«ТАҒЫЛЫМДА» АЙТЫЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ОЙЛАР
«ТАҒЫЛЫМДА» АЙТЫЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ОЙЛАР
Осыдан екi күн бұрын Мәдени саясат және өнертану институтында халықаралық «Тағылым» мәдени– интеллектуалдық Клубының бiрiншi мәжiлiсi өттi. Күн тәртiбiндегi негiзгi мәселе – жаһандану процестерiнiң қазақтың дәстүрлi мәдениетiне әсерi жайлы болды.
Мәдени саясат және өнертану Институтының директоры Ерлан Саиров: «Аймақтардың мәдени-тарихи потенциалын жоғарылату керек. Осы тұрғыда Оңтүстiк Қазақстан облысының жұмысы бiздi қуантып отыр. Жақында облыс басшылығы Түркiстандағы Ахмет Ясауи кесенесiне Ахмет Ассауи әулиенiң халықты бiрлiкке, түсiнiсушiлiкке шақырған хикметтерi жазылған гранит тақталарын орнатқан. Осы бiр сырт көзге қарағанда кiшкентай ғана нәрсе, елiмiздiң мәдениетiн, тарихын түсiнуге жасалған үлкен қадам деп қабылдауымызға болады. Жақын арада Ясауи кесенесi жанында этнопарк салуға қамдалып жатыр. Бұл Түркiстанда мәдениет индустриясын жасау жөнiндегi Елбасы тапсырмасын орындаудың басты қадамдары. Шымкент өңiрi түрiк әлемiнiң мәдениет ошағы. Бiз осындай мәдениетке деген ыстық сезiмдi қуана қарсы аламыз» деп атап өттi.
Сонымен бiрге Клуб мәжiлiсiнiң бiрiншi отырысы «Актуалды өнер: қазiргi кез және дәстүр» деген қызықты тақырыпқа арналды. Осы мәселе бойынша Ресейдiң белгiлi мәдениеттанушысы, «Консерватор» журналының бас редакторы Рустам Әрiпжанов өз ойын ортаға салды. Рустам Әрiпжановтың пiкiрiнше, «дәстүрлi мәдениет дегенiмiз – мәуелi бәйтерек тәрiздi терең тамыры бар дүние, ал жаһандану мәдениетi осы ағашқа әсер ететiн жел, жаңбыр тәрiздi құбылыстар» дейдi. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар, арт-мәдениет бүгiнгi күннiң құбылысы, оның қазақтың мәдени психологиясына әсерi өте нашар болуы ықтимал, сондықтан бұл құбылысты зерттеу керек деген ортақ пiкiрге келдi.
Сонымен бiрге дәстүрлi мәдениеттi сақтап қана қоймай, қазақ мәдениетiн халықаралық дәрежеде насихаттау үшiн мәдениеттi кешендi түрде дамыту қажет, ол үшiн мемлекеттен заң тұрғысынан, қаржы тұрғысынан көмек қажет деген ойлар айтылды.
Жалпы алғанда, елiмiздiң мәдени өмiрiнде айтулы жаңалықтар болып жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бiрқатар игiлiктi шаралар жүзеге асырылды. Жыл басынан берi, 12 қолданбалы ғылыми, 39 археологиялық зерттеу жұмыстары басталды, 35 тарих және мәдениет ескерткiштерiнде қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлiптi.
Аяқталған жобалардың iшiнде – «Есiк» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық — мұражайы бар. Мұражайдың ресми ашылуы келесi жылы көктемде болады.
Дамаск қаласындағы әл-Фараби кесенесi мен этномәдени орталығының құрылысы, Сұлтан Бейбарыстың кесенесi және Каир қаласындағы Сұлтан Аз-Захир Бейбарыстың мешiтiн қайта жаңғырту жөнiндегi жұмыстар жалғасуда. Бүгiнгi таңда Сұлтан Бейбарыс кесенесiн қайта қалпына келтiру жөнiндегi жұмыстардың 95% аяқталды.
Биыл ұлттық кинематографияны дамытуға ерекше назар аударылды. Елбасының «Қазақфильмге» келуi ұлттық киноны дамытудағы үлкен қадам деп айтуға барлық негiз бар.
Аталмыш Клубтардың құрылуы қоғамдағы шешiмiн табуы қажет көптеген мәселелердiң түйiнiн шешуге көмектеседi деген ойдамыз. Өйткенi, өзiмiздiң тарихы тереңде жатқан мәдениетiмiздi сақтап қана қоймай, оны дамыту үшiн осындай дискуссиялық алаң қажет екенi анық.
Г.БЕКТАСОВА