Жаңалықтар

ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КYРЕС МАРДЫМСЫЗ

ашық дереккөзі

ҚЫМБАТШЫЛЫҚПЕН КYРЕС МАРДЫМСЫЗ

Қарашада ет, сүт, жанар май, коммуналдық төлемдер, яғни, су, жарық, жылу т.б. бағасы өстi. Елiмiзде биыл бидай бiтiк шықты, астық ас та төк, бiрақ нан мен ұн бағасы әлi күнге өзгерiссiз. Әлем экономиканы тұрақтандыру үшiн қымбатшылықпен күресiп әлек. Ал бiздiң билiк керiсiнше, бағаны ай сайын өсiруге жол берiп отыр.

Дағдарыстан зардап шеккен әлемдiк экономиканы тұрақтандыруға күш салып жатқан Жер шарының көптеген мемлекетi, әсiресе, дамыған елдер тариф саясатын қайта қарастырып әлек. Олардың көздейтiнi – инфляцияны тежеу. Ал Қазақстанда керiсiнше, инфляцияны сылтауратқан монополистер, оңай олжаға құмар алыпсатарлар мен делдалдар қымбатшылықты қолдан жасауда. ҚР Президентi Н.Назарбаев жуырда елмен тiкелей эфир арқылы жүздескенде Үкiметке баға саясатын тұрақтандыруға, қымбатшылықпен күресуге нұсқау берген. Өкiнiшке қарай, Президенттiң пәрменiн жүзеге асыруға, қымбатшылықпен күрестi кешендi түрде жүргiзуге Министрлер Кабинетi белсендiлiк таныта алмай отыр. Дұрысы, танытпай отыр. Сөз бен қағаз жүзiнде – бәрi керемет, ал iс жүзiнде – бәрi керiсiнше…

Назарбаевтың халықпен тiкелей эфир арқылы кездесуiнен кейiн араға апта салған ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi басшысының орынбасары Жанат Қожахметов үкiметтiк отырыста кейбiр алыпсатар ағайынның iшкi нарықтағы қымбатшылықты қолдан жасайтынын айтып шағынды. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы жанар-жағар май тапшылығын ортада жүретiн делдалдар емес, жергiлiктi билiк ушықтырған: «ШНОС бойынша жанар-жағар майдың уақытылы жеткiзiлмеуi жергiлiктi атқарушы билiктiң Қазақстанда жанар-жағар май тапшылығы орын алғанына қарамастан, облыстан тысқары аумаққа бензин тасымалдауға бейресми түрде тыйым салуы себеп болған» (Ж.Қожахметов). Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi бұл ақпардың шындыққа жанаспайтынын айтып, азар да безер болғанымен, Мәсiмов кiнәлiлердi тауып, сазайын тартқызуды бұйырды. Ең бастысы, Үкiмет басшысы 3 күннiң iшiнде азық-түлiк бағасын арзандату туралы пәрменiн бiр емес, бiрнеше рет қайталады. Премьер пәрмен бердi екен деп құлдық ұра қалған базардағы баға жоқ. Қарапайым ғана мысал, биыл егiн бiтiк шықты, қамбалардағы астық – ас та төк, бiрақ дүкен сөрелерiндегi нан бағасы төмендеген жоқ. Сол отырыста ағынан жарылған ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министрi Владимир Божко мемлекеттiк материалдық қорда арзан күрiш пен қанттың «сары майдай» сақталып жатқанын айтты: «Яғни, күрiш пен қанттың әр келiсiнен бiреулер 80-90 теңгеден пайда табады, ал бiз оны тарата алмай отырмыз. Бiздiң тендерлерiмiздiң неге өтпей қалатыны түсiнiксiз». Ал қарапайым халыққа баға саясатын қалыптастырып отырған ат төбелiндей ғана мүдделi топқа қарсы күресте билiктiң кежегесi неге керi кете беретiнi түсiнiксiз.

Жанат Қожахметовтың айтуынша, Қазақстандағы iрi дүкен желiлерiнде отандық тауар өндiрушiлердi алалайтынын, импортерлерге жағдай жасауға тырысатын көрiнедi. «Қазақстанға импортталатын азық-түлiктiң кейбiр түрлерiне монополия орнатылғанын анықтадық. Қазiр оларды арнайы тiзiмге алып, олардың тарифтiк саясатын сараптап жатырмыз» деп мәлiмдеген ол аталған монополиялық желiнiң шетелдiк тауар өндiрушiлер мен отандық тасымалдаушылар арасындағы эксклюзивтiк және дистрибьюторлық келiсiмге сәйкес жүргiзiлiп келгенiн көлденең тартты. Кейбiр дүкендердегi тауарлардың басым бөлiгi жатжұрттық болса да, оны жеткiзетiн компаниялар саны саусақпен санарлық. Демек, ойына келген бағаны тауар қорабына жапсыра салып, түк бiлмегенсiп отыратын алыпсатарларды заң жүзiнде жазаға тартқан жөн. ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi санаулы күннiң iшiнде елiмiздегi 15 iрi ритейлердiң әрекетiне зерттеу жүргiзiп, оларға айыппұл салған. Өкiнiшке қарай, айыппұлмен барлық мәселе шешiле қалмайтыны белгiлi. Оның үстiне, билiктiң «iрi ритейлдер» деп «желпiндiргендерi» шортан емес, шабақ боп шығуы да ғажап емес. Әрi мұның астарында жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлықтың жатқаны анық.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, 2009 жылдың қарашасында 2008 жылдың осы аралығымен салыстырғанда, макарон бағасы 2,7 пайызға, сүт өнiмдерi – 2,9 %, кондитер өнiмдерi – 7,4%, тоқаш пен ұн өнiмдерi – 8,4%, арақ-шарап – 12,6%, кофе, шай, какао – 23,2%-ға қымбаттапты. Агенттiктiң ресми мәлiметтерiнде нан – 3,3 пайызға, ал ұн 13,5 пайызға арзандады деп көрсетiлгенмен, республикамыздың кейбiр аймақтарында, мысалы, Алматыда ұн мен нан құны өзгерiссiз сақталып қалған. Оған көз жеткiзу үшiн базарларды бiр сүзiп шықсаңыз жетедi. Сонымен қатар, ет өнiмдерi (5,3%), жанар май (5,2%), жер май (6,5%), ақылы бiлiм беру (0,3%), денсаулық сақтау (0,5%) мейрамханалар мен қонақүйлерде (0,7%) қымбаттаған.

Бүгiнде кәсiпорындар мен компаниялардың басым бөлiгi тарифтi төмендетуге, яғни, бағаны арзандатуға емес, керiсiнше, барынша мол пайда тауып қалуға тырысатыны ешкiмге құпия емес. «Жығылғанға жұдырық,» инфляцияның артуына кейде ресми билiк те «өз үлесiн» қосып қалатыны бар. Апта басында ҚР Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсайынов 2010 жылдан бастап жолаушылар тасымалы 17,6 пайызға дейiн өсуi мүмкiн екендiгiн мәлiмдедi. Темiржолдағы тарифтiң жоғарылауы келесi жылмен шектелмейдi, 2011-2014 жылдар аралығында 15 пайызға тағы да бiртiндеп қымбаттамақ. Министрдiң сөзiмен айтсақ, «инфляция деңгейiне сәйкес». Көлiк министрлiгi бағаны қымбаттатқанмен қоймай, 2013 жылдан бастап жолаушылар тасымалына Үкiметтен 100 пайызға субсидия бөлуге қолқа салып отыр. Ал 2010 жылы мемлекет жолаушылар тасымалына онсыз да 16,7 млрд. теңге, 2011 жылы – 19,4 млрд. теңге, 2012 жылы 22,2 млрд. теңге субсидия берудi жоспарлап қойған. Әрине, қаражат мемлекеттiк бюджеттен, яғни, салық төлеушiлер есебiнен болмақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ