Жаңалықтар

“ЖЕР ӨРТЕ” ДЕГЕННIҢ ДЕ ЖӨНI БАР

ашық дереккөзі

“ЖЕР ӨРТЕ” ДЕГЕННIҢ ДЕ ЖӨНI БАР

Әрине, Қазақстанның тарихын түсiнбеу – Қазақстанның өзiн түсiнбеуге апарып ұрындырады. Сондықтан да әртүрлi алып-қашты айыптау сөздер жаңсақтық. Көп этностық топтар жайлаған республикада тiлге, ұлттық мүддеге қатысты бiздiң стратегиялық ұстамдылығымыз табысты болып шығуы мүмкiн.

Өйткенi, АҚШ-тағы Гарвард университетiнiң орыстарды зерттеу орталығы социализм кезiнде-ақ Кеңестер Одағын «Ресей» деп көрсетедi екен. Мұның мәнiсiн елшi Джордж Кеннаннан сұрағанда ол күлiп: «Өйткенi Кеңестер Одағы мәңгiге тұра бермейдi, бiрақ онда әрқашан да Ресей қалады» деп жауап қатыпты. Сол айтқандай, бұл топырақта отаншылдар ғана қалады.

Соның сiңiрлi сiлемi мен негiзi “Ел бiрлiгi” доктринасында салынған. Мұны көзiқарақты, көкiрегi ояу кез келген жан түсiнуге тиiс едi. Онда ең бiрiншi «Қазақстан халқын бiрiктiрушi фактор ретiнде мемлекеттiк тiлдi дамытудың» қажеттiгiне көңiл қойған. Осының өзi кешеден бастау алған мемлекеттiк саясаттың ертеңгi арнасы қайда кетiп бара жатқанын аңғартса керек едi.

“Ел бiрлiгi” — қазақстандық қоғамды әлеуметтiк, саяси, этностық, дiни және басқа да ерекшелiктерiне қарамастан «Отаным», «Жерiм»,»Елiм» деген патриоттық ұғымдар арқылы бiрiктiрудi;

— қазақтың сайын даласына тамыр жайған өзге этнос өкiлдерiн ортақ тарих пен серiктес тағдыр негiзiнде қазақ ұлтының жанына ұйыстыру. Ол үшiн мемлекет құраушы ұлт — қазақ ұлтының ауызбiршiлiгi мен ынтымағын арттыруды;

— азаматтық сәйкестiк пен жауапкершiлiк, ел мен жерге деген сүйiспеншiлiк пен адалдық, әр азаматтың қазақстандық қоғамдағы орны мен мақсат-мiндетiн айқындап берiп отыр.

Тәуелсiздiк пен егемендiгiмiздiң негiзi болып тұрған береке-бiрлiгiмiздiң түте-түтесiн шығарып iрiту, кiмнiң бөктерiншегiн тоғайтып, қанжығасына олжа байламақ. Ежелден шашақты найза, үкiлi домбыра ұстаған ел неше жерден батыр, неше жерден дiлмәр болса да аталы сөздiң алдында атының басын iркер едi ғой. Астармен айтып атаның құнын алған, емеурiнмен елiнiң есесiн қайтарған баба мәмiлесi, сабақтастығы қайда? Бәрiмiз қарадүрсiн кейiпке айналсақ жұртымыздың бiлiгi қайда көрiнбек? Мәселенi қабырғасынан қойып «қазақ қоғамы» десек кiм ұтып, кiм ұтылады. Әлбетте, ұтылатын бiз. Ондайда дұшпан түгiлi досымызды үркiтiп алуымыз кәдiк. Санымызды, сапамызды көтермей несiне шiренемiз?

«Шалқасынан туған ай өзiне жайлы, елге жайсыз» демеп пе едi ғарыш тылсымынан да сыр аңғарған сұңғыла абыздарымыз. Ақын Мұхтар Шаханов Доктрина жобасын басқа жобамен шатастырған ба? Әлде оқыса да мәнiне бойлай алмай, түсiнбеген бе деген ойда қаласыз.

«Жер өртеудiң» жөнiн осылай тапты ма екен?..

Ал бiле бiлген адамға сол оппозицияның кейбiрi тұтастай қазақтың басын қосудың орнына, бiр бiрiне айдап салып, ұлтты қырық-пышақ қылғысы келетiнi бесенеден белгiлi емес пе. Баяғыда ата-бабаларымыз «жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты» дегендi бекер айтпаған. Онсызда басы бiрiкпей отырған қазақты быт-шыт қылып, ел iшiне бүлiк салғаннан не пайда таппақ?

Бiздiң асыл мұратымыз саяси сипат алса да түпкiлiктi мақсатқа құрылуы тиiс. Шынайы Ел бiрлiгi қазақылық ұғым мен түйсiк қанға әбден сiңгенде барып жүзеге асады. Сонда ғана ол мәңгi жасайды. Аңсағанымыз — ОСЫ. Мұны жалпақ жұрт қолдап отыр. Ол — болашақта түпкiлiктi жеңiске апарар негiзгi саты.

Бұл — жоба ғана. Ұсыныстармен толығады, өзгерiстер жасалады. Одан да интеллектуалдық күштi жұмылдырып, ел игiлiгiне айналар ұсынымдар енгiзген жөн. Және осы бастамашыл ойлардың қоғамға қажеттiгiн дәлелдеп түсiндiре бiлсек, оны тұрмысқа тиiмдi шарт ретiнде енгiзе алсақ, сол абзал болар едi.

Ержан ЫДЫРЫСҰЛЫ,

Астана