Жаңалықтар

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Атилла ГҮНАЙ:

ашық дереккөзі

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Атилла ГҮНАЙ:

— Қымбатты қазақстандықтар!

Түркия Республикасы халқы атынан Сiздердi Қазақстан Республикасының айрықша мерекесi – Тәуелсiздiк күнiмен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңмен барша әлемге тәуелсiз, демократиялық және құқықтық мемлекет екенiн жария еттi.

Содан берi өткен он сегiз жылдың iшiнде Қазақстан барлық салада өте маңызды жетiстiктерге қол жеткiздi. Қазiргi таңда мемлекет iшiнде қамтамасыз етiлген бейбiтшiлiк, тыныштық және тұрақтылықтың арқасында әрқилы ұлттар мен этникалық топ өкiлдерi бейбiт өмiр құшағында тұрып жатыр. Қазақстан аймағында және халықаралық саясатта да беделдi орынға ие болып, Орталық Азияда тұрақтылықтың ошағы ретiнде алдыңғы қатарға шықты. Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы беделiнiң нақты мысалы — оның 2010 жылы Еуропадағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастық ұйымына төрағалығы. Осы орайда, түрiк халқы және Түркия Республикасы Қазақстанға осы маңызды мiндетi кезiнде де әдеттегiдей қолдауы мен жәрдемiн көрсететiнiн атап өткiм келедi.

Түркия, Қазақстанның тәуелсiздiгiн мойындаған алғашқы ел болуын әрдайым мақтан тұтады. Тәуелсiздiктен кейiн Түркия мен Қазақстанның арасында ортақ құндылықтар мен тарихи байланыстар негiзiнде құрылған екiжақты қарым-қатынас жылдан жылға және барлық салада дамып келедi. Осы бағытта соңғы кезеңде қол жеткiзiлген ең маңызды табыстар ретiнде Түркiтiлдес мемлекеттердiң ынтымақтастық кеңесi мен Түркiтiлдес елдердiң Парламенттiк Ассамблеясының құрылуын, барлық салада, расында, керемет деп айтарлық ынтымақтастықта жұмыс iстеп отырған елдерiмiз арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық деңгейге жетуiнiң соңғы күндерде қол қойылған Стратегиялық әрiптестiк туралы келiсiм-шартпен заң жүзiнде тiркелуiн айтуға болады.

Қазақстанды барлық мәселелерде қолдап, бақытын бөлiсетiн және бауырының жетiстiктерiн мақтан тұтатын Түркия, екi елдiң және ел халықтарының гүлденуi мен тыныштығы үшiн қажеттi жұмыстарды бар ынта-жiгерiмен жалғастырады.

Барша Қазақстан халқын Тәуелсiздiк мерекесiмен тағы да құттықтай отырып, денсаулық, тыныштық және бейбiтшiлiк тiлектерiмдi жолдаймын!

АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард ХОУГЛАНД:

— Қазақстан халқы мен үкiметiн тәуелсiздiктiң 18 жылдық мерекесiмен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсiздiгiн әлемде алғаш болып таныған ел ретiнде Америка Құрама Штаттары екi ел арасында қалыптасқан өзара құрмет пен түсiнiстiкке негiзделген маңызды стратегиялық әрiптестiктi жоғары бағалайды. Бұл әрiптестiк одан әрi дами беретiнiне және екi елдiң халқына пайда келтiретiнiне сенiмiмiз кәмiл.

2010 жыл Қазақстан халқы үшiн өте маңызды жыл болмақ, себебi, сiздер Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етесiздер. Бұл Қазақстан үшiн үлкен құрмет және бұл Қазақстанның тәуелсiздiк алған 18 жыл iшiнде халықаралық дәрежеде қандай көшбасшылық рөлге ие болғанын айғақтады. Америка Құрама Штаттары Қазақстанның төрағалығы өте сәттi өтетiнiне сенiмдi және бiз Қазақстанның бұл мақсатқа жетуi үшiн көмектесуге әзiрмiз.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi қызметiн атқарып келе жатқан бiр жыл iшiнде Ақтаудан Өскеменге дейiнгi аумақты аралап шығу мүмкiндiгi туды. Осы аралықта Қазақстан халқының жомарт әрi қонақжай халық екенiне көз жеткiздiм. Елшi қызметiндегi екiншi жылымды Қазақстан үкiметiндегi әрiптестерiммен бiрлесiп, қос елдiң халықтарына бұдан да жақсы әрi бұдан да бақуатты болашақ сыйлау мақсатына толықтай арнамақпын.

Қазақстан халқының өткен 18 жылда жеткен жетiстiктерi үшiн марқаюға толық қақысы бар. Сiздерге болашақта да баянды табыс тiлеймiн.

Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Павел ЧЕПЛЯК:

— Қадiрлi достар! Сiздердi 16 желтоқсан — Тәуелсiздiк күнiмен бүкiл Польша халқының атынан шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанда еңбек етiп келе жатқаныма үш жылдың жүзi болды. Осы мерзiм iшiнде бiздiң қол жеткiзген жетiстiктерiмiз көп. Мен 2009 жылы алғаш рет екi ел арасындағы сауда айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан асқанына өте қуаныштымын. Биыл мәдениет саласында атқарған iстерiмiз де жетерлiк. Айталық, Қазақстанның 10-нан астам облыс орталығында қазiргi заманғы поляк фильмдерiнiң көрсетiлiмiн ұйымдастырдық, Вроцлав қаласынан келген студенттiк би ансамблiнiң мүшелерi бiрнеше облыста өнер көрсеттi. Үстiмiздегi жылы Қазақстан мен Польшадағы жоғары оқу орындарының ректорлары екiжақты ынтымақтастықты арттыру мақсатында өзара келiсiмдер жасасқан. 2009 жылдың 5 мамырынан шiлденiң соңына дейiн Польшадағы университет ректорларының үш тобы Қазақстанға iс-сапармен келдi. Қазан айында Қазақстандағы iрi жоғары оқу орындарының басшыларын Польшаға қысқа мерзiмге тәжiрибе алмасуға жолдадық. 2010 жылы екi ел арасында маңызды бiрнеше iс-сапарлар мен жолсапарлар ұйымдастырамыз деген үмiттемiн.

Мереке қарсаңында Қазақстанның барлық азаматына Польша халқының ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебiзiн жеткiзе отырып, тағы да Тәуелсiздiк күнiмен құттықтағым келедi.