Жаңалықтар

ӘЗIЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ

ашық дереккөзі

ӘЗIЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ

Бүгiнде жасы сексеннiң жетiсiне келiп отырған Әзаға, Әзiлхан Нұршайықов ағамыз – осы жасына дейiн елiмiз бастан кешiрген талай-талай тарихи кезеңнiң тiрi куәсi болған, сондай уақытта халқымыздың небiр тұлғалы азаматтарының бiрiмен қарулас, бiрiмен қаламдас, ендi бiрiмен дос-сырлас та бола бiлген, көргенi көп, түйгенi мол, ардақты ақсақалымыз екенi белгiлi. Жуырда «Ел шежiре» қоғамдық қорының ұйымдстыруымен Әзағаңның аудио, видео жазбалары таспаға түсiрiлiп, естелiк әңгiмелерi «Түркiстан» газетiне дайындалған едi.

– Әзiлхан аға, қолыңызға қалам ұстаған ұзақ жылдарда даңқты кiсiлердiң бiрiне iнi, бiрiне сырлас дос, ақылшы аға болдыңыз. Олардың баршасын халық мақтан тұтады. Сiздердiң жастық шақтарыңыз да әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк жүйе уақытына тұспа-тұс келiптi. Кезiнде елiмiзде жүздеген қазақ мектептерi жабылып, ана тiлiмiз шеттелiп жатқанда олардың iшiнде наразылық, тiптен iштей қарсылық бiлдiргендер болды ма?

– Ол кезде қай облыс, қай ауданда қанша қазақ мектептерiнiң жабылып жатқаны жайында анық мәлiметтер жарияланбайтын. Газеттер жазбайтын. Радио үндемейтiн. Сондықтан қалың көпшiлiк оны толық бiлген де жоқ.

Ал қай облыста,қай ауданда қанша қазақ мектебi қысқартылып жатқанын бiлген, оның түбi неге апарып соғатынын зерделеген зиялы қауым өкiлдерi болды. Олардың бiрсыпырасы орыс тiлiне өзгеше мән берiлiп, қазақ тiлiнiң қақпайға түсе бастауының арты халқымызды ұлттық қасiретке ұшырататынын ұқты. Ұқса да олардың көпшiлiгi iштен тынып, үнсiз отырды. Оны ұқпаған, баламыз орыс тiлiнде оқыса ғана адам болады деп ойлап, оларды орыс мектептерiне қарай жетектегендер де аз болған жоқ. Солардың бiрi өзiммiн. Төрт балам да орта бiлiмдi орыс мектептерiнде алды. Оған өкiнемiн, әрине. Оның есесiне немерелерiмнiң бәрi қазақ мектептерiн бiтiрдi. Олар қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiнде бiрдей сөйлейдi. Сол маған дәтке қуат.

Қазақ мектептерiн азайтудың азғындық саясат екенiн ұққандардың бұғып қалмай, бұрқ етiп үн шығарғандары аз болды. Көпшiлiгi үнсiз қарсылық бiлдiрдi.

«Бұрқ» етiп үн шығарғандардың iшiнен өзiм бiлетiн ол кездегi жас ғалымдар Рахманқұл Бердiбаев, Тұрсынбек Кәкiшевтi, ақындардан Шона Смаханұлы марқұмды, жасамыс жазушылардан Бауыржан Момышұлын (ол кезде жазушы емес, соғыста жүрген майдангер), Сәбит Мұқановты, Әди Шәрiповты айта аламын. Ол кезде Павлодар облыстық партия комитетiнiң екiншi хатшысы, Кеңес Одағының Батыры, өз досым Махмет Қайырбаевтың: «Қазақ мектептерiн жабу – ұлтты өшiру саясаты ғой» дегенi әлi күнге дейiн есiмде. Жалғыз Қайырбаев емес, сол кездегi партия, кеңес қызметiнде жүргендердiң бiрсыпырасы осы пiкiрде болған шығар деп ойлаймын.

Кейбiреулер «қазақ мектептерiн жабуға Қонаев рұқсат бердi, қаулыға қол қойды» деп сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевты күстаналады.

Қазақ мектептерiнiң жабылуына Қонаев та, Қайырбаевтар да кiнәлi емес. Олардың iшi удай ашыды. Бiрақ, «Iш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» деген сөз бар. Республикадағы толып жатқан ұлтжанды азаматтардың iштерi «қазандай қайнағанымен», күресерге дәрмендерi болмады. «Тоқпағы күштi болса, киiз қазық жерге кiредi» деген тағы бiр мақал ойға оралады. Жалғыз Димекең Қонаев қана емес, ол кезде ұлт республикаларын басқарған басшылардың бәрi «киiз қазық» болды. «Күштi тоқпақ» СОКП (КПСС) едi.

Әрине, олар республика басшылары ұлттарының өркендеу үшiн қолдан келген қызметтерiн iстедi. Бiрақ, оның бәрiн Жоғарының қатаң қадағалауымен жүзеге асырып отырды.

– Бауыржан Момышұлының мiнезi өте қатал болғаны белгiлi. Өзiңiз «Ақиқат пен аңыз» кiтабында ол туралы бiршама айтып та бердiңiз. Қорықпасаңыз да iштей сескенгенiңiздi жасырған емессiз. Кiтап шықты, халықтың жақсы бағасын алды. Осыдан кейiн қарым-қатынастарыңыз қандай болды?

– «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы басылып шыққаннан кейiнгi Баукең екеуiмiздiң ара-қатынасымыз қандай болды дейсiз ғой. Айтайын. Өте жақсы болды. Аға мен iнi, дос пен туыс дәрежесiнде болды. Бiр-бiрiмiздi құрметтедiк. Баукеңмен екеумiздi араздастыруға тырысушылар да болды. Баукең туралы ондай кiтапты менiң жазғанымды қызғанатын кiсiлер шықты жазушылар арасынан.

Соған қарамастан кiтап шыққаннан кейiн бiр күнi Баукең бiздiң үйге телефон соқты.

– Сержант Нұршайықов, сегодня в тринадцать ноль-ноль приходи ко мне. Приходи с келин! – дедi.

– Жай ма, Бауке? – дедiм мен.

–Молчать! – деп ол трубканы жаба салды.

Әйелiмiз екеумiз айтқан сағатында Баукеңнiң үйiне бардық.

Баукең Жуалыда тұратын Әбдiлда деген iнiсiнен бiр ту қой алдырған екен. Соның қошқардың басындай үлкен басын менiң алдыма тартқызды.

– Бауке, қасында Сiз сияқты үлкен ағасы, әрi полковник отырғанда iнi-сержант бас ұстамайды, – дедiм.

Баукең екi көзiн ежiрейтiп, маған тесiрейе қарады да:

– Молчать! Отныне ты мой начальник. Ұста басты! – деп табақты маған қарай итердi.

«Ақиқат пен аңыз» жарыққа шығып, жұрт оны оқып жатқанына бiрсыпыра уақыт өткен. Бiрнеше газеттерде мақтау мақалалар да басылған. Бiрақ, Баукең ол кiтап туралы маған бiр ауыз пiкiр айтқан еместi. Не «жақсы», не «жаман» демеген.

Баукеңнiң ауылынан қошқардай қой алдырып, оның басын маған тарттыруы, әрi «отныне ты – мой начальник!» дегенi сол кiтапқа берген бағасы, маған бiлдiрген разылығы деп ойладым.

Содан кейiн бiр күнi Баукеңнiң үйiне бардым. Сәлем бердiм.

– Здравия желаю, товарищ гвардии полковник, – дедiм әдетiмше оң қолымды шекеме көтерiп.

Баукең сәлемiмдi алмай, мойнын терiс қарай бұрды.

– Не боп қалды, Бауке? Неге көңiлсiссiз? – дедiм содан соң.

– Оған сен кiнәлiсiң! – деп Баукең гүр ете түстi.

– Не боп қалды?

– Не болушы едi – осында жаңа ғана сенiң бiр аға, бiр iнi досың келiп, сенi жамандап кеттi.

– Не деп?

– «Ақиқат пен аңыз» кiтабының авторы Нұршайықов емес, Бауыржан Момышұлы. Сотқа арыз берiп, үкiм шығартып, авторлықты Нұршайықовтан тартып алуымыз керек. Оны автор емес, «қағазға көшiрген Нұршайықов» деп жаздыру керек! – деп.

– Сiз не дедiңiз?

Мен:

– Сендер оның мұндай кiтап жазғанын көре алмай жүрсiңдер. Бұларың барып тұрған қазақи күншiлизм. Сендер менi баяғыдан бiлесiңдер. Өздерiң жазсаңдар қайда қалдыңдар? Сендердiң мұндай пасық сөздерiңдi тыңдамаймын. Табандарыңды жалтыратыңдар! – деп екеуiн де үйден қуып шықтым.

Осылай деп ол мүштiгiндегi сөнiп қалған темекiсiн қайтадан тұтатты.

– Олар кiмдер, Бауке? – дедiм мен сәл үнсiздiктен кейiн.

– Кiм болушы едi – екеуi де жазушы, бiрi аға досың, бiр iнi досың – СБ мен ШМ. Бiрақ, сен бұл сөздi естiмеген бол. Оның екеуi де өте қауiптi күншiлдер. Саған зиян тигiзулерi мүмкiн.

– Жарайды, естiмеген боп жүре берейiн, Бауке.

Содан берi талай уақыт өттi. Мен Баукеңе берген өз уәдемдi орындап, күнi бүгiнге дейiн ешкiмге айтқан емеспiн. Сiзге де олардың аттарын ашып айтпай-ақ қояйын. Бiрi о дүниеде, бiрi жер басып жүр. Жүре берсiн. Жүз жыл жасасын.

Мен Баукеңнiң өмiрiнен үш том етiп, жаңа кiтап жазуды ойладым. Бұл үш томда оның 70 жылдық өмiрiн қамтымақ болдым.

Бiр жолы Баукеңе өзiмнiң осы жоспарымды айттым.

Баукең бар сөзiмдi үнсiз тыңдап отырды.

Мен болғаннан кейiн қабағын түйiп, қатуланғандай болды. Содан кейiн қатаң үнмен:

– Это твое дело, жазасың ба, жазбайсың ба – сенiң жұмысың. Менiң мiндетiм сенiң сұрақтарыңа жауап беру. Понятно тебе? – дедi.

– Понятно, тов. гв.полковник, – дедiм мен орнымнан қуана атып тұрып, оң қолымды шекеме қойып.

– Сен өзiң сауатсыз екенсiң ғой, бас киiмсiз қолды шекеге көтермейдi деп мен неше рет айттым саған?

Ол маған ежiрейе қарады.

– Полковниктiң бұйрығын ойдағыдай етiп орындауға жететiн сержанттық сауатым бар, – дедiм мен күле сөйлеп, қолымды шекемнен түсiрмей. – Пилоткасыз қолымды шекеме көтергенiм гвардия полковнигi де формасыз отырғандықтан болар.

Баукең мырс етiп күлiп жiбердi. Күлген кезде ол сәбидей сүйкiмдi болып кететiн едi. Сол сүйкiмдi қалпына келген ол оң қолын көтере сермедi де:

– Отырғын! – дедi.

Мен орныма отырып, магнитофонымды алдыма алып, қақпағын аша бастадым.

– Бұрынғыдай сұрақтар қоясың ба? – дедi Баукең ұзын мүштiкке кигiзiлген папиросын бiр сорып, түтiнiн алысқа қарай үрлеп қойып.

– Жоқ, Бауке. «Ақиқат пен аңыздың» диалог түрiнде жазылуы ол – қазақ әдебиетiне Сiз бен бiз арқылы кiрген – жаңа жанр. Оны қайталамаймын.

– Неге мен арқылы? Ол жанрды ойлап тапқан сенсiң ғой!

– Егер кейiпкерiм Сiз болмасаңыз мен ол жанрды ойлап таппаған болар едiм, Бауке. Сондықтан Сiз екеумiз кiргiзген жанр деймiн.

– Жоқ, ол сенiң жанрың. Без разговоров! Понятно!

– Понятно, товарищ гвардии полковник.

– Ендiгi қандай жанр жасамақсың?

– Кәдуелгi тарихи роман жанры бар емес пе, Бауке?

– Оған мен тiрiмiн ғой.

– Сiз – тiрi тарихсыз, Бауке. Өлгеннен кейiн отыз жылдан соң тарихи романға айналғанша, тiрi тұрып, отыз айда тарихи кейiпкер болған артық-ау, деп ойлаймын.

– Сонда сен менi Толстойша тiрi Кутузов, Әуезовше тiрi Абай етпексiң ғой, тегi?

– Жоқ, мен ол жазушылардай ұлы қаламгер емеспiн. Өзiмнiң сержант дәрежеме сай мен халық сүйген Баукеңнiң азаматтық, жауынгерлiк, жазушылық тiрi тұлғасын қағазға түсiрiп, болашақ жазушысының Баукең туралы тарихи романына өзiмнiң титiмдей үлесiмдi қоссам деймiн.

Баукең ойланып қалды. Тағы да темекесiн бiр сорып, оның түтiнiн бұрынғыдан да алысырақ будақтатты. Әлдененi есiне түсiргiсi келiп отырғаны байқалды. Сол түтiн iшiнен әлдебiр нәрсенi көргiсi келген тәрiздендi. Содан кейiн сөзiн бастады.

– Оның рас. Ұлы Лев Толстой 1812 жылғы ұлы соғыс аяқталғаннан 51 жыл кейiн «Соғыс және бейбiтшiлiк» романын бастап, оны алты жылда аяқтады. Ұлы Мұхтар Әуезов өзiнiң «Абай жолы» эпопеясының бiрiншi томын Абай өлгеннен 37 жыл кейiн жарыққа шығарды. «Абай» аталған ол бiрiншi томды менiң майданда жүрiп оқып, Мұхаңа хат жазғанымды өзiң бiлесiң. Сонда сенiң ойың менi 40-50 жылдан кейiн тарихи кейiпкерге айналдырғанша, қазiр тiрi тарихи тұлғаға айналдырсақ дейсiң ғой. Оларыңа рақмет. Онда, қолдан келсе, тiрi тарихи тұлға болуға тырысайық.

Осылай деп Баукең сәл, қысқа ғана күлiп алды. Мен Баукеңнiң зердесiнiң күштiлiгiне таң қалдым. Әуезов «Абайының» қашан шыққанын бiлсем де (оның бiр данасын 1942 жылы майданға алып барып, тамтығын соғыс бiткеннен кейiн университет профессоры Әуезовтың өз қолына тапсырғанмын), Толстой романының қашан басталып, қашан аяқталатынын бiлмейтiн едiм. Жаңа Баукең темекi түтiнiне үңiлгенде сол уақытты ойына түсiрiп отырған екен-ау.

Сонымен сол күнi Баукең екеумiз денсаулыққа қарай бiр-екi рет кездесiп тұруға келiстiк. Өзара әңгiме өзегiн 1917-1927; 1928-1938; 1939-1949 және одан кейiнгi жылдарға бөлдiк. Осы бағытпен ол кiсi ойлана жүретiн болды.

– Сенiң жазып әкелген жылдар дәл солай боп орындала қоймас. Мен бiр әңгiменi айтып отырып, одан пәленбай жыл кейiнгi немесе алда болған оқиғаларды қосып айта кетуiм ықтимал. Оны артынан өзiң реттеп аласың ғой, – дедi сөзiнiң соңында Баукең.

Сөйтiп, мен Баукеңмен ара-тұра әңгiмелесiп, айтқандарын магнитофонға жазып алып жүрдiм.

Менiң магнитофон кассеталарымның жалпы саны жүзден асады. Солардың iшiнде Ғабит Мүсiреповтың, Ғабиден Мұстафиннiң, Әбдiлда Тәжiбаевтың, Мұхаметжан Қаратаевтың, академик Сақтаған Бәйiшевтiң, Әди Шәрiповтiң, Тұманбай Молдағалиевтың, Әлжаппар Әбiшевтiң, Сағат Әшiмбаевтың, Ғафу Қайырбековтың, Дмитрий Снегиннiң, Әбу Сәрсенбаевтың, Тұрсынзада Есiмжановтың дауыстары бар. Тiптi Қазақстан Компартиясының бiр съезiнде баяндама жасаған Димекең Қонаевтың да дауысын жазып алғаным есiмде. Солардың iшiнде Баукеңмен әңгiмелескен үш кассета да сақтаулы тұр.

Бiрде Баукең ауырып, сырқаттанып, толық әңгiмелесе алмадық. Сөйтiп жүргенде Баукең өмiрден өтiп кеттi. Заман өзгердi. Заман өзгергеннен кейiн жазушының жағдайы қиындай түстi. Кiтап жаза алмайтын, жазсақ шығара алмайтын болдық. Оның үстiне елге барғанда адамдармен әңгiмелесiп, жазып алып қайтатын магнитофон кассеталарын қағазға көшiрiп берiп отыратын жан жарым Халима қайтыс болып кеттi. Баукеңмен соңғы әңгiмелер қағазға түспей, кассеталарда қалды.

Өз өмiрiмде әдебиет қайраткерлерiнен жанымдай жақсы көрiп, шексiз құрметтеген екi адамым болды. Бiрiншiсi – жастар жазушысы Мұқан Иманжанов едi. Екiншiсi – жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлы. Екеуi туралы да кiтап жаздым. («Қаламгер және оның достары» эпистолярлық романым мен «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогымды айтамын). Қайда студенттермен кездесуге барсам, қашан теледидардан немесе радиодан сөйлесем, екеуiн де аузымнан тастамай айтып келемiн.

Баукеңнiң тiрi кезiнде ол кiсi туралы үш томдық трилогия («Азамат», «Жауынгер», «Жазушы» деген бөлiмдерге бөлiп) жазамын деп талаптанған едiм. Ол ойым орындалмай қалды. Оған өкiнемiн, әрине. Роман шыққаннан кейiнгi Баукең екеумiздiң ара-қатынасымыз осындай болды.

Ендi «Бауыржан ұмытыла ма?» деген сұраққа келейiн. Өлген адамдардың бәрi ұмытылады. Тек өзгеше адамдар ғана ұмытылмайды. Олар барлық асыл қасиеттерiмен есiмi халықтың қанына сiңген кiсiлер. Мен солардың бiрi Баукең деп бiлемiн.

Алдымен Баукеңдi өз рухы – артында қалдырған кiтаптары ұмыттырмайды. Оның рухы халықтың қанына сiңген. Арыдағы Далу, берiдегi Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай сияқты халықтың жүрегiнде жүредi. Халық жүрегiндегi есiмдi ешқандай күш суырып тастай алмайды. Оны А.Бектiң дүниежүзiне мәлiм «Волоколам тасжолы» деген кiтабы дүркiн-дүркiн ел есiне түсiрiп отырады. Қазақстанда жасалған «Бауыржаниада» және бар. Қазақстанда Бауыржан атты балалар көп. Баяғыда, «Ақиқат пен аңызды» жазып жүрген кезiмдегi бiр сұрақтың ретiнде Баукең маған: «Қазiр Қазақстанда 10 000 Бауыржан бар деп естiп едiм» деген едi. Бүгiнде Бауыржандар саны 100 000-ға жеткен болар деп ойлаймын. Қазiр үлкен де, кiшi де – Бауыржан. Ақын да, әртiс те, жазушы да, ғалым да – Бауыржан. Аспандағы алып лайнердiң штурвалдарында отырған ұшқыштар да – Бауыржан. Тiптi Қазақстан Республикасының Премьер-министрiнiң орынбасарының бiрiнiң аты да Бауыржан болды. Солдат та, сержант та, капитан да, подполковник те – Бауыржан. Алдағы уақытта полковник те, генерал да Бауыржандар болуға тиiс.

Қазiр Тәуелсiз Қазақстанды басқарып, өркендетiп, өрге бастырып келе жатқандардың көбi – Бауыржан! Бiр сөзбен айтқанда жерде де, көкте де – Бауыржан! Бұл есiм жаңа ұрпаққа жыл сайын қосыла бередi. Өшiрiп көр мұндай атты. Өшiре алмайсың!

Мiнеки, менiң Баукем ешқашан ұмытылмайды дейтiн себебiм сол!

Алдағы жылдың аяғында Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толады. Осы тамаша тойға атақты ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметовтың басшылығымен Баукең шығармаларының 30 томдығы әзiрленiп жатыр. Сәкен Сейфуллин мен Сәбит Мұқановтың еңбектерiн жарыққа шығаруға профессор Тұрсынбек Кәкiшев қандай еңбек етсе, Бауыржан мұрасын жариялауда Мекемтас Мырзахметов те сондай еңбек етiп келедi. Мың рақмет мұндай ұлағатты, ұлтжанды еңбекқорларға!

– Елiмiз тәуелсiздiк алғанына 18 жыл толды. Талай оң, ауқымды iстер атқарылды. Тындыра алмай жатқанымыз да шаш-етектен. Қарт майдангер ретiнде, қарапайым жандармен көп араласқан адам ретiнде ең әуелi қандай iстердi атқаруымыз керек едi деп ойлайсыз?

– Ең алдымен «бартерлетiп» малдың басын құртпау керек едi. Колхоздар мен совхоздарды бiрден жоймай, сақтай тұру керек едi. Сөйтiп, ауыл шаруашылығын бiртiндеп капиталистiк жолға көшiрсе жөн болатын. Сонда қазақтың алтын бесiгi – ауылы қазiргiдей қайыршылық халге душар болмас едi деп ойлаймын.

– Әзiлхан аға, сiз қазақ журналистикасында өзiндiк мектебiңiздi қалыптастыра алдыңыз. Уақыт өзгердi, журналистикаға қойылар талап та өзгердi. Қазiргi қазақ журналистикасының деңгейi, жазу тәсiлдерi, машығы да өзгергенi белгiлi. Қазақ журналистикасының қазiргi жалпы жағдайы сiзге ұнай ма?

– Ұнайды. Қазiргi қазақ журналистикасының деңгейi де, мәдениетi де, iскерлiгi де, батылдығы да бұрынғыдан әлде қайда жақсара түстi.

Қазақ журналистикасында әйелдер қауымы басым бола бастағанын және ұнатамын. Өйткенi әйелдер рулық сырқаттан сау қауым. Кейбiр еркектер сияқты рулық психологияның шырмауында жүрмейдi. Олар рудың емес, ұлттың ұрпағын өсiредi, халықтың қамын ойлайды.

Қазiр халыққа жазушылардан гөрi журналистер танымал. Олар теледидардан көрiнiп, радиодан сөйлеп, газет беттерiнде өмiрдiң кей түйiндi мәселелерi жайында дүбiрлетiп мақалалар жазып жатады. Түбiнде жақсы жазушылар да озық журналистерден шығады.

– Халық жазушылар қатары арамызда сиреп қалды. Ол – ол ма, соңғы бiрер жылда қаламгерлерiмiздiң ешбiрi Мемлекеттiк сыйлыққа лайық деп танылмай да отыр. Бұл – әдебиетiмiздiң шынымен тоқырағанын бiлдiре ме, әлде билiк басындағылардың қазақ әдебиетiн қажет етпейтiндiгiнен туындаған сорақы жағдай ма?

– Соңғы кезде жазушылар Мемлекеттiк сыйлық ала алмай жатса, ол мемлекеттiң кiнәсынан емес. Мемлекет әдеби сыйлықтан қаражат аяп отырған жоқ. Кеңес өкiметi құлағаннан кейiн қаулап, көкiректi жайлаған рушылдығымыз кiнәлi. Сырт қарағанда туберкулез адам да сау көрiнедi. Оның өкпесiн құрт жайлап жатқанын ешкiм көре алмайды. Көкiректегi рушылдық таяқшалары сол сияқты, көзге көрiнбейдi. Әдеби сыйлықты берудiң жоғары, төменгi сатыларының шешушi орындарында отырған адамдардың дауыс берер кезде көкiрек «таяқшалары» қозады – «анаған емес, даусымды өз руымның жазушысына берейiн» дейдi. Екiншi мүше өз туысына тартады. Санап келгенде ешбiр конкурент тиiстi дауыс ала алмай, берiлмек сыйлық иесiз қалады.

Мемлекеттiк сыйлықтың берiлмей қалуы әдебиеттiң тоқығандығынан емес, сананың ұлттық, ұйымшылдық дәрежеге көтерiле алмай келе жатқандығынан шығар деп ойлаймын.

Сiз: «Әлде бұл билiк басындағылардың қазақ әдебиетiн қажет етпейтiндiгiнен туындаған жағдай ма?» деп сұрайсыз.

Бұл сөзiңiздiң жаны бар. Жаны болатыны, қазiр билiк басында жүрген азаматтардың басым көпшiлiгi кешегi қазақтарды орыстандыру саясатының жайқалған жемiсi. Бұлардың бәрi орыс мектептерiнде оқыған. Қазақ тiлiн бiлмейдi, қазақ әдебиетiнiң хош иiсi мұрындарына да бармайды.

Тек кеудесiнде ұлттық намысы барлар ғана өздерiн зорлап, күштеп, қазақ тiлiн үйренiп алды, үйренiп жатыр. Мысалға Қасымжомарт Тоқаевты алуға болады. Ол үкiмет құрамына алғаш келгенде қазақ тiлiн жарытып бiлмейтiн. Жазып бергендi жақсылап оқи алмайтын. Қазiр ол өз ойын қағазға қарамай айтатын дәрежеге жеттi. Өйткенi ол өз ұлтының тiлiн бiлмегенге намыстанды, қорланды. Ана тiлiнде жетiлсем деп жанын қинап жүрiп, осы дәрежеге жеттi.

Қазiргi министрлерден Мұхтар Құл-Мұхаммед уызынан жарыған жан – қазақ тiлiнiң түбiн түсiредi, әрi жазушы ғой. Түймебаев та, Күрiшбаев та сөйлеп жатады. Сапарбаев, Болатбек Қуандықов өте жақсы сөйлейдi. Сол сияқты республикалық»Ұланның» қолбасшысы генерал-лейтенант Абай Тасболатов ұлы Абайдың өлеңдерiн жатқа бiледi. Қазақ тiлiнде әскери оқу құралдарын да жазды. Кеше, Шымкентте,қазақ халқының ақын қызы Ханбибi Есенқарақызының мерейтойына қатысып, облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың қазақша шешен сөйлегенiне сүйсiндiм. Сол тойда «Ақжол» партиясының басшысы Әлихан Байменовтың қазақша асқақтатып, ән шырқағанына тәнтi болдым.

Мұны айтып отырған себебiм, бiрсыпыра министрлер, министр дәрежесiндегi қызметкерлер, үлкендi-кiшiлi көптеген қазақ әкiмдер ана тiлiн бiлгiсi келмейдi, бiлу үшiн ана тiлiндегi әдебиет кiтаптарын оқуға тырыспайды. Тырыспайтыны оны ана тiлiн бiлмедiң деп ешкiм жазғырып жатпайды, қыспаққа алмайды.

Ана тiлiн бiлмеген басшы өз ұлты адамының сөзiне түсiнбейдi, жанын ұқпайды. Адам жанын ұқпайтындар халыққа адал қызмет iстей алмайды. Iстемейiн демейдi, дәрменi жетпейдi. Ана тiлiн аз бiлетiн әкiмдердiң бiреуiн Президент неге қызметтен босатып жiбермейдi екен «ана тiлiн бiлмегенi үшiн» деп айқындай айтып. Бұл өзгелерге үлгi болар едi деп ойлайсың. Немесе шетелдерге сапарға шыққан қазақ министрлерiнiң бiрi қазақша сөйлемейдi. Сондайлардың бiреуiн неге Президент қызметтен қуып жiбермейдi, «шетелде мемлекеттiң ұлттық тiлiнде сөйлемегенi үшiн» деп. Мұндай бұйрық басқа басшыларды тәубаға келтiрер едi.

Қазақ басшылардың қазақ кiтаптарын оқымайтындығының тағы бiр мысалын келтiре кетейiн. Соңғы жылдары мен «Мәңгiлiк махаббат жыры» деген кiтап жазып жарияладым. Оны тауып алып оқыған бейтаныс оқырмандар маған телефон соғып, «мұндай жан тебiрентер кiтап жазғаныңыз үшiн Сiзге рақмет» деп, кейбiреулерi «жылап оқыдым» деп ризалықтарын айтып жатады. Күнi бүгiнге дейiн айтуда.

Бiздiң құрметтi Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың өзi осы кiтаптың «Жұлдыз» журналында жарияланған «Халима» деген бөлiмiн қолына алған бойда оқып, ертеңiнде маған хат жiбердi. Туындыма: «Тәлiм-тағылымы мол, керемет шығарма екен. Дәл қазiргi заманда жастар көбiрек оқитын хикая» деп. Жоғары баға бердi.

Мен сол кiтабымды бiрнеше аудандық, облыстық әкiмдерге автограф жазып сыйладым. Аттарын атамай-ақ қояйын. Солардың бiрде-бiрiнен «Кiтабыңызды оқыдым» деген (мақтау айтпай-ақ қойсын) не хат, не жеделхат келген емес. Не телефон соғылған жоқ. Өйткенi қазiргi әкiмдер кiтап оқымайды, тiптi сыйлаған кiтабыңды: («Мә, сен қарашы!» деп) әйелдерiне бередi. Келiн қалқалар қазақша бiлсе – жақсы, бiлмесе – қабағын шытып, үстелдiң шетiне қарай сырғыта салады.

Әрине, бұл қазiргi жағдай. Бiрақ, түптiң-түбiнде қазақ әдебиетiн ардақтамайтын басшылардың халықты басқара алмайтынына сенемiн.

Ал қазiргi шенеунiктер оқымайды екен деп қазақ әдебиетi өспей жатқан жоқ. Әдебиетiмiз өркендей бередi.

– Қазiргi басшы кадрларды, атап айтқанда министрлердi, әкiмдердi iрiктеу, орналастыру мәселесiне қалай қарайсыз? Көңiлiңiзге қона ма?

– Бұл мемлекеттiк үлкен мәселе. Оны жеке адамдардың көңiлi шешпейдi, Конституция баптары бойынша шешiледi. Шешiлiп жатыр. Бiрақ, мемлекеттiң жеке бiр азаматы ретiнде өз көңiлiме ұнамайтын бiрнәрсе бар. Ол: Президент бекiтуге ұсынған немесе өзi тағайындаған кадрлардың қызметке тағайындалған жерге жалғыз емес, бiр топ боп баруы. Мұны қазiр «әкiм өз командасымен келдi», «министр өз командасымен барды» деп атап жүр. Маған осы «командасымен» деген сөз ұнамайды. Ол басшы жаңа жерге барғанда соңынан 10-15 адамды ерте жүредi екен. Өз адамдарын. Неге олай? Президенттiң ұсынысымен Парламент бiр лауазымға бiр адамды ғана бекiтедi. «Оның командасында мына адамдар болсын» деп қаулы алмайды ғой.

Сол сияқты Президент өз Жарлығымен бiр адамды әкiм етiп жiберсе, оған: «Сен өз адамдарыңды қаздай тiзiп, қасыңа ертiп бар» демейдi ғой. Демейтiн болар.

«Команда» деген сөз кейiн елдiң, жердiң жағдайын бiлетiн, өмiрлiк тиiстi тәжiрибе жинақтаған жазықсыз жергiлiктi кадрлар қызметтерiнен босайды. Өз командасымен келген әкiм немесе министр сол жерде 10-15 жыл тұрақты қызмет iстесе бiр сәрi-ау. Олар бiр-екi жылдың, көп болса үш-төрт жылдың айналасында ауысып жатады. Жаңа «команда» келедi. Кадрлық ауыс-күйiс қайтадан басталады.

Бұл жергiлiктi жерлердегi адал, бiлiктi қызметкерлерге сенбеушiлiк пе? Неге жаңа келген басшы керектi кадрларын жергiлiктi жерден ұйымдастырып алмайды?

Кейбiр министрлiктерге министр шақ келмейтiнi де көңiлдi қобалжытады.

Өз көңiлiме қонбайтын осы сияқты жағдайлар бар, шырағым. Өйткенi бұл командашылдық тәсiл жергiлiктi жерлердегi жақсы кадрларды, бiлiктi, бiлiмдi мамандарды жұтқа ұшырату деп ойлаймын.

Екiншi бiр көңiлiме қонбайтын нәрсе мынадай.

Өмiрде жасы – 75,85-ке жеткенге дейiн жiгерлi, жалынды, дарынды, ой қуаты кемелiне келген, қайраткерлiк қарымы күштi қызметкер адамдар болады. Оларды халық жақсы көредi. Бұлар азын-аулақ ерекше адамдар. Бiз соларды әйел болса жасы 57-ге толғанда, еркек болса 65-ке жеткенде зейнетке шығарып қоя беремiз. Олардың орнына ой өрiсi төмен, мүлде тәжiрибесiз әлдекiмдердi әкеп қоя қоямыз. Оларды қайраткер етiп тәрбиелеу үшiн ең кемi 5-10 жыл керек.

Мұнымен бiз екi кемшiлiкке жол беремiз. Бiрiншiден, халықтың ақыл-ой, еңбеккерлiк ресурстарын мемлекет мүддесiне толық пайдаланбай, рәсуә етемiз. Екiншiден, кейбiр әкiмдердiң жасы зейнетке жеттi деп, әлi де он шақты жыл қоғам үшiн қызмет iстеу қолынан келетiн адамдарды сырғытып жiберiп, орнына өз жақындарының, туыстарының, руластарының бiрiн қоя қоюына мүмкiндiк жасаймыз. «Арпа iшiнде бiр бидай» дегендей, немесе бидай iшiнде бес арпа болып, қайратты, iскер, халықшыл қарт кемеңгерлер зейнетке жасы жетпегендердiң iшiнде жүре берсе кiмге зиян келмек? Кейбiр зерделi басшылар осылай iстеп те отыр. Оларға мың рақмет.

– Сiз журналистикада да, әдебиетте де көп еңбек еткен кiсiлердiң бiрiсiз. Жазғандарыңыздың көбi жарық көрген сияқты. Жарық көрмеген дүниелерiңiз де аз болмас. Оларды халыққа мұра етiп қалдыруда қандай әректтер жасап жатырсыз?

– Оныңыз рас. Бiрсыпыра нәрсе жазылған сияқты. Солардың кiтап боп шыққандарын Бекет Тұрғараев деген Петропавл қаласында тұратын қазақтың атымтай-Жомарт азаматтарының бiрi – Ұлы Отан соғысы жеңiсiнiң 60 жылдығы құрметiне он том етiп өз қаражатымен шығарып берген. Бұл мен үшiн үлкен бақыт болды. Ол он томға «Махаббат, қызық мол жылдар» деген повесть-монологым, «Қаламгер және оның достары» деген эпистолярлық романым, «Менiң замандастарым» атты өмiрбаяндық романым, бiрсыпыра очерктерiм мен эсселерiм кiрдi.

Ол он томға қазақтың тағы бiр асыл азаматы, Парламент депутаты Нұртай Сабильянов мырза шығарып берген «Өмiр өрнектерi» деген өз афоризмдер жинағымның бiрiншi томы мен «Мәңгiлiк махаббат жыры» деген прозалық поэмам кiрмей қалды. Одан басқа алпыс жылға жуық жазған әртүрлi мақалаларым жеке кiтап болып басылған жоқ.

Мен ұзақ жылдар бойы қос күнделiк жүргiзiп келген кiсiмiн: күн сайын өзiм шығарған афоризмдер («Өмiр өрнектерi») мен тұрмыс күнделiктерi. Жоғарыда айтқанымдай, «Өмiр өрнектерiнiң»бiрiншi томы 2000 жылы «Өлке» баспасынан жарыққа шыққан. Қазiр соның қалған екi томын баспаға әзiрлеп қойдым.

130-ға жуық қалың дәптерге жазылған күнделiктерiм (тұрмыс күнделiктерi) компьютерге көшiрiлместен сол қалпында тұр.

Бұлардан басқа журналистiк жол-сапарлар кезiнде жазған 200-ден астам қойын дәптерлерiм және жатыр.

Ал өзiмнiң жұртқа жазған хаттарым, оқырмандардан өзiм алған хаттарым (бiр «Махаббат, қызық мол жылдар» романына 10 мыңнан аса хат алдым ғой), өзiмнiң кiтабыма жазып елге сыйлаған автографтарым бiр төбе.

Бұлардың үстiне әдебиет, мәдениет, қоғам қайраткерлерiнiң өз кiтаптарына жазып, маған сыйлаған автографтарының жалпы саны 1500-ден асты. Олардың iшiнде Д.Қонаевтың,М.Әуезовтiң, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсiреповтың, Ә.Тәжiбаевтың, О.Сүлейменовтың тағы басқалардың автографтары бар. Бұлардың 1000 данасына жан жарым Халима марқұм картотека жасап берiп кеткен едi. Соңғы 500 данасы әлi картотекаға көшiрiлмей жатыр. Жұрт сыйлаған бұл автографтардың өзi бiр кiтап.

Айтпақшы ХХ ғасырдың көрнектi қазақ азаматтары туралы жүзге жуық естелiктер жазған екенмiн. Қазiр соның соңғы үшiншi томын компьютерге бастырып жатырмын.

Мiнеки, қазiр осы сияқты шаруалармен шұғылданып жүрмiн. Егер демеушi мырзакөңiл азаматтар табылса, бiрсыпырасын көзiм тiрiде кiтап етiп шығарып кетермiн. Демеушi табылмаса, үлгергенiмше компьютерге бастыртып, болашаққа аманат етiп қалдырармын. Кешегi социализм мемлекетi – КСРО өзiнен бұрынғы капиталистiк Ресейде өмiр сүрген орыс жазушыларының бәрiнiң шығармаларын, естелiктерiн, өзара жазысқан хаттарын том-том кiтап етiп шығарды емес пе? Бiздiң Тәуелсiз мемлекетiмiз де өзiнен бұрын өмiр сүрген ХХ ғасыр жазушыларын да ұмытпас деп ойлаймын.

Әңгiмелескен Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ