Менiң ұққаным, Қадыр Мырза Әли — өлеңдегi ой орманы. Менiң ұққаным, Қадыр Мырза Әли — ұлттың ұлы ақыны.   Темiрхан Медетбек, мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты