Жаңалықтар

ЕЛБАСЫ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ЕҢСЕЛI ОРДАСЫНА КЕЛДI

ашық дереккөзі

ЕЛБАСЫ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ЕҢСЕЛI ОРДАСЫНА КЕЛДI

Кеше Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстан» газетiнiң акционерлiк қоғамының сегiз қабаттан тұратын жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Бұл айтулы шара елiмiздiң бас басылымы — «Егемен Қазақстан» газетiнiң тұңғыш нөмiрi жарық көргенiнiң 90 жыл толуына орайластырылды.

Мемлекет басшысы басылымның еңселi ғимаратының табалдырығын аттап, емен-жарқын амандасқан соң әсем безендiрiлген фойеде егеменқазақстандықтармен пiкiрлестi.

— «Егемен Қазақстан» 90 жылдың iшiнде алғаш рет өзiнiң осындай үлкен ғимаратына ие болып отыр, — дедi ардагерлер атынан сөз алған Шерхан Мұртаза. — Бұл — Тәуелсiздiктiң және Сiздiң қолдау көрсетуiңiздiң арқасы.

90 жыл iшiнде Орынборда, Қызылордада, Алматыда, соңғы он жылда Астанада «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшiл қазақ», «Еңбекшi қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистiк Қазақстан», «Егемендi Қазақстан», «Егемен Қазақстан» атауларымен шығып келген бұл басылым қазақ елiнiң шынайы шежiресiн жазу жолында аса ауқымды жұмыстар атқарғаны белгiлi. Өткен ғасырдың аяқ шенiнде басылым беттерiнде егемендiк идеясы ту етiп көтерiлiп, қалың оқырманның санасына тәуелсiздiктiң қадiр-қасиетi жөнiндегi ордалы ойлар орнықтырылса, экономиканы нарықтық қалыпқа ауыстыру, қоғамдық өмiрдi демократиялық талаптарға бейiмдеу тұрғысынан да газет аянбай еңбек еттi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ жақында, 2010 жылғы 1-қаңтарда тұңғыш нөмiрi жарық көргенiне 90 жыл толатын «Казахстанская правда» газетiнiң ұжымын да мерейтойымен құттықтады. Орыс тiлдi баспасөздiң топ бастаушысы деп лайықты мойындалатын бұл газеттiң қай кезде де өзiндiк бет-бейнесi болғандығы, ел өмiрiн шынайы көрсетуде, республикадағы экономикалық және әлеуметтiк реформаларды ойдағыдай насихаттауда көп iс тындырып келе жатқандығын разылықпен атап өткен Елбасы қос мерейтойға орай екi газет редакцияларының қызметкерлерiне бес-бестен он пәтер бөлу жөнiнде тиiстi тапсырма бергенiн де хабарлады.

Ғимараттың ашылу салтанатына Мемлекеттiк хатшы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев, Президент Әкiмшiлiгiнiң басшысы Аслан Мусин, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин, Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев пен Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты.

«Түркiстан-ақпарат»