Жаңалықтар

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ЖЕР YШIН КYРЕС

ашық дереккөзі

СҰЛТАНБЕК ҚОЖАНОВ ЖӘНЕ ЖЕР YШIН КYРЕС

Мәжiлiсте мынадай қаулы қабылданды: 1. Қазақтар тығыз қоныстанған аймаққа орталықты жақындату мақсатында және Қазақ АКСР-да қазақтар көпшiлiк құраған ұлттық республика құру үшiн, ұлттық саясатты тереңдетiп жүргiзуге жағдай жасау мақсатында Қазақ АКСР-ның орталығын тез арада Орынбор қаласынан Сырдария облысының Шымкент қаласына көшiру қажеттi деп мойындалсын, РК(б)П Орталық комитетi алдында Қазақ обкомының орталығы етiп Ташкент қаласын уақытша пәтер ретiнде пайдалану туралы ұсынысының қанағаттандырылуын немесе Шымкент қаласын Қазақ автономиясының орталығы етiп қайта жарақтандыруға қажеттi қаржы бөлу талап етiлiп сұралсын. 2. Үгiт-насихат бөлiмiне және С.Қожановқа Қазақ Республикасының Орта Азия Республикаларынан межеленуi бойынша, ауқымды жұмыстардың жоспарын және тезистердi жасау тапсырылсын. (ҚР ПМ. 139-қ, 1-т, 818 в -iс, 142-143 п.п.)

1924 жылы қыркүйек айының 25-28 күндерi аралығында болған РК (б) П Қазақ облыстық комитетiнiң 2-шi пленумының күн тәртiбiнде қаралған негiзгi мәселердiң бiрi – Қазақ АКСР-на Түркiстанның қазақ аудандарының қосылу жағдайы, барысы, қорытындылары болды. Пленумда ұлттық территориялық межелеуге байланысты баяндаманы Қазақ Орталық атқару комитетiнiң төрағасы С.Меңдешов жасады. С.Меңдешов ұлттық территориялық межелеуге байланысты қазақ комиссиясының төрағасы ретiнде комиссияның алғашқы құрылған күнiнен бастап атқарған жұмыстарын, талас тудырып отырған шекаралық аудандарға қатысты қазақ комиссиясының көптеген ұсыныс пiкiрлерiнiң қабылданбай қалғандарына тоқтала келе: «Комиссияның алғашқы қаулысы бойынша бiзге өтуге тиiс жер көлемi 900.000 кв. верст болуы тиiс едi, кейiнгi қаулы бойынша 600.000. верстi құрады. Ал бiзге өтуге тиiс халық саны алғашқы қаулы бойынша 2.500.000 адам болса, соңғысы 1.600.000 адам болды», – дедi.

Пленумға Түркiстан қазақтарының атынан қатысқан С. Қожанұлы, С. Есқараев, Ж Барибаев және Түркiстан ОАК-тi Қазақ АКСР-ның өкiлi Т Жүргеновтер ұлттық территориялық межелеуге, Астананы ауыстыру мәселесiне, ұлттық Республика құру iсiне байланысты өткiр ойларын айтып, осы мәселелердi iске асыру жұмыстарын жүргiзуге табанды талаптар қойды. Әсiресе, Түркiстандықтардан Сұлтанбек Қожанұлының ұлт мәселесiне байланысты өткiр де орынды пiкiрлерi шовенистiк өктем оймен уланған Қазақ обкомының мүшелерi Равдель, Ежов, Бах сияқтылар тарапынан қарсылыққа ұшырады. Сұлтанбек Қожанұлы өз сөзiнде осы уақытқа дейiн Қазақ обкомы бұған дейiн болған Президиум мәжiлiстерiнде Қазақ Республикасының астанасын қазақ халқы тығыз қоныстанған аймаққа ауыстыру жөнiнде бiрнеше рет қаулы қабылдағанмен де «iстiң шешiлуi сол бұрынғы орнында тұр, ешқандайда дайындық жұмыстары жүргiзiлмеген» деп обком жұмысын сынға алды. Ұлттық мәселелердi шешуде Халқымыздың мүддесiн көздеп «Республикамыз ауылшаруашылықты ел, елдiң халқы негiзiнен мал шаруашылығымен айналысады, қазақтар мен орыстардың малы бiрдей болғанымен де орыстардың иемденiп отырған жерi қазақтарға қарағанда бес есе көп болып отыр», деп ұлттық теңсiздiктiң жүргiзiлiп отырғандығына баса назар аударды. Қазақстандық партия ұйымдарындағы қазақтар 5 пайыз ғана екендiгiн, басшылық, шаруашылық органдарда қазақ ұлтының өкiлдерi аз екендiгiн, кәсiподақ ұйымдарына қазақтардың аз тартылып отырғандығына тоқталды. Iс қағаздарына байланысты заңдар қабылданғандығымен де, iс жүзiнде барлық iс қағаздары орыс тiлiнде жүргiзiлiп отырғандығын баса көрсеттi.

Пленумның 27-қыркүйек күнi болған отырысында Сұлтанбек Қожанұлы «Орта Азиядағы ұлттық межелеу және қазақ облыстарының Қазақ АКСР-не қосылды» деген қосымша баяндама жасады. Сұлтанбек Қожанұлының баяндамасынан ұлттық межелеудi жүргiзу барысындағы әдiлетсiздiктерге деген наразылығы айқын байқалады. «Қазақстан межелеу жүргiзiлген басқа аудандарға қарағанда батысырақ орналасқандықтан, оған аз көңiл бөлiндi. РК(б)П ОК Орта Азия бюросының әлсiз ұлттарға көбiрек көңiл бөлу туралы принципi iске асырылмады. Практика принциптерден күштiрек болып шықты. Қазақтар ең әлсiз ұлт. Көптеген аудандар қазақтарға бұйырмады. Мырзашөл уезi Өзбек Республикасына берiлдi. Ұлттық межелеуде мемлекеттi құру принципi бойынша емеc,өзiне көп алғысы келген қызығушы жақтың мүддесiн қанағаттандыру принципi бойынша қаралды. Бiздi ренжiттi. Барлық негiзгi капитал Орта Азияда қалды. Бiзге, “Қазақстан жағдайы жақсы ел” деп айтты, бұл шындықтан алыс жатыр. Әдiлеттi межелеуге қол жеткiзумiз керек. Экономикалық бөлiнiстегi үлесiмiздi арттыруды сұрау қажет. Қазақ АКСР-не қосылатын Сырдария облысы мен басқа да аудандардағы партия ұйымдарындағы қазақтардың үлесi көп. Еуропалықтар үлесi 25 пайыздан аспайды. Бiрiккеннен кейiн алдымызға ұлттық республика құру мiндетiн қоямыз», – деп батыл түрде ұлттық республика құру жөнiндегi мәселенi төтесiнен қойды. Сұлтанбек Қожанұлының Орта Азия республикаларының территориясын ұлттық межелеу жұмыстары басталғанға дейiн және одан кейiнгi жүргiзген қажырлы еңбегiнiң басты мақсаты Қазақстанды ұлттық республика ету болды. Ол үшiн астананы Орынбор қаласынан қазақтар тығыз орналасқан аймаққа көшiру, Республикадағы қазақтардың санын көпшiлiкке айналдыру, партия ұйымдарындағы қазақтардың пайыздық мөлшерiн көбейту, басшылық орындарға қазақтарды көптеп тарту жұмыстарымен белсендi әрi батыл түрде айналысып жоғарғы жақтың алдында да бұл мәселелердi батыл қоя бiлдi. Мұны бiз сол кездегi Кеңес елiнiң басшысы Сталиннiң атына жазған хаттарынан, Қазақ обкомының мәжiлiстерiнде әрдайым көтерген табанды талабынан бiлемiз.

1924 жылы 28-қыркүйекте межелеуге байланысты Сұлтанбек Қожанұлы қорытынды сөз сөйлеп мемлекет үшiн саяси және ұлттық маңызы бар мәселелердi шешуде кәнiгi қайреткер екенiн тағы бiр қырынан көрсеттi. Пленумда айтылған көптеген қарама-қарсы пiкiрлерге байланысты өз ойларын бiлдiре келе, ұлттық мүдде жолында ештеңеден де тайынбайтынын көрсетiп: «Бiз ұлттық мәселенi жиi ұмытып кетемiз. Ал ұлт республикасында қызмет ететiн еуропалықтар оны ұмытпауы, керiсiнше оны барынша ашық қоюы тиiс. Осы тұрғыдан алғанда Ежов және Бах жолдастардың еуропалықтар ретiндегi сөздерi менi мүлдем қанағаттандырмайды. Қазақ коммунистерi шовинистiк уклондарды, ал еуропалық коммунистер отаршылдықты тiзгiндеп тұрса, осылай екеуi ұштасар едi, егер кiмде-кiм мұны түсiнгiсi келмесе, оған бiз: «Қазақ АКСР-нан кет! – деп тағы да мәлiмдер едiк”, деп қазақ Республикасын ұлттық Республика етуге қарсы болып отырғандарды қатты сынға алды. Сұлтанбек Қожанұлы қорытынды сөзiнде ұлттық Республика құру мәселесiне тағы да тоқталып: “Мен ұлттық республика құру мәселесi жөнiнде тағы да айтқым келедi, бұл мәселе барлық өткiрлiгiмен және кеңдiгiмен қойылуы тиiс», –дедi. Республиканың орталығы жөнiнде табанды талабын тағы да қайталап: «Бiз аса қажырлы ғана болған жоқпыз,бiз дөрекi де болдық, бiрақ Ташкенттi ұстап тұра алмадық. Ал ендi бiз сiздердiң алдарыңызда Орынбордан ауысасыздар ма? – деген сұрақты қоямыз», – деген болатын. Ташкент қаласы жөнiнде жасалып жатқан әдiлетсiздiкке көнбей «Мен обкомның үшiншi рет Ташкенттi бiзге қосу мәселесiн сұрап отырғанын қолдаймын,бiрақ мен бiзге Ташкенттi емес, Шымкенттi де бермей қоя ма деп қорқамын. Бiзге Әулиеата немесе Қазалыны ұсынбаса және бiзге Шымкент үшiн күресуге тура келер»,-деп қорытындылады. (ҚР ПМ. 139-қ 1-iс 816-т 76-77, 83-84 п.п)

РК(б)П Қазақ обкомының 2-шi пленумында межелеудi жүргiзу жөнiндегi және қазақ халқының болашағы үшiн айтылған мәселелер мен қабылданған қаулылардың барлығы да аса маңызды едi. Бiрақ та межелеу барысында талас тудырған Ташкент қаласы мен оның төңiрегiндегi аудандардың тағдыры бiздiң пайдамызға шешiлмегенi белгiлi. Бұл мәселеде РК(б)П Қазақ обкомы жайбасарлық пен табансыздық танытты. Түркiстандық қазақтар өкiлдерiнiң ұсыныстарын қолдауда дәрменсiз болды. Бұған сол кездегi қазақ обкомы басшылығында өзге ұлт өкiлдерiнiң көп болуы өз әсерiн тигiзген болатын. Олар ұлттық межелеу нәтижесiнде қазақтардың көпшiлiкке айналып ұлттық Республика құруын мүлде қаламаған едi.

Дегенмен де 1924 жылдың соңындағы Орта Азия Республикаларының территориясын межелеу жұмыстарынан кейiн, бүкiл қазақ жерлерi бiр мемлекетке бiрiктiрiлiп, Қазақ АКСР-ың қалыптасуы аяқталды. Қазақстанға Қазалы, Ақмешiт, Түркiстан, Шымкент уездерi, Әулиета уезiнiң көпшiлiгi, Сырдария облысындағы Ташкент және Мырзашөл уездерiнiң бiр бөлiгi, Самарқан облысы Жизақ уезiнiң бiрнеше болыстары, Алматы, Жаркент, Лепсi, Қапал уездерi, Жетiсу облысы Пiшкек уезiнiң бiр бөлiгi және Қарақалпақ автономиялы республикасы қарады. Республикамыздың территоиясы 700 мың шаршы километрге жуық ұлғайды, халқымыздың саны 1 миллион 468 мың адамға көбейдi. Қазақтар республиканың барлық халқының 61,3 пайызы болып көпшiлiкке айналды. Осы орайда Сұлтанбек Қожанұлы және тағы да басқа халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерiнiң ұлттық территориялық межелеудi жүргiзу жұмыстарындағы халқымыз үшiн қызметiн, жер ана үшiн күресiн, айтпасқа шара жоқ. Өкiнiштiсi сол 1924 жылы межеленген шекараны содан кейiнгi жылдары қаз-қалпында ұстап тұра алмадық. 1956-1963 жылдары аралығында Қазақстанның Бостандық ауданы тұтасымен және шекаралық аймақтарды бiрнеше ауданды қамтитын қазақ жерлерi Өзбекстан Республикасына солақай саясаттың нәтижесiнде берiлiп жiберiлдi.

Жоғарыда аталған пленумда Сырдария және Жетiсу облыстарының қосылуына байланысты Қазақ обкомының төралқа құрамы үш адамға көбейдi. Түркiстандықтар атынан обком төралқасына С.Қожанұлы, А.Серғазиев, Кулетов кiрдi. Ал Қазақ ОАК-нiң құрамына төрт адам С.Қожанұлы, А.Серғазиев, С.Есқараев, Ерохан кiрдi. Түркiстандық қазақтардың өкiлдерi Қазақ автономиясының жауапты қызметтерiне сайланғаннан кейiн, ендiгi кезектегi өздерiнiң күш жiгерiн республикамызды нығайтуға жұмылдырды. Олар өздерiнiң алдарындағы жауапты қызметтерiнде өмiрдiң бел-белестерi мен қарама-қайшылықты кезеңдерiн бастарынан кешiрдi.

Сұлтанбек Қожанұлы 1925 жылдың ақпан айында Қазақ өлкелiк партия комитетiнiң екiншi хатшысы болып сайланғаннан кейiн де Қазақ Республикасының территориялық тұтастығын нығайту жолында белсендi жұмыстарды атқарды. Республиканың тағдыры үшiн осы бiр жауапты кезеңде iштен және сырттан оның территориялық тұтастығына қол салушылар, iшкi саяси құрылымын өзгертуге ұмтылып, автономия алуға әрекет жасаушылар болмай қалған жоқ. Мәселен, Қазақ Республиксының Түркiстан, Шымкент, Әулиеата уездерiндегi өзбек халқының өкiлдерi автономия немесе жеке әкiмшiлiк аудандар берудi сұрап жан-жаққа арыздар жазып жатты. РК(б)П өлкелiк комитетiнiң 1925 жылы 12-қазанда болған төралқа мәжiлiсiнде қаралған күн тәртiбiндегi негiзгi мәселелердiң бiрi «Орта Азия бюросымен қарым-қатынас туралы және Қазақстанның iшiндегi Өзбек мәселесi» болды.

Аталған мәселе бойынша төралқа мәжiлiсiнде Сұлтанбек Қожанұлы сөз алып, Қазақ Республикасының болашағына қауiп төндiретiн бұндай қадамдарға және оларға қолдау көрсетiп отырған сыртқы күштерге үзiлдi-кесiлдi батыл тойтарыс беру керектiгiне тоқталды. Төралқа мәжiлiсiнде Сұлтанбек Қожанұлының ұсынысы бойынша мынадай қаулы қабылданды: а) Қалыптасып отырған жағдайдағы Қазақ Республикасы iшiнде Өзбек автономиясын құруға рұқсат беру былай тұрсын, ол мәселенi қараудың өзi мүмкiн емес деп танылсын. б) Қазақстанның iшiндегi кейбiр келеңсiздiктерге байланысты Қазақстан орталығын айналып өтiп, Орта Азия бюросына арыздар мен шағымдар беру тәртiбi қателiк деп танылсын. в) Қазақ тұрғындарымен ұлттық бағыттағы байланысты қалыптастыру үшiн РК(б)П ОК-нен С.Асфендияровтың орнына Орта Азия бюросына бiр қазақ қызметкерiн кiргiзу сұралсын.(ҚР ПМ. 141-қ, 1-т, 13 б-iс, 186 п)

Орта Азия Республикаларының территиясын межелеу жұмыстары аяқталып, Сырдария және Жетiсу облыстары Қазақстанға қосылғаннан кейiн, Қазақ Республикасы территориясының кеңейгендiгiн Орынбор өлкесiнде қазақтардың тым аз тұратындығын және губерния экономикасының Ресеймен тығыз байланыстығын алға тартқан орталық басшылары Орынбор қаласы мен губерниясын Ресей федерациясына қосу мәселесiн қойып, ақырында дегендерiне жетiп тынды. Орынбор губерниясымен қатар Орал губерниясының Елек уезi, Ақтөбе губерниясының бiр бөлiгiн де Ресейге қосу жөнiндегi орталықтың шешiмi қабылданған болатын. Бұндай Қазақстан үшiн зиянды шешiмдерге осы жылдары Қазақ республикасында жауапты қызметтердi атқарған С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы, С.Садуақасұлы, Н.Нұрмақұлы батыл түрде қарсы шыққанымен де Қазақстанды басқарып отырған Ф.Голощекин орталықтың көңiлiнен шыға бiлдi. Өз халқының мүддесi жолындағы күрескер Сұлтанбек Қожанұлымен орталықтың мүддесiн көксеушi Ф.Голощекин арасындағы саяси тартыстың қызып тұрған осы бiр кезеңiнде де ұлтжанды қайраткер Қазақ жерiн бөлшектеуге батыл қарсылық бiлдiрдi.

Ұлт мүддесi жолында күресушi табанды қайраткермен жұмыс iстесе алмайтынын түсiнген Ф.Голощекин Сұлтанбек Қожанұлын Қазақстаннан кетiруге бар күшiн жұмылдырды. Орталықтан С.Қожанұлын Москваға шақырып алуды сұрады.

1925 жылы 19-қазанда болған Қазақ өлкелiк комитетiнiң бюро мәжiлiсiнде орталықтың шақыруы бойынша Сұлтанбек Қожанұлын РК(б)П Орталық комитетiнiң қарамағына жiберу жөнiнде шешiм қабылданады. Өзiнiң болашақтағы тағдыры белгiсiз болып, Қазақстаннан кетiп бара жатқандығына қарамастан ұлтжанды қайраткер Республиканың болашағына алаңдап, осы бюро мәжiлiсiнде Қазақ жерiнiң тұтастығын қорғау мақсатында мынадай ұсыныс жасайды: «Ввиду наблюдающегося выделенческого движения по всем окрайнам КССР, со стороны национальных меньшинств(русских, узбеков и иных) и ввиду того, что это движение охватывает население важных по экономическому значению городов, и несмотрительное удовлетворение их требований может привести к лишению всех организующих экономических центров КССР и к фактическому управлению самого Казахстана, как государственной единицы-просить ЦК при рассмотрении вопроса о границах с Оренбургской губернии и о возможном выделении национальньных меньшинств в других районах, рассматривать вопрос главным образом с точки зрения твердого обеспечения государственного существования КССР, как национальной республики». (ҚР ПМ. 141-қ, 1-т, 136-iс, 194-п).

Сөз соңында айтарымыз әлемде қасиеттi Жер-Ана үшiн қаншама соғыстар жүрдi. Осы соғыстарда миллиондаған адамзат баласы құрбан болды. Ал осы жер үшiн мылтықсыз майданға шыққан қайраткерлердiң еңбегi Отан қорғауда өшпес ерлiктiң үлгiсiн көрсеткен ұлттық батырларымыздың еңбегiнен артық болмаса кем емес. Сондықтан да бүгiнде тәуелсiз ел болып отырған елiмiзде, iрi мемлекет және қоғам қайраткерi Сұлтанбек Қожанұлы есiмiн мемлекеттiк дәрежеде ардақтап, университет, орта мектеп аттарын беру ұлтжанды тұлғаның алдындағы борышымыздың бiр парасы болмақ.

Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент