МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МЕРЕЙI — ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ
МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ МЕРЕЙI — ТӘУЕЛСIЗДIК ТҰҒЫРЫ
Тәулiк бойы қазақша хабар тарататын 3 телеарна ашылмақшы
Нұрсұлтан Назарбаев бiр сөзiнде: «Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде» деген едi. Мемлекеттiк тiлдiң ролi жыл санап арта бермек. Шындығында, қазақ тiлi — барша қазақстандықтарға ортақ мемлекеттiк тiл. Мемлекеттiк тiлдi бiлу — өзiн Қазақстан Республикасының азаматымын деп есептейтiн әрбiр адамның парызы екенiн айтудың өзi артық-ау.
Кеше Астанада Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қорының Қамқоршылар кеңесiнiң екiншi жиналысы өттi. Оған мемлекеттiк хатшы-сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев жетекшiлiк еткен жиында мемлекеттiк тiлдiң ахуалына қатысты мәлiметтер сарапқа салынды.
Ресми деректерге жүгiнсек, қазiргi таңда республикада мемлекеттiк тiлдi үйрететiн 64 орталық жұмыс iстейдi. Ал келесi жылы олардың санын 120-ға жеткiзу жоспарланып отыр екен.
Мемлекеттiк тiл саясатын қаржыландырудың ауқымы артып келедi, бұл жиында мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн мектептер мен балабақшалардың санын арттыра түсу қажеттiгi де айтылды. Бүгiнде елiмiзде 4000-ға жуық қазақ мектептерi бар. 25 мыңнан астам өзге ұлт өкiлдерi қазақ мектептерiнде бiлiм алып жүр екен. 20 мың бала балабақшаларда тәрбиеленiп жатыр. Сондай-ақ 3200-ге тарта жексенбiлiк мектептерде 7 мыңнан астам өзге ұлт балалары қазақ тiлiн үйренiп жүр.
Бұдан былай отандық телеарналарда мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың санын арттыруға барынша маңыз берiледi. Сандық телеарнаға көшу барысында 24 сағат бойы хабар тарататын 3 бiрдей телеарна ашу қарастырылып отыр. Мемлекеттiк тiлдi дамыту Президенттiң қорының баспасөз қызметiнiң мәлiметiне жүгiнсек, бұл телеарналар ақпараттық-танымдық, әлеуметтiк-мәдени, тарихи-патриоттық бағытты ұстануы мүмкiн.
Мемлекеттiк қызметкерлерден мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап етудiң қажеттiлiгi бүгiн ғана айтылып-жазылып жүрген мәселе емес. Осы сыннан нәтиже шығатын секiлдi. Алдағы уақытта «Азаматтардың қазақ тiлiн меңгеру деңгейiн КАЗТЕСТ жүйесi арқылы бағалау технологиясы» атты мемлекеттiк стандарттар бекiтiлмек. Осы стандарттарға сәйкес, келешекте мемлекеттiк қызметке келетiн үмiткерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуi қатаң талап етiлетiн болады.
Жиында мемлекеттiк тiлдiң қолданысын кеңейту мақсатында елiмiздегi «Мемлекеттiк қызмет туралы», «Азаматтық кодекс» сияқты қолданыстағы бiрқатар заңнамаларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажеттiгi де айтылды.
Гүлбиғаш Омарова