ҚАЙТАРЫЛА БАСТАДЫ

ҚАЙТАРЫЛА БАСТАДЫ

ҚАЙТАРЫЛА БАСТАДЫ
ашық дереккөзі

Кезiнде Алматыда 930 балабақша сатылып кеткен

13-қарашада Елбасымен болған тiкелей эфирде қойылған сұрақтың көпшiлiгi балабақша мәселесiне қатысты өрбiген едi. Бұрыннан да айтылып, жазылып жүрген бұл жайттың әлi күнге шешiмiн таппағаны осыдан аңғарылғандай. Мәселенiң әбден шарықтау шегiне жеткенi соншалық, бұған Елбасының араласуына тура келдi.

Қазiр балабақшада орын жетiспеуi былай тұрсын, балабақша мекемесiнiң өзi сұранысты қанағаттандырып отырған жоқ. Яғни, шағын аудан, елдiмекендер тұрмақ, iрiлi-ұсақты қала, кенттердiң өзiнде балабақша саны жергiлiктi халықтың көрсеткiшiмен салыстырғанда аз. Бiр кездерi iшiнде баланың күлкiсi сыңғырлаған бұл мекеменiң денi бәзбiр қалталылардың азын-аулақ ақшасына сатылып кетсе, кейбiрi кiрiс көзi есептелетiн – жалдың құрбанына айналған. Ал балабақшаға деген халықтың сұранысы жылдан-жылға артпаса, кемiген емес. Содан болар, бүгiнде кез келген ата-ана нәрестесi дүниеге келген күннiң ертесiнде-ақ тұрғылықты жердiң аудан әкiмшiлiгiне барып, балабақша кезегiне жазылуға асығады. Соның өзiнде бұл кезек бала 4-5 жасқа тiптi, 6 жасқа толғанда ғана келедi екен.

Әрине, демографияға дүмпу жасаудың қажеттiлiгi әрi маңыздылығы туған шақта, бала тәрбиелейтiн мекеменiң тапшылық тудыруы кереғар жайт. Алысқа бармай-ақ, iрi мегаполис қатарына кiретiн Алматы қаласының өзiндегi жағдай осындай. Кезiнде тiл, ұлт жанашыры М.Шахановтың: “Жекешелендiрiлiп кеткен балабақшаларды үкiметке қайтару керек” деп шырылдауы да тегiн емес. Негiзi дерек көздерi бойынша, кезiнде бiр Алматы қаласының өзiнде 930 балабақша жекешелендiрiлiп кетiптi. Оның көбi жекелеген адамдарға сатылып кеткен. Былтырғы жылы жергiлiктi әкiмшiлiктiң, бiлiм департаментiнiң нұсқауы бойынша жекеменшiкке өтiп кеткен балабақшаны босату шарасы жүзеге асып, алты ғимарат қайтарылған-тұғын. Ал кезектегi 16 ғимарат мемлекет меншiгiне өтуi тиiс.

Елбасы Н.Назарбаев балабақша мәселесiн тез арада шешудi Үкiметке нықтап тапсырды. Елiмiздiң облыс, қала, аудан төңiрегiнде балабақша салуды әрi жалға өтiп кеткен мекемелердi қайтарып алу керектiгiн қадап айтты. Осындай мiндеттердi жүктеп алған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов БАҚ-тарды балабақшаларда қосымша орындар құру жөнiндегi үкiмет шешiмдерiнiң орындалуы жайлы хабарлап отыруға шақырды. «Әрбiр әкiм бiр апта бойы балабақшаларды аралап шығуы тиiс», – деген ол тек бұйрықтың аясында ғана жұмыс iстейтiн әкiм-қараларға қозғау салды. Елбасының өзi араласқаннан кейiн бе, әйтеуiр облыс әкiмдерi күн тәртiбiнен ысырып тастаған балабақша мәселесiне қайта мойын бұрды. Бұйығы, томаға тұйық билiкте сең қозғалды. Тiптi, осы салаға тiкелей жауапты Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев алдағы қаңтар айында өңiрлерде балаларды балабақшадағы орынмен қамтамасыз ету мәселесi бойынша тексерулер өткiзiлетiнiн хабарлады. Министр үкiметтiң тапсырмасын орындау үшiн әкiмдiктерге Астана қаласында жүргiзген шараларға ұқсас қысқа мерзiмдi iс-шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Оның айтуынша, Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiмен бiрге мектепке дейiнгi ұйымдардың қызметiне лицензия беру ережелерiне өзгерiстер енгiзу туралы қаулының жобасы келiсiлген. «Мемлекеттiк тапсырыс берiлгенде жекеменшiк мектепке дейiнгi мекемелерде ата-ана төлейтiн ақыны төмендету бойынша мемлекеттiк органдарға тиiстi қаулының жобасы жасалып енгiзiлмекшi», – дедi Ж. Түймебаев.

Шүкiр дейiк, бүгiнде елiмiзде бала туу көрсеткiшi жаман емес. Әрине, бұған үкiмет тарапынан жасалып отырған жағдайдың да септiгi тиiп отыр. Алайда, үйлi-баранды болған жас отбасы баласын балабақшаға орналастыруға келгенде тығырыққа тiреледi. Не кезекке тұрасың, не болмаса сұраған ақшасын берiп кiргiзесiң. Әйтпесе, кезегiңдi бес жыл үйiңде отырып, сарыла күтесiң. Екi жолдың бiреуi.

Негiзi Үкiметтiң бұл тапсырмасынан қаншалықты оң нәтиже шығатыны әлi белгiсiз. Бiр кездерi жалға өтiп кеткен балабақшаның бәрiн қайтарып алу да оңай шаруа емес. Егер елiмiз халықтың балабақшаға деген сұранысын толықтай қамтамасыз етуге бет бұрса, «100 мектеп, 100 аурухана» сынды «100 балабақша» мемлекеттiк бағдарламасын қабылдау керек сияқты. Сонда ғана бұл мәселенiң тамырына қан жүгiрiп, күрмелген түйiнi де ағытылар едi. Онсыз күнi бүгiн ғана емес, талайдан берi қарапайым халықтың мазасын қашырған жайттың сөз жүзiнде қалып қоюы да ықтимал.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ