Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ҮЗДIК ОҚУЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ҮЗДIК ОҚУЛЫҒЫ

Өткен бейсенбiде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Тiл комитетiнiң ұйымдастыруымен өткiзiлген «Қазақ тiлiнiң үздiк оқулығы (оқу құралы)» атты республикалық байқаудың жүлдегер деп танылған жұмыстарының тұсаукесер рәсiмi өттi.

Үздiк оқу құралын анықтау негiзiнде iске асқан жобаның басты мақсаты – өзге тiлдi ересек тұрғындардың мемлекеттiк тiлдi меңгеруiн жеделдету және қазақ тiлiн үйренуде коммуникативтiк-бағдарлы оқыту әдiстемелерiн пайдалану. Сол сияқты қазақ тiлiн оқытатын оқулықтар мен оқу құралдарының көптеп жарыққа шығуын қамтамасыз ету. Жобаны ұйымдастырушы комитеттiң айтуынша, байқауға келiп түскен жұмыстар саны жетерлiк. Атап айтсақ, 28 оқу құралы байқауға өз еңбектерiн ұсынған. Нәтижесiнде, қазылар алқасының әдiл шешiмi бойынша бiрнеше оқулық үздiк деп танылды. Олар «Сарыарқа» ( М.Сыздықов жетекшiлiгiмен) оқу-әдiстемелiк кешенi, «Ресми-iскери қазақ тiлi» (Э.Сүлейменова жетекшiлiгiмен) оқулық кешенi, «Қазақ тiлi» (Г.Әлiмбек) үш деңгейлiк оқу құралы, «Келiңiз, сөйлесейiк» (Қ.Қарабаева) оқу құралы, «Қазақ тiлi» (Ж.Нұршайықова, Г.Мұсаева) оқу құралы, «Мемлекеттiк қызметкерлерге арналған қазақ тiлi» (Н.Машқан) оқулықтары жеңiмпаз атанды.

Сонымен қатар мемлекеттiк тiлдi заманға сай озық үлгiлер мен бағдарламалар әзiрлейтiн авторларды тарту мақсатында «Мемлекеттiк тiлдi оқытудың жаңа, баламалы, неғұрлым жетiлдiрiлген сапалы бағдарламаларын әзiрлеудi жүзеге асыратын мамандарды ынталандыру» атты республикалық байқау жүлдегерлерiн мараппаттау рәсiмiмен жалғасты. Аталмыш шараға «Басқару саласы», «Құқық қорғау саласы» және «Қызмет көрсету саласы» бойынша 21 жұмыс келiп түскен. Байқауда 4 номинация негiзiнде бiрнеше оқулық таңдалды: «Сабақ үлгiлерi» (Ұ.Қаюпова, Ж.Тұрлыбекова) мемлекеттiк қызметкерлердi оқытуға арналған көмекшi құрал, «Құқық қорғау органдары қызметкерлерiне арналған әдiстемелiк оқулығы» (Е.Қожабеков), «Медицина қызметкерлерiне арналған оқу құралы» (В.Жаумитова, С.Исакова), «Кеден саласы қызметкерлерiне кәсiби қазақ тiлiн оқыту бағдарламасы» (С.Құлманов).

Қазақ тiлiн баршаның бiлуi бүгiнгi күн талабы. Кеш соңында мемлекеттiк тiлдi үйретудi қолға алған оқулық авторлары арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен мараппатталды.

А. ОСПАНБАЙ