18-дегi ЕЛ МЕН 18-дегi ҰЛ
18-дегi ЕЛ МЕН 18-дегi ҰЛ
Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы жақындап қалды… Бұл атаулы мерейтойдың дүбiрi мен дақпырты алдағы жылы анығырақ естiлiп қалар. Шындығында, тәуелсiздiк бiзге не бердi? Осы он сегiз-жиырма жылда қазақ қандай ел болды?
Әлде осы «Тәуелсiздiк бiзге не бердi?» дегеннен гөрi «Тәуелсiздiгiмiздi берiк ете түсу үшiн бiз осы жылдары не тындырдық?» деген сұрақты жиiрек қойған ләзiм сияқты.
«Жоқты» айтып, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды.
Барды бардай, жоқты жоқтай қабылдап, шүкiршiлiк пен тәубемiздi айтып жүрген де дұрыс-ау.
«Жоғымызды» түгендей бастасақ, ең әуелi тiлiмiздiң «әттеген-айы» еске түседi. Ата дiнiмiздi де толық түсiнiп, мойынсұна алдық дей алмаймыз. Ұлттық салт-дәстүрдi Наурызда ғана айшықтайтынымызды кiмнен жасырамыз?
Дегенмен, қазан аузы жоғары!
Ал бүгiнгi барымыз да, нарымыз да — осы тәуелсiздiгiмiз екенiн ашық айтуға тиiспiз.
Туырлықтай жерге қол жеткiзе алмай, тәуелсiздiктi аңсап-армандап жүрген халықтарға қарағанда қазақтың бақыты бар!
Ендiгiде кешегiден гөрi бүгiнгiнi, бүгiннен гөрi келешектi ойлап, тiрлiк ететiн кез келдi. «Бүгiндi ойлау» — өткендi ұмыту емес, уайымымыз — қарынның қамы емес. Қазақ 1991 жылы тәуелсiз ел болғанда туған ұл бүгiнде кәмелетке толған жiгiт болды. Ол бүгiнде қандай азамат? Қай тiлде сөйлеп, қай дiнде құлшылық жасайды? Ненi армандап, ненi мақсат тұтады?
Осы 18 жылда Отанына адал, Ұлтымен мақтанатын, Дiнiн ардақтайтын, Тiлiн құрметтей алатын ұрпақ өсiре алдық па? Бүгiнде кәмелетке келiп отырған санасы таза ұрпаққа дұрыс тәрбие бере алмасақ, сорымыздың қайнағаны да?!
… Тәуелсiздiктiң таңы атқанда бiз он екi-он үште болатынбыз. Жетi сыныпты «советтiк» жүйемен бiтiрiп, «октябряттың» жұлдызшасын, пионердiң қызыл галстугын үлкен мақтанышпен тағатынбыз. Дегенмен, соның бәрi балалық санамен тәуелсiздiктiң, еркiндiктiң лебiн сезiнгендегi iшкi толқынысқа жетпейдi…
Кеңестiк жүйенiң сарқыншағын көрген бiздер тәуелсiздiктiң не екенiн бұлдыр болса да сезiнiп қалдық-ау, ал сол жылдары дүние есiгiн ашқан ұрпақ өзiн қандай елдiң азаматымын деп сезiнедi? Қостiлдi, көпдiндi, ата-баба дәстүрiнен ажырап, отбасылық құндылықтардан безiнген қоғамның мүшесiмiн деп бiле ме өзiн? Әлде, ес жиып, етек жинар жасқа жеткенде «есемдi түгендеймiн» деп, ата-бабасы күрескен тәуелсiздiктi баянды ету үшiн тiресер ме?
18-дегi жiгiттiң қандай болмағы, 18-дегi мемлекетiмiздiң қандай болмағы – бiзге, бүгiнгi тiрлiгiмiзге, үйде, бала бақшада, мектепте балаларымызға қандай тәрбие берiп жатқанымызға байланысты.
Құл емес, ұл тәрбиелеу қолымыздан келе ме, жоқ па?
Бүгiнiмiзден бұрын келешектiң қамын жеудiң бiр жолы осы сияқты.
Гүлбиғаш ОМАРОВА
P.S. Сол бiр жылдары мектептерде тәжiрибе ретiнде «Коммунизм мүйiсi» енгiзiлдi. Бұлдыр болашақтағы коммунизмдi көзге елестету үшiн ашылған мүйiсте кiтап-дәптерлер сатуға қойылған едi. Сатушысы жоқ жайманың алдына барып, керегiңдi алып, ақшасын сол жердегi қорапқа сал да, кете бер! Бұл «тәжiрибеден» нендей нәтиже шыққаны бiзге беймәлiм. «Коммунизм мүйiсiне» бас сұққандардың бәрi бiрдей «коммунизм идеясына» адалдық таныта алды ма, жоқ па — оны да айта алмаймыз. Әйтеуiр, аз уақыт қана бала бiткеннiң ұшқыр қиялын тәттi арманға жетелейтiн әсерлi оқиға болып есте қалды…
Тәуелсiздiктi бұлдыр елес, тәттi арманға айналдырмайықшы!