Жаңалықтар

ШЕТЕЛ НАЗАРЫНДА – ҚАЗАҚСТАН

ашық дереккөзі

ШЕТЕЛ НАЗАРЫНДА – ҚАЗАҚСТАН

Елiмiздiң ЕҚЫҰ төрағалығының тiзгiнiн қолға алғанға дейiн осы мәселе төңiрегiнде түрлi дау-дамайдың болғаны анық. Еуропа көшiн бастаған Қазақстанның iшкi саясаты мен экономикасының басшы дәрежесiне сәйкестiгi жөнiнде халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары жаһанға жария етiп жатты. Сөзiмiздi нақтылай түсу үшiн, бiрнеше шетелдiк басылымның электронды нұсқасын ашып көрген едiк. Батыстың беделдi апталық және күнделiктi газеттерiнде Қазақстанның ЕҚЫҰ-төрағалығына қатысты түрлi көзқарастағы мақалалары жарық көрiптi.

Мәселен, Ұлыбританиялық «BBC world» телеарнасының электрондық сайтында 2-желтоқсанда осы тұрғысында ақпарат берiлген. Бұл кезде Қазақстанның төрағалықты ресми түрде қабылдап алмай тұрғандығын ескере отырып, мұнда айтылған мәселеге назар салайық. «Қазақстанның төрағалықты алатынына адам құқығын қорғайтын белгiлi бiр топ алаңдаушылық танытып отыр. Дәп Қазақстанның қауiпсiздiк және ынтымақтастықты қамтитын ұйымға басшылық етуi өз кезегiнде күмән келтiредi. ЕҚЫҰ-ның мандаты демократияландыру, адам құқықтары мен аймақтық қақтығыстардың бұзылуының алдын алу. Алайда Қазақстанның берген анықтамасында сол елдiң iшiндегi құқықтық жағдай өте күмәндi», – деп жазылған. Көштi бастап отырған Қазақстан туралы осы тақылеттес бiрнеше ақпараттар жарияланған. Алайда, сараптамалық мақалаларды әлi кездестiре қойған жоқпыз. Негiзiнде, бұл ақпаратты тiкелей аударатын болсақ – үй iшiндегi жағдай деп көрсетiлген. Үй деп отырғанымыз Қазақстанның өз құқықтық жағдайы мен демократиясы. Бүкiл әлемдi қызықтырып отырған да осы жайт – адам құқығының сақталуы.

Келесi пiкiр елiмiздiң пайдасына айтылған секiлдi. «Trend News» сайтында И.Брагина Ресей Федерациясының президентi Д.Медведевтiң Еуропа және Азия бұқаралық ақпарат құралдарының форумында айтқан сөздерiнен үзiндi келтiрген. Бұл мәлiметтер отандық БАҚ-та да жарық көрiп жатты. Сондықтан таңсық жайт емес, керiсiнше көптен тыңдап келе жатқан ақпарат. «Еуропа қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымын Қазақстанның қабылдауын жоғарғы деңгейде ұйымдастыруға болатын едi. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ ұйымының пайдасына жұмыс iстейдi. Дәл Қазақстанның ұйымда басшылық етуi өте қуантарлық жайт. Бұл ұйымның өзiнiң жаңа орнын белгiлеуге көмектеседi», – дедi Д.Медведев. Мәскеуде өткен аталмыш форумда әлем мемлекеттерiнен 150-ден астам БАҚ қатысты.

«HistoryofTruth.com» атты армениялық порталда Арменияның парламенттiк ассамблеясы делегациясының басшысы Арам Сэфэрьян «Қазақстан басшылықты қолға алғаннан кейiн Таулы-Қарабақ мәселесiн шешудi қолға алуы керек. Себебi Қазақстанда мұсылман, христиан және де басқа да ұлт өкiлдерi тұрады. Бұл өз кезегiнде бүкiл Еуропаға үлгi болуы тиiс. Ал Таулы-Қарабақ жайы бейбiт жолмен шешiлiп, ЕҚЫҰ-ның бұрынғы шешiмдерiн өзгертедi деп сенемiн. Қазақстанның төрағалықты қабылдауы Еуропа үшiн де, Армения үшiн де маңызды» дедi. Аталмыш аймақта Армения және Әзiрбайжан елдерi арасындағы қақтығыстардың созылып келе жатқанына бiрнеше жыл болды. Осы мәселенi баса көрсеткен Армения парламентi мүшесi ЕҚЫҰ-дан әдiл қадамдар күтетiн секiлдi.

Сонымен қатар аса жайсыз мәлiметтер де төрағалықты қабылдау тұсында шығып жатыр, әсiресе дiн мәселесiне қатысты ақпаратқа көңiл бөлсек. Осы айдың 1-жұлдызында израилдiк www.worthynews.com сайтында «… Ақмола облысында қатал үкiметтiң бұйрығымен елде баптистер қудаланып, христиандар саяси қолдауға кедергi келтiретiндiктен жұмыстан босатылған… Ал Президент 2005 жылы нақты қажеттi 90 пайыздық дауыспен сайланды. Елдегi оппозиция өкiлдерiнiң айтуынша, қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымының сайлау бюллетенi басшы таңдауда оңбай қателестi» деп көрсетiлген. Бiржақты көзқараста жазылған мақалада басқа да құйтырқы жайттар әңгiмеленедi. Елдегi дiни жағдайдың тұрақсыздығын өршiте айтқысы келетiн секiлдi. Алайда, секталық және өзге дiн өкiлдерi көбеймесе, азайып жатқандығы байқалмайды. Әлем елдерiнiң iшiнде, бәлкiм, дiнаралық қақтығыстардың орын алмауы тек Қазақстанда ғана сирек кездесетiн шығар.

Мiне, шетелдiк төрт басылымның электрондық сайттарын аралап шықтық. Қарап тұрсаң, төрағалықты Қазақстанның иеленгенi бiреудi қуантса, екiншiсi басшылықты таңдауда қателiк кеткен деген пiкiрде. Қалай болғанда да, шетел бұқаралық ақпарат құралдарының беттерiндегi Қазақстан көшбасшылығы әзiрге бiрiншi мәселе болып тұр.

Ақниет БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ