ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАҒЗЫМ
ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАҒЗЫМ
Ұстаз Бәтташ аға Сыдықов туралы сыр
Естелiк айтып, жарқын өмiрдiң қимастық шақтарына қайырыла бiр сағынышпен оралатын егделi жасқа жетпесек те, өмiрi өнеге мен парасаттылыққа толы, шешендiгi мен көсемдiгi ел аузында сақталған, ұлағатты ұрпақ өсiрiп, халық құрметiне бөленген марқұм Бәтташ аға Сыдықов туралы сөз қозғарда, ол кiсiнi алғаш көрген кездерiмдi еске түсiрiп, шапағаты мен шуағы мол жаннан алған тағылым жайынан бастап айтуды жөн санадым.
Елiмiз егемендiгiн алып, тәуелсiз ел атанған тоқсаныншы жылдардың алғашқы кезеңiнде асқақ арманды жалау етiп, биiк мұратты мақсат тұтып Семей мемлекеттiк педагогикалық институтының табалдырығын аттап, қазақ тiлi мен әдебиетi мамандығының студентi атандым. Бiрден студенттiк өмiрдiң алғашқы қызықтарына ендiк те кеттiк. Жастық шақтың әр нәрсеге әсерлене қарайтын жарқын сәттерi де мол едi ғой. Бiрақ құр ырду-дырдудың әсерi емес, ел болашағы, тiл келешегi жолында жасындай жанып түсер жоғары курс студенттерiнен бастап, ұстаздар қауымының сол бiр кездердегi жан аямай тер төккендiгi есiмде көбiрек қалыпты. Қазiр Қазақстан халықтарының ассамблеясы орналасқан, бұрынғы аудандық партия кеңесiнiң еңселi үйiнде тек қазақ филологиясы факультетi студенттерi ғана оқитын едi. Сол жылдары iшiнде талай әдеби кештер, мағыналы кездесулер, тағылымды жүздесулер өткен осы бiр ғимаратты қазақ тiлiнiң болашағын көксер жастарға тәрбие беру үшiн алу жолында ағаларымыз бен ұстаздарымыз қанша тер төктi екен… Тек алдындағы Ленин атамыздың мүсiнi ғана ескiнiң сарқыншағындай болып жас студентке өткен тарихтан қылаң берiп тұратын. Ол мүсiндi жарқырап өткен жұлдыздай болған, Желтоқсан құрбаны Қайрат бейнесiмен ауыстырғанда ғана еңсеңiмiз көтерiлiп, ұлттық рухымыз тағы да бiр оянғандай едi.
Бiр күнi кезектi дәрiсiмiздi тыңдап отырған сәтте факультет деканы Арап Сләмұлы Еспенбетовпен бiрге қолына газет-журнал ұстаған ұзын бойлы, қара сұр келген бiр кiсi ендi. Факультет басшысы бiзге өзiн қысқаша таныстырып жатқанда ол кiсi көздерi жаутаңдап бiресе деканына, бiресе өзiне қараған жас өрiмдей студенттерге терең бiр көз тастап, жүзiмiздi бiр шарлап өттi. Таңдану мен қызығушылыққа толы жанарымызды байқады ма, әлде бiрi болмаса, бiрi мiндеттi түрде менi ұғар дедi ме, көңiлi бiр жайдарыланғандай болып, сәл жымиып алып:
– Менi «мына қара шал кiм деп отырсыңдар-ау шамасы. Қазақтың қара сөзiмен, өлең тiлiмен айтайын сендерге өз жайымды», – дей келе, iле тақпақтата жөнелдi:
Егемендi ел болып нық тұрам деп,
Қазақ тiлiнiң жауларын ықтырам деп.
Қақсап жүрген қара шалдың бiрi мiн,
Қазаққа қазақ тiлiн ұқтырам деп.
Аузымыз ашылып бiз қалыппыз. Бiрде тау суындай тасқындап, шешен сөздi төгiп-төгiп жiберсе, ендi бiрде баяулай келе қазақтың небiр шұрайлы сөздерiн, мақалдары мен нақылдарын келтiре ақыл-өсиет айтады, тағы бiрде жанарын тiктеп алып ел болашағы туралы терең сөз қозғап кетедi. Қайнардан шыққан мөлдiр бұлақ суындай көсiлте сөйлегенде, халық болашағы, елдiк мәселесi, қазақ тiлi төңiрегiндегi тауқыметтер туралы айтқанда шынайы азаматтық арлылығы, ой тазалығы бiр көрген адамның өзiне айқын аңғарылды. «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» деген ғасырлар көшiнен келе жатқан ел даналығын зерделi санасына терең сiңiрiп, туған халқының болашақ тағдыры тiлiнде тұрғандықтан лапылдаған оттан да, тасқындаған судан да еш қаймықпай турасын айтар өр мiнездiлiгi де көрiндi ағаның. Қазiргi таңда өткенге тағы бiр ойланып көз тастасаң сол кездердегi Бәтташ ағаның жан айқайының арқасында қаншама дүниелердiң iстелгендiгiн анық байқаймыз. Бiр ғана қазақ балабақшасы мен екi қазақ мектебi болыпты Семей қаласында сол жылдарда. Қазiр ше… Тәуба деймiз! Шүкiршiлiк. Мiне Бәтташ сынды ел ағаларының ұлтын өрге сүйрегенi, мәңгүрттiктен аулақтатып, төл мәдениетiмiз бен туған тiлiмiзге оралуға зор септiгiн тигiзгенi. Халық Семейде «Қазақ тiлi» қоғамының облыстық ұйымының iргетасын қалап, осы бағытта қаншама жылдар қара басының қамы емес, ұлт ертеңi үшiн шарқ ұрып жанталасқанын, жастарға өнеге мен тағылым көрсетiп дүниеден озғанын бiледi Бәтташ қарттың. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының жоғарғы наградасы «Ана тiлiнiң айбары» белгiсiмен марапатталуының өзi халқы берген батасының тағы бiр ыстық ықыласындай. Бәтташ ақсақалға дейiн бұл награданың иегерлерi Ахмет Байтұрсынов, Түркияның бұрынғы президентi Демирель, президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев екендiгiн бiлгенде, үлкен атақтың зор салмағын сезiнуге болады…
Аудиторияда төгiлтiп жатқан, өзi айтқанындай, «Қара шалдың» даусы бiр сәт толастап қалса болды, үнсiз тыныштық орнап қалады. Кейбiр студент достарым болса демдерiн iштерiне тартып, қазiр осы кездесуден кейiн тiл тағдыры үшiн барын аямауға кiрiсердей, көздерiне от бiтiп, жанарларында бiр ұшқын ойнап шыға келiптi.
Тiлге қатысты жалынды ойларымен жанымызға ұлттық рух сеуiп, терең тебiренiске жетек бере келе «қонағымыз» қолындағы журналын көрсетiп, назарымызды басқа жайға аудартты.
– Сендер сөз қадiрiн түсiнер болашақ әдебиетшi, тiлшiсiңдер ғой, ия? Iштерiңнен небiр ғалымдар, журналистер, шебер ұстаздар шығары хақ. Ал, айтыңдаршы, өзiмiздiң Семейде биылғы жылдан бастап шығып келе жатқан Ж.Аймауытов, М.Әуезов негiзiн қалаған «Абай» журналына жазылдыңдар ма..?
Қолымызға «Абай» журналының алғашқы сандары тигенiмен де, келер жылға жазылу мәселесiн ешқайсымыздың ойламағандығымыз бiрден аңғарылып қалды. Үнсiз қалдық. Деканымыздың: «Қане, ештен кеш жақсы, кiм жазылады «Абай» журналына»,– дегенiнде бағанадан берi айтылған сөздiң әсерi ме, әлде шын болашақ маман болуға деген ниет ықпалы ма, барлығымыз төменгi сыныптағы балалардың даурыққаны сияқты «мен жазылам, мен жазылам» деп қолымызды көтере алға ұмтылдық. Ұстазымыз бен қонағымыз бiздiң бұл әрекетiмiзге риза болғандығын айқын танытты. Бiз де олардың көңiлдерiнен шыққандарымызға өзiмiзше есейiп қалғандай болдық.
– Жақсы, жақсы. Ендi «Үш анық» газетi туралы не айтасыңдар? -дедi тағы қонағымыз.
«Үш анық» газетiне деканат тарапынан болған нұсқау нәтижесiнде барлығымыз толық жазылғандықтан:
– Бiз ол газеттi жақсы бiлемiз. Бәрiмiз өз ықтиярымызбен толық жазылғанбыз,– деп ептеп кеудемiздi кере жауап қаттық.
Бәтташ аға сөзiмiзге қанағаттанғанымен де, құр жазылып қоюдың аз екендiгi, оны мән бере оқып, тiптi өзге мамандықтарда оқитын қазақ жастары арасында насихаттау жұмыстарын жүргiзу керектiгiн бiзге қоңыр даусымен салмақты сөзбен ұғындырып бердi. «Үш анықтың» тек оқырманы ғана болмауымызды, есесiне газет өмiрiне араласып, мақалалар жазып, шыңдалу жолына түсу қажеттiгiн де назарымызға салып кеттi. Қонағымызбен қоштасқаннан кейiн осы бiр сағаттың iшiндегi айтылған сөздерден әрқайсымыз бiр нәтиже шығару керек екенiмiздi толық түсiндiк.
Ертеңiнде барлығымыз «Абай» журналына жазылып, кейбiреулерiмiз көршi ғимаратта орналасқан «Үш анық» газетi редакциясының алдында бiр-бiр шимайларымызды ұстап тұрғандығымыз бүгiн сiрә да естен кетпес. Бәтташ ағаның өсиетiн тыңдаған сол кездегi бiр топта оқыған, қазiр филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков, республикалық «Хабар» телеарнасының Семейдегi меншiктi тiлшiсi Болат Кәкiбала, осы жолдар авторы және де өзге әр салада қызмет етiп жүрген достарымыздың алғашқы тырнақалды туындыларының «Үш анық» газетiнде басылуының, бiздiң шығармашылық жолда қанаттануымыздың басты себебi де осылай туындап едi.
Мiне, жақсымен өткiзген бiр сәттiң зор ықпал, әсерi қандайлық. Осындай елге тұтқа болар, сөзi мен iсi тең түсер ағаларымыздан айналдық. Бiрақ олардың көбiнен де айрылдық. Ажал шiркiн өмiрдiң жалған екендiгiн тек қана дәлелдеумен келедi емес пе? Оған қарсы келер шара да жоқ, шама да жоқ. Тек тiршiлiк заңына мойынұсыну ғана бар. Бiрақ «Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейдi» деген бар емес пе?! Ендеше өткен iзiнен тағылым, өсиетiнен тәлiм алар, ел жүрегiнде сақталған жан мәңгi тiрi болмаққа керек қой!? Адам ұрпағымен мың жасайды деген де сөз бар. Әке үмiтiн ақтап, ел құрметiне бөленiп жүрген ұлдары Ерлан, Нұрлан, Нұржан бастаған ұрпақтары, инабатты келiндерi бар, өзiн мәңгi есiнен шығармайтын дос-құрбы, замандастары, дарынды шәкiрттерi, ардақты iнi-қарындастары бар Бәтташ аға мәңгi тiрi екендiгi ақиқат.
Жандос ӘУБӘКIР