Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН АҢЫЗЫ — ОСПАН БАТЫР

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ АЛТЫН АҢЫЗЫ — ОСПАН БАТЫР

Жақында Алматыда Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Азаттықтың өшпес рухы» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi. Онда ғалымдар 1944-1951 жылдар аралығындағы Шығыс Түркiстанның азаттығы үшiн болған ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң басшысы Оспан батыр Сiләмұлының шетелдегi зерттелу iсiне көбiрек көңiл бөлдi. Назарларыңызға Стамбұлдағы Мимар-Синан университетiнiң профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдiуақап Қараның Америка және Еуропа ғалымдарының Оспан батыр туралы деректерi жайлы мақаласын ұсынып отырмыз.

Оспан батыр және Iле көтерiлiсi жайында зерттеулер мен материалдар шетелдерде айтарлықтай баршылық. Оларсыз Оспан батыр мен оның күресiн толық танып-бiлу мүмкiн емес. Ол туралы шетел ғалымдарының маңызды зерттеулерiн атап өтпес бұрын, шетелдерде Оспан батырға қатысты дерек материалдардан қысқаша сөз қозғап өткен жөн.

Бұл материалдардың негiзгiсi Қытай Халық Республикасында болғанымен, 1949 жылы Кытай Компартиясы Шыңжаңдағы билiктi қолға алған уақытта Гоминдаңның көптеген әскери және саяси қызметкерлерi Тайуанға қашқанда өздерiмен бiрге Шыңжаң үкiметiнiң мұрағаттағы көптеген құжаттарын да ала кеттi. Қазiр бұлар Тайуан мемлекеттiк мұрағатының негiзi болып есептелуде.

Осы материалдар негiзiнде тайуандық ғалымдар көптеген зерттеу еңбектер жариялаған. Олардың iшiндегi ең танымалы болған Жаң Дажұн қытай тiлiнде 1980 жылы 12 томдық еңбек жазып, соңғы екi томын 1940 жылдардағы Шынжаңның саяси, шаруашылық, әскери, мәдени және ұлтаралық қатынастарға арнаған.

Екiншiден, Шыңжаңдағы 1943-1949 жылдардағы уақиғаларға қатысты ағылшын және американ дипломатиялық қағаздары осы орайда маңызды деректер болып табылады. Ағылшын дипломатиялық құжаттары Лондонда Үндiстан Бюросы мен Халықтық Тiркеу Бюросында, ал американ құжаттары Вашингтонда Сыртқы iстер министрлiгi мұрағатында сақтаулы.

Батыстық елдерде уақиғалардан кейiн арада 30 жылдық мезгiл өткенненсоң мемлекеттiк құжаттар зерттеулерге берiледi. Сондықтан, бүгiнгi таңда АҚШ пен Ұлы Британиядағы оқиғаларға қатысты аталған материалдарды көруге болады.

Ендi шетелдегi зерттеулерге келер болсақ, Оспан батырға ең алғашқы қызығушылық ағылшын және америкалық ғалымдар арасында болды. Өйткенi Оспан батыр көтерiлiсiнiң соңғы жылдарда халықаралық көлемде таныла бастаған едi. Әсiресе 1947 жылғы Бәйтiк Боғдо уақиғасынан кейiн оның аты халықаралық көлемде айтыла бастады.

Осы уақиғадан кейiн Қытайдағы американ және ағылшын дипломатиялық баяндамаларында оның аты атала бастады. Үш аймақшылдардан ат құйрығын кесiскен Оспан Батыр 1946 жылы көкек айында Бәйтiкке барып орналасты. Бұл жерде Монғол әскерлерiмен шайқасты. Бұл шайқастарда кейде табысты, кейде табыссыз болды. Бiрақ бұл жағдай Монғолия мен КО-ны мазасындарды. 1947 жылы 5 маусымда КО-ның қолдауында 4-5 айырплан және 500 әскер Оспанға шабуыл жасады. Қытай бұған ресми түрде наразылық бiлдiрдi. Бұл мәселе халықаралық дауға айналды.

Осы уақиғадан кейiн шетелдердiң назарының Оспан батырға ауа бастағанын көремiз. Шикаго Дейли Невстiң тiлшiсi Доак Барнетт сол оқиғадан кейiн Оспан батырды тауып кездескен. Ол 1947-1949 жылдары арасында Қытайда көрiп-бiлгендерiн «Коммунистiк төңкерiстiң қарсаңында Қытай» атты және 1963 жылы жарық көрген кiтабында әңгiмелейдi. Барнетт Тиен Шан тауындағы бекiнiсiнде Оспан батырмен кездескенiн айта келiп, оның аса тартымды көрнектi тұлға екенiн, адам айтса сенгiсiз үлкен ерлiктер iстегенiн көрсетедi. Соңғы он жылда Шыңжаңдағы күрестi күрделiлендiрiп жiберген барлық маңызды топтардың жағында оның соғысқанын айтады. Сол кезде Тиен Шан тауларының оңтүстiгiнде Читай деген жерде тұрған Оспан батыр Барнеттке қасында 4.000 үй және 15.000 қазақ бар екенiн айтқан. Қасында Қапас батыр қолбасшы, Нұрға, Ласихан және Орынхан сияқты әскери басшылар болған. Барнетт Оспан батырдың 1940 жылдан берi жүргiзген күрестерi туралы айта келiп оның жеке тұлғасын былай деп суреттейдi:

«Зор денелi үлкен адам, үлкен саусақтары және өте күштi егосы бар. 49 жаста бiрақ аса зор энергиясы бар. Салқын шегiр көзi, қалың ернi, сондай-ақ қара сақалы дастандардағы батырлар сияқты көрiндi. Және ол маған ғасырлар бұрын Еуразия құрылығында үрей туғызған ғұн жауынгерлерiн еске салды.»

Сол жылдары Оспан батырмен кездескен тағы бiр журналист Ян Моррисон. Оның бұл туралы мақаласы 1949 жылы Journal of the Royal Central Asia атты журналда «Шынжаң қазақтары» деген атпен жарық көрдi. Онда Оспан батырдың күресi және үш аймақшылдардан неге бөлiнiп кеткенiн әңгiмелейдi.

Оспан Батыр шәйiт етiлгеннен кейiн ол туралы мәлiметтер Түркияға қоныс аударған қазақтар арқылы әлемге тарай бастайды. Мұнда сол қазақтардың, әсiресе, Үрiмжiдегi американ консулi Даглыс Маккирнан мен жолдастарын Оспан батырдың нұсқауымен Тибет шекарасына дейiн өткiзiп жiберуi маңызды рөл ойнаған болуы керек. Өйткенi бұл қазақтар 1951 жылы Үндiстан шекарасынан өтiп Кәшмiрге барғаннан кейiн Милтон Кларк деген журналист барып, сұхбат алады. Олардың суреттерiмен бiрге 1954 жылы National Geogphrapic Magazin атты журналда «Қазақтар еркiндiкке қалай шықты?» деген атпен жариялайды.

Бұл журналдың мақаласынан кейiн бiр қатар зерттеушiлер Түркиялық қазақтардың тарихына үңiле бастайды. Бұлардың ең маңыздысы – Годфрей Лиас атты ағылшын дипломаты және журналисi. Ол «Kazakh Exodus» яғни «Қазақтардың босуы» деген атпен 1956 жылы Лондонда басылып шықты.

Кiтапта Оспан батыр туралы жан-жақты мәлiмет берiледi. Бұл кiтапты Оспан батыр туралы көлемдi мәлiмет берген алғашқы еңбек деп айтуға болады. Онда сонымен қатар, Түркиялық көш жетекшiлерi Қалибек әкiм, Хамза Шөмiшбайұлы, Сұлтан Шәрiп Тәйжi, Құсайын Тәйжi туралы көптеген мәлiметтер келтiрiледi.

Годфрей, Оспан батырдың есiмiн алғаш рет осындағы қазақтардан естiп-бiлгенiн айтады. Ол Оспан батырдың Түркияның Қайсары қаласына орналасқан Құсайын Тәйжi ауылына барғанда ақын Қарамолла Сейiтханұлының әңгiмелеп бергенiн мәлiмдейдi. Қарамолланың осы кездесуден аз бұрын ғана Оспан батыр жайында бiр дастан жазып шыққанын атап өтедi. Осы дастанды магнитофонға да жазып алған автор Оспан батыр өлгелi жаңа ғана бес жыл толса да ол туралы аңыз-әңгiме шежiрелердiң бұл қазақтар арасында айтыла бастағанын келтiредi.

Негiзiнде қазақтардың Шынжаңнан Түркияға көштерiн өлең түрiнде баяндаған бұл кiтап 2001 жылы Мұра журналының 4- санында басылып шыққан. Бiрақ сол басылымда аталған дастанның қытайдың Оспан батыр туралы зерттеулерiне қойған тиым шектерi салдарынан қаншалықты толық орын алғаны беймәлiм.

Годфрей 1956 жылы басылып шыққан еңбегiнде Оспан батырдың балалық шағынан тұтқынға түскен 1951 ақпан айына дейiнгi өмiрi мен күресiн жан-жақты баяндайды. Әрине кiтап ол кездiң, яғни бұдан 50 жылдан аса уақыт бұрынғы мәлiметтерi тұрғысынан алып қарағанда құнды кiтап. Ал бүгiнгi мәлiметтер тұрғысынан онда бiр қатар кемшiлiктер мен қателiктердiң болғаны байқалады.

Мәселен автор, Оспан батырды жастайынан соғыс өнерi мен тактикасына Бөке батырдың баулығанын келтiредi. Бұл кiтап 1960 жылдары Түрiк тiлiне аударылып басылады. Осыдан болса керек, Түркi зерттеушiлерi Оспан батырдың соғыс өнерiн Бөке батырдан үйренгенi жайында ұғым қалыптасқан. Бiздiңше бұл мүмкiн емес, өйткенi Бөке батыр Тибетте 1903 жылы қайтыс болғанда Оспан батыр небары төрт-ақ жаста едi. Бұл жастағы баланың соғыс өнерiн үйрене алмасы анық. Сондықтан қазақ тiлiн бiлмейтiн автордың Бөке батыр мен Зуқа батырды шатастырған болуы керек. Өйткенi екi есiм айтылу тұрғысынан ұқсас келедi. Екi батыр арасындағы байланыстарды қарастырғанымызда ойымыздың негiзсiз емес екенiн байқадық.

Қолда бар мәлiметтер Оспан батырды соғысқа үйреткен, немесе батырлық тұлғасына елiктеп өскен көтерiлiсшiнiң Зуқа батыр болуының әбден ықтимал екенiн көрсетедi. Өйткенi олар 1930 жылы қытайлар айлакерлiкпен қолға түсiрiп өлтiрген Зуқа батыр мен Оспан батыр арасында байланыс болғанын айғақтайды. Бай-манаптар мен өктем әкiмдерден алып кедейлер мен жетiм-жесiрлерге үлестiрiп берген, сондықтан қазақтың Робин Хұды деп атауға болатын Зуқа батырдың жас кезiнен Оспанның тегiн жiгiт емес, кейiн үлкен батыр болатынын болжағаны жөнiнде де деректер баршылық.

Сонымен бiрге, Зуқа батыр Оспан батыр ауылымен құдандалы болып келедi. Зуқа батырдың Оспан батырдың руы Молқыдан бес келiн түсiрген. Тiптi бiреуi, атап айтқанда төртiншi ұлы және бүгiндерi Алматыда Райымбек аулында тұратын Арслан Тосын ағамыздың әкесi Шәдетке құда түскен келiнi Салиха Оспан батырға немерелес болып келедi. Сондықтан Оспан батыр Салиха апайына барып келiп, Зуқа ауылымен араласып жүредi екен. Әсiресе Шәдет балдызым деп Оспанмен әзiлдесiп күресiп жүредi екен.

Бiр күнi Зуқа батыр Көктоғай Күреде тары дорбалап жатқанда жас Оспанды көредi. Оның мықтылығын ұлы Шәдеттен естiп жүрген Зуқа батыр оны сынау мақсатында бiр дорба тарыны арқасына салуды сұрайды. Сонда 100 кг. тарыны Оспан батыр көтерген екен. Мұны көрген Зуқа бұл жiгiт тегiн емес, кейiн үлкен батыр болады деген. Осыдан кейiн арада бiр неше жыл өткеннен кейiн Зуқаның жiгiттерi Оспан ауылының жылқыларын алып кетедi. Оспан арттарынан қуып жетiп Зуқанын үш – төрт жiгiтiн жығып жылқыларды алып қалады. Мұны естiген Зуқа батыр бұрынғы айтқан сөзiн еске алып «Мен сiздерге баяғыда айтып едiм, бұл мықты жiгiт болады деп. Оны шақырыңдар» деп шақыртып шай бередi. Шайдан соң Оспанға батасын берген Зуқа ауыл адамдарына «бұл жiгiттi құрметтеп жүрiңдер» дептi.

Зуқа 1930 жылы ұсталып өлтiрiлгеннен кейiн Сұлтан Шәрiп бастаған Зуқа ұрпақтары Шынқай жаққа кетiп қалады. Арада онбес жылдай уақыт өткеннен кейiн, атап айтқанда 1946 жылы Оспан батыр Алтайға уәли болғанда оларға хат жiберiп «Қайтыңдар ел тынышталды» деп Алтайға шақырады. Сұлтан Шәрiп бұдан хабар алады, бiрақ өздерiң шақырған Оспанның қай Оспан екенiн бiлмейдi. Сонда жездесi Шәдет «Бұл тақ менiң балдызым Оспан болу керек» деп қасына үш жiгiт ертiп Алтайға аттанады. Бұлар Оспан ауылына жақындағанда, Оспан бiр төбеде отыр екен. Алыстан үш – төрт атты кiсiнiң қарасы көрiнгенде «Алдында келе жатқан Зуқаның төртiншi ұлы Шөден болуы керек» дейдi. Адам жақындағанда расында алдағы кiсi Шәдет болып шығады. Сонда қасындағылар «Оның Шәдет екенiн сонау алыстан қайтып бiлiп қойдыңыз?» деп сұрағанда Оспан: «Өйткенi ол менiң жақын жездем, атқа мiнгенде бiр аяғын алдына салып отырады.» деген. Сөйтiп 15 жылдан кейiн жездесiн қарасынан танып қойған екен. Оспан оларға бес атар мылтық, ат берiп елiне қайтарады.

Оспан батыр мен Зуқа батыр арасында осындай етене жақын байланыстар болуы бiзге қазақ көтерiлiстерiнiң жалғастылығы мен сабақтастылығы турасында пiкiр бередi.

1986 жылы шетелде жарық көрген және Ендру Форбестiң қаламынан шыққан маңызды бiр енбек «Кытай Орталық Азиясындағы Сардарлар және Мұсылмандар: Республикашыл Шынжаңның Саяси Тарихы 1911–1949» деп аталады. Форбестiң пiкiрiнше КО Оспан батырға қолдау көрсету арқылы көп жылдан берi өзiнiң ықпалы астында болып келген Iле, Шәуешек және Алтайды қайта бақылауы астына алды. Өйткенi аталған аймақта орасан зор жер асты байлықтары бар едi. Бұл тек мұнай, вольфрам, қалайы ғана емес, сонымен қатар 1945 жылы тамыз айында Хирошима мен Нагазакиге тасталған атом бомбасынан кейiн стратегиялық маңызға ие болған ұран кендерi едi. Форбес Оспан батырдың бастапқыда Қытайлардың қазақ ауылдарына жасаған езгiсiне және орталықтың саяси озбырлық әрекетiне қарсы шыққанын, кейiн оның саяси сипат алғанын айтады. Форбес Оспан батырдың Үш Аймақ Үкiметiнен бөлiнiп кетуiн Кеңестiк және Кеңеске бейiм бұлақтардың мәнсiз уақиға ретiнде көрсетуге тырысуының дұрыс емес екендiгiне көрсетуде. Оның келтiруiнше, шындығында ол Үш Аймақ Үкiметi үшiн орны толмас үлкен олқылық болды. Негiзiнде, – дейдi Форбес, жаңа билiк орнатылып жатқан үш аймақта құрылып жатқан Кеңестiк Халықшыл демократиялық басқаруда Оспан батыр сынды ер тұлғаларда орын жоқ едi.

1990 жылы маңызды бiр зерттеу Линда Бенсынның «Iле көтерiлiсi: Шынжаңдағы қытай әкiмшiлiгiне қарсы мұсылмандық қарсылық 1944–1949» атты болып табылады. Осы автор бұдан алдын да, атап айтқанда 1988 жылы «Қытай қазақтары. Бiр этникалық азшылық туралы зертеулер» атты еңбектiң «Оспан батыр қазақтардың алтын аңызы» деген тарауын жазып шыққан.

Бенсын Оспан батырдың дәстүрлi қазақ қоғамын сақтау үшiн қарулы көтерiлiске барғанын мына сөздерiмен ортаға салады: Шынжаңда 1940 жылдары 5 пайыз болған қытайлардың үстемдiгiн орнатуға күш жұмсаған Шың Шысай қазақтың дәстүрлi қоғамына қауiп төндiрiп отырды. Осыған қарсылық көрсету қазақ батырларының еншiсiнде едi. Олар қытайдың алым – салықтарына, қазақтардың мол өрiстерiн тарылтып аластату шараларына қарсы қарулы күш ұйымдастырып оған жетекшiлiк жасады. Мұндайларға бандит деп ат – айдар тағу қытай губернаторларының «бандиттердi ауыздықтап жатырмыз» деген iс-шараларының бiр бөлiгi едi.

Бенсын Оспан батырдың кейiннен миф пен аңызға айналған тұлғасы туралы қарама қарсы пiкiрлердiң қалыптасқанын келтiредi. Оның айтуынша, Оспан батырдың 1940 жылдардағы iс-қимылдары 1985 жылдары Қытайда сыналып жатса, Қытайдың тұсындағы қазақтар арасында ол бiр қазақ батыры ретiнде мадақталып жатты.

Бенсон Оспан батырдың үш аймақшылдардан айрылу себебiне тоқталып «коалициялық үкiмет дәуiрiнде Оспан батыр Шығыс Түркiстан үкiметiнiң КО-ның қуыршағы екенi жөнiндегi қорытындыға келдi. Сөйтiп ол Үш аймақ үкiметiне қарсы Қытай үкiметiнiң жағына шығып кеттi.» дейдi.

Бенсын Оспан батыр туралы зерттеуiнiң соңында мынадай қорытындыға келедi: Оспан әрқашан әкiмшiлiк билiкке, ол мейлi қытай, мейлi орыс болсын, қарсы тұрды. Ол қазақтардың дәстүрлi қоғамдық өмiрiне қауiп төндiргенiне сенген күштерге қарсы өзiнiң және халқының позициясын күшейтудi көздедi. Ол батырлық жолында күресудi және осы жолда шәйiт болуды таңдады. Нәтижеде Оспан батыр алтын аңызға, қазақтардың Орталық Азияның далалары мен тауларында еркiн және тәуелсiз өмiр сүру арманын бейнелейтiн тарихи тұлғалардың бiрiне айналған жерде.

Тақырыбымызға қатысты жарық көрген маңызды зерттеулердiң ең соңғысы 1999 жылы Хонғ Конгда «Кеңес Одағының көлеңкесiнде Iле Уақиғасы Шынжаңдағы этникалық қақтығыстар мен халықаралық бақталастықтар 1944–1949» деген атпен жарық көрдi. Кiтап авторы Дейвид Уаң 1979 жылына дейiн Шынжаңда тұрған қытай азаматы. Iле көтерiлiсi туралы қазақ, ұйғыр достарынан көп әңгiмелер естiгеннен кейiн бұл туралы ғылыми зерттеу жасауды армандайды. Бiрақ бұл туралы Қытайда мүмкiндiк болмағанын бiлгендiктен Австралияның Тасмания университетiне барып 1987 жылы докторлық диссертация қорғап арманына жетедi.

575 бет көлемiндегi еңбегiнде көптеген деректер мен зерттеулерi талдап шыққаннан кейiн Уаң мынадай қорытындыға келедi:

Мау Зыдұң кезiнде Үш Аймақ Төнкерiсi Қытай халқының демоктратиялық төңкерiстiк қозғалысының бiр бөлiгi болады деп айтқан едi. 40 жылдан астам уақыттан берi Қытайдың ресми басылымдары осы пiкiрдi қайталаумен келедi. Негiзiнде бұл пiкiрге қосылуға болмайды. Өйткенi, — дейдi Уаң, Үш аймақшылдардың социалистiк немесе коммунистiк қоғам орнату жөнiнде мақсаттары болған жоқ. Оларды Қытай демократиялық төңкерiсi емес, КО қолдады. Сондай-ақ Iле үкiметi феодал мұсылман ұлтшылдарының үкiметi болды.

Уаң КО-ның 1940 жылдардағы Шыңжаң саясатының ол жерде Шығыс Еуропадағыдай бiр социалистiк қоғам орнатуға бағытталмағанын да алға тартады. Өйткенi сол кездiң жағдайында бұндай мақсатты жүзеге асыру мүмкiн емес едi. Оның орнына Мәскеу АҚШ қолдауындағы Гоминдаң үкiметiнiң аймақтағы үстемдiгiн жоюды көздедi. Мұның басты себебi Шынжаңдағы халықтар мен Кеңестiк Орталық Азиядағы халықтар этникалық, дiни және шаруашылық тұрғыдан бiр-бiрiне етене жақын туысқан халықтар едi. Сондықтан осы екi аймақтың бiрiнде болған саяси өзгерiстiң екiншiсiне әсер етпей қоймауы мүмкiн емес едi.

Мiне, осы себептен Мәскеу Шынжаңдағы мұсылмандардың Қытай әкiмдерiнiң озбыр саясатына қарсы туындаған күштi наразылық бен бiрнеше ғасырдан берi жалғасып келе жатқан басқарушы Қытайлар мен жергiлiктi мұсылмандар арасындағы тарихи керiстiктi пайдалану тиiмдi едi. Сөйтiп ол Гоминдаңға қарсы осыларды пайдалану арқылы Шыңжанда Қытайдан толық тәуелсiз емес, бiрақ мемлекет iшiнде мемлекет ретiнде Кеңес жақтасы, анти-Американ бiр үкiмет құрғызу ақылға қонымды болды. Мәскеу үшiн ол мемлекеттiң Исламдық болу-болмауы да маңызды емес едi. Сондықтан Америка жақтасы, анти-Совет мұсылмандарға қарсы Кеңес жақтасы мұсылмандарға қолдау көрсетiлдi. Сол себептi Шығыс Түркiстан Республикасының кеңестiк саясаттарға мойынсұнбаған президентi Әлихан Төре билiктен аластатылды. Үш аймақшылдар Америка мен Англияға бүйрегi бұрған түрiкшiл саясаткерлер Масұд Сабри, Айсабек, Мұхаммед Әмин сынды қайраткерлер күштi қарсылық бiлдiрдi. Iле үкiметi сонымен қатар Оспан мен үзеңгiлестерiн құртуды ойлады. Жалпы айтқанда, КО кеңес жақтасы саясат ұстанғанға дейiн Шынжаңда бейбiтшiлiкке жол бермек емес едi. Мiне сондықтан КО Шынжаңның Шың Сысайдан кейiнгi губернаторы Жаң Жыжұңның кеңес жақтасы саясатын қолдады. Ол кеңес жақтасы саясатын жүргiзе бастағанда, Iле үкiметiнiң қимылдары КО тарапынан шектелдi. Бұл жағдай бiзге Қытай азамат соғысында Шынжаңның оған қарағанда нелiктен едәуiр тыныш болғанын түсiндiредi.

Уаң жалпы айтқанда, Сталиннiң Iле көтерiлiсiн қолдау және оны өз уысында ұстау арқылы Шынжаңда көздеген мақсатына жеттi дейдi. Уаң сонымен қатар Мәскеудiң Iле ұлттық армиясыны ұйымдастырғанын және тәрбиелегенiн, сондай-ақ, Iле үкiметiн Советтiк кеңесшiлер арқылы бағыттап отырғанын айта келiп Iле үкiметiнiң шынайы басшысының, қожайынының Iледегi Совет консулы болғандығын алға тартады. Мiне осы жағдайды көргендiктен Оспан Iле үкiметiнен безiп Гоминдаң жаққа шығып кеткен дейдi.

Сонымен қорытып айтар болсақ, Оспан батыр және Iле көтерiлiсi шетелдерде айтарлықтай зерттелген. Сонымен қатар, бұл зерттеулерге Оспанның жеке тұлғасынан гөрi, жалпы Iле көтерiлiсiнiң арқау болғанын байқалады. Бұл жайында бiр неше докторлық диссертация да қорғалған.

Оспан батырдың жеке тұлғасына қатысты алғаш докторлық зерттеудi биыл жазда Ыстамбұл университетiнде Омар Құл деген түрiк азаматы қорғап шықты. Бiздiңше, бұл осындай зерттеулердiң бастамасы ғана. Бұдан кейiн де бiрнеше зерттеулер жасалуға тиiс.

Өйткенi Оспанды толық зерттеу қиын. Өйткенi оған қатысты деректер Қытай, Тайуан, Ресей, Моңғолия, АҚШ, Англия, Қазақстан, Түркия сияқты елдерде бұларды игеру үшiн қазақшадан басқа қытайша, орысша, моңғолша, ағылшынша, түрiкше сияқты кемiнде 6 тiл бiлу керек.

Линда Бенсын Оспан батыр зерттеулерiнiң алдында тұрған кедергiлiктердiң бiрi оған қатысты материалдардағы тараптылық екенiн айтады. Оның пiкiрiнше, Түркиядағы авторлар оны өз өмiрiн отаны мен халқының тәуелсiздiгiне құрбан еткен үлкен батыр деп сипаттама бередi. Орыс зерттеушiлерi болса оны гангастер, бандит ретiнде көредi. Бұл көзқарасты Қытай үкiметi де қолдайды. Ал Тайуан болса Оспанды коммунизмге қарсы батыл күрескен, өмiрiн осыған арнаған тұлға ретiнде жоғары бағалайды.

Сол себептi қазiрден бастап болашақ Оспантану саласының ғалымдарын осы кезден даярлай бастау керек. Сонымен қатар әлемдегi Оспанға және сол дәуiрдегi оқиғаларға қатысты деректердi жинау жане болашақ ғалымдарды даярлау үшiн арнайы институт ашқан тиiмдi. Оспан көтерiлiсi Қытай, Монғолия және Түркия мен Еуропа қазақтарының тарихының маңызды бiр бөлегi екенiн ескергенде, мұндай институттың сонымен бiрге шетел қазақтарының жалпы тарихы мен мәдениетiн де қамтуы сөзсiз. Сондықтан атын Оспан батыр немесе сол уақыттың ұлы ғұламасы Ақыт қажы атындағы шетел қазақтарының тарихы мен мәдениетiн зерттейтiн институт десе болғандай. Осы институт алғашқы жұмысын әлемдегi Оспан батырға қатысты шетелдiк ғалымдардың зерттеулерiн аударудан бастағаны жөн. Өйткенi олармен таныса отыра жаңа зерттеулерге кiрiсу Оспанбатыртану ғылымының тезiрек тереңдей түсуiне жәрдемдеседi.

Әбдiуақап Қара, Түркия Мимар Синан Көркем Өнер университетiнiң профессоры, т.ғ.д.