ЖАҺАНДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖАНАЙҚАЙ
ЖАҺАНДЫ ЖАҢҒЫРТҚАН ЖАНАЙҚАЙ
Қандай бiр отырыс болмасын, қазақ дастарқаны жайылған жерде үлкен кiсiлер бата берiп жатып: «Досың көп болсын, жауың жоқ болсын!» — деп қалары бар.
«Батаменен ер көгередi…» демекшi, осы бiр сүбелi сөзден өрiлген қанатты тiлек қанша адамның басына бақ құсы боп қонды екен? Оны мен, әрине, айта алмаймын. Бiрақ нақ осындай баққа ие болған бiр жанды бiлем. Оның жауы бар ма? Болса — қанша? Оны да тап басып айту қиын. Алайда дос жөнiндегi әлгi бата осы жiгiттi адаспай тапқанына кәмiл сенем. Ол — Әбдiжәлел Бәкiр. Бата дарыған Жәлел жайлы ойымды ортаға салсам деймiн.
Сол арқылы жалпы достық сезiмi жайлы сыр тарқатуға да талпынғым келедi. Өйткенi Жәлел туралы айта бастасам әуелi осы бiр қасиетi атан түйеге жүк боларлықтай перiште ұғым ойға оралады.
Достық қайдан шығады? Екiжақты таза ықыластан туса — ол қалай қалыптасады? Соның бәрiн алысқа бармай-ақ осы Жәлелдiң болмысынан iздеген жөн сияқты. Өйткенi оның досы әр отбасында бар деп бiлем. Әр отбасы оған ақ жол тiлеп отыратындай. Бәрiнiң ризашылығына куә болып жүрмiн. Оның көп досын бiлем (Сейiлбек Шаухаманов, Амангелдi Айталы, Әбдiмәлiк Нысанбай, Бақытжан Момышұлы, Адам Мекебай т.б.). Бәрi де алтын сақадай, айналасына жүрек шуағын таратып жүрген жандар.
Әдетте адамда шын дос көп болмайды. Жас кезiңде жұрттың бәрiмен дос болғың келедi. Сол үшiн өзiң де аңдамай жанкештiлiк жасап, қыруар күш жұмсайсың. Бiрақ солай құралған көп досың жүре-келе сұрыпталып, қатарың сирей бередi, жеме-жемге келгенде қасыңда санаулы ғана жан қалады. Оған өзiң әжептәуiр абыржығанмен, онша таңғала да алмайсың. Өйткенi өмiр жолын екшей келе, мұның да табиғи заңдылық екенiн, оған өзгелер ғана емес өзiң де себепкер болуың мүмкiн екенiн ұққан сайын әлгi бишара күйiңе мойынұсына бересiң.
Бiрақ Жәлелмен араласып кеткен әр адам оның мәңгiлiк досы болмай тұра алмайтындай болып көрiнедi маған. Ал мұнда не гәп бар? Өзгенi өз құзырына құлатып, қанатына қондыра алатын сол деңгейге қалай қол жеткiзуге болады? Бұл үшiн бойды қандай тылсым күш билеу керек? Осы маңдағы сиқыр сыры неде?
Жәлелдiң маңайына жуықтап бiр жанасып өткен адам айрықша тың жылылыққа бөленiп, төтенше мейiр құшағына енiп жүре бередi. Сенiң бойыңа елеусiз енiп жатқан оның шашпаулы жан шуағы сенiң санаңа да өлшеусiз от, мойымас жiгер берiп жатады. Өзiң онша бiле бермейтiн кей ортаға Жәлелмен кiрiп келсең, кешiкпей сол жерде мөлтек сый-құрметтiң иесi болып шыға келгенiңдi аңдамай қалатының бар. «Жақсыдан — шарапат» деген ұғым осы болар, бәлкiм!
Қатардағы жауынгермiсiң, әлде қарымды қаламгермiсiң, ұлағатты ұстаз, немесе данагөй дәрiгермiсiң, қиялшыл инженер, немесе сиқыршы суреткермiсiң, тiптi сарабдал саясаткер, немесе ғұлама ғалым болсаң да әлдеқалай Жәлелмен таныса қалсаң, одан қайтып қол үзгiң келмейдi. Өйткенi оның кеудесiнде сенiң елiк мiнездi жаныңды елiктiрер ғажайып сұлу сыр арналары жатыр. Ол сенi сiлкiндiрiп, еркiңнен тыс беймәлiм баққа жетелей жөнеледi.
Қай ортаға түссе де ол өзiн ұстай бiледi, қажет болса сол ортаның деңгейiне теңеле кетедi. Ол сенi тыңдай бiледi. Тыңдаған сайын түсiне де түседi. Ол сенiң өзегiңе жол салар ой айта бiледi, жүрегiңдi шуаққа бөлейтiн сөз ұйыта алады. Сондықтан да Жәлелдi бiлетiн әрбiр адам өз өмiрiнiң ең елеулi сәттерiнде қасында соның өзi болғанын қалайды. Өзге емес ә дегеннен Жәкең болғанын қалайды. Жәлелдi бiлетiн әрбiр адам өзiнiң ең аяулы сезiмiн тек сонымен бөлiсуге тырысады. Жәкеңмен сырласу оған тың қуат, жанына жаңа шырай бередi, ойы ширап, тiрлiгi тұлғалана түседi.
Жәкең барынша елгезек адам. Ешкiмнiң қуаныш-күйiнiшiн назардан тыс қалдырмайды. Қандай бiр жиын болмасын, ол ұлан-асыр той ма, қаралы қаза-намаз ба — Жәкең сол оқиғаның бел ортасында жүредi. Алыс-жақын демейдi, өзi қайда жүрсе де хабар тисе болды, сол заматта салып ұрып әлгi жерге жетедi. Және сол шараны төл тiрлiгiндей өз қолымен атқарып шығуға тырысады. Мұндай кiсiге тәнтi болмай, бас имей қалай шыдарсың?
Сондықтан бүгiн сол ел сыйлаған азаматтың еңбегiн саралауға талпынып, оның өз ортасын иландырып, елеңдете бiлген iс-әрекетiне, жұртты сүйсiндiрген қыр-сырына үңiлсем деймiн.
Әбдiжәлел Бәкiр 1939 жылы 23 желтоқсан күнi Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы «Айдарлы» ауылында дүниеге келдi. Түтiнi түзу шығатын, өңiрiне өнегелi осы бiр ауылдың дидары да жайдары, қасиетi де қадiрлi едi. Аймағына ауқымды iсiмен, көз тояттар тiрлiгiмен, үлгi алар азаматымен, ағайын арасында ынтымағы жарасқан жарасымды салтымен әйгiлi аймақ болатын. Әлемге алапат өрт алып келген сұрапыл соғыс зардабын бұл өңiр де өзгеден кем көрген жоқ.
Қайғы құшағына құлаған көптiң бiрi секiлдi тұрмыстың тұз-дәмiн татып көрмеген, жасы жиырмаға жетпей жесiр қалған жас ана Патима апай да өзiнiң қоңыр тiрлiгiмен қоңыр қозысы — Жәлелдi жетiмсiретпей алақанда аялап өсiрдi. Қолқадан алған кемтарлықтың қоқан-лоққысына қарамай тапқанының татымдысын қыршын кеткен таңдаулысының қолында қалған тұяғына тосты. Арқалап жүрiп ар бекiтiп, жетелеп жүрiп жол көрсеттi. Бармақтай баланың санасына имандылықтың сұңғыла сырын сiңiре бердi. Iргесi бөлек болғанмен бiрлiгi бекем алыс-жақын ағайын да беймезгiл жетiм-жесiр қалған жартыкеш жанұяның отын өшiрмей қанатының астына ала бiлдi. Жас түлектiң жанына жара түсiрмей, еркiн өсiп, оқуына мүмкiндiк жасады.
Жәлел 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың (қазiргi Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университет) тiл және әдебиет факультетiн қызыл дипломмен бiтiрдi. Еңбек жолын, әрине, халыққа бiлiм беру саласынан бастады. Сырдария ауданы, Қызылорда қаласы мектептерiнде мұғалiм болып iстедi. Көп ұзамай өз ортасында айрықша құрметке бөленген жас ноян қалалық жастар ұйымының да назарына iлiктi. Ендi ол бұқара қауым арасында төрелiк танытатын қоғамдық жұмысқа ауысты.
Сөйтiп 1965-1974 жылдар арасында Қызылорда қалалық комсомол комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi, бiрiншi хатшысы, облыстық комсомол комитетiнiң хатшысы болды. (Көбiмiз де осы комсомолдың шекпенiнен шықтық емес пе?)
Коммунистiк қоғамда өмiр сүрiп, еңбек ететiн жаңа ұрпақ әзiрлеуге негiзделген Кеңестiк асқақ армандарды жүзеге асыру жолындағы үздiксiз майданды бастан кештiк қой. Жастарды оқуда озат, еңбекте жаңашыл, тұрмыста өнегелi болуға баулыдық. Ең әуелi оларды жаппай мектепке тартып, тұрақты жұмыспен қамтуға күш салдық. (Кеңес үкiметiнiң бiр тектi қасиетi — жұмыссыздықты намысқа тиетiн, сүйекке таңба, бетке шiркеу, құбыжық құбылыс көретiн.) Ол үшiн елдi-мекендерде мектеп санын арттырып, жұмыс орындарын ашуға жұдырықтай жұмылдық. Бүкiлодақтық екпiндi құрылыстар дүниеге келдi. (Бейнеу-Қоңырат, Соколов-Сарыбай, Мырғалымсай, Қызылорда қағаз-картон комбинаты, Казгуград т.б.) Студенттiк құрылыс отрядтары пайда болды. Олар елдi мекендерде мектептер мен мәдениет үйлерiн, кiтапханалар мен спорт алаңдарын, жатақханалар мен бала бақшаларын, қой қоралары мен iрiқара комплекстерiн салуға шықты.
Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткiзу мақсаты қойылып, соған қол жеткiзудiң бiр шарасы ретiнде мектеп бiтiрген жастарды екi жыл мал өсiрумен айналысу үшiн жас шопандар бригадасына бiрiктiрiп, алыс ауылға аттандырып отырдық. Мұнымен қатар күрiштi ел Сыр бойында жас жақаевшылар топтарын құру қозғалысы жүрiп жатты. Тiптi республикадағы тұңғыш фольклорлы-эстрадалық «Сыр сұлуы» халық ансамблiн құрып, оны әлем сахнасына шығару да оңай жұмыс емес едi.
Мiне, осынау қызығы да, қиындығы да аз емес қыруар жұмыстың белортасында жай отындай жарқылдап Жәлел жүрдi. Саяси сауаты ширығып, қоғамдық жұмыста татымды тәжiрибе жинақтады. Алдында жауапты партия жұмыстары күтiп тұр едi.
1974-1991 жылдар арасында Жәлел облыстық саяси-ағарту үйiнiң кеңесшiсi, меңгерушiсiнiң орынбасары, облыстық партия комитетi насихат және үгiт бөлiмi меңгерушiсiнiң орынбасары, кейiн оның меңгерушiсi болды. Ал Тәуелсiздiктiң туын тiккен 1991 жылы өз билiгi өзiнде болатын жауапты жетекшiлiк жұмысқа ауысып, Қызылорда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып бекидi.
Қай қызметте болмасын Жәкең өз жұмысын барынша тыңғылықты, жiтi жауапкершiлiкпен атқарды. Сол тұста Қазақтың мемлекеттiк телерадиокомитетiнде басқарма бастығы, Алматы облыстық және қалалық радиосының бас редакторы болып iстейтiн бiз Жәлелмен жақын әрiптес едiк. Қаршадайымыздан тетелес өскен, қайда жүрсек те бiр арнада келе жатқан қадiрлi досымның аяқ алысына мен, әрине, бейтарап қарай алмайтынмын. Бiздiң тағдырымызда тамырластық тым көп едi.
Ол да өзiм сияқты жауапты саяси жұмыстан шын шығармашылық ортаға келдi. Кездейсоқ немесе беймезгiл келген жоқ. Орнымен және үлкен рухани әзiрлiкпен келдi. Сондықтан да оның бала күнiнен бойында бар шығармашылық қасиет молынан бой көрсеттi. Ал ұйымдастырушылық қабiлеттi ол өзi атқарған бүкiл жұмысының болмысымен дағдысына сiңiрiп үлгiрген едi. Ол осы жолы да өз фарватерiне түскенiне, кең құлаш сермер өрелi өрiске шыққанына қуанып, айналасын әрлендiрер жол ашылғанын көрiп, батыл қимылдады, бар күшiн қолына алған саланың жұмысын жақсартуға жұмсады.
Ол кезде Сыр өңiрiне көгiлдiр экранның жергiлiктi жұмысы жаңа ғана қадам басқан тұс болатын. Жаңа жұмыстың ой-қыры көп болатыны белгiлi. Күнделiктi тапқырлықты талап ететiн жауапкершiлiгi де, қызығы да аз емес. Бәрi осы ортада еңбек ететiн кадр құрамына байланысты. Осыны ұға түсiнген Жәлел маңайына жанды ойлары басым мамандарды топтастыруға талпынды. Оларға басшылық жол нұсқаумен ғана тынбай, әкелiк қамқорлық та жасай бiлдi. Ол жемiссiз де болған жоқ.
Көгiлдiр экранда «Таңшолпан», «Жас қанат», «Әншi балапан» телебайқаулары өмiрге жолдама алды. Мұндай ауқымды, кең қанатты дүниелер ол кезде республиканың басқа облыстарында өткiзiле бермейтiн. «Сыр саңлақтары» телехабарына Сырдың топырағынан нәр алған Роза Бағлановадан бастап көрнектi өнер қайраткерлерi шақырылды. Шамшат Төлепова, Бексұлтан Байкенжеев, тағы басқа толып жатқан облыстағы өнер адамдарының түгел дерлiк авторлық кештерiн өткiзiп, оның бiразын Республикалық телеканалдан бердi.
Ол кезде жоғарыдан берiлген тәртiп бойынша қазақ, орыс тiлiнде берiлетiн хабарлардың эфирдегi мерзiмi теңдей болуға тиiс-тiн. Алайда iс жүзiнде орыс тiлiндегi хабарлар таразы басын тартып кете беретiн. Осы мәселе тез арада оң шешiмiн тапты. Кешiкпей қазақ тiлiндегi хабарлар байсалды басымдық алды. Бұл тәуекелшiлiгi басым, қызықты қадам едi.
Қат-қабат басшылық, ұйымдастыру шараларымен жүрсе де Жәлел өзiнiң құдай берген жазу қабiлетiн ұштай отырып, ақпараттық материалдар әзiрлеуге тiкелей араласатын. Сыр елiне мәшһүр жазушылар Айтбай Хангелдин, Манап Көкенов, Байжiгiт Әбдiразақов, ғалымдар Әуелбек Қоңыратбаев, Мырзабек Дүйсенов, фольклортанушы Мардан Байдiлдаев, суретшi Салихитдин Айтбаев, әйгiлi мұрап Нұртаза Қоспанбетұлы есiмдерiн халық жадында қалдыру мақсатында көлемдi-көлемдi әңгiме-очерктер жазып, қыруар iс тындырғанын атап өтпей болмайды.
Сөйтiп, өз елiнiң аялы алақанында тәрбиеленiп, өз уақытының құбылмалы қазанында пiсiп-жетiлген жаңа бiтiмдi қайраткер отыз жылдай уақыт Сыр өңiрiнде қалыптасқан мәдени-көпшiлiк, ағарту жұмыстарының қайнаған ортасында, идеологиялық белсендiлiк пен шығармашылық сiлкiнiстердiң басы-қасында болды, соның ыстық-суығын көрдi. Арасында ғылыми iзденiстер жасай жүрiп, философия ғылымдарының кандидаты деген атақ үшiн кандидаттық диссертация да қорғап алды.
1995 жылы Әбдiжәлел Бәкiр қос палаталы Қазақстан Республикасы Парламентiнiң мәжiлiсiне депутат болып сайланды. Бұл кең тынысты болмысы бар Жәлелдiң өмiрiндегi аса iрi белестiң басталған шағы едi. Өмiрдiң, қоғамдық, саяси қызметтiң үлкен жолдарынан өтiп барып депутат болған Ә.Бәкiр парламентте де өз орнын таба бiлдi. Тапқаны сол елiмiздiң тағдырындағы тарихи, саяси, рухани мәртебесi биiк мәселелердiң бой тiктеуiне себепшi болған үлкен трибунаға айналды. Жағадан алып, азынаған әлеуметтiк, әл-аухаттық дағдарыспен арпалыса жүрiп, азаттығын аңсаған алаштың асқақ рухы мұқалмауын, жарқын болашаққа ұмтылған жан дүниесiнiң жасымауын көздедi.
Депутаттық алғашқы қадамында Жәкең «Саяси партиялар туралы», «Мәдениет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобалары жөнiнде құрылған жұмыс тобына жетекшiлiк еттi. «Тiл туралы» заң қабылданарда 18-бапқа «Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында телерадиоарналардың меншiк нысанына қарамастан, олар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жалпы көлемiнен кем болмауға тиiс» — деген қосымшаны да енгiзген осы Әбдiжәлел Бәкiр едi.
Жер мен тiл мәселесi, жетiм бала мен азаматтық, елдегi тәртiп пен бiрлiк, әдiлет пен құқық мәселелерi және басқа күрмеуi күрделi түйiндер әрқашан оның жанын жаралап, толғантып, тебiрентiп жүрген жәйттер болатын. Парламент депутаты болып сайланғаннан кейiн осы бағытта қай жоба көтерiлсе де ол бар зейiн-зердесiмен, ынта-ықыласымен кiрiсiп, әр әңгiме тұсында жанын сала араласып, бел шешiп, бiлек сыбана жұмыс iстедi.
Елбасы мен Үкiмет басшыларына, тағы басқа билiк иелерiне Әбдiжәлел жасаған депутаттық сауалдар тiршiлiктiң сан саласындағы шешiмiн күтiп, шоғырланып қалған мәселелердi көтердi. Депутат ретiндегi сөздерi мен сауалдарында ол панасыз бен жесiрдiң, аурулар мен мүгедектердiң, ауылдағы тұрғындардың ауызсу проблемасын, қасiретiне найза бойламайтын Арал тағдырын, тiзгiн бермей кеткен темiржол теперiшiн, бiлiм мекемелерiнiң жанға батар жай-күйiн (оқушылардың бiлiм сапасы мен денсаулық мәселесiн, спорт залдарының жетiмсiздiгiн, мектептегi басым күш әйел мұғалiмдерiнiң зейнеткерлiк жасын реттеу), ауыл тұрғындарын орталыққа көшiру, әлемдегi атом қалдықтарын елiмiзге әкелiп көму, бағынан гөрi соры басым көрiнетiн Байқоңыр тағдыры, тағы басқа кезек күттiрмейтiн жайлардың ем-домын тауып, оларды мұқият назарда ұстауды талап етедi, бiрде өтiнiп, бiрде қозғау сала жүрiп, сол мәселелердi шешудiң тиiмдi жолдарын да ұсынады.
Екi маусымға сайланып, парламент жұмысының ой-шұқырын, сан қилы сипатын толық меңгерген, мемлекеттiк деңгейдегi мәселелердi шешу iсiнде барынша белсендiлiк көрсеткен, баянды бiлiмiмен, байыпты кiсiлiк қасиеттерiмен iрi қоғам қайраткерi деңгейiне көтерiлген, сөйтiп өз пiкiрi өзгелердi ойландырып жүрген Ә.Бәкiр кешiкпей ел тыңдап, билiк санасар, өмiрлiк ұстанымдары нығайған, позициясы парасатты еңселi азаматқа айналды. Елiмiздiң даму барысында аяққа оралғы болып отырған ащы шындық, әсiресе ұлттық мүддеге байланысты баянсыз байламдар Жәкеңдi айрықша ашындырып, қай жиында болмасын ендi оның үнi жаңғырығып шығатын болды. Әсiресе жабық сыртында тұрған ұлттық менталитет, қадiрi кеткен мемлекеттiк тiл зығырданын қайнатып, баспасөз бетi мен көгiлдiр экранды азаматтық айқас мiнбесiне айналдырды. Республика көлемiнде қай жерде болмасын, қай деңгейде болмасын бағы жанбай келе жатқан осы ана тiлiмiз жөнiнде салиқалы жиын өтiп, үкiлi үндеу қабылданар болса соның бел ортасында алмас қылыштай жарқылдап Жәкең жүретiн болды.
Жәлел — табиғатынан жазуға бейiм жаратылған жан. Оның iшкi иiрiмдерi көркем суреттерге сұранып тұратын. Сөз тiркестерi өлең жолдарына айналып жүре беретiн сәттерi де жиi байқалатын. Бiрақ ол саясаткер болып қалыптасты. Көптеген көркем шығармаларға өзек пен өрнек болатын орнықты ойлар мен саялы сөздер оның аузынан көпшiлiк алдында, бұқаралық баспасөзде, телеэкранда кесiмдi ой, кестелi пiкiр, келелi шешiм болып шығып жататын болды. Бiздiң қуанышымыз да, шүкiршiлiгiмiз де осы бағытта тоят тапты.
Жәлел Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, қарымды қаламгер. Ол өз замандастарының көрiктi тұлғасын танып, кейбiрiнiң келiстi келбетiн суреттеп әңгiме, очерк, портрет-эссе жасауда үлгi боларлық стиль қалыптастырып, көңiл аударарлық жемiстi жетiстiктерге қол жеткiздi. Сыр бойында аты аңызға айналған бәрiмiздiң ұстазымыз, қанатты сөз шеберi Сламхан Бекпаев жайлы «Жарқылдап өткен жан едi…», Ел ағасы Ыбырайхан Нәлiбаев туралы «Ғибратты ғұмыр», өңiрдiң көрнектi рухани жетекшiлерiнiң бiрi Абылай Айдосов туралы «Сарыарқа сағынышым, Сырым — елiм», бәрiмiз оқыған қазақ мектептерiнiң қара шаңырағы, бүгiнгi Қалтай Мұхамеджанов атындағы номерi бiрiншi мектеп жөнiнде естелiктер жинағы, және осы жолдардың авторы жайлы «Қоңыр күз» атты кiтаптары оның шығармашылық мүмкiндiгiнiң ауқымы кең екенiн көрсетедi.
Үлкен саяси қимылдар аренасында әбден рухани шынығып, әлем дамуының көп процестерiмен молынан танысқан iзденiмпаз қайраткер жұмыс арасында «Қазақстан Республикасы кәсiби парламентiнiң қалыптасуы: саясаттанулық талдау» атты тақырыпқа саяси ғылымдар докторы деген ғылыми атақты да табысты қорғап шықты. Әрине бұл тұста осы бағыттағы әрiптестер ықыласын аударған сан салалы ғылыми мақалалар мен монографиялар дүниеге келдi. «Ел сенiмi», «Депутат әлемi» деген мақалалар жинақтары және «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтiк көзқарастары» деген оқулығы соның дәлелi.
Соңғы уақытта зейнеткерлiкке шығып, жоғарғы мектепте студенттер алдында қоғам дамуының санқырлы мәселелерiне байланысты әралуан тақырыпта дәрiс оқып жүрген Жәкең баспасөз бетiнде «Бiз кiмбiз, қайда барамыз?», «Бiз кiм болуымыз керек?» деген әзiрге ескiрмейтiн сұрақтарға байланысты өмiрiмiздiң өзектi мәселелерiн одан әрi өршелене жазуда. Арасында Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхамедғали Сужиков, Амангелдi Айталы сияқты алаш арыстары туралы тұщымды танымдық мақалалары жарық көрдi. Бұл ретте Жәлел ыждағатты зерттеушi, терең бiлiмдi ғалым ретiнде де жарқырай көрiндi.
Жоғарыда атап өткен «Бiз кiм болуымыз керек?» деген мақаласында («Түркiстан», 19-желтоқсан, 2008 жыл) бүгiнгi қазақ болмысы жайлы Әбдiжәлел Бәкiр былай дейдi: «Қазақстан 70 жыл кеңестiк Ресейдiң құрамында, шынына келгенде, боданында, өз алдына тәуелсiздiгi, құқығы жоқ ұлттық республикалардың бiрi болып, мемлекет есебiнде де, ұлт есебiнде де толыққанды қалыптаса алған жоқ. Өзiмiздi өзiмiз билей алмадық, адамзат қоғамының тең құқықты мүшесi ретiнде рухани еркiндiгiмiз болмады.
Кеңестiк саясат ұлттық құндылықтарымызға шабуыл жасаумен болды. Сөйтiп, дәстүрлi ұлттық тiлiмiзден жеруге дейiн бардық. Таза дiлiмiздi лайлап, ұлттық рухымыз әлсiреп, қазақы шынайы болмысымыз күрделi өзгерiстерге ұшырады. Үлкендi сыйлау, әдептiлiк, имандылық, инабаттылық сияқты қасиеттер бiрте-бiрте бiзден қол үзiп, алыстап барады. Әсiресе жастарымыздың көзқарастары күндiз-түнi теледидардан берiлетiн атыс-шабыспен, кез келген бұрышта сатылатын кассеталардағы бiздiң ұлттық санамызға қайшы дүниелермен қалыптасып отыр. Олар бүгiн қазақ тiлiндегi кiтаптарды оқымайды. Осы өзгерiстер күрделене түспесе әсте азаятын емес».
Бұл өз елiн сүйген, өз ұлтына адал, ата дәстүрiн ту еткен нағыз патриоттың жаһанды жаңғыртқан жанайқайы.
Жәлел туралы көп нәрсе айтуға болар едi. Бiрақ осы айтқанымыздың өзi бiр кiсiнiң тақиясына тар келмес деп ойлаймын. Әрине, қоғамның назарына iлiгiп, жұртының ойынан шығып отырған осынау адал еңбек дер кезiнде билiк тарапынан да еленiп, ескерiлiп, лайықты бағасын алып отырса нұр үстiне нұр болмас па едi? Жарасымы келер шаруаның бiрi осы-ау деп те ойлайсың. Оны өзгелер ұмытқанмен мейiрiмдi ұрпақ ұмытпасына мен кәмiл сенемiн. Осы маңайда әңгiменi аяқтасақ та жарасар деп бiлем.
Осынау қас қағымдай сәтке ғана созылғандай көрiнетiн жарты ғасырдан астам уақыт жаныңа жарық берiп, көңiл төрiн шаттыққа бөлеп, көз алдымда өтiп жатқан жасампаз өмiрдiң тұсында менiң басымнан да сан алуан кестелi кезеңдер өттi. Ән қанатында қалықтатқан қуанышты шақтар мен қою қара бұлт қатпарында қалтыратқан қасiреттi күндер, айналасына сәуле құйған серпiлiстер мен қисыны келе бермеген iркiлiстер бiрiмен-бiрi жалғасып жатты. Алайда Жәлелмен арамыздағы ыстық ықыласқа мысқалдай да ақау түсiп көрген жоқ. Керiсiнше куә болған iзгi ниеттi пенделердiң бәрiн қызықтырып, үздiксiз шуақтана түсуде. Ол әрқашан менiң қасымда. Бiздiң бойымыздағы Өмiрге деген асқынған құштарлықтың алтын арқауы да осы достық деп бiлем.
Садықбек ХАНГЕЛДИН, еңбек ардагерi, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi