Жаңалықтар

Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА: ҚОРСЫЗ ҚАЛҒАНДАРҒА ҚИЫН

ашық дереккөзі

Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА: ҚОРСЫЗ ҚАЛҒАНДАРҒА ҚИЫН

Алматыда өткiзiлген Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Түркия елдерiндегi әлеуметтiк ахуал, жұмыссыздықпен күрес, дағдарыстан кейiн атқарылуы тиiс шаралар талқыланды. «Түркiстан» газетiне сұхбат берген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова ханым дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын әлемдiк қауымдастықтың қалай бағалағаны, отандық және шетелдiк еңбек мигранттарының жағдайы, «Жол картасы» мен үкiметтiк шаралар туралы ой бөлiстi.

– Гүлшара Наушақызы, сiздiңше, экономикалық дағдарыс Орталық Азия, оның iшiнде, Қазақстанға қалай әсер еттi?

– Бүгiн БҰҰ мен БҰҰ құрылымдарының және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң бастамасымен, экономикалық дағдарыстың әлеуметтiк салаға әсерiн сараптау мақсатында екiкүндiк конференция өткiздiк. Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Түркияның iшiнен Қазақстанды таңдауы тегiн емес. Себебi, бiздiң елiмiзде банк саласы, қаржы жүйесi, жұмыссыздықпен күрес үшiн «Жол картасы» т.б. дағдарысқа қарсы шаралар дер кезiнде қабылданды. Әлеуметтiк саладағы көрсеткiштер де бiртiндеп көтерiлiп келедi.

– Көптеген елдiң басын қосқан бұл конференцияны Алматыда өткiзуге не себеп?

– Үстiмiздегi жылдың жазында Женева қаласында Халықаралық еңбек ұйымының 90 жылдық мерейтойына орай, саммит өттi. Аталған шарада қазақстандық делегация тарапынан Қазақстан Үкiметiнiң дағдарысқа қарсы бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы кеңiнен мағлұмат бердiк. Сарапшылардың бiздiң үкiметтiк бағдарламаны жоғары бағалауы БҰҰ-ның келесi кеңестi Қазақстанда өткiзуге ұсыныс бiлдiруiне себеп болды. Сол саммитте жұмыс орындары туралы Бас келiсiмге қол қойылды. Менiңше, қабылданып жатқан екiжақты, үшжақты, көпжақты келiсiмдер әлеуметтiк салада, жұмыссыздықпен күрес мәселесiнде кез келген елге көп көмектеседi.

– Конференцияда шетелдiк әрiптестерiңiзбен қандай мәселелердi кеңестiңiз?

– Негiзiнен дағдарысқа төтеп беру мақсатында қолданылған жедел шаралар жөнiнде ой бөлiстiк. Мәселен, Әзiрбайжан, Ресей, Түркияның осы мәселеде қол жеткiзген жетiстiктерi көп. Әрине, Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстарға қызығушылық танытқандар жетерлiк. Сонымен қатар қазiр экономикалық, әлеуметтiк тұрғыда қиындықты еңсерiп үлгермеген елдер де бар. Мысалы, Грузияда жұмыссыздық 16 пайыз, Қырғызстанда дағдарыстың керi әсерi әлi толық жойылмаған. Негiзi кезiнде қор жинап алған мемлекеттер үшiн дағдарысты еңсеру аса қиынға түскен жоқ. Ал қорсыз қалғандардың қазiр қиындықтарға ұрынуы – заңдылық. Бiртұтас кеңiстiкте өмiр сүрiп жатқандықтан, барлық елдiң дағдарыстан қиналмай өтуiне және халықты жұмыспен қамту, әлеуметтiк қолдау, еңбек нарығын тұрақтандыру, азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету секiлдi дағдарыстан кейiн атқарылуы тиiс шараларға қатысты ортақ Декларация қабылдадық.

– Тәжiк әрiптесiңiз шет елдерде жүрген тәжiк мигранттарды әлеуметтiк сақтандыру мәселесiн мемлекетаралық келiсiмдер арқылы бекiтуге шешiм қабылданғанын айтты. Қазақстан тарапынан қандай қадамдар жасалынуда?

– Қазiргi кезде еңбек мигранттарын қорғауға қатысты ТМД елдерi бойынша келiсiм-шарт ҚР Парламентiнде қарастырылып жатыр. Осы құжатқа сәйкес, мигранттардың жұмыс iстеу, құжат жинау тәртiбi бекiтiледi. Ал әлеуметтiк мәселелерге орай туындайтын жайттар олар келген елдер тарапынан шешiлетiн болады.

– Шетелдiк жұмыс күшiне арналған квота мәселесiне қатысты қандай өзгерiстер бар?

– Шетелдiк жұмыс күшiне квота берiледi. Өздерiңiз бiлесiздер, жыл сайын арнайы мөлшерде квота бекiтiледi. 2010 жылы да шет мемлекеттерден келетiн жұмыс күшiне байланысты квотаны биылғы көлемде, яғни, 60 мың төңiрегiнде белгiлендi. Осыдан бiр-екi жыл бұрын шетелдiк мигранттар аталған көрсеткiштен 2 есе көп болатын. Бiрақ дағдарысқа байланысты бiз квотаны төмендеттiк. Әрi шетелдiктер 60 мыңды түгел пайдаланбайды, оның жартысын, яғни, 30 мыңын қанағат тұтумен келедi.

– Келесi жылы халықтың әлеуметтiк ахуалын жақсарту мақсатында тағы қандай шаралар жүзеге асырылады?

– «Жол картасын» 2010 жылы да жалғастыру көзделуде. Халықты жұмыспен қамту үшiн республикалық бюджеттен 140 миллиард теңге, жергiлiктi бюджеттен 40 миллиард теңге бөлiнбек. Шамамен алғанда, 1 млрд. АҚШ долларына жуық осы қаражат елдегi жұмыссыздық деңгейiнiң жоғарылап кетпеуiне ықпал етедi деп ойлаймын. Тағы бiр маңызды жайт, бүгiнде Еңбекпен қамтамасыз ету туралы жаңа концепция дайындалып жатыр. Бүгiнгi конференцияда басқа елдердiң тәжiрибесi туралы да айтылды. Жұмыс берушiлер конфедерациялары тарапынан да қызықты әрi тиiмдi ұсыныстар түсуде. Менiңше, келешекте осындай ұсыныстардың бәрiн ескеру қажет.

– Жұмыссыздықпен күресте «Жол картасына» артылар үмiт көп. Алайда, кейiнгi кезде БАҚ-та кейбiр өндiрiс орындарының қызметкерлерiн жұмыстан әдейi шығарып жiберiп, «Жол картасының» шеңберiнде қайта жұмыспен қамтамасыз етiп жатқан жайттардың жиiлеп бара жатқаны туралы дабыл қағылуда. Сiздiңше, мұндай әрекеттер қаншалықты заңды?

– Бұл мәселеде жiберген кемшiлiк жоқ. Өйткенi, жұмыс берушiлер «Жол картасының» шеңберiнде берiлетiн тапсырыстар болмаса, қызметкерлерiн қысқартуға мәжбүр болар едi. Негiзi бұл мәселе Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асырылуы тиiс. Бiрақ бiз мекеме басшыларына «Жол картасына» өз қызметкерлерiн де тартуға рұхсат еткенбiз.

– Мемлекеттiк жәрдемақылар 2010 жылы өсiрiле ме, әлде биылғы көлеммен шектеле ме?

– Зейнетақы – 25 пайызға, күнкөрiс деңгейi инфляция деңгейiне қарай артады. Сонымен қатар мүгедектерге арналған, асыраушысынан айрылғандарға арналған жәрдемақы көлемi де көтерiлмек.

– Кез келген жәрдемақыны алу үшiн құжат жинау – қиямет қайым. Құжаттарды бiр терезе қағидасы бойынша қабылдау қарастырыла ма?

– Бiр терезе қағидасы бiздiң Зейнетақыны төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталыққа (ЗТМО) енгiзiлген. Тек қазiр барлық төлемдердi, мысалы, тұрғын үй, әлеуметтiк көмек, жұмыс берушi мен кәсiпорындар арасындағы өзара байланыс т.б. ЗТМО базасына шоғырландыруды көздеп отырмыз.

– Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейi ресми мәлiметтерде 6 жарым пайызға жетпейдi. Бұл көрсеткiштi өзге елдермен салыстырғанда, қаншалықты төмен?

– Ресей, Беларусьпен салыстырсақ, бiр деңгейдемiз. Ал жұмыссыздық деңгейi 16 пайызға тең Грузия, 13 пайызға тең Түркиядан әлдеқайда төмен.

– Елiмiздегi бейресми деректер Қазақстандағы жұмыссыздықтың 6,2 пайыз емес, 12, тiптi, кейде 25 пайыз екендiгiн айтады. Сандық көрсеткiштердiң соншалықты алшақ болуына не себеп?

– Қазақстандағы жұмыссыздар санын есептеуде бiз Халықаралық еңбек ұйымының тәсiлдерiне жүгiнемiз. Конференция барысында өздерiңiз естiдiңiздер, барлық елдер осы тәсiлдi қолданады. Басқа деректер мүмкiн сарапшылардың өзiндiк болжамына сүйене отырып шығарған көрсеткiштерi болар. Жалпы статистиканың есебi — осы. Ендi бiзде түрлi категориялар бар. Мысалы, өзiмiз қамтамасыз ететiн категориялар, уақытша жұмыс iстейтiндер, қысқа режимге көшкендер, өзiн өзi жұмыспен қамтамасыз ететiндер бар. Олардың барлығы да жұмыссыздар санатында жоқ. Өйткенi, белгiлi бiр кiрiс, табыс көзi бар.

– Әлемдiк экономикалық дағдарыс әлi толық ауыздықталған жоқ. Демек, қиындықтар да бiтпедi. Егер жағдай тағы да күрт ушығып, жұмыссыздық деңгейi өсетiн болса, халықты қолдауға Үкiмет қаншалықты дайын?

– Дағдарыс жалғасатын болса, Қазақстан кез келген қиындыққа әзiр. Өйткенi, «Жол картасын» одан ары iске асырумен бiрге әлеуметтiк саланы қолдауға қатысты қаражат жылдағыдан 150 миллиард теңгеге артық.

– 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь ортақ Кеден одағын құрады. Бұл Қазақстанға қарай ағылатын еңбек мигранттарының санын көбейтуге ықпал етпей ме?

– Жоқ! Кедендiк Одақ еңбек мигранттарының күрт көбеюiне ықпал етедi деп есептемеймiз. Өйткенi, Беларусь және Ресеймен еңбек нарығына қатысты келiсiмшарттар бұған дейiн жасалған. Алдағы уақытта да осы құжаттар шеңберiнде жұмыс iстейтiн боламыз.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ