ДОМБЫРА САРЫНЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
ДОМБЫРА САРЫНЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Тәуелсiздiк мерекесiне орай 9-желтоқсанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Домбыраның күмбiрi – халқымыздың бiрлiгi» атты 500 домбырашының қатысумен үлкен кеш өтедi. Аталмыш жоба «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты мен Заңғар шығармашылық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен жүзеге аспақ.
Студенттер сарайында өтетiн домбырашылар басқосуы бүкiл әлемге танылмақ. Гиннестiң рекордтар кiтабына ену үшiн шетелден арнайы сарапшылар шақырылыпты. Жоба шарттарына келер болсақ, 16-25 жас аралығындағы өнерпаздар бақ сынаса алады. Олардың iшiнде кәсiби, өз бетiнше дайындалған жас домбырашылар кемiнде бес күйден орындауы тиiс. «Негiзiнен, Құрманғазының «Балбырауыны», «Адай», «Сарыарқа», Тәттiмбеттiң «Саржайлауы» және Қаршыға Ахмедияровтың «Күй ұраны» секiлдi сайын даланы сарқыратқан күйлер орындалуы тиiс», – дейдi «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Айдар Қырықбай. Жас орындаушылардың дайындығына «Отырар сазы» және «Құрманғазы» оркестрлерi де кiрiсiп кеттi.
Бүгiнгi ұрпақтың тәлiм-тәрбиесi, ұлттық өнеге мен бiрлiкке шақыру кештiң басты мақсаты. Сонымен қатар қазақ жастарының арасында домбыраға қызығушылардың азайғанын, домбыра үйiрмелерiнiң қатысушыларының сирегенi жайында әңгiмелендi. Бұл мәселенiң көтерiлуi өз кезегiнде осы кештiң ұйымдастырылуына ұйытқы болған. Жобаның жалпы бюджетi бар-жоғы 300 мың теңгеден аспайды. «Домбыраның құлағында ойнайтын өнерпаздарға қаламақы төленбейдi. Қатысушылардың көпшiлiгi Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның студенттерi. Ешбiр ақысыз өнер көрсетуге келiстi. Осыдан кейiн «нағыз патриоттар – жастар» деген ойға келдiм. Жастарымызға рухани тұрғыда қолдау көрсетсек, ұлттық мүддемiздi назардан тыс қалдырмайды, – дейдi Айдар Қырықбай. Қазақ өнерiн паш еткен бұл кеште домбырадан басқа қобыз, жетiген, сазсырнай секiлдi аспаптар ойналады. Кеш соңы ұлттық музыка аспаптарының көрмесiмен жалғаспақ.
Ақниет ОМАРҒАЗЫ