ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРIНIҢ БАСҚОСУЫ КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРIНIҢ БАСҚОСУЫ КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТЕРIНIҢ БАСҚОСУЫ КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI
ашық дереккөзі

Желтоқсанның 9-ы күнi Астанада қазақтiлдi ақпарат құралдарының тұңғыш халықаралық форумы өткiзiлуi тиiс болатын. Бiрақ, бұл форум келесi жылдың қаңтар, ақпан айларында өткiзiлу үшiн кейiнге шегерiлдi.

Қазақстаннан басқа мемлекеттердiң барлығында ұлттық баспасөзге арналған мұндай ауқымды iрi шаралар жиi ұйымдастырылып тұрады. Әрине, Қазақстанда iрi көлемде, халықаралық деңгейде өткiзiлiп тұратын медиафорумдар жеткiлiктi. Солардың бiрi – 8 жыл бойы тұрақты өткiзiлiп келе жатқан Еуразиялық медиафорум. Сондай-ақ, ТМД көлемiнде жыл сайын орыс журналистерiнiң халықаралық конгресi ұйымдастырылып тұрады. Оның құрылтайшыларының бiрi және ұйымдастыруға мұрындық болып жүргендердiң сорпа бетiне шығары – Дариға Назарбаева. Бiрақ, бұл форумдарда қазақтiлдi ақпараттың жай-күйi талқыға түспеуi былай тұрсын, қазақ журналистерi оның есiгiнен сығалаумен ғана шектелетiн.

Осыдан бiр ай бұрын бастамашыл топ Алматыда бас қосып, қазақ журналистерiнiң басын қосатындықтарын мәлiмдегенде, бұны журналистер қауымы аса қуанышпен қабылдады. Газеттердiң барлығында алдағы форумның жай-жапсары талқыланып, түрлi ұсыныстар айтыла бастаған едi. Форумды ұйымдастыру алқасының мүшесi, «Аманат» пiкiрсайыс клубының жетекшiсi Берiк Уәли де бұл форумның ауқымдылығы оның бүгiн-ертең өткiзiлуiне кедергi болғандығын айтады. Берiк Уәли: “Әу баста форумға қатысушыларды 250-дiң маңайында болады деп есептегенбiз, алайда бұл сан одан 2 есеге көбейiп кеттi” дейдi. Ел арасында айтылып жүрген кейбiр қаңқу сөздердiң бәрiн жоққа шығарған ол форумның шегерiлуiнiң ешқандай саяси себебiнiң жоқ екендiгiн айтады. Алдымен форум халықаралық деп үкiленгеннен кейiн бұған шеттегi қазақ журналистерiнiң де келуiн қамтамасыз ету жоспарланғандығы мәлiм болатын.

Берiк Уәли:

— Шетелдiк әрiптестерiмiздiң бұл форумға келуi үшiн визалық және рұқсатнамалық құжаттарын рәсiмдеуге уақыты жетпей қалатын болды. Одан кейiн мейрам қабаттасып кететiндiктен, бұл форумды асықпай, аптықпай, жоғары деңгейде өткiзу мақсатында келесi жылдың қаңтар, ақпан айларының бiрiне шегергендi жөн санадық, – дейдi ол.

Сонымен қатар, Берiк Уәли кез келген iрi ауқымды шараның тәуелсiздiк алған 18 жыл iшiнде тек қана жоғарыдан ұйымдастырылып келгендiгiн жеткiздi.

– Бұл форумның маңыздылығының өзi сол, оның өткiзу идеясы жоғарыдан айтылған жоқ, төменнен қозғалды. Әрi бұған үн қосушылар да көп болды. Бұл қазақ журналистерi арасында кәдiмгiдей қозғау салды. Алматы мен Астана қалаларына осы форумға қатысты әртүрлi деңгейдегi жиындар ұйымдастырылып, форумға деген ұсыныстар айтыла бастады.

Қазақ журналистерiнiң бұл басқосуына тек журналистердiң ғана қатыспайтындығын сондай-ақ, зиялы қауым өкiлдерi мен саясаткерлер, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлерi төбе көрсеткелi отырғандығын мәлiмдедi.

Қазақ мәселесi тар қапаста, ас үйлерде талқыланатын деңгейден iрi мемлекеттiк көлемге дейiн жетiп жатқандығы қуантады әрине. Бiрақ, бұл iстiң билiктен де қолдау тапқаны жөн болар едi. Саясаттанушы Берiк Әбдiғали өзiнiң бiр сөзiнде мемлекеттiк тiлдiң төрге озуы үшiн, оған саяси шешiмдердiң жетпей жатқандығын айтып едi. Қазақ мәдениетi мен қазақ тiлiнiң өз елiнде өгейдiң күйiн кешуi қазақ жастарының iрi-iрi ауқымды шараларды ұйымдастыруына мұрындық болып отыр. Қазақтiлдi баспасөз де қазақ тiлiнiң пүшәйман халын кешуде. Мемлекеттiк тапсырыстардың өзi қазақ газеттерiнен гөрi орыстiлдi басылымға көбiрек бөлiнедi. Жақында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Қазақстанның ақпарат кеңiстiгi Ресейдiң 57% ақпаратын тұтынатындығын айта отырып, бұған қанағаттанарлық деген баға бердi. Ал, бiзден өзге посткеңестiк мемлекеттердiң көпшiлiгi Ресейдiң ақпараттық экспансиясынан қорғанатыны соншалық, оны өз елдерiнде таратуға барынша тыйым салып бағуда. Ал, тәуелсiздiктiң 18 жылдығы қарсаңында тәуелсiздiктiң бүгiнгi құрдастары өз ана тiлiнен мақұрым, өз мәдениетiн мансұқтаған ұрпақ болып қалыптасты. Сол себептi де бiзге ұлттық журналистика өкiлдерiнiң бас қосып, қордаланған проблемаларды талқылауы өте-мөте қажет.

Есенгүл Кәпқызы