Жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАР ӨТIНIШIН КIМ ТЫҢДАР ЕКЕН?

ашық дереккөзі

ТҰРҒЫНДАР ӨТIНIШIН КIМ ТЫҢДАР ЕКЕН?

Мың жылдық тарихы бар Алматы қаласы жылдап емес, айлап ажарланып келедi. Қаланы көгалдандыру, гүлмен көмкеру жұмыстары да күн санап жақсаруда. Бұрындары басты көшелер ғана күл-қоқыстан тазаланып, ал қалтарыстағы шағын көшелер елеусiз қала беретiн. Оны дер кезiнде көрiп, ретке келтiру ешкiмнiң назарына iлiкпейтiн. Қазiрде ол кемшiлiктерден де арылып келемiз. Осы қыруар жұмыстардың бәрi қала әкiмi Есiмовтың тiкелей жанашырлығынан iске асып жатқанын ел-жұрт көрiп отыр.

Десек те, бақылаусыз қаладағы жолаушы көлiктерiнiң жүру кестесi сақталмай, жолаушыларды сарсылтып қоятын кездер жиi ұшырасады. Кейде орталық көшелермен лас газдарын будақтатып жүрген жүк көлiктерiн көргенде қайда барарыңды бiлмей, сасып қалатынымыз жасырын емес. Алдағы уақыттарда да бұл келеңсiз көрiнiстермен күрес жалғасын таба берер деген үмiттемiз.

Бiздiң айтайық деген өтiнiшiмiз, жол жүру тәртiбiн көрер көзге бұзатын жолаушы автобустардың ретсiз қатынасы жайлы. Кезiнде Розыбакиев көшесi арқылы қатынайтын көлiктердiң бiр жақты жүрiсiн өзгертiп, екi жақты қатынайтын жағдай жасағанда, тұрғындардың қуанышында шек болмап едi. Өйткенi Абай Даңғылынан Розыбакиев көшесiмен төмен қарай түсу қиындық келтiрмегендiктен, көтерме базардан, барахолкадан сатып алған ауыр жүгiңмен жоғары көтерiлуiң азап болатын. Екi бағыттағы қатынас бұл ауыртпалықтан құтқарады деп үмiттенгенбiз. Амал қанша, Розыбакиев көшесi арқылы Абай даңғылына көтерiлетiн №120, 141, 135, 70 автобустар керi қайтарында Тұрғыт Озал көшесiмен жүретiн етiп қоюы тұрғындардың үлкен қынжылысын туғызды. Мұның мән-жайын көлiк жүргiзушiлерiнен сұрасақ: «Оны жоғарыдағы басшылар бiледi ғой. Әйтпесе, келген үйреншiктi iзiмiзбен қайтсақ бiзге де жақсы, әрi ұтымды болар едi. Ретiн келтiре алмай жатқан шығар», – дейдi. Ләйiм, солай болғай. Абай даңғылынан Райымбек даңғылына дейiн 6-7 көше бар. Бұл, әсiресе, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына ауыр соғып тұр. Қақаған қыс айларында жауын-шашынды күндерi бұл қиындық еселеп артатыны тағы белгiлi.

Тұрғындардың өтiнiш-тiлегiне құлақ асқан адамға болып тұрған мүмкiндiктi iске асыру онша қиындық тудырмас деген ойдамыз.

Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ,

Алматы қаласы