Жаңалықтар

ЖОҒАЛҒАН ТIЛ — ЖОЙЫЛҒАН ҰЛТ

ашық дереккөзі

ЖОҒАЛҒАН ТIЛ — ЖОЙЫЛҒАН ҰЛТ

Тәуелсiз елдiң – тiлi де тәуелсiз. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететiн ұлттық құндылықтардың бiрi әрi бiрегейi – тiл тәуелсiз болмайынша, қоғамдық сана да құлдық сананың қамытынан айырылмақ емес. Жер бетiнен жойылып кеткен және жойылу қаупi төнген жүздеген тiлдiң тағдыры туралы ащы шындық Ана тiлiнде сөйлеуге арланатын, «өз қағынан өзi жерiген» кей қандасқа сабақ болса ғой…

Кейбiр деректерде «қазан жаңарған» соңғы 50 жылда 400-ге жуық тiлдiң жоғалып кеткенi көлденең тартылады. Тiл мамандарының пайымдауынша, бүгiнде әлемдегi «тiрiлер» қатарындағы 6809 тiлдiң 90 пайызын қолданатындар саны 100 мың адаммен шектелген. Ғалымдар алдағы 100 жылда бүгiнгi қолданыстағы тiлдердiң жартысына жуығы жоғалып кетедi деген қауiп айтуда. Өйткенi, 2000 жылы 10 тiл «өлсе», соңғы отыз жылда 200 тiл жоғалған, ал 372 тiлдiң тағдыры бүгiнде қыл үстiнде. Былтыр эяк тiлiнiң соңғы тұяғы – Мари Смит Джоунс көз жұмғанда «тұтас бiр ұлттың салт-дәстүрi, әдет-ғұрпы, мәдениетi мен дiнi, дiлi мен тiлi, тiптi, әзiл-қалжыңы да ажал құшты» деп күңiренген әлем әлi талай аза тұтатын болады. Өйткенi, уақыт өткен сайын тiлдердi сақтап қалу мәселесi ушығып барады.

Үстiмiздегi жылдың ақпанында Франция астанасы Парижде халi мүшкiл тiлдердi 6 категорияға бөлiп, тiлдердiң атласын түзген UNESCO 2500 тiлдi «тұрақсыздық», «үлкен қауiп», «қиын жағдай», «толық жойылған» тiлдердiң тiзiмiне қосып, олардың тағдырына араша түсудiң жолдарын қарастырды. Норвегия үкiметiнiң қолдауымен жасалған Тiлдер атласында «дүние жүзiндегi 6000-нан астам тiлдiң 200-i соңғы үш онжылдықта жоғалып кетсе, 538 тiл хал үстiнде, 502 тiл үлкен қатерге ұшыраса, 651-iне қауiп төнген. Ал 607 тiлдi қолдану – тұрақсыз» делiнген. Негiзi ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тiлге төнген ешқандай қауiп жоқ. Өйткенi, үздiксiз жүретiн ұрпақтар жалғасы тiлдi өлтiрмек емес. Мысалы, Папуа – Жаңа Гвинеяда адамдар қолданатын 800 тiл бар. Олардың барлығы дерлiк лингвистiк тұрғыда әртүрлi тiлдер шоғыры ретiнде өте жоғары деңгейде дамыған. Осы себептi, қатер төнген тiл саны 88-бен шектеледi. Зерттеуге қатысқан 30-дан астам лингвист-ғалым тiлге төнген қауiп әлемнiң түпкiр-түпкiрiнде орын алғанын, келеңсiздiк экономикалық-әлеуметтiк даму деңгейi әртүрi елдерде кездескенiн көлденең тартады. Сахараның оңтүстiгiнде созылып жатқан Африка елдерiнде таралған 2000-ға жуық тiлдiң (дүниежүзiндегi тiлдердiң ширек бөлiгi) кем дегенде 10 пайызы алдағы 100 жылда «өледi». Үндiстан, АҚШ, Бразилия, Индонезия мен Мексика сияқты елдердегi тiлдердiң көпшiлiгiне де жоғалып кету қаупi төнiп тұр. Австралияда 108 тiл түрлi деңгейде қатерге ұшыраған. Францияның континенттiк бөлiгiнде 26 тiлдiң халi мүшкiл. «Осал» категориясындағы тiлдер тек отбасындағы қолданыспен шектеледi. Яғни, балалардың көпшiлiгi сол тiлде сөйлегенмен, кейбiр жерлерде оларға шектеу қойылуы мүмкiн. Ал «қауiп төнген» тiлдердi әке-шешесi балаларына Ана тiлi ретiнде үйретудi қажет деп санамайды. Ал атасы мен әжесiнiң, аға буынның ғана қолданатын тiлiне айналған, балалардың әкесi мен шешесi түсiнсе де, балаларымен немесе өзара сөйлеспейтiн тiлдерге төнген қатер зор. «Жоғалуға жақындаған» тiлде аталар мен әжелердiң өздерi өте сирек сөйлеседi. Ал «өлi тiлде» сөйлесетiн ешкiм жоқ. Ғылыми тұрғыдан алғанда, өлi тiл – қолданыстан шығып қалған, орнын басқа бiр тiлге босатып берген тiл. Мысалы, копт тiлiн араб тiлi ығыстырып шығарса, ежелгi американдықтардың көпшiлiгiнiң тiлi ағылшын, француз, испан, португалдық тiлдер үстемдiк етуiнiң кесiрiнен маңызын жоғалтқан. Жер бетiнде жоқ тiлдер арасында 1992 жылы түркиялық Тевфик Эсенчпен бiрге қабiрге кiрген убых тiлi де бар.

Мамандардың айтуынша, тiлдiң жоғалуы сол тiлдiң эволюциялық өзгерiстерге ұшырауынан және өзге тiлге, кейде тiптi, өзге тiлдер тобына қарай сiңiсiп кетуiнен көрiнiс табады. Бұл мәселеде роман тiлiнiң түпкi «атасы» болып табылатын латын тiлiн, үндiарийлiктiң «түп-тұқияны» – санскрит тiлiн, қазiргi оңтүстiкславяндық тiлдiң туындауына ықпал еткен көне славяндық тiлдi мысалға келтiруге болады. Мұндайда өзге тiлмен шұбарланған қазақ тiлiнiң тағдыры тағы алаңдатады. Әлбетте, миллиондаған қазақ тұрғанда, тiлдiң Жер бетiнен мүлде өшiп қалуы әсте мүмкiн емес. Бiрақ өзге тiлдердiң әсерi мен терминдерден ала-құла болған қазақ тiлiнiң өзгерiп бара жатқанын ешкiм жоққа шығара алмас. Кейбiр жағдайларда өлi тiл дiни немесе ғылыми мақсатта қолданыла бередi. Ал иврит, корн (корнуэльдiк), сиши тiлi (Жаңа Каледония) сияқтылары қайта қолданысқа енiп, «жан бiтедi».

UNESCO ұсынған тiлдер тағдырына қатысты құжатта бүгiнде 199 тiлде сөйлейтiндер саны 10-нан аспайтынын, 178 тiлдiң небары 10-50 адамға ғана қызмет етiп жатқанын, Жер бетiнен соңғы тұяқпен бiрге өшкен тiлдер арасында убых, эакпен бiрге мэн (Мэн аралының тұрғыны Нед Мадрелл 1974 жыл қайтқан), 1976 жылы «өлген» аса тiлдерi бар.

Тiлдердi дамыту және сақтап қалу саясатының арқасында бүгiнде байырғы тiлдерде сөйлей бастағандар қатары көбейген. Мәселен, Перудегi кучуа, аймар тiлдерi, Жаңа Зеландиядағы маори, Парагвайдағы гуарани мен АҚШ, Канада, Мексикадағы көп тiл қолданысқа қайта ендi.

Францияның экс-президентi Жак Ширак өзi басшылық ететiн қайырымдылық қорының қызметкерлерiмен бiрге қатер төнген тiлдердi қорғауға кiрiстi. Оның «Соросоро» деп аталатын ұсыныстар жинағында әлемнiң барлық ұлты мен ұлысының тiлдерiн, салт-дәстүрi, әдет-ғұрпына қатысты барлық құндылықты электронды базаға енгiзу бар. Оның лингвист-мамандары мен антропологтары алдымен жоғалып кету қаупi төнген тiлдердi жинақтап алмақ. Ол үшiн арнайы фильмдер түсiрiледi, жинақтар дайындалады. Ғалымдардың пiкiрiнше, зерттеу мәселесiнде Жер шарындағы 6 мың тiлдiң 2 мыңы шоғырланған Африка – кезек күттiрмейтiн континент. Ширактың бұл бастамасын Кембридж университетiнiң сарапшылары да қызу қолдап отыр. Олар тiптi, Моңғолия мен Нигерияға дейiнгi аралықта өмiр сүретiн 10 тайпаға өздерiнiң ұлттық құндылықтарына қатысты дүниелердi жинауға тапсырма берген. Осының нәтижесiнде, непалдықтар мен Колумбия аймағының 2 000 адам сөйлейтiн барасан тiлдерiне қатысты зерттеулер ендiгi жарыққа шықты.

Сонымен, тiлдердiң тағдыры бүгiнде бүкiл әлемдi алаңдатып отыр. Бұл Ана тiлiнде сөйлеуге арланатын, «өз қағынан өзi жерiген» кей қандасқа сабақ болса игi…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ