«БӘЙТЕРЕКТI» АРМАНДАҒАН БАЛА
«БӘЙТЕРЕКТI» АРМАНДАҒАН БАЛА
Фильмнен не түйдiк?
«Бәйтерек» фильмi –балаларға арналған Данияр Саламаттың жаңа туындысы. Бұл фильм көпшiлiкке әлi танылып та үлгерген жоқ. Тек оңтүстiк астана жұртшылығының кейбiрi ғана Алматыдағы кинотеатрдың бiрiнен көргенi болмаса, аталмыш фильм өз көрерменiне жетiп үлгердi деп айту әлi ертерек.
Балалар әдебиетi, балалар фильмi, балаларға арналған анимациялық фильмдердiң дағдарысқа ұшырап тұрғаны ешкiмге жасырын емес. Есесiне, бала бiткенге бүгiнгi көрсетiлiп жүрген голливудтық фильмдер таңсық болмай барады. «Шрек» дейсiз бе, «Өрмекшi адам» дейсiз бе, тiптi «Уолт дисней» ұсынатын анимациялық фильмдердiң бәрi дерлiк қазақ балаларының сүйiп көретiн фильмдерiне айналған. Ол фильмдердiң орнын толтыратын қазақы туындылар жоқтың қасы болған соң, балаларды да шетелдiк туындыларды көресiң деп жазғыруға да әсте болмас. «Менiң атым Қожа» немесе «Алпамыс мектепке барады» дейтiн классикалық туындалардан кейiн қазақ киносында балаларға арналып туынды түсiрiлмегелi қашан?! Қазақ киносының классикасы саналатын аталмыш фильмдерден асырып, жаңа дүние тудыру да қиын шығар, бiрақ, «сол фильмдерге жетеқабыл кино түсiру қазақтың қолынан неге келмейдi?» деп қиналамыз кейде… Қалай десек те, балалар киносы мен балаларға арналған анимациялық фильмдерiмiз тоқырауға ұшырап тұр.
Тiптi, кейбiр саясаттанушы ғалымдарымыз: «Тым болмаса, сол шетелдiк анимацияларды қазақшаға аудару мүмкiн болмас па екен?» деген пiкiрлер де айтқан. Қазақ баласының өзге елде түсiрiлген жақсы туындыны өз тiлiнде көргенi де ләзiм шығар, бiрақ, қазақ мультфильмi мен киносында қазақтың ұлттық бояуы, ұлттық болмысы болмаса, аударманың аты аударма болып қала бередi.
Осылай балалар фильмiне тарығып жүргенiмiзде, «Бәйтеректiң» түсiрiлгенiн естiдiк. «Астанадағы «Бәйтеректiң» бұл фильмге қаншалықты қатысы бар?» деп ойлауыңыз да мүмкiн. Қалай ойласаңыз да, режиссер Данияр Саламаттың «Бәйтерегiн» Астананың «Бәйтерегiнен» ажыратып қарай алмайсыз.
Шалғайдағы бiр ауылдағы кiшкентай баланың жатса-тұрса есiнен кетпейтiнi –»Бәйтерек». Сонау Астанада орналасқан «Бәйтеректi» телеарнадан бiр-екi рет көргенi де бар. Сол «Бәйтеректi» көрсем деген қиял баланың ойынан әсте бiр кетер емес.
Ауылдағы қарапайым тiршiлiк, мектептегi қызықты сәттер, балалық шақтың қимас елесi, бәрi-бәрi фильмдi көрiп отырғаныңызда көз алдыңызға келедi. Мектепке жаңадан келген мұғалима апай, мұғалима апайға деген балалық сүйiспеншiлiк, балалық қызғаныш, балалық өкпе-ренiш, алғашқы махаббат… Мұның бәрi фильмнiң өн-бойында бар. Мұндағы қызғаныштың жөнi бөлек. Өйткенi, мұндағы қызғаныш – балалық шынайылықтан туындап отыр.
Ең бастысы, ауылдағы қарапайым тұрмыс та, мейiрбан ананың мейiрiмдi жүзi де, қазақы болмыстан ажырап кетпеген. Санжардың анасының рөлiн белгiлi актриса Меруерт Өтекешова ойнапты. Меруерт әженiң бейнесiн көрiп, ауылдағы аналарымыз ерiксiз еске түстi. Басына тартқан шәлiсiне дейiн ауылдағы анамыздың тартқан шәлiсiнен аумайды. Бала Санжардың бейнесi де өзге баладан ерекшелеу. Томаға-тұйық жүзiне көзiндегi қара көзiлдiрiгi жарасымды болып тұр. Дөңгелек қара жүзiнде ойлылық басым. Бала бiткеннiң қиялшыл болып келетiн әдетi емес пе? Санжар да көп қиялдайды. Көп армандайды. Мектептегi сыныптастарынан ерекшелiгi де осында.
Бала Санжар бәйтерекке шығуды неге армандайды? Ауырып жатып та, ұстазынан: «Апай, бiз «Бәйтеректiң» ту басына шығамыз ба?» деп сауал тастайды. Бала қиялы тек «Бәйтеректi» емес, биiктi де армандайтын сияқты. Өз биiгiнiң болғанын қалайды. Ол биiк, ол мақсат, Астанадағы әсем «Бәйтерекпен» ғана байланысып тұр. Сол бала қиялы, балалық арманы орындалса, Санжардың да биiкке ұмтылары хақ. Анасы мен әкесiнен алыста әже қолында өсiп жатқан кiшкентай баланың бала қиялын мұғалима апайы да жерге тастағысы келмедi.
Ең алғашқы сапар, алғашқы көрген дүние бала санасынан ешқашан ұмытылмақ емес. Әуелгi алған әсер де оңайлықпен ұмытыла қоймайды. Ал, Санжардың, оның сыныптастарының Астанаға алғашқы сапары, «Бәйтерекке» баруы да ерекше есте қалды. Бұл фильмнен соң, киноны көрген әрбiр бала Санжар сияқты көрiктi Астананың әсем келбетiне қызығып, аңсайтын болады.
Фильмнiң де көрсеткiсi келгенi, көрерменiне ұсынғысы келгенi де осы. Жалпы алғанда, фильмнiң соңғы кездерi дүниеге келiп жатқан туындылардан ерекшелiгi де осында, қазақы болмыс, қазақы көрiнiс.
Әрине, бұл фильм «Менiң атым Қожа» мен «Алпамыс мектепке барады» фильмдерiне жете қоймайтыны белгiлi. Мұндай классикалық туындыларды ғұмыр бойы көрсе де жалықпайтын қазақы көрермен үшiн «Бәйтеректiң» орны жоғары да болмас. Дегенмен, соңғы кездерi түсiрiлiп жатқан бiраз туындыларға қарағанда, «Бәйтеректiң» көш iлгерi екендiгi рас.
Гүлзина Бектасова