ТАУАР АЙНАЛЫМЫ – 1 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫ
ТАУАР АЙНАЛЫМЫ – 1 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫ
Кейiнгi кездерi Қазақстан мен Польша дипломатиялық, сауда және экономикалық ынтымақтастықтың артуына баса назар аударған. Осының нәтижесiнде, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн қазақтар мен поляктар елi арасындағы тауар айналымы 1 миллиард АҚШ долларына жетпек.
Өткен сенбiде Польша Республикасының Қазақстандағы елшiлiгi Сауда және Инвестиция жөнiндегi бөлiмi ұйымдастырған Польша-Қазақстан Бизнесiне арналған салтанатты кеште Польшаның Қазақстан мен Қырғызстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Павел Чепляк, Польшаның Қазақстан мен Қырғызстандағы Бас консулы Веслав Осуховский, Сауда және Инвестиция жөнiндегi бөлiмiнiң бастығы, Бас кеңесшi Збигнев Сверчиньский қазақстандық және поляк кәсiпкерлердiң бiрқатарын «Экономикалық қатынастарды дамытқаны үшiн» мақтау қағазымен марапаттады. Ал арнайы өткiзiлген баспасөз мәслихатында елшiлiк өкiлдерi екi ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 2009 жылға тиесiлi көрсеткiштерiн қорытындылады.
Алғаш рет 1992 жылдың 6-сәуiрiнде ресми түрде бекiтiлген Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас, саяси, экономикалық, сауда және мәдени ынтымақтастық қарқынды даму үстiнде. Үстiмiздегi жылы ұйымдастырылған Экономикалық ынтымақтастық жөнiндегi Қазақстан-Польша комиссиясы қазақ пен поляк кәсiпкерлерiнiң форумын өткiзуге мұрындық болды. Форумға поляктардың – 64, ал қазақстандық 100-ден аса фирма өкiлдерi қатысып, аталған шара барысында ҚР Сауда-өндiрiстiк палатасының вице-президентi Татьяна Жданова мен Польша-Қазақстан Сауда-өндiрiстiк палатасының төрағасы Петр Гузовски, сондай-ақ, «Даму» Кәсiпкерлiктi қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы А.Останевич пен Польшадағы Кәсiпкерлiктi дамыту агенттiгiнiң төрайымы Божена Люблиньска екiжақты келiсiмге қол қойса, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесiне орай, Жұмыс берушiлер (Кәсiпкерлер) конфедерациясының Басқарма төрағасы Қадыр Байкенов пен Польшадағы Жұмыс берушiлер конфедерациясының вице-президентi Михал Шубски ортақ келiсiмдi қабылдады. Үстiмiздегi жылы екi ел халқының игiлiгiне арналған басқа да екiжақты құжаттар жетерлiк.
ҚР Кедендiк бақылау комитетi Сыртқы сауда көрсеткiштерi жөнiндегi бөлiмiнiң мәлiметтерiне сәйкес, 2009 жылдың қаңтары мен қыркүйегi арасында Қазақстан мен Польша арасындағы сауда айналымы 803010,03 мың АҚШ долларына тең болған. Бұл көрсеткiш былтыр осы мерзiмде 614 957, 9 мың доллармен шектелген болатын. Демек, биыл сауда айналымы 188 052, 40 мың долларға, яғни, 30,57 пайызға артқан. Қазақ жерiнен поляктар елiне экспортталатын тауарлар көлемi үстiмiздегi жылдың алғашқы тоғыз айында 526122,6 мың долларға (былтыр – 346 849,1 мың доллар) жеткен. Жыл соңына дейiн екi ел арасындағы тауар айналымы алғаш рет 1 миллиард АҚШ доларынан асып түседi деп болжануда.
2008 жылы Польша Қазақстаннан тауар сатып алатын елдердiң тiзiмiнен 19-орынға ие болды. Ал үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында 14-орынға көтерiлдi. Збигнев Сверчиньский Қазақстан, Ресей, Беларусь 2010 жылы мүшелiкке өтетiн ортақ Кедендiк одақтың поляк кәсiпкерлерiне тигiзетiн ықпалы туралы сұрағымызға бұл мәселенi үкiметтiк деңгейде жан-жақты талқылау керектiгiн көлденең тартты.
Ресми мәлiметтерге сүйенсек, поляктар қазақтарға ағаш және ағаш бұйымдар, косметика, сабын, қағаз, картон, теңiз транспорты, ағаштан жасалған табиғи және жасанды материалдар, ет, қант, кондитер өнiмдерi, кофе, терi өнiмдерi, бояулар, сырлар мен лактар экспорттайды. Ал Қазақстан Польшаға бидай, қи, минералдық отын, органикалық емес химия, мұнай және мұнай өнiмдерi, битум массасы (импорттың 80 пайызға жуығы) тасымалдайды. Қазақ жерiнен экспортталатын тауарлардың жалпы көлемiнiң 1,87 пайызы мұнай мен мұнай өнiмдерiне тиесiлi.
Бүгiнде поляк кәсiпкерлерi Қазақстандағы белсендiлiктерiн арттыру мақсатында отандық нарықта қазақ кәсiпкерлерiмен қоян-қолтық аралас отырып, жұмыс iстеуге қол жеткiзген. Сонымен қатар көмiр мен мыс өндiруге, яғни, тау кен өндiрiсiне арналған құрал-жабдықтар, металлургия өнеркәсiбiне арналған өндiрiстiк желiлер, қазақстандық тараптың қант зауыты мен тежеу құбырларын жасауға пайдаланатын дайын өндiрiстiк нысандардың құрылысын салу, жол жөндеу мен құрылысқа арналған құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы мен азық-түлiк өнiмдерiн өңдейтiн машиналар, кен орындарында геологиялық қызмет көрсетулер, фармацевтика, қазақ жастарының Польшада бiлiм алуы, медициналық қызмет көрсетулер т.б. қамтылған. Кейiнгi кездерi поляк дәрiгерлердiң кәсiби бiлiктiлiк және бiлiмдiлiк тұрғысынан, медициналық қызмет көрсете бiлуi қазақстандықтар арасында оларға деген сенiмдi нығайтып келедi. Бiлiм демекшi, он бес жыл бұрын Қазақстан мен Польша Бiлiм министрлiктерi Алматыдағы №23 мектеп-гимназияда поляк тiлi, әдебиетiн, тарихы мен жағрапиясын факультативтiк пәндер ретiнде оқытуға шешiм қабылдаған. Бiлiм ошағының басшысы Нарбаева Маруар Ахмуллақызының айтуынша, Польшадан арнайы келетiн ұстаздар қауымы қазақстандық жастарды бiлiм нәрiмен сусындатып жатыр. Ал он екi жыл iшiнде поляктар елiндегi жоғары оқу орындарына қабылданған қазақстандықтар саны 50-ден асып түседi. Бiздiң жастар бастапқыда экономика, бизнес саласын таңдаса, кейiнгi кездерi филология, әлеуметтану т.б. мамандықтарды таңдауға көшкен. Түлектерiнiң жемiсi мен жетiстiктерiн ұстаздық мақтанышпен тiзбектеген Маруар Ахмуллақызы: «Қазақтың бiртуар ұлдарының бiрi – Болатхан Тайжанның ұлы Мұхтар Тайжан да бiздiң мектептiң түлегi және Польшада бiлiм алған жастардың бiрi» дедi. Бiр әттегенайы, Польшада жоғары бiлiм алып келген жастардың көпшiлiгi жұмыспен қамтамасыз ету мәселесiнде қиындықтарға кезiгедi екен. Ал Батысты бетке алғандар (негiзiнен, ұлты поляк қазақстандықтар) Польша арқылы Германияға, Америкаға тұмсық тiрейдi. Яғни, Польша – Еуропаға жол ашатын алтын қақпа.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ