Жаңалықтар

КIСIЛIКТI КIШЕКЕҢ

ашық дереккөзі

КIСIЛIКТI КIШЕКЕҢ

Кезiндегi айтулы ауыл мұғалiмi Кiшмат Досановты бүгiнде аса құрметпен еске алатындар көп

Ел iшi жақсы адамдарға кенде емес. Әр заманда, әр уақытта, тiптi, әр ауданда, әр ауылда дарқан жүректi азаматтар аз болмаған. Отырардай қасиеттi топырақта бiлiм мен ғылымға, өмiр мен еңбекке жаны құштар талай ұл-қыз дүниеге келсе, соның бiрi әрi бiрегейi ұлағатты ұстаз – Кiшмат Досанов едi.

Кiшмат Досанов немесе Кiшекең. Негiзi ол кiсiнiң аса талғампаз, бiлiмпаз, еңбекқорлығына тәнтi болған жұрт Кiшекең деп атап кеткен. Атының өзiнде адамды баурап алатын бiр жылылық сезiлгендей. Бұл есiм сол кездегi Отырар колхозына ғана емес, бүкiл республикаға танылып үлгердi. Бүгiнде Отырар алқабындағы халық ұлағатты ұстаздың халық ағарту саласында тындырып кеткен ерен еңбегiн жастарға үлгi етiп келедi. Отырар ауданы әкiмi Бейбiт Сыздықовтың тiкелей бастамасымен Шәуiлдiр кентiндегi ескi мектеп түгелдей жөндеуден өтiп, келер жылы мұражай болып ашылмақшы. Мұнда аудандағы барлық мектептерге қатысты материалдар мен қолжазбалар, тың деректер жиналып, сақталады. Соның iшiнде Отырар ауданының тарихында алтын әрiппен жазылуы тиiс Кiшмат Досанов туралы көптеген мәлiметтер де мұражай төрiне қойылмақ.

Сонымен, Кiшмат Досанов кiм? Ол сонау қиын-қыстау заманда «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгiсi» ордендерi мен «Қазақ ССР-iне еңбек сiңiрген мұғалiм» атағына қалай қол жеткiздi? Бiр қызығы, атағы мен даңқы жер жаратын Кiшмат Досанов еңбегiнiң жемiсiн көзi тiрiсiнде-ақ көрген екен.

Кейбiр деректерде Кiшмат Досанов 1920 жылы Сырдария губерниясы, Түркiстан уездiк №22 ауылында дүниеге келiптi. Ауылдағы жетi жылдық мектептi бiтiрген соң, Түркiстан қаласындағы мұғалiмдер даярлайтын педагогикалық училищеге түсiп, үздiк бiтiрiп шығады. Ұстаздық еңбек жолын 1939-40 жылдары Көксарай (қазiргi Шәуiлдiр) бастауыш мектебiнде мұғалiмдiк қызметтен бастап, отбасылық жағдайына байланысты 1940 жылы Отырар жетi жылдық мектебiне оқытушы болып ауысады. Бiрақ сұрапыл соғыс жылдары жас ұстаздың шыңдалуына мүмкiндiк бермей, Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Тәртiптi де табанды қазақтың марқасқа ұлы қан майданда да батырларша кесек қимылдар көрсетiп, арнайы ордендермен марапатталыпты. Алайда, майдан даласында ауыр жарақат алған ол туған ауылына оралып, өзiнiң сүйiктi iсiн қайта жалғастыруға бел буады. 1943-1953 жылдары Отырар орта мектебiнде мұғалiм, директордың оқу iсi жөнiндегi орынбасары, мектеп директоры сияқты жауапты қызметтердi атқара жүрiп, өз iсiне деген ұқыптылығымен көзге түседi. Мұны байқаған аудан басшылары Кiшмат Досановты Отырар колхозының бастауыш партия ұйымының хатшылығы мiндетiне ұсынады. Сосын аудандық партия комитетiнiң ұйғарымымен аудандық оқу бiлiмiнiң меңгерушiсi, Отырар колхозының басқарма төрағасы болады.

Бұл халықтың әрi-сәрi күй кешкен абыр-сабыр шағы. Тың игеру, жүктелген жоспарды орындау – басты мiндетке айналған уақыт. Кейбiр ауылда мектептiң жоқтығы жанашырлардың жанына бата бастаған мезгiл. Дәл осы кезеңде шалғайдағы бiлiм ошақтарын жандандыруға байланысты, Кiшмат Досановты 1959 жылы «Темiр» совхозының орталығындағы мектепке жiбередi. Мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын талапқа сай ұйымдастырып, оқушылар бiлiмiнiң сапасын арттыру мен ғылыми-техникалық жүйенi жақсартуға, сондай-ақ оқушы мен ата-ана қауымын бiр мақсатқа жұмылдыруда көп еңбек сiңiрдi. Осы қажымас күш-жiгерi еленiп, «Қазақ ССР халық ағарту үздiгi» төсбелгiсiн омырауына тақты.

Мiне, кең пейiлдi, бiлiмнiң кiлтiн аша бiлген ұстаздың еңбек жолы осыдан кейiн-ақ айқара ашылып сала бердi. Қазақ жастарының бiлiмдi, саналы болуы үшiн аянбай тер төккен азаматты аудан тұрмақ, облыстың бiлiм басшылары, тiптi сол кездегi Қазақ ССР оқу министрi Кенжалы Айманов та жiтi тани бастады. Мектеп директоры ұсынған тәртiптiң нәтижесiнде колхоз, совхоздағы мектеп жасындағы балалардың түгел сабақтан қалмауы қадағаланып, оқушылар саны 960-қа, ал мұғалiмдер саны 95-ке жеттi. Тiптi, мектептiң батыл директоры Кiшмат Досанов совхоз директоры Шерiм Ермановқа қайта-қайта айтып жүрiп, 900 орындық типтiк мектептiң және малшылардың баласы жатып оқитын 200 орындық бюджеттiк интернаттың салынуына тiкелей мұрындық жасайды. Қос директор бiр-бiрiнiң идеясын қолдап, мектептi тез арада салып, қолданысқа бередi.

Отырар ауданы Шәуiлдiр кентiнде бiлiктi ұстаз Кiшмат Досановтың көзiн көрген замандастары, әрiптестерi жетерлiк. 1958-1987 жылдары Отырар аудандық бiлiм бөлiмiнiң бастығы қызметiн атқарған, бүгiнде аудандық Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Құтым Ордабаев Кiшмат Досанов жайындағы әдемi естелiгiн былай өрбiтедi.

«… 1964 жылы Оқу министрi Кенжалы Айманов ауданның халық ағарту жұмысымен танысуға келдi. Ол кезде бiлiм бөлiмiнiң меңгерушiсi едiм. Аудан әкiмi, тағы да басқа басшылар министрдi Абай атындағы орта мектепке алып барды. Әр сыныптың сабақтарына қатысып, бiлiмдерiн сынап көрдi. Кей сынып оқушыларына есептер бердi. Сонда бiрде-бiр оқушы берiлген сұраққа жауап бермей қалған жоқ. Артынша мұғалiмдердi жинап, мәжiлiс өткiзген Айманов: «Мен министр боп, республиканың барлық аудандарын, ауылдарын аралап жүрiп, дәл осындай бiлiмдi оқушылар көрген жоқпын. Мектептiң бiлiм беру сапасына ризамын» деп таң қалды. «Министрлiктен арнайы бригадалық топ жiберемiн. Бұл мектептiң жұмыс тәжiрибесiн республикаға таратамыз» дедi. Айтқандай-ақ, жарты айдан кейiн министрлiктiң аға инспекторы Даубаев Ғубайдулла бастаған топ 10 күн сараптама жасап, мектептiң тәжiрибесiмен танысты. Содан соң Қазақ ССР Оқу министрлiгiнiң жұмыс отырысында қаралып, Абай атындағы орта мектептiң iс-тәжiрибесiн Қазақстан мектептерiне тарату туралы қаулы қабылданды. Бұдан соң Кiшмат Досанов мектепте облыс бойынша қазақ бастауыш сынып мұғалiмдерiн даярлайтын бiр жылдық курс ашып, 6 жыл бойы әр ауылдан келген ұстаздарды баулып, тәрбиелеп шығарды. Оқу министрiнiң ұсынысы бойынша Кiшмат Досановқа Қазақстан Жоғары кеңесiнiң «Қазақ республикасының еңбегi сiңген мұғалiм» атағы берiлдi. Сол жылдары мектеп iшiнен оқушылардың өндiрiстiк бригадасы ұйымдастырылып, ақ жүгерi егудi қолға алып, әр гектардан 50 центнерден 500 центнерге дейiн өнiм өндiрдi».

… Бiздiң Кiшмат Досанов салдырған Абай атындағы орта мектепке де жолымыз түстi. Онда әлi күнге ұстаздың қолтаңбасы, табанының iздерi сайрап жатыр. «Ғалымның өзi өлсе де, хаты өлмейдi» демекшi, Кiшмат ұстаздың бастаған iсiн жалғастырушылар сол жолдан бiр тайған емес. Алайда, бiлiм ұясы iргесiн қалаған 1973 жылдан берi бiрде-бiр күрделi жөндеу жұмысынан өтпесе де, қазiргi директор Айман Момбекқызы бастаған ұстаз қауымының күтiп ұстауы арқасында аудандағы үздiк мектептердiң қатарынан түспей келедi екен. «Өйткенi, бұл мектептiң оқу базасы Кiшмат Досанов директор болған тұста-ақ жасақталып, аты шықты. Ендi бiз, мектептiң биiк тұғырдан түспеуi үшiн және ұлы ұстаз Кiшмат Досановтың рухын асқақтату үшiн тер төгемiз», дейдi бүгiнгi тiзгiндi ұстаған директор. Ал 1986-1996 жылдары дәл осы мектептiң директоры әрi математика пәнiнiң мұғалiмi, бүгiнде 72 жастағы зейнеткер Алдажұман Иманбек ұлағатты ұстаздың адами қасиетiн былайша сипаттайды.

«…Кiшекең педагогикалық шеберлiк пен пәндiк әдiстеменi өте жоғары қойды. Мұғалiмдердiң бiлiмi мен iскерлiгiн күшейтудi қолға алып, бiр күндi бiлiм жетiлдiруге бөлдi. Педагогикалық кеңестiң жиналыстарының рөлiн өте шебер пайдаланды. Ата-аналармен, оқушылармен қарым-қатынасы, сынып жетекшiлерiмен байланысы жақсы едi. Талап пен тәртiптi тек мұғалiм мен оқушыларға ғана емес совхоз басшыларына да қойды. Совхоздың жетiстiгiн, аудан халқының көптiгiн айтып, осы мектептi салғызды. Мұғалiмдердiң тұрмыстық жағдайына көңiл бөлгенi соншалық, олар оқушылармен мақтаға, жүгерiге кетсе, үйiне отын, көмiрiн түсiрiп беретiн. Тiптi, iрi мал алып, бәрiне теңдей бөлiп беретiн…».

Зейнеткер-ұстаз Кәрiбай Молдабеков те Кiшмат Досановтың темiрдей тәртiбiне бағынған. Кәрiбай ата бүгiнгi таңда ұлағатты ұстаздың атында бiр де бiр аудан мектебiнiң не болмаса көшенiң жоқтығын айтып қынжылыс бiлдiрдi.

… Абай атындағы орта мектептiң жағдайы түзелiп, аты республикаға мәшһүр болған соң, 1973 жылы аудандық партия комитетi Кiшмат Досановқа қолқа салып, Сырдария өзенiнiң арғы жағындағы, қазiргi Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы мектептiң оқу және техникалық базасын көтеру мақсатында директор етiп тағайындайды. Бұл кезде мектеп оқушылары 3 ауысымда, 7 бөлек санитарлық гигиеналық жағдайға сай емес ғимаратта оқитын. Кiшмат Досанов келе салысымен-ақ, мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуға арналған жоспар жасайды. Оқу кабинеттерi қайта жабдықталып, ашық сабақтар өткiзу дағдыға айналды. Ол мұнда да өндiрiстiк бригаданы ұйымдастырады. 1978 жылғы көктемде 25 га жүгерi егiлiп, әр гектардан 70 ц жүгерi алынды. Бүкiл совхоздың 3,1 пайыз өнiмiн өндiретiн бұл бригада 1984 жылы «тәжiрибе мектебi» аталып, облысқа кеңiнен тарап кеттi. Кiшмат Досанов осы бiлiм ұясында зейнеттiк демалысқа дейiн тынбай еңбек еткен.

«… Кiшекең ең әуелгi iсiн мектептiң материалдық базасын нығайтудан бастады. Сосын кадрларды iрiктеудi қолға алды. Барған екi мектебiнде де сондай тәртiптi орнатты. Әрбiрден соң, тиiстi мекемелердiң табалдырығын тоздырудан шаршамаған Кiшекең басшылық жасаған екi мектептi де өзi салдырды. Бiрде М.Әуезов атындағы мектепке Обком хатшысы Асанбай Асқаров келдi. Себебi, Кiшекең бара сала мектептiң өндiрiстiк бригадирлiк жұмысын жандандырды. Бiр гектардан 158 центнер жүгерi жинаған кездерi болды. Оның бұл iсi үлкен нәтиже берiп, басшылардың бұл мектепке әдейi ат басын бұруына түрткi болды. Содан Асанбай Асқаров облыстық семинар өткiзiп, барлық совхоздың басшыларын, аудан, облыс хатшыларын жинады. Осы кезде мектептiң оқушылары шағын көрiнiс ұйымдастырып, Асқаровтың мойнына ал қызыл галстукты тағып, пионер қатарына қабылдады. Сонда Кiшекең бiр пионердi дайындап, оған «Мектепте оқу корпусы жоқ. Жетi бөлек жайға барып, оқимыз. Мүмкiндiк болса, бiзге бiр мектеп салынса…» деген сөздi айтқызған едi. Асқаровтың көзiнен жас шығып кеттi. «Ақшаң бар ма? Мына оқушылардың айтқанын естiдiң ғой», – дедi Каракөл ТРЭС-тiң бастығы Ұқбаевқа. Ол: «Бар, бар, табамын» дедi. Одан «Стройтэсттiң» бастығы Алдияров деген азаматқа: «Мына кiсi ақша бар дейдi, мектеп саласың ба?» деп едi, ол да қатырамыз деп басын изедi. «Естiдiңдер ме, балалар! Бiреуi ақша берем дедi, екiншiсi мектеп саламын дедi. Ендi келесi оқу жылында жаңа мектепте оқитын боласыңдар!» деп қуантып кеттi. Шынында да, жаңа оқу жылында 1200 орындық мектептiң тұсауы кесiлдi. Содан не керек, Асанбай Асқаров облысты 8 жыл басқарып тұрған тұста әр жыл сайын бiр жаңа мектептен салып бердi…», – дейдi Отырар аудандық Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Құтым Ордабаев.

… М.Әуезов атындағы орта мектеп кәдуiлгi қаланың мектебiнен аумайды. 1985 жылы салынған бiлiм ұясы бүгiнге дейiн талай бiлiмдi ұрпақты тәрбиелеп шығарған. Әр жыл сайын 1200-дей балдырғанды қабылдап, қанаттандырған мектептiң аудан бойынша алатын орны ерекше. Әсiресе, оқушылардың өндiрiстiк бригадасының озат жұмысы М.Әуезов мектебiнiң атын республикаға шығарды. Ал қазiргi оқушылар түрлi пән бойынша жарыстарға қатысып, жүлделi орындарды қанжығасына байлап жүр. Бұл ертеден жалғасып келе жатқан дәстүр сабақтастығын аңғартса керек.

Қазақстан республикасының бiлiм беру iсiнiң үздiгi, Көксарай ауылының билер алқасының төрағасы Зияудин Юсуповке жолыққанымызда, Кiшмат Досанов туралы, ол кiсiнiң болмыс-бiтiмi жайында айтқан едi. «1970 жылы КазПи-дi бiтiрiп, осы мектепте математикадан сабақ бердiм. Кiшекең барлық күш-жiгерiн мектеп жұмыстарына сарқа жұмсайтын, адал, тиянақты, талапшыл, қулық-сұмдығы жоқ адам едi. Кiшекеңнiң ерекше қасиеттерiнiң бiрi алдына барған адамның өтiнiшiн орындауға тырысатын. Ол кiсiмен бiрге комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет iстедiм. 14 жыл интернаттың меңгерушiсi болдым. Ақырғы демi үзiлгенше бiрге жұмыс iстедiк. Кiшекең жұмыс iстейтiн адамдарды барынша жақсы көретiн. Бiр сенген адамына мәңгi-бақи сенетiн. Кiшекең жасының үлкендiгiне қарамастан, өте қонақжай, кiшiпейiл жан едi. Ол кiсi келе жатыр дегенде мұғалiмдер де безгек қағатын. Бiрақ ешкiмге сағат жетпей қалып, арыз жазған, мектептен шығарған оқиғалар болған жоқ. Кiшмат Досанов бұл мектепте 1973-1985 жылға дейiн еңбек еттi. Зейнеттiк демалысқа шыққан ұстаз 1990 жылы 15 қыркүйегiнде дүниеден озды. Ұмытпасам, сол кiсiнiң жаназасында аудан зиялылары «Ол кiсiнiң атына мектеп салдырайық, көше бергiзейiк, сол кiсiнiң атынан оқушыларға стипендия тағайындайық» деген бiрнеше уәделерi бар едi. Өкiнiшке қарай, мұның бәрi аяқсыз қалып, бiрде-бiреуi орындалған жоқ.. .».

«Ұлағатты ұстаз Кiшмат Досанов туралы таң атырып әңгiме айтуға болады» дейдi бiрге қызметтес, әрiптес болған ағалар. Әрине, ел аузынан түспейтiн ұстаздың айтуға тұрарлық өлшеусiз еңбегi мен қалдырған мол мұрасы бар да ол туралы естелiк әлi де айтыла бермек, жазыла бермек. Алайда, Отырар ауданының Бауыржан Момышұлысы боп кеткен әрi көз алдымызда аңыз адам бейнесiнде көлбеңдейтiн Кiшмат Досановтың атында мектептiң, тым болмаса бiр көшенiң жоқтығы бiздiң де көңiлiмiзге өкiнiш ұялатты. Аудан ұстаздарының көшбасшысы болған асыл азамат, абзал аға қандай құрметке болсын лайық емес пе?!

… Қолыма 1972 жылы жарық көрген ескi газеттiң қиындысы түстi. Мақала аяулы ұстаз Кiшмат Досанов жайында екен. Онда Кiшмат Досанов: «…Педагог кадрлар даярлау және оларға мәдени-тұрмыстық қамқорлықтар жасау жөнiнде нақты iс-шаралар белгiлендi. Басқасын айтпағанның өзiнде, үстiмiздегi жылдың қыркүйегiнен бастап мұғалiмдер жалақысының едәуiр мөлшерде арттырылатыны белгiлi. Мұның өзi халық ағарту қызметкерлерiне деген үлкен қамқорлық. Бiз жастарға сапалы бiлiм, саналы тәрбие беруден жалықпай келемiз» деп бүгiнгi күнi де маңыздылығын жоймаған мәселенi сол кездiң өзiнде көтерiп қана қоймай, табанды түрде орындата бiлгенi көрiнiп тұр. Мұғалiмнiң беделiн айқындайтын осы бiр мәтiн жолдарын оқып отырып, «Еңбегi далаға еш кетпейтiн» ұстаздың әрбiрi осындай-ақ болса екен деп басымды идiм.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ